Корейская косметика премиум класса

Табылар мергенге де – бұқтырушы

  • admin
  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 2799
Пендесі бір Құдайды білмей ме екен?!
Мінезін Құдай оның көрмей ме екен?!
Шайтандай, ең болғанда, көп жасасын,
Жоқ болып, ақыр бір күн өлмей ме екен?!
Пендесі бір Құдайды танымай ма,
Күнәға ғапу сұрап, налымай ма?!
Пендеден пенде алғанмен, не болады,
Жарылқап берсе Құдай, жарымай ма?!
Түгел боп, берсе Құдай, табылмай ма?!
Періште қызметіңе жабылмай ма?!
Аллаға қызмет қыл да, жабыса бер,
Қызметсіз күр тілінді қабылдай ма?!
Береді ардан безсең, жалғаныңды,
Жалғаннан, опа білме алғаныңды.
Дүниеде жасарғаның қажет емес,
Көп ойла ақыретте арманыңды.
Аллаға аманат қыл мал - жаныңды,
Фазылымен қымбат қылар арзаныңды.
"Жай тас", - деп, надан адам күйдіреді,
Жібекке тізіп қойған маржаныңды.
Белсенген талап болса білегінде,
Ижабат шын жыласаң, тілегінде.
Ағартып, ауыр жұмыс, аршу қиын,
Мекені бір Құдайдың жүрегінде.
Жауса да рахмат жаңбыр, көңіліміз-тас,
Айтқанға: "Әмір Мағрұб" болдық қой қас.
Бес парыз – бұйрық болған-орнын таппай,
Имамға ұйығанның бәрі - есек бас.
Бұл сөзді оймен айтпай, айтам рас,
Сөз - үлкен, біздер - жігіт болсақ та жас.
"Үмбетпін"- дегендерге пайдаң тисін,
Адамның қайырлысы ныфых алнас.
Мақсат бар: біреуді алдап, артық жеген,
Нақақ бар: жаламенен күйген неген.
Жұмысы: зорлық, сұмдық дәуірлеген,
Заң болды бұл халыққа бұл не деген?!
Жүректі шайтан кернеп аумалаған,
Жақсылар мұнан басын сауғалаған.
Езуін қиғаштаған дүмшелер бар,
Құранды бір теңгеге саудалаған.
Аз ғана сауаты бар - біліп тұр ғой,
Білсе де, дүние шіркін, бұзып тұр ғой.
Болса да бір Алланың өзіне аян,
Ықтияр пендесіне беріп түр ғой.
Ықтияр бермесе егер, қатар еді,
Малдай ғып таяқпенен бағар еді.
Болмаса, пендеде ерік, күнәсының
Жаласын бір Құдайға жабар еді.
Көтерген мұрнын көкке кейбір залым,
Болмайды-ақ Иесіне онда наным.
Қосылып тәкаппарға, үйлеспейді,
Заббани бас кетсе де, болған ғалым.
"Ғайыпты, - кейбір надан - болжа!" - деген,
Залымды кейбір жаман: "мырза" - деген.
Басқаны бір Құдайдан мақтауыңа,
Рауаят бар ма: "Құдай риза!"- деген.
Байларды баяны жоқ, бай демеңіз,
Не мұқтаж, онда түгел, сай демеңіз!
Бас сұқсаң қошаметке, қиын болар,
Байларға, сірә, барып, май жемеңіз!
Байларға көзің сатпа, харақат қыл,
Әрекет (Харакат) пайда болса, баракат қыл!
Дүниенің керек жері, орны да бар,
Деген жоқ: "Өзіңді - өзің һалакат қыл!"
Жақсыға сырыңды айтсаң, толғанар шер,
Көркейіп, жаңбыр жауса, нұрланар жер.
Халық - жұрттан раушан болып дұға тисе,
Түзеліп маңдай беті, ондалар ер!
Жігіт көп: сырты жақсы, көркі - сұлу,
Пұшпақтан, барқыт жаға, бөркі - сұлу.
Ішіңді көркем қылып түзетті ме,
Әркімнің өз ойлаған еркі - сұлу!
Наданды кім салады жөндеп жолға,
Жөндесең, қарайды екен - "оң"- деп, солға.
Жемтікке адам түгіл, құс та ұмтылар,
Шақырсаң, қаршығаны: "Кел!- деп, - қолға".
Бұл күнде тіл сөйлемес, ақша - шешен,
Жүгірем бай жұмсаса, не мен, не сен.
Дүниеге дінін сатқан адамдардан
Алыс жүр, бой суытып аман-есен.
Алтын боп бізге дүние жарқылдайды,
Көп тойған өгіз көті тарқылдайды.
Көрініп көң төбеде жемтік жатса,
Жиылып қарта, таған қарқылдайды.
Еңбекпен табылған нан, ол-бір шекер,
Кәсіп қыл, халал ниет, жүрме бекер.
"Бекерден - деген сөз бар, - Тәңірім безер!
"Екінші, міламат қып әркім кекер.
Адалға арам тамған несіп емес,
Мехнатсыз саған рақат ашық (ғашық) емес.
Жалбаңдап кешке дейін тышқан іздеп,
Ұшқаны бөктергінің кәсіп емес.
Ер жігіт адам болар ақыл-оймен,
Көрінер кімге тәуір сұлу боймен.
Әдеті мырзалардың: "Ай!" - деген сөз,
Жақсы адам болған бар ма "һай - һойменен?!"
"Мырза!" - деп, айтып салдым тілімменен,
Ол өзі - боқтағаным дінімменен.
Ғауамлық мәртебесі хайуанатлық,
Түзелер әдеп әр кен (арқан) ғылымменен.
Жақсыңа майда мінез әдеп болар,
Ол әдеп дін иманға себеп болар.
Жүзінде екі дүние кемдік көрмей,
Құдайы қайда барса, медет болар.
Қарайған жылқышының қосы ма екен,
Құдайдың ұрлық, өтірік досы ма екен?
"Мыңнан бір - үмбетімнің жұмағы!" - деп,
Айтқаны пайғамбардың осы ма екен?
Бір үйде қоссақ басты, ғайбат, өсек,
Кеңестік: қожа үйде жоқ - өгіз, есек,
Мақұлықты Хақ жаратқан мінегенше,
Онан да тәуір еді коп май жесек.
Түскенге бұл сөзімнің бәрі - жұмбақ,
Сөз айтып көңілімде жоқ ақынсынбақ.
Наданға түсірем деп шаршағаннан,
Сол абзал: сабыр қылып, іштен тынбақ.
Мысалды нұсқап айтқан ғалым білсін,
Атарын (Әсерін) құлық, сұмдық залым білсін.
Шаһынша екеу емес, біреу бар ғой,
Өзімнің рухым білсін, жаным білсін!
Дүниеге кейбіреулер болған тапшы,
Қажетін сол тәңірден сұрамақшы.
Егерде сұрағанын бере қалса,
Құдайды сонда бұлар көрген жақсы.
Көңілі қуанған жан желдей есер,
Аптығып әр мінезі, елдей көшер.
Малына зиян келсе, күйіп - пісіп,
Екінші қажетінен үміт кесер!
Қылады шүкір, сабыр білген адам,
Ашылып жүрек көзі, көрген адам.
Ен алды үлкен байлық - аз күн өмір,
Жатады төрт құлақта өлген адам.
Денсаулық, ол өмірдің жолдасы екен,
Қайғылы бір - біріне мұңдас екен.
Нығыметін бір Құдайдың білмеген жан –
Оқытқан оның шайтан молдасы екен.
Күйіндің бір нәрсеге, күйгенің кім?
Күйініп, көп сөз айтып тигенің кім?
Әркімнің опасыздан сүйгені бар,
Ұнатып онан тәуір сүйгенің кім?!
Күйгенің шығындаған мал бола ма,
Наданда Алла сөккен ар бола ма?!
Сүйгенің: ақша менен яки бала,
Иа болмаса, бір сұлу жар бола ма?!
Уа, дүние, әуреленіп, өте шыққан,
Нажасат батпағына бізді тыққан.
Таудағы біз әншейін қоян болдық, -
Мергеннен: "Ата ма?!" - деп, қашып бұққан.
Табылар мергенге де бұқтырушы,
Гүл шиір, жөні жоқ білгіші.
Айтқанмен қанша кітап, ұға алмадық,
Болмаса Құдай өзі ұқтырушы!
Жақсы ішіп, жақсы киіп, көңіл өсті,
Қолменен жасадым ба әрбір істі?!
Ал енді, ақша мен мал, мені алып қал,
Бір жұмыс бір күндерде басқа түсті.
- Аманат бер! - деп, біреу мені қысты,
Үрпиіп қатын-бала зәресі ұшты.
Күштімін деп, көп зорлық қылған басым-
Бар екен ебедейсіз менен күшті!
Бермеске аманатын қолдан келмес,
Айлаңа амалдаған болды көнбес.
Көрсетпей ұрлап алып кете берді,
Қасында халық, ағайын, о да білмес.
Өлімнен күллі нәпсі шәрбат татар,
Бір атса, ажал оғын, табандатар!
Денеңнен жан кеткен соң ықтиярсыз,
Оң жақта ұзын түсіп, сұлап жатар.
Пенденің қадірі жоқ өлгендері,
Тірінің тілге бар ма көнгендері?!
Баяғы тәуір көріп сүйгендердің –
Арықат, қатпа түйе - бергендері.


Қажыларға

  • 0
  • 0

Жадыраса ғаріп көңілің жаздай болған,
Айырылған көп тобынан аздай болған.
Біздерден осы күнде не сұрайсыз,
Айырылған ел-жұртынан қаздай болған?!

Толық

Салақтық — дерт

  • 0
  • 0

Кіршіктен тап-таза ғып үсті-басын,
Қылшықтан жырақ қылып ішкен асын.
"Осындай тәрбиемен тұрса зайып,
Жігіттің бекер өтті,- деме-жасын!"

Толық

Мына заман

  • 0
  • 0

Жақсы өтіп, бұл күндерде жаман қалды,
Кім мұнан басын құрттап, аман қалды?!
"Жүк-тайлаққа, - дегендей, - ел- бойдаққа",
Құлға тендік бір тиген заман қалды.

Толық

Қарап көріңіз