Өлең, жыр, ақындар

Бір үйге

  • 28.07.2018
  • 0
  • 0
  • 4606
Бір үйге көп қараймын тамаша етіп,
Ұстаға соны салған көңілім кетіп.
Алыстан анадайдан түсіп көзім,
Қасына шыдай алмай бардым жетіп.
Әйнегі - су шыныдан, зыбыржаттан (зұпаржаттан),
Оқу бар ол әйнекте жазған хаттан.
От саулап әйнегінен көрінген соң,
Бұл дүние ома[1] фиһа шықты жаттан.
Құдайдың қаламымен жазылған нон[2],
Басы – жетпіс, аяқ – елу, ортасы – он.
Ноқаты саулап нонның шамшырақтай,
Есіңнен шығар, көрсең, ат пенен тон!
Оқысаң және болып харысқа[3] хад[4],
Оп-оңай даяр оқу алуға иад.
Хырыстың сбады (светі)болып табылған соң,
Біздерде құмарпаздық қалды бір ат.
Тамиғының[5] дәл аумаған ғаниы[6] болып,
Мөлтілдеп қарақаттай тұрса толып.
"Жесем-ау алып соны!"- деумен текке,
Барады бос үмітпен кеудең толып.
Есігі жалған емес, шын жақұттан (иақұттан),
Оқу бар отыз екі жазған хаттан.
Қызыл лағыл тақтайы екі ашпалы,
Мәнісін білдім түгел оқып иаддан.
Есіктің аузында түр қызыл лала,
Күйгенін жүрегінің айтып және.
Көрінген әйнегінен алғашқы оттан,
Сұрамай ешбір жаннан білдім мана.
Түтінге талды көзім қарай қарай,
Құйылған көптігінен жерге қарай.
Мұншама қалың түтін төгілгеннен,
Белгілі ол арада оттың бары-ай!
Қараумен көзім талды түтініне,
Жаратқан түгел құдай бүтініне.
Бейнеттің қазып тауын, әлектенді,
Су беріп Мәшһүр тілдің мәтініне.
Көрініп терезеден даулаған от,
Өртеумен ақыл-есті жаулаған от.
Мөп-мөлдір тұнық судың ортасынан,
Есіңнен айырмас па саулаған от?!
Ол отқа тиюменен күймес қолың,
Күн болса қолың тиер, болды жолың.
Қызуына бір жылытсаң, өн бойыңды,
Болмайды өзіңдікі ат пен тоның.
Болды екен Мәшһүр шешен қандайында,
Басылған құдірет мөрі таңдайында.
Бір-екі бу тартпа тұр тартып көзді
Есіктің ол жоғарғы маңдайында.
Біз келдік мұнша жасқа ашып-арып,
Тұрғам жоқ, жалған, саған тіпті жарып.
Бұрқырап бу тартпадан әтір (ғатір) жұпар,
Фарауам озхан мұрын жарып.
Әлиф (алиф)деп, оны Мәшһүр жаттап (жатлап) алған
Айтқызған емес тәңірім маған жалған.
Нанбасаң оның әлиф екеніне
Үстінде екі мәт тұр қатар салған.
"Әлиф"десем, аспаннан аққан жұлдыз,
Жарықтығы - қылғандай түнді күндіз.
Екі ай тұр қатарымен жаңа туған,
Көріп тұр сол әйнектен күнді бұл көз.
Қамалып өмір бойы қалған түнге,
Қадалып қарай-қарай ай мен күнге.
Не екенін соның бәрін көргенменен,
Білмейді дәнемесін бізден өзге (өңге).
Жаныңа тек түн болса, отты жақты,
Бұлақ боп ғам теңізі көзден ақты.
Өнердің күшін мұнан аясын ба,
Қойған соң беріп құдай тіл мен жақты.
Қалқайған ол үйде бар екі сенек,
Таниды мұндай үйді ақылы зерек.
Сол үйден түгел тегіс табылады
Не нәрсе көңілге алып қылған керек.
Бұлбұлға таңсық емес ұзақ қарға,
Асылса арманы жоқ бір күн дарға.
Көп түтін жатыр бықсып, қарамаймын,
Қараймын ар жағында оты барға.
Мәрмәрдан жұмыр діңгек бар қадасы,
Құдіреттің жіпсіз тізген меруерт тасы.
Сенектің дәл аузында шаншылып тұр
Шыбықсыз телеграмның бағанасы.
Бұл - бір үй:қолыменен пенде қылмас,
Күнінде бір көрмесең, көңіл тынбас.
Қызыл иақұт есікте телефон тұр,
Машинамен орнатқан тозбас, сынбас.
Телефон тек қозғалса, тартады күй,
Қалмайды оны естісең, басында ми.
Құмары құлағыңның бір қанады,
Дүниеде, айт, қайда бар осындай үй?!
Даусы бар аққу құстай сұңқылдаған,
Шегі емес домбыраның тыңқылдаған.
Аңсатқан көкейіңді екі шеге,
Тас емес, темір емес, былқылдаған.
Иа, алма, ол шегелер, яки анар,
Жемей-ақ құр иіскеумен мейірің қанар.
Бұлақтың сүт ағатын су ағары
Көрсем деп құмарланған естен танар.
Тозбайтын, ескірмейтін онда бар ма су,
Әйнектен шып-шып шығып тұрады қу.
Құр көрумен аузыңнан су ағызбай,
Тіл алсаң, көз жасыңмен бетіңді жу.
Сүт барын миың болса, айттым жаңа,
Жаратқан түп-түгел ғып Құдай тағала.
Арақ бар мас қылатын тағы сонда,
Есінді жия алмайсың, ішсең, бала.
Дап-даяр тағы онда ләззатты бал,
Төрт өзен таусылмайтын - үйреніп ал.
Бұлардың барын сонда білгендіктен,
Ойлаумен күндіз-түні біз болдық дал.
Молла - өзі, кітап та өзі: алсаң сабақ,
Тоярсың құр көрумен, жемей тамақ.
Қанағат:бір көргенің - мың күн азық,
Ас салып жейін деп пе ең қылып табақ?!
Онда бар Хақ жаратқан екі мәсдар[7],
Маседары наху сарыфтың болмайды астар.
Берсең де, дүние-малын-құны жетпес,
Бармақтай қаралдысы — жамбы тас бар.
Сықылды қаралдысы - кебіс басы,
Оты жоқ, болған күмбез —оның қасы.
Жеріне ойына алған жеткізетін,
Пароход— бір шаһардың машинасы.
Бір нон тұр қосылуға кәфке құмар,
Болған соң күнфикун[8], болар тұмар.
Бол дегенмен болып тұр мұнша нәрсе,
Болу керек болумен ұмар-жұмар.
Қосайық кәф пен нонды, ән салайық,
Үй даяр сырласатын, жүр, барайық.
Шамға шам түсуменен тіл алып тұр,
Қоспайық тұзға сорды, қамданайық.
Мен өзім болдым көмір жана-жана,
Сенде от барын өлеңмен айттым мана.
Екі шамның сәулесі араласты,
Ішіңді айтпай-ақ қой маған, бала!
Бітпеген жергілікті біздерге жал,
Жалы жоқ арық болар құр ауру сал.
Білмейтін қадір пұлын, ешбір құнын,
Кетеді бір ит алып, бердім деп мал.
Қазанға қайнап қанша піспеуменен,
Біз қалдық көңіл құрғыр өспеуменен.
Не екенін танымайтын ит ап кетпек,
Бір сүйектің орнында тістеуменен.
Бұл бір сөз бола қалды көкей кескен,
Қан жұтып талай шаһбаз, заһар ішкен.
Талай алтын мыс болып жерде қалған,
Танитынның қолына қашан түскен?
Гүл қадірін кім білер, бұлбұл білер,
Білдім деген бәрі де дүмбіл білер.
Жаялықтың орнына түсуменен
Қор қылады бұлбұлдан басқа өңгелер.
Көрдің бе болған бағбан гүлге құмар,
Ол итке гүл мен сабан бір бас шығар.
Гүлге ғашық бұлбұл көрсем-ау деп,
Соқырлық көрінгенді орға жығар.
Тұруға мұндай үйде қайда шама,
Көл болды көздің жасы тама-тама!
Қымыздың, қадірлі ас қой, көр ыдысын
Түтінге көп байланған қара саба.
Қымыздың құнын саба білсін қайдан,
Оған бір басқымыз бен іркіт, айран.
Біледі шөлдеп, шаңқап ішкен ауыз
Ынтығы құрып соған анадайдан.
Жалғанда кім ұшыраған керегіне,
Әркім құмар өзі еккен терегіне.
Қымызға қара саба аңсамайды,
Малманың болған үйір шелегіне.
Жұмсайды малға алдым деп, мал орнына,
Қыз-кемпір, жігіт қалды шал орнына.
Жағады танымаған отын қылып,
Ағашын анар алма тал орнына.
Оны айттым, мұны айттым, үйді айттым,
"Әлиф" пен жатқа білген "биді" айттым.
Қайда деп би ноқаты болып құмар,
Бөрі шын, басқа түскен күйді айттым.
Орынсыз сөйлеймін деп ауыз жаппай,
Мен қалдым жапа-жалғыз жанға жақпай.
Шарқ ұрып бұ дүниені шыр айналдым(айландым),
Сөзімді тыңдайтын бір құлақ таппай.
Май болып сүйкен маған, жұқпасаң да,
Қағып өт иығыңмен, соқпасаң да.
Жан ғой деп қимылдаған сөйлеп тұрмын,
Естіп кет құдай үшін, ұқпасаң да!
Қайтейін, тауға біткен сен - бір шынар,
Бұл сөзді құлаққа алып жұрт бір сынар.
Басына түскен жанға тура келсе,
Көз жасы көл болумен боздап жылар.
Иншалла, жазған сөзім бір де қалмас.
Бұл өнер тірім түгіл, көрде қалмас.
Болат мәтін қанжармен – тесілген тас, -
"Тесік тас, - деген сөз бар, - жерде қалмас."
Кез болар бір күндерде керегіне,
Адамның аса білгіш зерегіне.
Құлағына тағуға алмаса да,
Тағам деп алар біреу шелегіне!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Опасыз әйел

  • 0
  • 0

Басқаға бір Құдайдан көңіл бөлме,
Нәпсінің, шамаң келсе, тіліне ерме!
Пәледен басым аман болсын десең,
Бой салып бір нәрсені жақсы көрме!

Толық

Бұлақ көзі

  • 0
  • 0

Шығады: "асыл - тастан, өнер - жастан",
Тәрбие тәуір болса әуел бастан.
Мысалы ғылым таппақ сол секілді:
Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан.

Толық

Екі жігіт пен бір шалдың әңгімесі

  • 0
  • 0

Айтайын аз әңгіме, құлағың сал,
Өлеңге қарапайым болмайды обал.
Бір үшеу жолдас болып шыға қапты,
Солардың екеуі — жас, біреуі — шал.

Толық

Қарап көріңіз