Сарыарқаның кімдікі екендігі қазақтың осы күнгі әңгімесі
1
Сөз шықты біздің қазақ баласына
Петербург келіңіз деп қаласына.
Кеңшілік ойлай берсең келе жатыр,
Сахараның көшіп жүрген даласына.
Жақсылар өнер болса, енді аянба,
Қалмаңыз басқа жұрттың табасына.
Хұзыры патша ағзам рұқсат берді
Халқының бас қосуға данасына.
Бұрынғы партиялық жұмыс қалсын
Көңілдің бұл сыймайды аласына.
Ынтымақ, кеңеспенен болған істің
Кірмесін араздығы арасына.
Қолың бос, ауызың еркін, не қылсаң да,
Қарайды әркім ойлап шамасына.
Пейілі патшамыздың кеңіп жатыр
Алғай - ды бізді құдай панасына.
Құдайдың бір жарылғар уақыты келді
Алаштың ұраны үш жүз баласына.
2
Айырылып қалып едің су мен жерден,
Қуат-күш кеткеннен соң әрбір ерден.
Біреуі айрылғанның - тау мен ағаш
Мүлкіңнен шығып кеткен бәрі бірден.
Указбен түйе мұрынын теспе деген,
Белгіні көріп едің әрбір төрден.
Аяқты бір басқанда, екі есе ақша
Қапаны тартып ең ғой көр мен жерден.
Есіктен кіре алмайтын қара шекпен
Орынды қақ жарып кеп алды төрден.
Тұтқында сорлы қазақ қалмап па едің,
Қол қойып ақ қағазға басқан мөрден.
3
Биылғы үмітті едің өткен күзден,
"Октябрь он жетінші",- деген сөзден.
Жан-жақтан ұшпа бұлт көтерілді
Қызғанып күннің көзін мұңды бізден.
"Келді,- деп,- басыңа сот!"- қорқытады,
Іліп ап бес-алты ауыз айтқан сөзден.
Жылаған алым үшін нашарлар көп,
Жас ағып, бейшара боп, екі көзден.
Жыл сайын жат бұйрықтар зәрені алып,
Адасып қалып едік бұрынғы ізден.
Мақсатқа шын түбінде жеткізуші
Рақымын аяған жоқ құдай бізден.
Көз жасы жылаулының қабыл болып,
Мұсылман баласына тиді тізгін.
Ойға алсаң жақсылықты, кеңеске кір,
Жүре бер, жақсылықтан күдер үзсең.
4
Айырылған біздің қазақ Есілінен,
Өзінің болған емес кесірінен.
Жер-мүлкі шаруаның қызықты еді
Қойнында құшақтаған жесірінен.
Адасып осы күнде қазақ қалды
Бұрынғы ата-баба рәсімінен.
Жылқыға керек жерге егін салып,
Жер жыртып, мұжық қалмас кәсібінен.
Жайлауы баратұғын тарылған соң,
Айырылды мал да, жан да несібінен.
Мұжықтың кесірінен қыс көбейіп,
Кеміді төрт түлік мал өсімінен.
Зынданда не шаһбаздар нақақ жатыр,
Ұлықтың қылған зорлық кесімінен.
5
Айырылды біздің қазақ Нұрасынан,
Атаның мекен салған мұрасынан.
Законды жылқышы мен қойшы білді
Үйреніп мал қамайтын қорасынан[1].
Жұмысы партияның қуаттанды,
Халық-жұрттың жаман ырым жорасынан.
Ақша үшін ауызы ашылған жүзқараның
Сөзі жоқ айтар түзу турасынан.
Әртүрлі қысымшылық болып еді,
Сасқандай жұрт жаңылып тобасынан.
Халқына мархабатты[2] сөзін естіп,
Патшаны жұрт тастамас дұғасынан.
Орысқа мынау жерің керек десе,
Әркім-ақ жылап көшті ұясынан.
Ұлыққа бізден барып арыз айту
Шыңның да қиын еді-ау қиясынан.
