Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүрдің өзін-өзі ертегі қылып сөйлегені

  • 12.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2503
Шықпайды ертегісіз жел оңына
Түсейін жарық алып мен соңына.
Ертесі ерте, ешкісі бөрте күнде
Бір сұңқар түскен екен хан қолына.
Хан оның балақ бауын алтындатты,
Күнге жарқ-жұрқ еткізіп жалтылдатты.
Алғанына қызығып, салғанына
Талай атты сабылтып, салпылдатты.
Бұл сұңқар бір құс болды құста бақты (бақытты),
Хан оған саф алтыннан қоңырау тақты.
Қант бүркіп ерте-кеш те жегізген соң,
Мейлінше алғыр болып ұшып бақты.
Әддінен асты дейді, тасты дейді,
Алып жүру қиын ғой басты дейді.
Аса сыйлап күткенді көтере алмай,
Желігіп хан қолынан қашты дейді.
Әуелеп алғыр сұңқар аспанға ұшты,
Туған жер болып оған көкейкесті.
Аспанға шыққан құсқа жер алыс па,
Ұшқан ұя, мекеніне келіп түсті.
Көзіне ыстық көрініп тауы, тасы,
Қуанғаннан домалап көздің жасы.
Балақ бауды: "Жем ғой,-деп,-салақтаған",
Алып жеуге жиылды ұяласы.
Жем емесін білген соң күдер үзді:
"Құдай сендей қылмасын,-дейді,-бізді!"
Сылдыраған қоңыраудан үрейі ұшып,
Жиреніп, тітіркеніп бәрі безді.
- Міне, жоқ салпылдаған бізде аяқ-бау,
Немене шылдыр-шылдыр сұмдық қоңырау
Кет қоңырауды байлаған жеріңе!-деп,
Бірі ұрсып, бірі түртіп, көбейтті дау.
Бұл байғұс туған жерден кете алмапты,
Елдесіп туысқанмен біте алмапты.
Балақ бау аяғына байлау болып,
Еркімен жем алып жеп, түте алмапты.
Сазайы - хан қолынан қашып кетіп,
Балақ бау пәле болып, түпке жетіп,
Ортасында ұялас көрген күні:
Иттен қор қып өлтірді жұлып түтіп.
Біледі өз басынан кешкен кісі,
Талай уын жалғанның ішкен кісі.
Жалғыз шала болумен бықсып қалып,
От боп заулап жана алмай өшкен кісі.
Қуғаным бала жастан - ғылым жолы, І
Емес пе ғылым жолы - ханның қолы?!
Жазасы хан қолынан қашқандықтың
Ит қорлықпен күнелттің оны-мұны.
Әуре боп алас ұрдық, тыныш жата алмай,
Жалғаннан ауыз тұшып нәр тата алмай!
Өзін-өзі ұрлайтын қарақшымен
Бастас боп, өмір бойы түн қата алмай!
Сылдырлап тұрғаннан соң қоңырау жыры(зері),
Өлсе маған жолар ма ұятты ұры?!
Балақ баудан қорғалып бір ұша алмай,
Қызығынан жалғанның қалдым құры(құр)!
Жалғыз бүртік қалған жоқ көңілім өсер,
Көгерте алмас жауғанмен қанша нөсер.
Тапқан пайдам өмірден, алған олжам,
Аймағыма атандым: "Ақымақ, есер!"



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Анама хат

  • 1
  • 1

Алланың бiз сыйындық панасына,
Баянтау бара қалсаң қаласына.
Сәлемдi жолыққаның көп айтыңыз:
Мәшһүрдiң кәрiп (ғарыб) болған анасына!

Толық

Өнерпаз

  • 0
  • 0

Өнерпаз қара жерге салар қайық,
Жаһаннан алар тағылым, қанат жайып.
Әр жердің тамашасын көзбен көріп,
Жастықта сайран етер болып ғайып.

Толық

Сарыарқаның кімдікі екендігі қазақтың осы күнгі әңгімесі

  • 0
  • 0

Сөз шықты біздің қазақ баласына
Петербург келіңіз деп қаласына.
Кеңшілік ойлай берсең келе жатыр,
Сахараның көшіп жүрген даласына.

Толық

Қарап көріңіз