Өлең, жыр, ақындар

Яһуда, Патрос әңгімесі

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2308
Кім берді бұл байлықты құдай берді,
Жаратты қолы ашық қып кейбір ерді.
Кәне, біреу берместен тығып бақты,
Қайсысы асты: ақырын ел жұрт көрді.
Жігіттер, бұл айтқаным - кітап сөзі,
Тоқтайды Құран десе дүние жүзі.
Пайғамбарға мұны айтқан:
"Жұртқа шаш!" — деп,
Қисса қып айтқан мұны құдай өзі.
Құлақ сал бұл қиссаға, тыңда не дүр,
Адаспай көш басының соңынан ер.
Бұрынғы заманларда болып өткен,
Туысқан ағайынды бір-екі ер.
Құран сөзі әр тарау кеп айтады,
Өткен менен кеткеннен көп айтады.
Қисса қылған сөздерін (сөзларын) кейінгіге
Ол бәни Исрайылдан (Сырайылдан) деп айтады.
Сөз сөйлеумен тарқайды іштегі шер,
Ұғып алсаң, көңілде қалдырмас кір.
Яһуда, Патрос деген ағайынды (ағайынлы), —
Екеуі бір анадан туысқан бір.
Атасы өліп, артында бұлар қалды,
Иеленіп екеуі қалған малды.
Қызыл алтын сегіз мың ділда қалып,
Құрттай санап төрт мыңнан бөліп алды.
Яһуда момын болды күткен дінін,
Шын деп білген не айтса кітап тілін.
Уысына түскенді ұстап қалмай,
Ойламады өзіне керек күнін.
Жұмсады қолда барын құдай үшін,
"Керек, — деп, - сақтайын, - деп, - мұның несін?!"
Өз басына бір пайда келтірместен,
Беруменен өткізіп ерте-кешін.
Өз басына ойламай пайдалы істі,
Құдай үшін жұмсаумен күні кешті.
Жарастығын жалғанның керек қылмай,
Ақырет жұмысымен айналысты.
Хош, енді Патрос қайтті қолдағысын,
Бір тиын жұмсамастан құдай үшін,
Жер-су алып, әр түрлі егін салып,
Түзетті жарастырып іші-тысын.
Көркейіп, қатын алып ажарлы, өнді,
Тон киіп жарастықты жаға — жеңді.
Жалғанның пейішіндей қылып үйін,
Жұмсады неше түрлі күл мен күнді.
Домалап күннен-күнге өрге тасы,
Тап-таза кедейлерден болып қасы.
Бірі — құрма, бірі —мейіз іші толған,
Болыпты екі жерде бау-ағашы.
"Болдырдым, — деп, — өзімнің ісімменен!
"Ала алмас, — деп, — ешбіреу тегін менен!
Екі баудың арасын толтырыпты
Жарастықты әр түрлі егінменен.
Сонда мұның егіні қаулап өсті.
Күннен күнге артылып заулап өсті.
Жылдан-жылға өнімі артық болып,
Көргендерге болыпты көкейкесті.
Аяқтыдан тыйылып бұған бару,
Кедейлерге арам боп садақа алу.
Егін шықпай, дүниеге тартылса да,
Мұныкіне бір болмай шықпай қалу.
Сулар ағып егіннің арасынан
Асып сонда, артылып шарасынан.
Екі баудың кетіпті асып құны
Айдап жүрген көп жұрттың қарасынан.
Екі иіннен тұрыпты демін алып,
Есіл-дерті дүниеге кетіп қалып.
Бұл осындай тұрғанда мерекемен,
Кедей болып Яһуда болды кәріп (ғаріп).
Асқындырып кедейлік жауырды енді,
Әркім бұған береді сауырды енді.
Аш-жалаңаш қалған соң, жоқ-жітік боп,
Жанашыр деп, таппай ма бауырды енді?!
Жалт беруі жалғанның көз жұмғанша,
Бұл жалғанда малсыздың күні (кұны) қанша?!
Бар күнінде қолынан дүние алғандар,
Сырт айналып кетеді кез боп қалса.
Дүние, малсыз болмайды, білді дейді,
Отырғызбас үйде аштық енді дейді.
Бір туысқан жан тартып, бауырым деп,
Байға кедей мұқтаж боп келді дейді.
Қолда жоқтық мұқатар адамзатты,
Басқа түссе нәрсе жоқ мұнан қатты.
Кедей, мылқау, бай, шешен - бұрыннан бар,
Патрос енді сөйлейді насихатты:
— Керексіз қып дүниені қылдың салдық,
Қалған малды атадан бірдей алдық.
Сақтай алмай, айырылып сен құр қалдың,
Толып жатыр менде алтын неше сандық.
Тиісімен қолыма жер-су алдым,
Неше түрлі жемістен егін салдым.
Түр-түрімен құл, күнді тізіп жұмсап,
Дүниемен лық толып артым, алдым.
— Бір басыңа қылмадың пайда, — дейді,
— Қалып тұрсың бұл түрлі жайда, — дейді.
— Сонан көрген бір тиын опаң бар ма?!
Төрт мың ділда жібердің қайда? — дейді.
Яһуда айтты:
— Сен жер-су алдың сатып,
Жарастығын жалғанның соны ұнатып.
Мен жұмсадым ақырет пайдасына,
"Ертең бір таң бар, — деумен, — бұ күн батып!"
Сен пұлменен жалғанда салдың сарай,
Алданумен соларға қарай-қарай.
Ақырет сарайынан үміткер боп,
Мен талпындым, мал шашып солай қарай.
Сен пұлменен жалғанда қатын алдың,
Құшақтасып жалғанмен дос боп қалдың.
Хор қызына қалың мал бердім мен де,
«Опасы жоқ жалған, — деп, — мен бұл малдың!"
Сен пұлменен жұмсадың құл мен күнді,
"Батпайды, - деп ойлаумен - тұрған күнді!"
Ғылман уладан пейіште бар дегенмен,
Тұра алмадым мен ұстап дүниені енді.
Патрос сөзін сапырып судай төкті,
Жалғыз өзі меншіктеп жерді, көкті:
— Осыны да тұрсың ба сөз деп айтып,
Ту, ақылсыз, шіркін! — деп, жаман сөкті.
— Қолыңдағы барыңды несие сатып,
Өзің ішіп, жей бермей сақтап жатып.
Миы қашып, қарны ашып кедейекең,
Сөйлейді екен не болса соны шатып!
Ақылсыз болған ақымақ, інім! — дейді
— Сөйлеген саған есіл тілім! — дейді
— Мен қалай мал мен басқа, сен қалайсың?!
Емес пе үздік артық күнім?! — дейді.
— Үй мынау, жасау мынау жайнап тұрған,
Асулы анау қазан қайнап тұрған.
Мал мен бас, қызық дәурен сүрген жасым,
Бәрі де гөй-гөймен сайрап тұрған.
Менімен еріп бірге жүрші! — дейді,
— Бауына құрма, мейіз кірші! — дейді.
Жетектеп сол қолынан алып жүрді:
— Мінеки, тамашамды көрші! — дейді.
Көрсетті аралатып егін-жайын,
Дәуірлеп айтқан сөзі басқан сайын:
— Кәнеки, таусылар ма мұнша дүние?!
Маған енді кедейлік жоғы дайын!
Осы-дағы қызығы болғандағы,
Әр нәрсенің қалпы осы толғандағы.
Жер өле ме, жіте ме, жоғала ма
Осы тұрған бойымен тұрғандағы?!
Көзге түскен сенікі жалған-дағы,
Не болары белгісіз қалғандағы.
"Ақырет бар, пейіш бар", — пәлен-түген, —
Деген сөздің бәрі де жалған-дағы.
Жарастығын жалғанның көрер көзді,
Бірдей қылып түзетсе үй мен түзді.
Шын деп, тіпті, көңілімде ойламаймын:
"Соң қиямет болады!" — деген сөзді.
Ал, енді болса бұлақ, құйсын, әні,
"Оны-дағы шын сөз, —дейік, — пәлі!"
Мұнда озған онда-дағы озатұғын,
Құр алақан сендерге дәурен, кәні?!
Байлыққа бізді құдай арнаған-ды,
Екі жұртта бірдей ғып парлаған-ды!
Мұнда да жоқ сендерге, онда да жоқ,
Осы қарғап қойғаны — қарғаған-ды!
Сонда тұрып Яһуда сөз айтады,
Сырттан емес, өзіне көз айтады:
— Мен айтайын, сен бір, — деп, — құлақ салшы!
Кідірместен сол жерде тез айтады.
— Бәрі бос сөз айтқаның, менікі — шын!
Шын деп бұған нанбасаң, сенде жоқ дін!
Болуына қиямет нанбағаның,
Бергендігін құдайдың сен білмедің!
Сені құдай жаратты топырақтан,
Болмаса келіп едің, айт, қай жақтан?!
Үйірліктен аққан бір су едің ғой,
Көрмегендей қыласың несін мақтан?!
Бір есе адал, бір есе арам қылды,
Айдап келіп ақыры адам қылды.
Неше түрлі өстіріп өндірумен,
Төрт бұрышыңды түп-түгел тамам қылды.
Мен айта алман баршасын тамам қылып,
Бізді құдай осындай адам қылып.
Барлық - жоқтық, жалғанда: аштық, - тоқтық,-
Әр не болса тұрамын сонан біліп.
Бар қылған жоқтан мені сол құдайым,
Құлдығында күні-түні тұрам дайым!
Оған жетер еш нәрсе бар демеймін,
"Жоқ болдым!" — деп, жемеймін тіпті уайым!
Бауыңа алып келдің мені ертіп,
Ісініп, күжірейіп, тасып, бөртіп.
Аузыңа сен құдайды бір алмадың,
Қойды деп жарастырып тәңірім бүйтіп.
Деп тұрсың: "Өзім қылдым, өзім қойдым,
Бәрін өзім ұқсатып, — деумен, — тойдым!"
"Тар жер, тайғақ кешуден" — хабарың жоқ,
Алдында қолат сай бар ойдым-ойдым.
Рас, бәрі сенікі-ақ болған шығар,
Қойны-қоншың алтынға толған шығар.
Мұнша нәрсе жарасып пар-парымен,
Сақтауымен құдайдың тұрған шығар!
Мал менен бас сенде бар, менде жоқ-ты,
Мені емес, жын соққыңа сені соқты.
"Өзім болып тұрмын!" — деп айта бердің,
"Құдайдан, - деп ойламай — барды, жоқты!"
Біреу үлкен жалғанда, біреу - кіші,
Ойлау керек: "Не болса, Хақтың ісі!"
Сенен мені бай қылып қоям десе,
Құдіреттің жетеді әбден күші.
Шын жабысқан Құдайға түзу жүрер,
Құдайлығын Құдайдың ел-жұрт көрер.
Мұнан да артық мал мен бас, бау ағашты
Мұнда берер болмаса, онда берер!
Бүгін аш болған қарын ертең тояр,
Семіруі жеткенді жылдам сояр.
Бергендігін құдайдың білмесең сен
Жалғыз-ақ күн қолыңнан алып қояр!
Бұл бойыңмен кетпессің бір шалдырмай,
Сені оңай қоюы малдандырмай.
Аспан көктен жұмсаса бір құйынды.
Түбіменен суырар түк қалдырмай.
Не болары белгісіз мұның ақыр,
"Қылам, — десе бір құдай, — сені пақыр!"
Аспан көктен бір пәле келіп тисе,
Жып-жылмағай боп қалар таза-тақыр!
Егініңді қиратса бұршақ жауып,
Жалғыз күнде жоқ қылса жаудай шауып.
Су біткенді жіберсе жер түбіне,
Ала алмассың ешқайдан іздеп тауып.
Яһуда осылайша айтты сөзін
Сөйлетіп тұрған екен
Хақ сонда өзін.
Шалынып періштенің құлағына
Келтіріп қабылдыққа тәңірім кезін.
Күн батып, қас қарайып кеш боп қалды,
Аузына әр не десе тәңірім салды.
Құдайдың қаһар, ғазап көп пәлесі,
Сол уақытта бау ағашты қоршап алды.
Бір бүртік, қалмай бүршік енді ол жайда,
Егін мен жеміс түгіл, ағаш қайда?!
Таң атып тұра келсе, дәнеме жоқ,
Быт-шыт боп уатылған майда-майда.
Қараса Патрос тұрып бау ағашқа,
Күн болыпты кешегіден бөлек, басқа!
Қол жайып, айға бата қылмай ма енді,
Маңдайы болып алып аппақ қасқа?!
Бір түнде ауып қайда көшіп кеткен?!
Түтілген жүндей болып ұшып кеткен!
Құдайдың мұндай ғажап шеберлігін
Көрген жан қорқып, жаман шошып кеткен!
Алладан қаһар, ғазап тигеннен соң,
Қарынның киген кебін кигеннен соң,
Соқпай ма алақанын енді шарт-шұрт,
От болып, іш өртеніп күйгеннен соң.
Сақалын екі қолдап жатыр жұлып,
Тұра алмай бір араға ұшып қонып.
Тас қылып кісі кірмес қоятұғын,
Кілті мен қайда қалды қара құлып?!
Жыртумен жылап жатыр қатын бетін,
Кедейге бермейтін қу шай мен етін.
Жалғыз жер мен су емес күйіп кеткен,
Бұлар да күйіп жатыр болып түтін.
Осындай боп солардың алды өз тұсы,
Жазы бар, қысы жоқ бұ дүние-жылдың құсы.
Ішпей,жемей, кісіге бермей жиған,
Қашан болса, дүниенің қызығы — осы!
Бір кеткен соң алады кім қайырып,
Ара түсіп әперер бар ма айырып?!
Қысып ұстап, қимастан жүрсең-дағы,
Құр алақан қалады қол жайылып!
Көзің - соқыр: толықсып тұрған күнде,
Бір ашылар төбеңнен ұрған күнде.
Жылдың құсын көргенде, құшақтай ал,
Қыз бен аққу көлге кеп қонған күнде!
Жылы жаздың соңында бар бір қысы,
Саған онда арам ғой жылдың құсы!
Уысыңда тұрғанда, үлестірсең,
Байлық пенен барлықтың қызығы - осы!
Жұртқа жеңіл — бұл сөзім, өзіме — ауыр,
Себебі сол: жан біткен қарабауыр.
Жоқтықтан аяп, азық бөлушіні,
Бұл күнде шабан-семіз, жүйрік-жауыр!
Жұма сайын тер алып, шауып тұрмын,
Жауырлықты жабумен жауып тұрмын.
Бұл екеуі ертеде оңға шығар,
Дәл осы күн өзімнен тауып тұрмын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бақсының сөзі

  • 1
  • 0

Әуелі, Құдай, сен оңда,
Сен оңдасаң, біз мұнда!
Тілегеп тілек және бер,
Қас бедеуге бала бер!

Толық

Нүсіпхан

  • 0
  • 0

Бастайын: "Бисмилла!" — деп, сөздің басын,
Бір Алла әр пендесін өзі оңдасын!
Жамиғат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын Нүсіпханның бір қиссасын.

Толық

Бопы төренің қарындасын жоқтағаны

  • 1
  • 0

Күдері белбеу белімде,
Азалы болдым елімде
Бопекем жарлық берген соң,
Жүре бердім жөніме.

Толық

Қарап көріңіз