Ұлықтың құзырына қалам тартқан
Айта алсаң, болар ердің сиясынан.
Қазақтан баса көктеп жер алуды
Әдет қып алып еді крестьян.
6
Қор болған біздің қазақ қолы жетпей,
Баруға басқа ұлыққа құны жетпей.
Жібермей тұншықтырып басушы бар,
Жүрген жоқ болмаса ат пен тоны жетпей.
Шарасыз амалсыздан жүрген сорлы
Көруге жақсы ұлықты көзі жетпей.
Алды кең мархабатлы ұлықтарға
Баруға басып қадам ізі жетпей.
"Сары алтын - сабыр түбі" деген сөз бар,
Тілектің жүрген екен кезі жетпей.
Кешпес кент, ұшпас тауық болып қазақ
Самұрыққа, қарлықты ғой, үні жетпей.
Қор қылып повесткелер, қамап тастап,
Өлді ғой бір босанар күні жетпей.
Көресің, жақсылықты көрмесең де,
Жүресің кел шет десе, жүрмесең де.
Әркімге ғылым, білім керек дейді,
Білерсің, бұрын байқап білмесең де.
Сүйінші, жүрек жарып, сұрап жатыр,
Күлерсің, езу тартып күлмесең де.
Бұ жолға қажет үшін беру керек,
Пейілің тар, бұрын сараң, бермесең де.
Соңынан жүрген ердің бәрің шұба,
Бұрынғы арсыздықпен ермесең де.
Құнына тұйғын құстың бағаң жетті,
Тауық боп, бұндай тары термесең де.
Көруге көзіңе арман мекемеге
Кіресің, бұрын барып кірмесең де.
Бұрынғы қысымшылық қапасынан
Өлуге жақын едің, өлмесең де.
Данышпан, ақыл, дана керек дейді,
Жиылып бәрің бірдей жүрмесең де.
8
Айтқан сөз, ақылға сал, жалған болса,
Немене естіп құлақ қанған болса.
Талабы талапты ердің қайда жатыр,
Әр тұстан әркім хабар алған болса ?!
Оянбай әлі күнге қазақ жатыр,
Арыз хат басқа жерден барған болса.
Айтушы: "Наныңыздар!" — деп айтады,
Бұ тілге мұсылмандар нанған болса.
Бір мың тоғыз жүз жылдан асты бесі,
Бес түгіл көрді алтыны тірі кісі.
Тиеді құлағыма еміс-еміс
Октябрь он жетінші манифесі.
Отырмыз, міне, марттың он бесінде,
Қазақтың дәнеңе жоқ тіпті есінде.
Мархабат патшамыздан кеңдік бар деп,
Сөйлеген бір сөз жоқ боп ел ішінде.
Талай ер күйіп жатыр дегенменен,
Дәнеңе жоқ бұған опық жегенменен.
Манифест бар деп айтқан айтушыны
Айта алмай ұстайды орыс дегенменен.
Орыстан біздің қазақ қойдай ықты,
Манифест бар дегенді бүктеп тықты.
Бар деушіні жазалы қылған жұмыс
Әшкере боп ғаламға қайдан шықты?!
Ғаламға патша күндей нұрын шашып,
Халқына мархабатты мейірі тасып.
Қазаққа бұл күнгеше есіттірмей,
Аты бар, өзі жоқ қып қойды басып.
Түңілді естіген жұрт мұнан таза,
Дәнеңе жоқ білмегенге, білгенге-аза!
Манифест бар деушілер тұтқын болып,
Кесілді еш себепсіз оған жаза.
Бар Құдай, бізге жарық таңыңды атыр,
Болар ек, атса таңың, біз де батыр.
Қазаққа құлақ пен көз болған ерлер
Тұтқында, білесіз бе, неден жатыр?!
Мақал бар: "Халық сүйгенді тәңірі сүйді"
Деп едік: "Бізге де бір дәурен тиді!"
Патшаның мархабаты жұртына бар,
Деп айтам деп шаһбаздар нақақ күйді.
Қазағым өнер... ұрлық-зорлық
Қыласың бір-біріңе неге озбырлық?!
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,
Басыңа келген жоқ па талай қорлық?!
Жиылыс, дума деген хабар шықты,
Қайратты ерлер барар оған мықты.
Бас қамын, жан пайдасын ойлаңыздар,
Тастасып партия мен араздықты.
Думада анық болды сайлау бары,
Құны асар артылғанның сонда шары.
Бәрі де бір ауызды болып жатыр,
Оянып бізден басқа халықтың бәрі.
Бостандық болмақ болып әр руға,
Бас қосты бір ауызды боп тұруға.
Бір қазақтан басқа жұрт ыңғайланды
Бірігіп өз жынысымен жұрт болуға.
Тауып ал тұман түспей тұстасыңды,
Жолдас бол сынап алып қостасыңды.
Баласы дін-мұсылман ұрандасып,
Қосыл кісі санына, қос басыңды.
Партия болысуды қоймадың ба?!
Бұл істен көбің басты жоймадың ба?!
Телміріп әр есікке тентіреуден
Жалығып, өмір бойы, тоймадың ба?
Ашылмай, басымыздан тұман басты,
Сол үшін жол таба алмай жұрт адасты.
Мың сегіз жүз сол алпыс тоғыздан соң
Қор болып, болмадың ба аяқ асты?!
Даярлап күнде алдыңнан қақпан торын,
Шыңырау ғып сексен құлаш қазған орын.
Құранды-қор, молданы бордай қылып,
Тырысты сөндіруге ислам нұрын.
Арзан боп Құран құны болып тиын,
Бас қосар ғұламаға болмай жиын.
Орысша тіл білгенді жұлдыз қылып,
Жоқ қылды шариғаттың құрмет, сыйын.
Мешітті сылтау қылып жауып тастап,
Сала алмай қазақ мешіт қайта бастап.
Кітапты чиновниктер жинап алып,
Жылаған күндер болды-ау көзді жастап.
Мешітті ас үй қылды, молда сасып,
Көрген соң чиновникті құты қашып.
Кітапты тиеп алып шанасына
Астына сол к...інің алды басып.
Деп айтшы, кәне, өтірік, мұсылмандар,
Паналар жер таппады - ау қысылғандар.
Есіл аят, хадисті сөйткен шақта
Денеде құр шықпаған қадй,ы — ау жандар.
Тұл болды ерік алумен қыз бен қатын,
Міне алмай әркім баптап бір-бір атын.
Меншіктеп мекеніңді крестьян,
Не дейміз, қорлық демей мұның атын?!
Байланып, қорыққандықтан жүрді тілім,
Қазағым, қайран жұртым, халқым, елім.
Мұжық кеп қара шекпен, крестьян '
Жеріңді қылмады ма тілім-тілім?!
Көгорай көк шалғыннан еріксіз айдап,
Құлыныңды қор еттің шаңға байлап.
Никан жала жабысып, басың кетіп,
Жылап ең жағаңды ұстап: "Я, құдайлап!"
..Манифест, берді патша, басыңа ерік,
Барып қал хұзырына тауып серік.
Түсіңе үш ұйықтасаң, кірмейтұғын
Сықылды табылатын асың жерік.
Басыңнан әрбір түрлі күндер өтті,
Құр жылап екі көзге әлің жетті.
Өзіңді өзіңменен ұстастырып,
Тоздырып, иттей қор қып, быт-шыт етті.
Халық аң-таң әлі күнге басы қатып,
Тұрғанын білген жан жоқ таңның атып.
Көп болды: көз жасына қалған жандар
Зерлі шекпен, медальға жұртын сатып.
Ингам[4] деп медаль, наград ала берді,
Өз басы аман, жұртты отқа сала берді.
Пайдасын үрім-бұтақ ойламады,
Кебепте (Кибапте) кейінгілер қала берді.
Сөктелген тарыдай боп ақталыңдар,
Бәйге алсаң бұл жарыстан, мақтаныңдар.
Қулардан шекпен киіп, наград алған
Мұсылман, мұнан былай сақтаныңдар.
Ер болсын уағдасын бұзбайтұғын,
Алданып сый-құрметке қызбайтұғын.
Пайдасын милләтінің[5] түгел ұстап,
Жұрт қамын түптеп тартып қозғайтұғын.
Кеңшілік мемлекетке патша берді,
Қарақшы бас қосуға қылды жерді.
Тұқым-тұқым пайдасын ойлайтұғын
Сенімді жіберіңдер бұған ерді.
Қылмаңдар жанжал, талас бұған іреу,
Түзу ағаш болады үйге тіреу.
Қазақтан сайланады депутатқа
Теңдікке алса, екі жүз мыңнан біреу.
Бұл мәжіліс қызыл қия, шың болады.
Ескі қалып, жап-жаңа тың болады.
Семипалат, қазағы, облысының
Алты жүз және сексен мың болады.
Сайлауға, депутаттар, жиылыңдар,
Дін, ғылым үшін ынтымақ қылысыңдар.
Мұсылманнан қосуға санын көп қып,
Тырмысып, талап қылып, тырысыңдар!
Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,
Ерлердің күш қосындар ерлігіне.
Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,
Тілеу қыл дін мұсылман бірлігіне!
Сұраған мұсылман бар бізден бұрын,
Қазан, Қырым, Орал мен Орынборым.
Соңынан сол мұсылман сен де шұбал,
Көбейтіп, дін исламның көркейт нұрын.
Әр жұрттар қылған нұсқа баспасына,
Қылуға ауыз бірлік бас-басына.
Өзіңменен ыңғайлас жұртпен бірік,
Пұл берсе, бұрма мойын басқасына.
Арызын былтыр айтқан түгел Қазан,
Жер мен су, басқа азаттық, мешіт, азан.
Тілегі, дәлелі мен толып жатыр,
Қылайын қайсы бірін жарапазан.
Болып тұр мұсылманға Қазан басшы,
Сен де соған жейтұғын асынды асшы.
Дін исламның бір болып ынтымағы
Патшаның қол астында бір жарасшы.
Болатұғын мезгілің болды тірі,
Басшың тұр аузы жеткен алдында ірі.
Сол басшының соңынан ер бірісің (бірің),
Есепті санды алтаудың болдың бірі.
Шықпасаң, басың қалсын балағанда,
Жаның қалмас талай ит талағанда.
Империяға қараған дін мұсылман,
Алтыдан бір боп шығар санағанда.
Бұл бәйгеде талай ат шабылады,
Ашылған арт неменен жабылады?
Сенікіне муафиқ [6] тілегені,
Айлас, мұңдас сол көптен табылады.
Тексерме, сірә, ешкімнің тек пен затын,
Оқып көр программа қылған хатын.
Өзіңменен тілеулес бір боп шықса,
Таныс бол сол арада сұрап атын.
Бесінші, мың тоғыз жүз, жыл ішінде,
Жұлдыздың август деген он бесінде.
Бас қосқан мәкаржеде мұсылмандар
Айтайын тұрған күнде мен де есімде.
Көп болар айырылатын ақыл-естен,
Шыққан сөз көпке бірдей отыз тістен.
Құлақпен естуменен бұлақ болдым,
Болмаса туғаным жоқ оқып іштен.
Жиылған мәкаржеге мың сан кісі,
Кем менен көптікке бар кімнің ісі?
Ынтымақ, ауызбірлік қылу үшін,
Бас қосқан мұсылманның білімдісі.
Кезгендер үйде отырып дүние жүзін,
Жан-жаққа салған ашып көңіл көзін.
Ұнатқан ғылым, білім иелері
Жасаған программа Қазан сөзін.
Жігіттер, өнер алды - ғылым, білім,
Деген бас жан бұрмасын ислам дінін.
Жақсылар басын қосқан кеңес сөзін
Шеберлеп келтіре алмай жатыр тілім.
Патшаның құзырына тартып қалам,
Бас қосып өңшең жүйрік, білгіш адам.
Дін мен жалғыз жер емес сұраулары
Сұраған хұриятты тегіс тамам.
һәм жұртта не білімді, бар ғой зерек,
Зеректің күні туды болар керек.
Атпақ мұсылманның ынтымағы
Бір жерден шықса екен деп қылды тілек.
Екінші, ие болсын дін мен жерге,
Тұрса да қай орында кіммен бірге.
Құтылып таршылықтан, кеңіп тыныс
Ісіміз басса екен деп біздің өрге.
Жұрт бағынып патшаға қараса деп,
Халық ықыласы бек ұнап жараса деп.
Неке, талақ, мирастың дау-жанжалы
Ғұламаның алдынан тараса деп.
Дін көркейіп, көзге бір көрінсе деп,
Мұнан шалқып басқалар үйренсе деп.
Шариғаттың тізгіні қолымызда
Бостандық боп, қағусыз берілсе деп.
Ие болар табыншы бір табынға,
Баға алмаса қалмай ма сол заманға.
Имам болар кісіміз ішімізден
Бармайтұғын болса деп экзаменға.
Дінімізді кемітіп қорламасын,
Көзімізді бақырайтып ұрламасын.
Баламызды билетсін өзімізге
Оқытсын деп орысша зорламасын.
Кедергі талай бел бар жолымызда,
Жұмыс біздің оң мен солымызда.
Мешіт пен медресенің ықтияры,
Болса екен өзіміздің қолымызда.
Салушы болса құлақ сөзімізге,
Сөйлейтін келдік қой біз кезімізге.
Бұрынғы ықтиярсыз қолдан кеткен
Жер мен су қайтса екен деп өзімізге.
Қоялық өкінбей-ақ өткен күнге,
Надандық, білместік пен көндік кімге.
Шариғат низаммен қатарласып,
Бірдей боп келсе екен деп теңбе-теңге.
Қараңыз бұлбұлдардың сайрасына,
Бұлақтай, тастан аққан, қайнасына.
Бас та азат, орын да азат, форым да азат,
Еркімен жүрсе әркім деп пайдасына.
Азаттық, бәріне бар, дінде болса,
Сөйлеймін мылжыңдамақ менде болса.
Деуші жан: "Мұның қалай!?"- болмаса екен,
Жиын-той әңгімеміз күнде болса!
Бас қоссақ екеу-үшеу, деуші еді: "Қой!"
Қоймасаң деген сөз бар: "Ал, көзін жой!"
Баста билік жоқтықтан тырп ете алмай,
Өлгенге ас бере алмадық, туғанға- той.
Бір әріп қылдан тайып айтсаң өзге,
Набақты (абақты) бұрылады даяр бізге.
Өзіміз ие болсақ деп тіленген
Сөйленіп, ауызымыздан, шыққан сөзге.
Публик [7] боп бұл манифест шашылса деп,
Күн көзі бұлт жоқ боп ашылса деп.
Кітабы мұсылманның жиған, терген
Ерікті боп, цензорсыз басылса деп.
Тірілей тықпаса екен бізді көрге,
Бас азат сұрасаң дәурен жұртпен бірге.
Өзіміз ие болып отырсақ деп,
Күнелтіп үй орнымен тұрған жерге.
Келеді жаңа босап кірісіміз,
Өлдік қой оңға баспай бір ісіміз.
Ғылым, білім, өнерге кірісуге
Болса деп көппен бірдей жүрісіміз.
Шариғат ортамызда тұрса екен деп,
Бір дүкен дін ислам боп құрса екен деп.
Мешіт пен медресенің тексеруі-
Құран кітап жөнімен болса екен деп.
Патша ойламас өз халқын оңбасын деп,
Тынышталып, рақаттанып тұрмасын деп.
Біздің мектеп, мешітке тілегіміз
Көруші инспектор болмасын деп.
Ғылым бар дін исламда жете білген,
Жоқтықтан ерік өзінде қор боп жүрген.
Тізгіні шариғаттың қолға тисе,
Тамаша қылар еді-ау бізді көрген.
Шариғат қылса үкім қандай қатты,
Дер едік жарық сәуле, таң жаңа атты.
Қолына көптен бері тимеген соң,
Сағынды дін-мұсылман шариғатты.
Патшаға біз бағынып сұндық мойын,
Халқына қылса күнде айт пен тойын.
Әр түрлі өнерпаздар шығарса сөз,
Ашуға тұнып жатқан халықтың ойын.
Алайық қуанғаннан бастан бөрік,
Ғылым менен білімге әркім жерік.
Осындай әркім барын көрсетуге
Тоқтаусыз бостандық боп берілсе ерік.
Қазағы империяның - асыл затым,
Өзімді танытады жазған хатым.
Деушіге: "Мынау сөзің жарамайды!"
"Қайтейін, барым осы, азаматым!"
Депутат сайланады білімді ерден,
Талапты шығып жатыр әрбір жерден.
Ауызға алынған жан көрінбейді,
Кеңес қып мұндай сөзді біздің орден.
Ужиршик бір-бір кісі болыс басы,
Сол кісің болсын асыл жүзік қасы.
Дін үшін жан кешетін ерлер болсын,
Қызбайтын көрінсе де жерік асы.
Алдында алтын жатса, алмайтұғын,
Жан-жағын, қу болмасын, жалмайтұғын.
Өлген қоян терісін тұлып қылып,
Тартқан шырға көрінсе бармайтұғын.
Алланың ақ жолымен жүретұғын,
Ерік Аллада екенін білетұғын.
Қызыл жел, жемтікшілді жібермеңдер
Ит сықылды жетекке еретұғын.
Бір ниеттің қамы үшін бастаңыздар,
Бұрынғы араздықты тастаңыздар.
Сайлаңдар депутатқа кісі тауып,
Айдалып, атылудан қашпаңыздар.
Дініңді кім қорласа, сол - өш - қасың,
Қорлықтан ақпап па еді көзден жасың?!
Үйде өлген мың шіріктің бірі болмай,
Жұрт үшін арманың не кетсе басың?
Өз жұртын оңған бар мажатқа сатқан?
Ерді елдің пайдасы үшін хақ жаратқан.
Ойлайтын елдің қамын ерді жібер
Жерінен суырып алып көрде жатқан.
Күдер үз тірімін деп жүрген жаннан
Бір тілім, құны аса алмай, қара наннан.
Білімді өліп көрде мың жыл жатса,
Шықпайды сонда - дағы кісі саннан.
Әр тілді депутатың болсын білген,
Бас қосқан мәжілістерге бұрын кірген.
Қазағым, жұрт емессің тіпті бақсыз,
Қолыңа сондай ерді Құдай берген.
Патшаны көрмесін деп қазақ барып,
Жүрсін деп қолымызда болып ғаріп.
Жол тауып бас білетін ерімізді
Тірілей көмбеді ме көрге салып?!
Көрсетіп сол баяғы зорлық күшін,
Қорлыққа көніп қазақ қалуы үшін.
Айласы адастыру бірді - бірді,
Болмаса іс қылған жоқ тауып ісін.
Ағайын: егіз туған ұрлық, зорлық,
Зорлығы - ағасында, ініде - ұрлық.
Бірі қойса, бірі де қояр еді,
Тауып тұр, қоймағаннан, тегіс қорлық.
Зорлығын қоймай өзі, жаппай мінін,
Ініге алғыза алмас аға тілін.
Қасқырдай өз күшігін талаған жан
Түзетіп тыныш ұстайды қалайша елін?!
Жыртылып, тарта берсе, кетер перде,
Иманның билігі бар талапты ерде.
Қорлықпен тірі болып жүргеннен де,
Жатқандық жақсы емес пе өліп көрде?!
Кеңшілік болды уақыт жазғытұры,
Қар кетіп, лай, балшық жер болды құры (құр).
Құтырған ит аспанға қарап үргенменен,
Кеми ме ай мен күннің онан нұры?!
Болыңдар көтермеші жарысқанға,
Дұшпанмен жағаласып алысқанға.
Бір тиын онан құны кемімейді,
Салғанмен қанша кісен арыстанға?!
Жолыңнан сыбағалы құр (құры) қалма,
Жақсыны аты естілген естен салма.
Халық - жұртының қамы үшін қайрат қылып,
Айдалып, атылсаң да, арман бар ма?!
Түскен жоқ олжа болып шабындыдан,
Ұсталды деумен: "Кендік табылдыдан".
Жұрт үшін жорықта өлсе, арманы не?
Өлмей ме жаман да үйде қағындыдан?!
Алысып өмір бойы жалғанменен,
Шындыққа бір жете алмай, арманменен,
Ақырда бір жарыққа айналады,
Зынданға, қарая ма, салғанменен?!
Бір туар тірі болса күн мен айы,
Болысар анық аққа бір құдайы.
Зындан жаман жер емес ақ кісіге
Жақып ұлы Жүсіптің жатқан жайы[8].
Құл қылып бауырлары сатпады ма?
Зынданда он екі жыл жатпады ма?
Mысырға ақырында патша болып,
Жарқырап таңдай болып атпады ма?
Басы сол: кінәсы жоқ, аққа күйген,
Көз жасын жылаған соң тәңірім иген.
Сол Құдай - бәрімізге бірдей Құдай
Дәурен деп, білсең керек, бізге тиген.
Дүниеқорда құлақ пен көз болмайды,
Есі бүтін кісіде сөз болмайды.
Барды, жоқты сөйлейді жынды шатып,
Түзу ағаш әр қайда тез болмайды.
Ар жағынан келген соң судай ағып,
Тұра алмайды ақындар ауыз бағып.
Көрсоқырлар танымай тез екенін:
"Қисық қой!"- деп, қор қылар отқа жағып.
Бap болсам да дүниеде, болдым жоқтай,
Сөйлейтұғын сөзімнен тоқтай-тоқтай.
Өзі қисық болса да, тез ағашы
Талай қисық ағашты қылады оқтай.
Осы күнде көп болды оқып білген,
Дүние болып, мақсаты, жиған-терген.
Қайда тойса қарыны, сонда тоқтап,
Егіншінің өгізі болып жүрген.
Демейміз біз ондайды тіпті білген,
Хайуан көп тамақ асырап күнін көрген.
Ойлаған халықтың қамын білімді сол:
Қамы үшін ел-жұртының отқа кірген.
Жұртына білгенінен тисе пайда,
Ойлайтын халық пайдасын әр бір жайда.
Халық үшін жаннан кешкен шаһбаздарға
Қылатын жанын құрбан ерлер қайда?!
Жан кешпей көрген бар ма мақсат алып,
Көбелек түседі отқа тұрған жанып.
Жаннан жан аяулы емес, ойласайшы,
Не қылмақ онан аяп алып қалып?!
Ағады күндіз-түні көзден жасым,
Түйіліп тамағымнан ішкен асым.
Қажеті аз тіріліктің өз басыма,
Кісіге керек қылған, міне, басым!
Көре алмай жарық сәуле, таңды көзім,
Қартайдым қараңғылық тұманда өзім.
Өткен күн, жасаған жас,- бәрі аман бол!
Артымда бес-алты ауыз қалсын сөзім!
Асқынды болып жара жауырларым,
Тіпті жоқ жазулы істі ауырларым.
Бірлік қыл, басыңды қос, пайдаңды ойла,
Қазағым, қайран халқым, бауырларым!
Халық қылып атандырды бізді қазақ,
Іргелі көп жұрт емес, өзі де аз-ақ.
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,
Барасың көрінгенге болып мазақ.
Орынсыз мал шашасың сасқаныңнан,
Қасқырға қарай үркіп, қашқаныңнан.
Құдайдың жақсылығын көтере алмай,
Кез болдың да бір асып, тасқаныңнан.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі