Жалғыздық
Ер едім талай бұзған қамалыңды,
Құрытқан қулық, айла, амалыңды!
Басыма бір тиындай тимей пайдаң,
Зеректік, көрдім сенің залалыңды!
Оқуға қылып ұста тілдің ұшын,
Өмірімде бір іс қылмай Құдай үшін.
"Болсын, - деп, - менен риза нәпсі уағда!"
- Тауыстым жігіттіктің барлық күшін.
Бес жаста ала қағаз ұстап қолға,
Жер ауып жеті жаста жүрдім жолға.
Желкемде өмір бойы болып жауым,
Жан шықпай, барсам қайда, жүрдім зорға.
Бес жаста кәріплікпен (ғариблықпен) бел байласып,
Жоқтықпен үйір-шүйір ыңғайласып.
Көп көрдім құлынымда жетімдікті,
Ата —анам қуып түзге бірге айдасып.
Мен болдым бала күнде тірі жетім,
Болғам жоқ еркеленіп ірі жетім.
Бала боп ата-аналы, сый көргем жоқ,
Қадірсіз, құнсыз, пұлсыз сірі жетім!
Басыма пәле болған қызыл тілім,
Көрмеген қызығымды туған елім.
Қаңғытып, өмір бойы тентіреткен,
Бас қосып, зеректік пен ғылым-білім.
Жасымнан сөз өнерін тудым ойлай,
Сүңгідім көлден - көлге бойлай - бойлай!
Қағып ап естігенді, тұрмаған соң,
Ата-анам айдап берді үйге қоймай!
Кеудеме кішкентайдан кеңес толды,
Жеткенде он бес жасқа өлең қонды.
Тианақ алды-артымда жоқтығынан,
Мен кеттім айыра алмай оң мен солды.
Бойыма күшті болып қонғам дертім,
Есте жоқ Құдайменен қылған сертім!
Не жалған, не ақырет жоқ есімде,
Қызға өлең жазу болып есі-дертім.
Қара тер бостан - босқа боп жүргенбіз,
Харидар өмір бойы бір болмай кез.
Он бесте мен жазғанмын үйіп-төгіп,
Қайда бар өлең танып оқитын қыз?!
Өлеңге қыз көрмедім үйір ойы,
Сол күннен бүгінгеше өмір бойы.
Не қылсын өлеңіңді, өнеріңді,
Байлардың салпаң құлақ қоңыр қойы?!
Болады тай дегенің - тайлы бие,
Иттің көбі - шөгеріп салған түйе.
Сондайға өлең жазғызып, әуре қылған,
Айналайын, Жасаған, Жаббар, Ие!
Текеге-ешкі, бұқаға болып сиыр,
Сүті жоқ, тұяқ кесті, бәрі шиыр.
Өлеңге үйір құлағы таба алмай жан,
Хайуандардан жастан-ақ жүрдік қиыр.
Зеректігі-Мәшһүрдің болды соры,
Таусылмайтын сабаның болып қоры.
"Өлеңменен жағамын"- деп жүріп-ақ,
Қызығынан жалғанның қалды құр(ы).
Өлеңіңді айтумен сарна да отыр,
Қыз қайда сенің жазған сөзіңді оқыр?!
Екі көзді кісі емес— қыз құмары,
Қараңғыда табатын көзсіз соқыр.
Екі кезім бар ғой деп, соған сендің,
"Қызға соқыр зәру!" - деп, - қашан білдің?
Өмір бойы адасып, білмей өттің,
Керексізін қыз итке қызыл тілдің.
Күн өткіздің тіліңнің ұшыменен,
Сыртын көрдің, жұмыс жоқ ішіменен.
Кетпен шот ап, ар қылдың жер қазуға,
Жұмыс қылмай соқырдың күшіменен.
Талай жанның қолына бердің нұсқа,
Тілің ұзын болғанмен, қолың қысқа.
Пайдасыз іспен шатып бір басыңды,
Құр алақан жалғаннан өттің босқа!
Жалғанда жан жолықпай өзіңе сай,
Мал жиып, бола алмадың дәулетті бай.
Үйге-түзге керексіз бір жан қылып,
Қалдырған қалай жалғыз, Құдайым-ай?!
Жасында жұрт қадірлеп, сыйлап күтті,
Ерте сый көргендігің түпке жетті!
Қызықты, дер күнінде көрген жанның
Тұрсын ба саған қарап, бәрі кетті!
Бәйгеден, көзге түстің, озған күнде,
Қолыңды сермемедің созған күнде.
Керек қып кім алады бір тиынға,
Атлас, ақ пұл ескіріп, тозған күнде?!
Қадірлеп әркім сілкіп, тұсына ілді,
Құныңды пұлың менен әбден білді.
Жаялықтан басқаға жарамайсың,
Қадірлі сенен - қой жүн шекпен енді!
Күндіз-түн өртенумен от жанады,
Өртте қалған шаланы кім алады?!
"Баяғыда мен сондай..." - дегеніңмен
Жүз ант іш, құран алып, кім нанады?!
Тұтатып, жас ағашты жандыра алмай,
Сусынды, қор қыласың, қандыра алмай!
Қой енді, тілімді алсаң, ауыз ашпа,
Шаршайсың жалғыз жанды нандыра алмай!
Көргісі келмей сені, көзін жұмар,
Сөзіңді қылар жан жоқ енді тұмар!
Тең теңін олжаламақ, тезек - қабын,
Болмайды саған енді ешкім құмар!
Мезгілсіз ызылдама, болып сона,
Жасынан қартайсын ба саған бола?!
Қайырылып бір мұсылман дуа қылар,
Болғаның артық енді өліп, мола!
Жалғаны жоқ, мен шын сөз айтам онан,
Таусылып бітесің ғой, жұтумен қан.
Бір үйде мың жыл жалғыз отырсаң да,
Қасыңа, аяп сені, келмейді жан!
Үш ағаш, басын қосса, мосы болар,
Көп болса, жылқышының қосы болар!
Талай қыз: "Жалғыз қалғыр!" - деп, айтқан-ды,
"Жалғыз қал!"- деген қарғыс осы болар!
Мен жүкті бала жастан көп алғанмын,
"Жүк емес, бір қазына ғой!"- деп алғанмын.
Құтылған қарызымнан бір жерім жоқ,
Көп борыш кішкентайдан жеп алғанмын.
Аямай, не берсе де, берген Құдай,
Маған қиын болғанмен, Құдайға оңай!
Есеменен, түйдегімен келе берген,
Соңынан біреуінің бірі - жұбай !
Аллаға бала жастан тігіппін қос,
Ойда жоқ:
"Өткізе алмай, көрем, - деп - нос!
" Түспейтін жан қолына қанша асылды
Ойлашы: неге берсін, ақшасыз бос !
Алланың аямастан, бергені— мол,
Сүйсінді көз бен құлақ, тіл менен қол.
Құдайға жүн-жабағы, тері қат па,
Қайғы ғам мехнат пен дерт— ақшасы - сол!
Сұраусыз қаңғып кеткен: мен - зерек құс,
Кісідей емін-еркін, сол— басы бос.
Ғындаба, шидидаға салғаны— сол:
"Болсын, - деп, - қайта айналып өзіме дос!"
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі