Ібіліс шайтан хикаясы
Бір күні отыр едім кітап оқып,
Тауарих кітаптарын тәптіш етіп,
Құданың құдіретінің тамашасы
Ойыма бір хикаят келді жетіп.
Кітаптан жалғаны жоқ оқып көрдім,
Ойланып әрбір қиял ойға кірдім.
Хадистен аят пенен көрген сөзді.
Қазақша переводтап жаза бердім.
Сөзім бар тыңдағандай кәрі-жасқа
Қынадай жабысады қара тасқа.
Жаратқан жаһаннамда әуел құдай
Мақұлықты екі түрлі формы басқа.
Деп айтар: "Тәблит, Жәблит" қазақша аты,
Жаралған болып мақұлық, оттан - заты.
Арыстан (арыслан) суретінде болып Тәблит,
Құйрығы жыландай боп қияпаты.
Ол және өзі еркек, ұрғашы емес,
Кітаптан көріп мұны қылдым кеңес.
Бекердей білмегенге айтылған сөз
Молдалар кітап көрген бекер демес.
Жәблиттің формы қасқыр сықылданған,
Құйрығы тасбақадай домаланған.
Жаралған ұрғашы боп әуел бастан —
Бұл сөзім кітапта бар, деме жалған.
Екеуі ерлі-байлы болды жұпты,
Тозақтан жаратылып бұлар шықты.
Қосылып (катысып) бір-біріне Хақ әмірмен,
Олар да өз заңынша буаз бопты.
Кітаптан көрген сөзді қылдым баян,
Болса да бізге — күмән, тәңірге — аян.
Бір қабат шағылысқан екеуінен
Туыпты тозақтағы жылан-шаян.
Бұлардың тозақ болды тұрақ-жайы,
Болғанда бірі — қатын, бірі — байы.
Екеуі және екінші шағылысты,
Қылған соң солай жарлық бір құдайы.
Буаз боп және екінші іші толды,
Бұларға көрсетіп тұр тәңірім жолды.
Көтеріп бір құрсақтан бала қылып,
Жеті қыз тапқан екен, жеті ұлды.
Ұл мен қыз өсті дейді бойға жетіп,
Біріне бірін қосты неке (ниқах) етіп.
Алтауы ерлі-байлы болып тұрды,
Атаның әр не деген әмірін күтіп.
Біреуі өкпеледі разы болмай,
Өзіне, қосағына көңілі толмай,
Алмастан қалыңдығын кетті тастап,
Сөзіне атасының мойын бұрмай.
"Жалғаннан өтем - дейді, - алмай қатын,
Құдайдың қыламын, - деп, — ғибадатын"
Жөнелді ата-ананың тілін алмай,
Дейді екен: "Абулхарис" — оның атын.
Құдайға неше мың жыл құлдық (құллық)
Пәк сақтап (сақлап), өзін-өзі дінін күтті.
Тақуалық, тазалықпен өнері асып,
Мүлкіне сегіз жұмақ (ұжмақ) барып жетті.
Тіл алмай ата-анадан кетті қашып,
Жүрмеді таһаратсыз жерді басып.
Құданың құдіретіне жақын (иқын) болды,
Бәрінен періштенің өнері асып.
Халайық, жалғаны жоқ сөзіме нан,
Құдайдың құдіретіне қаларсың таң.
Мұқараб дәргаһына болғаннан соң,
Бәріне періштенің сайланды хан.
Жетіліп періштеге хан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты,
Тұқымы ана қалған алтауынан
Бірталай өсіп-өніп жан болыпты.
Бұ күнде жан нәсілі болған хаят
Хақында кітаптарда (кітапларда) бар рауаят.
Уалжан жығылте мен Әлнар симум,
Дәлелім бұл сөзіме — құранда аят.
Айтайын Абулхарис хикаятын
Жақтырмас білмеген жан (танымаған) сөздің затын.
Хан болып періштеге сайланған соң,
Ұлығлап: "Ғазазіл" — деп қойған атын.
Білдің бе кім екенін енді мұның?
Артылды дәрежесі сол күнде оның.
Хан болып періштеге сайланған соң,
Әуелі, білші ақыры жақсы (иыхшы) соңын.
Патша боп салтанатты (салтанатлы) мінді таққа,
Жүргізіп һүкіметін әрбір жаққа.
Ұлықтық дәрежеде хадтен асты,
Қылып тұр тәңірім оны сынамаққа.
Мұнымен дәурен сүріп көп күн өтті,
Бұрынғы өткен күндер ойдан кетті.
Бет сүртер қолындағы орамалы
Желменен көтеріліп ұшып кетті.
Мінезі болды дейді қиын тарлық,
Ұлықтық (ұлұғлық) саясатын қылды барлық, —
Алып кел орамалды, тауып жылдам!—
Деп сонда Жебірейілге қылды жарлық.
Жебірейіл қол астында мұның болды,
Тәңірі оған жақын қылған алыс жолды,
Желге ұшқан орамалды алып келіп,
Бере алмай ебін тауып мың жыл тұрды.
Бір лебіз оған жауап қата алмады,
Тыныш тауып отырып, жата алмады,
"Мінеки, орамалың", — деп беруге
Ұлықтық мінезінен бата алмады.
Болыпты сондай ұлық болған күнде,
Патша боп періштеге тұрған күнде
Мінезі сондай қатты қиын екен,
Сонша асып шарасынан толған күнде.
Ойда жоқ болам деген бір күн харап,
Mac болған ғапілдіктен (ғапілліктен) ішіп шарап.
Түкірігім жерде түсіп қалмасын деп,
Түкірген созып мойнын көкке қарап.
Аз күнде қылып өткен көп арманын,
Қойған соң құдай беріп бұ жалғанын.
Түспеген түкірігі сонда жерге
Құдайым қабыл етіп ойға алғанын.
Өзіне патша құдай қойды еркін,
Беріпті билігіне дүние — мүлкін.
Ғарыштың (ғаршының) есігінде бір жазуды (иазуды)
Жиылған көп періште көрді бір күн.
Қорқысты періштелер: "Бұ не хал?!" — деп,
Жазыпты: "Көрген пендем, ұғып ал!" — деп,
"Үшбу жүрген мүлкімде бір құлыма, —
Жазыпты — қатты қаһар, лағынет бар!" — деп.
Періште бәрі тегіс шошып кетті,
Патшасы Ғазазілге келіп жетті, —
Біз қорықтық бір нәрсені көріп ғарышта
Дұға қыл, болмағай-ды, тақсыр! — депті.
Ғазазіл сонда тұрып дұға қылған:
"Сақта — деп, —періштелерді!" — қорыққанынан.
Айтпады өзін сақта (сақла) деп сол уақытта,
Әр істі жақсы-жаман құдай қылған:
Мұнан соң не болады, ойла ақырын,
Тауысар сөйлей берсе, пенде ақылын!
Құданың енді болды ирадасы,
Дүниеге келтірмекке біз пақырын.
Дегенім бізден мұрат Адам ата,
Кетейін бәрін сөйлеп біржолата,
Қате сөз жалғыз-жарым бола қалса,
Жарасар пенделікте болса қата (қате).
Топырақтан әбуалбышыр — Адам қылды,
Бір дүние мұның өзін ғалам қылды,
Адамға шарапатты (шарапатлұ) ғылым беріп,
Нығыметін бұған берген тамам қылды.
Адамның періштеден білімі асты,
Нұр құйып Хақтағала ділін ашты.
"Фасаужүді уәли адам" — аят келіп,
Сәждеге көп періште қойды басты.
Сәждеге көп періште қойды басын,
Адамның артық қылды дәрежесін,
Ғазазіл мойын сұнбай, тұрып қалды,
Түсірді қақ мойнына тауық тасын.
Бастарын (башларын) періштелер көтеріпті,
Ғазазіл бір сұмдыққа килігіпті.
Қорыққаннан:"Мынадайдан сақтай (сақдай) гөр!"
Сәждеге және екінші илігіпті.
Ғазазіл наумид болды сол бір кезде
"Ібіліс" деп ат қойылды тағы да өзге.
Сәжденің бірі — парыз, бірі — уәжіп.
Екеу боп сол себепті (себеплі) қалды бізге.
Басына тауқи лағынет жетті дейді,
Құдайым оған қаһар етті дейді,
Бір мінез тәкаппарлық қыламын деп
Қуылып дәргаһынан кетті дейді.
Алхияз балла Кәрім-Рахман
Қорқыныш көп қыламын аһи афған.
Рахман атқа қосам деп қылып фағлан
Ат қойды сонда өзіне Ібіліс шайтан.
Ағузу билламин ал шайтан
Мұңымды хақтан басқа кімге айтам?
Сонан соң ол Ғазазіл тілек тілер,
Аз ғана мазмұнынан қалам тартам.
Лағынның тілек тілегені:
— Жарандар, тыңда (тыңла) сөзім салтанатты,
Тыңдасаң, бұл сөзімді балдан тәтті.
"Рауаят пайғамбардан! " — деп сөйлеткен
Сахаба Әнес ибн Мәлік атты (атлы).
Айтады сөздің шынын Мәшһүр ақын,
Құдайға шын сөзді адам болар жақын,
Ғазазіл малғұн шайтан қылып арыз (ғарыз),
Құдайдан талап қылды қызмет хақын:
— Білемін ақыр бір күн өлмегімді,
Шарасыз тағдырыңа көнбегімді,
Ғаламның он сегіз мың патшасысың
Жейсің бе менің құдай еңбегімді?!
— Әзелден біліп едім жалғаныңды,
Шет болып білдің бүгін қалғаныңды!
Бейнесін ақыреттен мақрұм қалдың,
Жалғанда сұра ойыңа алғаныңды!
Малғұн.
Кимесе қолдан тігіп киім қайда,
Бұрынғы салтанатты күйім қайда?!
Баспана адамдарға бердің үйді,
Сұраймын әуел сенен: "үйім қайда?"
Ж. (Не "Жаратушы", не "Жаббар"- сөзі болуы мүмкін—Г.Ж.)
һәм қалдың көрмей дүкен, жетпей ойың,
Осылай болды сенің жайы-күйің.
Қалдым деп баспанасыз болма арманда,
Дүниеде монша болсын сенің үйің.
Малғұн
Құлшылық көп қылып ем әрбір жайда,
Болмады бір тиындай жанға пайда,
Оқитын адамдарға бердің құран,
Құраным оқитұғын менің қайда?!
Ж.
— Әуелден пиғылың бұзық, ойың (ісің) жаман,
Кетпедің сол себептен болып аман,
Айтылған домбырамен жиын-тойда
Әй, малғұн, болсын құран өлең саған.
Малғұн.
Жаралған әурелікке менің басым,
Не керек мұнша дәурен сүрген жасым?
Ac, қорек адамдарға тағам бердің,
Кәнеки, ішіп-жейтін менің асым?!
Ж.
Еңбегін еш пенденің жемейміз біз,
Өз пиғылың болып тұрған (жүрген) өзіңе кез.
Тағамың сенің малғұн осы болсын:
Ac ішсе егер біреу бисмилласыз.
Малғұн.
Мен бұрын қызметіңе жүрдім жарап,
Бұл күнде құр алақан қалдым қарап.
Сүт-қатық адамдарға (адамларға) сусын бердің,
Қанеки, ішетұғын маған шарап?!
Ж.
Адамды қылар батыр қару-жарақ,
Түзейді қыздың көркін айна-тарақ,
Бір жұтса мас қылатын ішкен жанды
Шарабың сенің, малғұн, болсын арақ!
Малғұн.
Басымнан арылмаған қалың сорым,
Жалғанда маған керек әрбір форым.
Адамға аң ұстайтын қақпан бердің,
Қанеки, менің қайда қақпан торым?
Ж.
- Сен жолдан шығарарсың ғапілдерді (ғапылларды),
Өзіңе жуық жүрген жақындарды.
Адамды тұзағыңа түсіруге
Еркіңе бердім, — дейді, - қатындарды.
* * *
Хадисте үшбу сөздер қылынған иад,
Біледі кітап көрген барша адамзат.
"Жұмысым мұныменен бітпеді ғой!" —
Дегендей Ібіліс лағын (малғұн) болмады шат.
Ібілістің қылған шайтан асыл затын,
Алладан алып тұр ғой тілеп хақын!
Мұнымен кетсе сөзім қысқа болар,
Айтайын анық қылып переуатын (переводын).
Көңіліне ұнамаған болды жері,
Ішінен еркін онша кетпей кірі.
Ойында бір дүдәмал қапы бардай,
Жарқылдап келіспейді ажар-түрі!
[Малғұн]
— Жарайды, мен мұныңа деймін "пәлі!"
Көңіліме орнықпады мұның бәрі.
Алдым деп қалағаным мәз болмаймын,
Болмады-ау ойымдағы еркін әлі!
[Ж].
— Билігін бұ жалғанның бердім тегіс
Болмайды-ау дүние ісінде сенсіз келіс!
Еркіңмен өзің билеп жұмса — дейді,
— Дүниеде қанша болсын алтын-күміс.
— Келмейді-ау шығарғысы қолдан, — дейді,
— Айырылмас бұған жолдас болған! — дейді,
— Дүниемен күміс-алтын алдандырып,
Талайды шығарарсың жолдан! — дейді.
Малғұн.
Қызығы бұл дүниенің жиған малдай,
Көреді дүниеқорлар малын жандай!
Кететін мойынын бұрмай адамдар көп,
Ілтипат мал мен құлға назар салмай.
Ж.
— Жараттым ішіп жейтін жақсы тағам,
Бірін — халал, біреуін қылып харам.
Жібектен (жифакдан) атлас, торғын қылдым
Бұларсыз күн көре алмас жүрген адам.
— Жабыспа қайта-қайта маған! — дейді,
— Жақсы киім, ләззатты тағам, — дейді,
— Дүниеде не қызықты нәрсе болса,
Билігін бердім түгел саған! — дейді.
Малғұн.
— Киер киім, ішер ас-тағам — дейді,
— Бәрін оңай, бере берсең маған! — дейді,
— Осал жіп мұның бәрі үзілетін,
Арқан бер үзілмейтін маған! — дейді.
— Алданып бұларыңа надан тоқтар,
Қалады әуре болып ақылы жоқтар.
Тоя ішкен аста (алсыт) хымыран мастарың бар.
Қайтпайтын маңдайынан тисе шоқпар.
Дүние деп, алтын-күміс малданбайды.
Қызық деп, бұл жалғанды таңданбайды.
Дүниенің (жалғанның) баянсызын білген ерлер
Бұлардың ешбіріне алданбайды.
Жараттың шайтан қылып мені сорға,
Мен жүрмін түсірем деп адамды орға.
Кететін жемге айналмай (айланбай) сұңқарлар
Түспесе үзілмейтін жібек торға.
Ж.
— Арызыңды сенің қабыл көрдім, — дейді,
— Шын біліп бұл сөзіңе көндім, — дейді,
— Арақ, сырнай, керней, сыбызғыны, —
Тамаша сауық үшін бердім! — дейді.
* * *
Бір Алла бұл малғұнға бәрін берді,
Сол үшін ерікті болып шайтан жүрді.
Алданып біраз көңілі мұныменен
Мырс етіп, бүтін күлмей, жарты күлді.
Дәнікті қалағанын берген сайын,
Жалғанды бергендігі болды дайын.
"Болмады-ау әлі түгел!" — дегендей қып
Және айтты шайтан лағын мәні-жайын.
Малғұн.
Жараттың жақсы-жаман екі айыр жол,
Адамның бір жағы — оң, бір жағы — сол!
Адаспай жақсы жолдан жүрер түзу,
Кімде-кім болып жүрсе өзіңе күл!
Оң жолға басшы болған пайғамбарлар,
Олардың соңына ерген қанша жандар?!
Көрсетіп мұғжизамен тамаша істі,
Ие боп жақсылыққа кеткен анлар (олар).
Қылып ең мені басшы жаман жолға,
"Дүниеде себеп бол, — деп, — азған құлға!"
Бермесең бұл ісіңе өзің жәрдем,
Оны мен түсіремін қалай торға?!
Болғанда мен бір аушы, адамзат-аң,
Қару бер (өнер бар) көрген адам қалғандай таң!
Ол Мұса Кәйім алла мұғжизамен
Түбінен Ніл дарияның шығарды шаң.
Алсам деп әркім ойлар қуған аңын,
Қызығар: ит-түлкінің жыртса таңын.
Пітнаның бұзықшылық дариясының
Түбінен шығарайын сондай шаңын.
Бұзайын дал-дал қылып, қылып талқан,
Ерікті қыл қолымды, ашып дарқан.
Адамды тұзағыма түсіруге
Маған бер бұзылмайтын (үзілмейтін) бір мықты арқан.
* * *
Ғазазіл, қылып қойған, малғұнды еркін,
Сол үшін бек қызықты дүние, шіркін!
Дегендей: "Саған енді бұл жарай ма?"
Көрсетті қатындардың шырай — көркін.
Қараса қиылып түр қара қасы,
Толғанып оқжыландай өрген шашы.
Ғақықтан екі ерні қызыл болып,
Алмадай (түймедей) домаланып гауһар басы.
Еті аппақ қара жерге жауған кардай,
Жүзі бар қарға тамған қызыл қандай.
Бұлттан жарып шыққан ай секілді:
Қиғаш қас, сүмбіл шашты, жазық маңдай.
Бойлары райхан гүлдің сабағындай,
Алманың, екі беті, сағағындай.
Ап кетер көрген жанның ақыл-есін
Орыстың мас қылатын арағындай.
Күмістен тартқан сымдай болып қолы,
Қояндай домаланып келіп жоны.
Ғұманның лимонындай емшектері
Алам деп қайтіп үзіп қолыңа оны!
Сынаптай толықсыған екі саны,
Тістері меруерт-маржан дүрдің кені (кәні),
Мамықтай үлпілдеген тамақтары,
Жатқанның арманы не иіскеп, әні (әне)!
Аузынан шырын шекер шыққан сөзі,
Көзіңе болып тотия басқан ізі!
Жаныңды ерікке коймай алар суырып,
Өзіңе күліп қарап түссе көзі!
Ап кетер ақылыңды бойдан тартып,
Көргенде толықсырсың майдай балқып!
Сабырыңды қалдырмайтын бір жері бар,
Бәрінен бүл айтқанның айтсам артық.
Ғазазіл малғұн шайтан мұны көрді,
Көрген соң көңілі бітіп, шырай берді.
"Болды — деп — ойымдағы енді түгел!" –
Шапалақтап алақанын қарқ-қарқ күлді.
— Көңілімде енді титтей қалмады кір,
Болғанмен, қылмас сабыр, қаншама ер!
Жұмысым ойыма алған бітті, — дейді, -
— Құдая, маған берсең тезінен бер!
Болады кімге залал, кімге пайда,
Әр істің ықтияры бір құдайда.
Адамды тура жолдан аздыруға
Құдайдан сұрап еді күшті айла (хайла)!
Хақ берді қатындарға ажар-көрік,
Наз берді түрлі сурет оған серік,
Еркекте ғақыл, сабыр еш қалмайды,
Болғанмен дін ісіне (денесіне) қанша берік.
Әркімнің әр не қылса өзіне еркі,
Оңаша шет жүргенде дінге беркі (берігі).
Ердің ғақыл, сабырынан асып түсті
Түрленген қатындардың шырай (ұрғашының ажар) көркі.
Жаратқан қылып зиба әуел бастан,
Нығымет жоқ бұл жалғанда мұнан асқан!
Құл болған қатындарға әрқашаннан,
Патшалар ақылменен жұрттан асқан.
Қатынсыз ойлап тұрсаң дүние болмас,
Әуелден ерге серік қылған жолдас.
Қаншама еркек бір қатынсыз бас қосқанмен,
Ақ орда алпыс басты іші толмас!
Отырса қасын керіп кеш қара қас,
Қылады көрінгенді көзімен мас!
Ғұнша ерін, пісте мұрын, лүлу иек,
Дүниеде неше түрлі бар асыл тас!
Су ішіп көздерінен мейірің қанар,
Болғанмен қанша ақылды, қайран қалар!
Жүзінен шығып тұрған оттарына
Өртеніп, шыдай алмай, көңілің жанар!
Адамды мас қылатын берді көздер,
Көрсе көңіл, еритін, айдай жүздер.
Арганның (органның) неше түрлі дауысындай
Ләззатты, махбубларда шырын сөздер.
Бойыңнан (басыңнан) кетіп қалар ақыл-есің,
Басуға өзіңді-өзің жетпес күшің.
Болмаса бұл дүниеде ойға алғаның,
Толады қайғы-қасірет дертпен ішің.
Ашылған гүлдей болып жазғытұры,
Көрініп, жасырынып ішкі сыры.
Жүзінен махбублардың болып зәһәр,
Хақиқы беріп сәуле Хақтың нұры!
Сүмбіл шаш, қиғаш қасты мәкнүн қабақ,
Нәркес көз, уажһалары ғақық тамақ.
Өтем деп мұжазыдан ақиқатқа
Дәріс оқып диуаналар алар сабақ.
Суретке қалады екен сурет қарап,
Мысқа - жез, күміске алтын іске жарап,
Мағынасын: "Әлиф әбжад" — білемін деп,
Кетеді диуаналар болып харап.
Асыл бар әрбір түрлі адамзатта,
Жазылған үшбу сөздер бәрі хатта.
Сурет (сағатпен) ісі болмас мас болған соң,
Жұмысы пәни әл хақиқат болып затта.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі