Өлең, жыр, ақындар

Әдһам диуана және Ибраһим

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3849
Жаратқан жан біткенді жаббар халық,
Күнелткен аяқ-қолсыз суда балық.
Бұрынғы замандарда бір ғаділ хан,
Балыхта қылған екен патшалық.
Бітсе де қанша дәулет көз тоймаған,
Өтерін бұл жалғаннан кім ойлаған?!
Патшаның ғаділ болған заманында,
Қасқыр мен қой, жылан мен бала ойнаған.
Дариядан көктей өткен көпір салып,
Күншығыс, күнбатысқа даңқы барып.
Самарканд, Бұқар, Ташкент - бәрін билеп,
Қытай мен Үндістаннан алым алып.
Дастан боп жұрт аузында қалған сөзі,
Айтуға тұрарлық боп мұның өзі.
Жалғанда арманы боп бір ұл перзент,
Болыпты бір бойжеткен жалғыз қызы.
Ұялған күннің көзі көрсе көркін,
Тұрады кімге дүние емін-еркін?!
Перілер сұқтанысып қарайды еркін,
Басына киіп шықса кәмшат бөркін.
Сипаты десең болар хорлығайын,
Ажары арта берген күн-күн сайын.
Бетіне алақандай сыйғызыпты,
Құдайым шеберлікпен күн мен айын.
Мұндай жан көрмеген көз мұнан бұрын,
Нәркес көз, ғұнша ерін мен пісте мұрын,
Жарық қып қараңғы үйде шам жақпаған,
Жүзіне Рахымахман төккен нұрын.
Жастықта біз білмедік нәпсі тыя,
Кез келіп бір биік шың қызыл қия.
Сол қыздың ажар-көркін түгендеуге,
Шақ келмес қалам, қағаз, қара сия.
Ойласаң, жалған кімге опа етті?
Айтуға екі ауыз сөз келді, кетті.
Мың ұлға балап жүрген жалғыз қызға,
Бір күні бітіп тағдыр, қаза жетті.
Қисайып құлап кетті қыңыр заман,
Нәрсе жоқ бір қисайса мұнан жаман.
Басы жұмыр пендеде жан көрдің бе
Өлімнен әуел ақыр қалған аман?!
Әркім-ақ бұл жалғаннан дәурен сүрді,
Біреуге - ерте, біреуге кеш кеп жүрді.
Хан болсын, қара болсын - бәрі бір бас,
Өлген соң жататұғын жайын көрді.
Қатындар жанталасып қызды жуды,
Аударып оң мен солды, құйды суды.
Үш қабат ең болғаны орап бөзге,
Тұмшалап бас-аяғын күрмен буды.
Таласып қожа, молда сықат (расход) алды,
Бір өлімтік дене боп босқа қалды.
Сүйрегендей шығарып еріксіз үйден: —
Салатын жаназа! — деп айғай салды.
Көтерді жаназасын оқып жерден,
Бұрынғы салтанатты кетті төрден.
Апарып терең қазып көміп тастап,
Көп адам қоя барған қайтты көрден.
Неше гауһар қалмады жерде жатып,
Ыстық шілде жаз күнде мұз боп қатып.
Бір диуана бар екен оған ғашық,
Маңайына келе алмай жүрген батып.
Жұлдызы он боп, сәтті күн туған екен,
Екі бетін көз жасы жуған екен.
Диуананың ғашығын біліп патша,
Бұл шаһарға жолатпай қуған екен.
Ықтиярсыз диуана кеткен екен,
Патша қаһар байғұсқа еткен екен.
Хан қызына ғашық боп, қолы жетпей,
Бұл ортада жеті жыл өткен екен.
Қыздың өлген хабары бұған жетті,
Отыра алмай орнынан ұшып кетті.
"Өлген қыздың моласын қори ма?!" —деп,
Шаһар жаққа түзейді енді бетті.
Аузынан - жалын түтін дау-дау жанып,
"Ия, һу!" — деп,анда-санда тыныс алып.
Жаңа өліктің моласы ескіре ме?!
Сұрамастан ешкімнен білді танып.
Моласының басына келіп тұрды,
Тіршілікте қыз қашан мойнын бұрды?!
Пенде қайдан біледі көрсетпесе,
Шеберлікпен құдайдан болған сырды?!
Жаймашуақ жаз болар, қақырап қауыс,
"Ырыс - жұғыс, - дегендей, - ғақыл ауыс".
Көр күзеткен кісідей тұрғанында,
"Мені ал, мені ал,!- деген келді қыздан дауыс.
Қыз дауысын естумен есі кетті,
Диуана боп жүргенмен несі кетті?!
"Шын дауыс па, өтірік бір нәрсе ме?!"-
Біраз тыңдап дауысты тамаша етті.
Болжайтұғын ғайыпты жіті көз жоқ,
Басқанменен қара жерде қалған із жоқ.
Бой тоқтатып құлағын салып тосса,
"Мені ал, мені ал!"- дегеннен басқа сөз жоқ.
— Мен диуана ел кезген Әдһам атлы,
Кісі елерлік кісі емес,текті,затлы,
Бұл айғайың қай айғай, жөніңді айтшы,
Не қылмысты пенде едің,қай сипатты?!
— Пенде ісін мойныма артқаным жоқ,
Көр ғазабын өлгенмен тартқаным жоқ.
[Зор]лық пенен нумилық қиын-қыстау
Қысым көріп біреуден жатқаным жоқ!
Өтірік өлмей, шын өліп көрге түстім,
Алтын тақтан айрылып, жерге түстім.
Ұйысқан қан денемнен тарқаған соң,
Мен осындай тіріліп күйге түстім.
Тірілгелі білмеймін көп күн өтті,
Айғайлаумен бар әлім құрып бітті.
Кім де болсаң, моламды ашшы жылдам!
Өліп кетсем, мойныңда құным кетті! —
Мұны естумен Әдһамда ес қалмады,
Бары-жоғын дүниенің ойға алмады.
Екі қолдап топырақты шашып жатыр,
Кетпен, күрек, бір сайман қолға алмады.
Сорғалатты маңдайдан ащы терді,
Тас-топырақты лақтырып тастай берді.
Бір сағатта дал-дал қып аршып алды,
Кісі бойы қазылған терең көрді.
Құдіретіне құданың қайран қалып,
"Ия! һу!" — деп, анда-санда демін алып.
Лақат қылып қалаған кірпішлерін,
Бір-бірлеп тауысыпты бәрін алып.
Арылтқан соң моланың топырақ-тасын,
Қыз сілкініп көтеріп алды басын.
Бұрын еркек көрмеген ибалы жас,
Дәрмен жоқ, қымтаған боп жатыр шашын.
— Кетіп қапты әл-қуат бәрі! — дейді,
— Он бес жаста болыппын кәрі! — дейді.
— Ата-анама көйлекшең көрінбеуші ем,
Алысырақ тұр, Жәкежан, әрі! — дейді.
Әдһам кейін шегінді бір-бір басып,
Тап-таза қып моланы аршып-ашып.
Екі-үш қабат ұмтылып тұра алмады,
Не қыларын біле алмай, қатты сасып.
Келтірмеді тұруға қыздың ебін,
Ашаршылық әкеткен күштің көбін.
Бұлқынғанмен босатып жібермеді,
Ширатылып оралып қалған кебін.
— Жақсы адам, келші жақын бері! — дейді,
— Болғаным құрсын бүйтіп тірі! — дейді.
— Тұрғызшы қолтығымнан сүйеп мені,
Құдайдың бұл бір тосқан жері! — дейді.
Әдһам келіп тұрғызды сүйеп қызды,
Жаға-жеңсіз оралған қымбат бөз-ді.
— Жұрт көзіне түсірмей жылдамырақ,
Апар, — дейді — үйіңе енді бізді!
Басын буған, бес қамыс баспанасы,
Соған зорға жетерлік қыз шамасы.
Көркем деген мұндайды ойда бар ма?!
Тәңірім басқа салған соң, жоқ шарасы!
— Базарға, кел кешікпей барып! — дейді,
— Ине, жіп пен бір оймақ алып, — дейді.
— Кебінімді өзіме көйлек қылып,
— Басқа жаулық, қояйын салып! — дейді.
Базарға құр алақан барып келді,
Ине-жіп пен оймақты алып келді,
Жоқтық шіркін арқансыз қолын байлап,
Жүрегі қуанғаннан жанып келді.
Көйлек киіп, басына салды күндік:
— Қылғанына құдайдың бізлер көндік,
Бір молданы алып кел халалдыққа,
Саған тиген диуанам бұл бір теңдік!
Бір бейшара молданы алып келді,
Келген молда құтбасын оқып берді.
Ойда жоқтан қиюын келтірген соң,
Шеберлігін құдіреттің танып білді.
Оқыған соң құтбасын, молда кетті,
Бір-бірінің мұратын хасыл етті.
Игіліктің жоқ екен ерте-кеші,
Күдер үзген нәрсеге қалай жетті?!
Жігітлер, бұл айтқаным кітап сөзі,
Еркі бар әр не қылса тәңірім өзі.
Қылған соң Құдірет өзі не талас бар,
Кедейге болса қатын ханның қызы?!
Көрсетіп шеберлігін Хақтағала,
Бере салды жылына жетпей және (жаңа).
Оң жұлдыз, ізгі сағат, сәтті күнде,
Жарқ етіп туды күндей бір ұл бала.
Баланың Ибраһим деп қойды атын,
Жаратқан тәңірім өзі нұрдан затын.
Әркімнің маңдайына біте бермес,
Көтеріп мұндай ұлды тапқан қатын.
Аз жылда жеті жасқа бала жетті,
Таң қалып шаһар халқы есі кетті.
Молдаға оқытуға мұны беріп,
Көрген жан сол баланы тамаша етті.
Балалар жұма күні азат болды,
Ойнаған көп балаға көше толды.
Таң қалып шаһар халқы қарайды екен:
"Тапты,—деп,—қандай қатын мұндай ұлды?!"
Ішпей-жемей тояды көрген жүзін,
Көзге алып сүрме қылып басқан ізін.
Бір қатын бұл балаға қарсы ұшырады,
Емізген бала күнде ханның қызын.
Моншаға барып кайтып келе жатып,
Баланы көрді тұрған таңдай атып,
Жаңа туған айдай боп жарқ еткен соң,
Қатын сорлы сілейіп қалды қатып.
Көзіндей құралайдың көзі жайнап,
Бала жүр көп баламен асық ойнап.
Бойы балқып, бұл қатынның есі кетіп,
Сүт саулап емшегінен ақты қайнап.
Баладан тұрды қатын көзін алмай,
Көрген соң не ғып тұрсын іші жанбай?!
Өзі қолдан өсірген хан қызына,
Ұқсапты түп-түгел боп аумай-талмай.
Құшақтап сүйді қатын қысып-қысып,
Балаға пәруана боп мейірі түсіп.
От болып өртенуге жақындайды,
Жүрегі қуанғаннан алып-ұшып.
Үйіне қатын сорлы ертіп барды,
Өрік-мейіз, қант пенен берді нанды. —
Күнде-күнде келіп жүр, қарағым! — деп,
Жолыңа құрбан қылды шыбын жанды.
Қалтасына ділда мен теңге салып,
Керек қылған нәрсесін береді алып.
Дүниесіне болмапты қатын ие,
Есіл-дерті балаға кетіп қалып.
Мұныменен алданып көп күн етті,
Хан қызының орнына мұны күтті.
Баламенен басқаның жұмысы жоқ,
Үш-төрт қатын бас қосып кеңес етті.
Басты әр жаққа бастайтын кез болыпты,
Көп қаңғырған әр іске кез болыпты.
"Неге жақсы баланы көреді?!" — деп,
Таусылмайтын көп өсек сөз болыпты.
"Бір кедейдің баласы - мұнша дәрі,
Үйір қып жүр бойына қайдан, әні?!
Құлағына ханымның салайық!" —деп,
Қатын біткен жиылып барды бәрі.
— Ханым, сізге бір сыр бар сақтап жүрген,
Кісіңізден ши шықты мақтап жүрген.
Енекеңіз жасырын ойнас бопты,
Диуанамен ел кезіп ақтап жүрген.
Үйір қылып Әдһамның бір баласын,
Тауысатын берумен барлық асын.
Айналасы шашқаны — сіздің дүние,
Кімнің—дос, айырмайсыз кімнің қасын.
Дәнекерін біз білдік арасының,
Алып жүрген арадан парасының,
Тамыр болып Әдһаммен алғандықтан,
Барлық асы аузында баласының.
Есіткен соң ханымды ашу қысты,
Өз-өзінен от болып күйіп пісті:
— Енекені алып кел жылдам! — дейді,
— Көрсетейін мен оған әртүрлі істі!
Қуанғаннан бір қатын жүгіріп кетті,
— Ханым шақырып жатыр! — деп, алып жетті.
Келісімен қолға алды отырғызбай:
— Жаным, сені неден жын қағып кетті?!
— Баста миың қай жаққа кетіп қалды?!
Неден мұндай есінді құдай алды?!
Көр күзеткен Әдһамның баласына
Қалай бергіш боп жүрсің пұл мен нанды?!
— Рас, мен беріп жүрмін пұл мен нанды,
Нан түгіл берсем керек барлық малды.
Мен нан берген баланы көрсең өзің,
Денеңдегі берерсің ыстық жанды.
Қылған ісін құдайдың таң көремін,
Бір көрумен тоймаймын, сан көремін.
Дәл өзіңнің қызыңдай боп тұрған соң,
Сүйіп-сүйіп құшақтап нан беремін.
Сөз қылсайшы баланы көріп өзің,
Қанша айт, онша айт, онан соң маған сөзің.
Қалай шыдап тұрасың сен нан бермей,
Аумаған дәл өзіңнің өлген қызың.
Баланы естіп, ханымның көңілі көшті,
Жүрегіңе дерт болып бір от түсті.
"Өлген қызың сықылды" — дегеннен соң,
Мұның өзі сөз болды көкейкесті.
Жылады қызы есіне түсіп кетіп,
Өртенумен барады өмірі өтіп.
Абырахмат жаңбырын аспандағы
Шығарады дүр қылып садақ жұтып.
Өлген қызын ұмытпай арман етіп,
Қайғыменен таусылып түгел бітіп.
"Қанттың шыққан қамысы қандай екен?"
— Деуменен ынтызар боп есі кетіп.
"Аһ!" — дегенде, жалыны ғарышқа жетті,
Көрмей жатып баланы есі кетті.
Енекеге жалынды: "Тұр жылдам!"—деп,
"Алып кел!" — деп, баланы жарлық етті.
Қуанғаннан Енеке жүгіріп барып,
Дедектетіп баланы келіпті алып.
Дүниесіне болмады ханым ие
Есіл-дерті балаға кетіп қалып.
Ханым әуелі "аһ!" — деп, аузын ашты,
Не қыларын біле алмай жаман састы.
— Айналайын, келді, — деп, — қызым қайдан?!
Жас баланы бауырына қысып басты.
Сүйді дейді бетіне бетін таяп,
Не болады мал мен жан мұнан аяп?!
Неше түрлі жемісті қойды алдына,
Жан-жағына толтырып аяқ-аяқ.
Телмірумен балаға көзін сүзіп,
Бір көрумен мал-жаннан кетті безіп.
Мал деген ит күн туса неге керек,
Ауырмаса, беретін жаннан үзіп?!
Ақ сабынмен қол-басын жуындырды,
Алтын кемер беліне буындырды.
Құдірет шебер емес пе мұндай қылған?! —
Айдын көлден лашынға қу ілдірді.
Басына алтын тәж беріп, гауһар таққан,
Бір жорғаны мінгізді судай аққан.
Неше түрлі үстіне тон кигізді,
Патша екен деп ойлайды көрген баққан.
Жалған, шіркін, өтеді жанды қинап,
Әуре болдық кім үшін бір мал жинап?!
Жібереді баланы енді үйіне,
Қалдырмастан дәнеме осылай сыйлап.
Баланың тойды көріп нұр сипатын,
Жан білмес диуананың түпкі затын.
— Қызыма аумай-талмай ұқсап туған,
Тапты екен мұндай ұлды қандай қатын?!
Анасын шақырып кел, көрелік біз,
Қандай жан диуанаға боп жүрген кез?!
Тапқан қатын мына ұлды тегін емес,
Аузынан есітелік бір жақсы сөз.
Құс екен қандай жерде ұя салған,
Аң екен өсіп-өнген қай аралдан?!
Құтан мен қытайдың киігі ме
Жерінде жүрген-тұрған жұпар қалған?!
Елшіні екі ортада қыздан алды,
Жасанып бірнеше қыз оған барды.
— Қараша үйде ханша болады екен! —
— Деп бұлар көркін көріп қайран қалды.
— Ханым сені шақырды, қатын! — дейді,
— Көрдің бе балаң мінген атын!—дейді.
— Барсаң, саған көп дүние пұл береді,
Зердің зергер таниды затын!—дейді.
— Біздер — қарға, ей, қыздар, сіз — бидайық,
Үйімізде ас-су жоқ сізге лайық
Өз теңімен жүрсе әркім жарасады.
Ондай жайға біз барып не қылайық?!
Үйімізде ет-нан жоқ жалғыз түйір,
Барсақ бізге, дейді ғой: "Бір жіп иір!"
"Тең теңін олжалайды" — деген сөз бар,
Қарға мен бұлбұл болған қашан үйір?!
Отырмыз үстімізді жамап бүріп,
Итіміз жоқ шығатын: "әу!" — деп үріп.
Ханым шошып кетпей ме, қарақтарым,
Осы түрмен үстіне барсам кіріп?!
Жолда көрген әркімдер күліп жүрер:
"Не алады,- деп, - сыйқы жоқ кісі көрер?!"
Бізді сықақ қылмаңдар, шырақтарым,
Деген сөз бар: "Көп күлген бас келер".
Қатын сөзін тауысты майда тілмен:
— Ісіміз жоқ біздің, —деп, - жұртпен, елмен.
Қыздар келіп ханымға баян қылды,
Әңгімесін естіген көрген-білген.
Ханым айтты:
— Рас қой айтқан сөзі,
Суыртпақтық үйінде жоқ қой бөзі?!
Үсті-басы жамаулы шоқпыт шығар,
Қорғалап отырған ғой сонан өзі.
Сілкіп киер үйінде жоқ боп киім:
"Жүретұғын жоқ қой,—деп,—еш жай-күйім,
Бастан-шашым, аяқтан шуым шығып,
Қалай барып көрем,—деп,—ханның үйін?!"
Жаулық апар, жабылсын баста шашы,
Көйлек, камзол, шапан мен кебіс-мәсі.
Неше түрлі киімді апарыңдар
Асыл бұйым әртүрлі зор бағасы.
Және қыздар cay етіп жетіп барды,
Мұнан түгел жабдығын етіп барды.
Бастан-аяқ киімнің бәрін сайлап,
Әкелуге ұлығлап күтіп барды.
— Бармаймын, шырақтарым, қыспа! — дейді,
— Кигенмен келіспейді нұсқа! — дейді.
— Аяқ басып жүруге дәрменім жоқ.
Әуре мені қылмаңдар босқа! — дейді.
— Дәмі жоқ құр ендігі айтқан сөзің,
Жүрерге - аяқ, көретін сау ғой көзің!
Ерік алдыңа қоймастан ап кетеміз,
Жүре ғой абыройыңмен онан да өзің!
Апармай қоймайтынын енді білді,
Киімді амалсыздан үстіне ілді.
Көркейтіп дүние жүзін шыққан күндей,
Сәулесі жарқ-жұрқ етіп кіріп келді.
Пендесі көз салмаса төңірекке,
Жеткізер Жаббар ием не керекке.
Күдер үзген нәрсесі көлең етіп,
Кіріп келді жанған шам көбелекке.
Туралық, түзулікте болса кісі,
Өз-өзінен оңалар оның ісі.
Хан қызы хақтан көңіл бұрмағаннан,
Қайта қонды басына дәулет кұсы.
Бүркеншігін анасы жұлып алды,
Бір-ақ келді "а!" деуге, есі танды.
— Мұсылманлар, өңім бе, түсім бе?! — деп,
Құлындағы құраққа даусы барды.
— Көрем деп пе ем мен мұндай атқан таңды,
Менің өшкен шырағым қайдан жанды?!
Жеті жылдай жоғалтқан гауһар тасым,
Қайдан келіп қолыма түсіп қалды?!
Жаным менің қарағым, тәнім менің,
Жеті жылдай түн болған күнім менің!
Ия болмаса, ақылдан адастым ба,
Жынды емес, сау еді ғой денім менің?!
Қызы айтты:
— Ей, анажан, мақұл сөзің,
Мен сенің жеті жылғы өлген қызың.
Алған құдай өзіңе қайта берді,
Бойыңды басып, буыныңды бекіт өзің!
Ел-жұрты мұны естіп аң-таң қапты,
Патшаға сүйінші деп, кісі шапты,
Өшкені өніп, өлгені тірілген соң,
Көрге қойған перзентін төрден тапты.
Қандай боп қуанды екен ата-анасы?!
Қолына орнаған соң дүр данасы.
Жоқтан бар қылған Хаққа бұл қиын ба?!
Аллаға шек келтіріп, болма ғасы!
Көрген соң ата-анасы ақ дидарын,
Жарылып ақ түйеден жатыр қарын.
Қыз езі бастан-аяқ баян қылды,
Қалайша тірілгенін айтты бәрін.
Кім айтар: "Өлген қайтып келмейді!" — деп
"Құдайдың оған күші келмейді!" — деп.
Әдһамға патша тұрып ашуланды:
— Алған соң маған хабар бермейді! - деп.
Қызы айтты:
— Ей, ұлығлар патшасы,
Әдһамның бұл турада жоқ күнәсы.
Мен оны менсінем бе, теңсінем бе,
Киген соң үйге келіп атлас шаһы?!
Сөз қалды сөйлейтұғын тіл мен жақтан,
Пайда жоқ күн туған соң алтын тақтан.
Апарып бір қараңғы керге салды,
Айырып еріксіз құдай алтын тақтан.
Тірілдім өз-өзімнен көрде жатып,
Көрмедім жарық сәуле бір таң атып.
"Мені ал, мені ал!" — деуменен күнім өтіп,
Шаршадым көрде жатып сілем қатып.
Келді де, сырттан біреу көрімді ашты,
Білген соң қыз екенім қайта қашты.
Орнымнан қанша ұмтылып тұра алмадым,
Көтеріп алсам-дағы көрден басты.
Жалындым:
"Ей, жақсы адам, бері кел! — деп,
— Қолыңның құдай үшін ұшын бер!" — деп.
Тұрғызып көрден мені әрең алды,
Су ағып маңдайынан, тепшіп-терлеп.
Ойладым: "Тағы жүгіріп үйге барсам,
Үстіне алтын тақтың мініп алсам,
Бұл сорлыға мені әкем бермес!"—дедім,
Түріне, нұсқасына көзім салсам.
Басқа бір өзім тәнді берер байға,
Бұл сорлы құр алақан қалар жайға!
"Қарсылық құдіретіме қылдың!" — десе,
Ойладым: "Не деймін,—деп—соң құдайға?!"
"Бізге көр жұрт: "Өлді!" — деп қазған екен,
Тіріде менің пейілім азған екен.
"Жалаңаш көрге ап келіп жабыстырып,
— Ойладым,— бұған тәңірім жазған екен!"
"Қой енді бас бұрмайын мұнан!" — дедім
"Ат болар дөнен шықса, құнан!" — дедім.
"Алланың жазуына тоқтамасам,
Басыма түсер тағы тұман!" — дедім.
Сонымен бердірмедім сізге хабар,
Болмаса бұл байғұста не билік бар?!
Жүргенмен жылан қанша иір-иір,
Ақырда шыққан інін түзу табар.
Атасы бұл сөзді естіп, түсті дейді,
— Өзімнен шықты қызым есті!—дейді
— Түспеген жұрт көзіне қайдан білсін,
Құдайдан болған пәрмен істі!- дейді.
Әдһамды баласымен алдырыпты,
Шырағын оның құдай жандырыпты.
Мүлкінің қақ жарымын бөліп беріп,
Өзі өлген соң оларға қалдырыпты.
Патшаның көп кешікпей болды опаты,
Берілді Ибраһимге дәптер хаты.
"Бадақшан-балых шаһарының патшасы!" — деп,
Күншығыс, күнбатысқа кетті аты.
Неше жыл патшалықпен дәурен сүрді,
Қызығын дәулетінің ел-жұрт көрді.
"Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап",
Жылан мен бала бірге ойнап жүрді.
Құс салып, аң аулады мылтық атып,
Дүниеге бір күн шалқып, бір күн батып.
Кез болды көз ұшында бір құланға,
Жапанда жалғыз өзі келе жатып.
Сенімді астындағы аты жүйрік,
Мұны ұрып алайын деп болса бұйрық.
Алыстан қуып еді аттатпай-ақ,
Жақындап соғар жерге келді жуық.
Ғайыптан құлағына бір үн келді,
Кісі жоқ сөйлегендей, сөз естілді:
— Аң қуып арсалаңдап әлі күнге,
Жүргенмен не бітірдің, айтшы енді?!
Шаңына қашқан құлан көңіл бөлмей,
Қамыңды ойла қазулы көрге кірмей!
Басың - бұлбұл, аяғың дүлдүл болсын,
Сөйткенмен қаламысың ақыр өлмей?!
Өлімнің келмес бұрын жолын көзде,
Есіл өмірің өткізбе бекер түзде.
Пайдасы жоқ аң қуып шаршағанша,
Жанға пайда болатын құдайды ізде!
Жалт қарады артына қашқан құлан,
Қиыстырып сөз айтты онан-мұнан:
— Аң қусын деп құдайым жаратты ма?!
Өлмек үшін жаралған туған ұлан!
Бұл сөзді естіп құланнан зәресі ұшты,
Ұмытпастай сөз болды көкейкесті.
Енді құлан қумасқа олда-білдә,
Ант етіп, қайтып келіп үйге түсті.
Ішсе, жесе, тамақтан өтпейді ас,
Тыйылмайды көзінен домалап жас.
Ұзын түнді өткізді ояулықпен,
Түні бойы жастыққа қоя алмай бас.
Жатқанменен көзіне ұйы келмей,
Патшалықты өзіне дәурен білмей:
"Бұл дүниеде сүргенмен жүз жыл дәурен,
Қалам ба — деп — сөйткенмен ақыр өлмей?!"
Әуелден-ақ ұйқысын бөлуші еді,
Түн жарымы болғанда тұрушы еді.
"Жануарға обал, — деп — таң атқанша!" —
Өз қолынан атқа жем беруші еді.
Өзге түннен бүгін түн ерте тұрды,
Аттың жемін бергелі солай жүрді.
Тап-тап басқан кісінің табанындай
Үй үстінен есітті бір тықырды.
— Өлімді ойлап жүрегім дүрсілдейді,
Бұл не қылған мезгілсіз дүрсіл?! — дейді.
— Кімсің өзің, жөніңді айт, не еткен жансың,
Үй үстінен не қарап жүрсің?! — дейді.
— Кірекеш едім мен өзім бәдәуи араб,
Жоқ жоғалтып, ақылым алты тарап.
Түзде жүрдің, көзіңе түсті ме екен,
Түйеші едім бір жүрген түйе қарап?!
Естіген соң бүл сөзді патша күлді:
— Мұнан артық бола ма ақымақ енді?!
Ол заман мен бұл заман, — бар ма, сірә:
"Үй үстіне, — деген сөз - түйе келді?!"
Ақымақтығың білінді айтқан сөзден,
Іздесейші түйеңді жапан түзден.
Ей, бейшара, есіңнің кеткені ме,
Тақта отырған, түйеңді сұрап, бізден?!
— Мен ақымақ емес, патша — ақымақ өзің,
Болған жоқ па құдайды іздер кезің?!
Дәнемені көрмейтін қор болыпты,
Түздегі аңның тозаңы басып көзің!
Ішіп-жеумен күндіз-түн карның тойған,
Жоқ нәрсеге сарп қып өмірін жойған:
Жатқан саған келе ме құдай өзі,
Кім орнатып құдайды таққа қойған?!
Қолда садақ болғанда, белде — қылыш
Ит дүниеге қыласың күн-түн жұмыс.
Тақта отырып құдайды іздейді екен,
Бәрекелді, кісі екен мынау дұрыс!
Бұл сөзіме қайыра жауап берші,
Құдай қайда, айтайын, бермен келші!
Өзіңдікі ойында жоқтығыңнан,
Түйешімін дегенім болды ма ерсі?!
Жоқ жерден оқыс сөзді патша есітті,
Тағынан ықтиярсыз құлап кетті.
Шыбын-шіркей үйінен шығып кетіп,
Құдай жаққа түзеді енді бетті.
Ешбір жан бұл кеткенін сезбей қалды,
Талақ қылып тастады дүние малды!
Үш күн, үш түн жол жүріп жапа жалғыз,
Далада отар жатқан малға барды.
Қотан-қотан қойлар бар түсіменен,
Қос-қос жылқы ішінде қосыменен,
Аяқ алып жүре алмай жатқан малдан,
Сегіз күнді өткізді осыменен.
— Қожайынымыз қанша елдің ханы! — дейді,
— Дәулетінің болмаған саны! —дейді.
"Кімдікі?! — деп сұраса, жолыққаннан:
— Ибраһим Әдһамның малы! — дейді.
Мұнша дәулет барлығы келмейді ойға,
Айналмастай боп кетті айт пен тойға.
Ол шеті мен бұл шеті көз жеткісіз,
Тағы келді бір бөлек отар қойға.
— Жұрт асқан патшамыздың ойы! — дейді,
— Тал шыбықтай бұралған бойы! — дейді.
— Онан басқа кімде мал болушы еді,
Ибраһим Әдһамның қойы! — дейді.
Бір кісіге аямай берген құдай,
Құдай берген кісіге бәрі де оңай.
— Отар жатқан малының шеті осы ма,
Тағы қойы бар ма, айтшы, мұнан былай?
— Жылқышының қарайған қосы! — дейді,
— Дүние іздеген - шайтанның досы! —дейді.
— Мұнан былай малы жоқ отар салған,
Шаруасының ең шеті осы! — дейді.
— Енді қойшы аузыңды адамға ашпа,
Айтқан сырды ішіңе тықта, таста!
Бас-аяғын дүниенің қыдырсаң да,
Ибраһим Әдһам жоқ менен басқа.
Талақ қылып дүниені безіп кеттім,
Құдайды іздеп тентіреп кезіп кеттім.
Бір қарауға артыма мұршам келмей,
Мен артымнан күдерді үзіп кеттім.
Азат қылып босаттым өз басыңды,
Емін-еркін тыныштықпен іш асыңды.
Қойдың бәрін ал жинап, бердім саған,
Ие бол меншіктеп тау-тасыңды.
Шекпеніңді қи маған, байғұс балам,
Атлас тонды киіп бол бір түрлі адам.
Алған малың өзіңе болсын халал
Хақ жолына мен: "һу!" — деп, бастым қадам.
Қараңыз қойшы олжаға батқанына,
Қой жүн шекпен атласқа сатқаныңа
Әбден разы болғандай осы қойшы,
Неше жылдай қой бағып жатқанына.
Бір түн түнеп қойшыға жатып кетті,
Атлас тонды шекпенге сатып кетті.
"Жаяулық пен жалғыздық құмар ісі,
Қарқ олжаға — демеңдер — батып кетті!"
— Көп жаңбырдан не пайда қара тасқа,
Үйір болма бойыңа сіңбес асқа!
Кім сұраса, "Көргем жоқ!" — деп айтқайсың,
Бір өзімдей қаңғырған құлдан басқа.
Амандасып қойшымен жолға түсті,
Тұрғызбайды жүрегі алып ұшты.
Өз-өзінен бүлініп, әлек болып,
Лағын шайтан өртеніп күйіп пісті.
Жаны ашыған кісі боп, келді жетіп:
— Бейшара — деп, мүсәпірсіп аяп кетіп.
Мұныменен жетесің сен қай жерге
Жасисың ғой қорлықпен өмірің өтіп?!
Не таптың желге тиіп, күнге күйіп?
Шықпапсың жөні түзу киім киіп.
Түйең жоқ аяқ артар шаршағанда,
Табаның үш күн болмай қалар тиіп.
Қоржының жоқ ет пен нан салатұғын,
Торсығың - сусын құйып алатұғын. "
Ас - адамның арқауы", — деген сөз бар,
Сендей жаяу әр жерде қалатұғын.
Сұлтан айтты:
— Барамын бұл барғаннан,
Бара алмасам, құтылдым мен арманнан.
Тәуекелді тамам қып өлген артық,
Жан тынышы үйде жатып құр қалғаннан!
Жетеді пенде қайдан түйе мініп,
Хайуанға алданады хайуан сеніп.
Бір құдайдан басқаға көңіл бөлмей,
Өмірімді өткізейін жаяу жүріп.
Осы үшеуін серт қылдым бір басыма
Ортақ қылып жүрейін кімді асыма?!
Тәуекелдің таяндым таяғына
Болсын куә періште көз жасыма.
Өзіңді іздеп үйімнен шықтым, құдай,
Қылма мені арсалаң бұрынғыдай!
Бір басқа екі бас намаз оқып,
Мұныменен барамын жүріп солай.
Азықты алған жанлар ала берсін,
Болымсызға алданып қала берсін.
Азық артып жанымды қинарым жоқ,
Шыдамаған жан болса, бара берсін!
Мұны естіп лағын шайтан қайтып кетті,
Насихатын осылай айтып кетті.
Қылған серттен табанын тайдырмастан,
Бұл жүріспен арада төрт жыл өтті.
Бізге мұндай таң қайда анық атқан,
Жарық сәуле көре алмай құр түн қатқан?!
Көп керуенмен біраз күн жолдастасты,
Жолы бір боп бәрінің бара жатқан.
Жылдан-жылға барады заман өтіп,
Қалып жатыр жаманлар, жақсы кетіп.
Әлек қылып көңілін арбайын деп,
Лағын шайтан тағы да келді жетіп:
— Тәуекел осылай ма, сертің қайда?!
Міндетім деп шығып ең бір құдайда.
Өлмес қамын, бейшара, қылыпсың ғой,
Ойламаймын деуші едің жанға пайда!
Жан сақтапсың керуенге жанасалап,
Бақ болмаса, не керек таудай талап?!
Қамыңды өлмейтұғын ойлапсың ғой,
Артылғанын бұлардың ұрттап жалап.
Сені есіркер керуеннің аяп іші,
Жұрт үстінен күнелтпек пұлсыз кісі.
Бұл қалыпты болмаса керек еді,
Тәуекелді шын қылған нардың ісі.
— Әуре болма бұлайша маған нансаң,
Көз сүзбес ең бұларға үйден алсаң.
Көлігіне мінгізіп әкетеді,
Жол үстінде жүре алмай шаршап қалсаң.
Айтқан сөзі малғұнның ащы тиді,
Айырылуды керуеннен көңілі сүйді.
Жолсыз жермен қаңғырып жаяу кетті,
Тірі пенде әр түрлі көрмек күйді.
Үш күн, үш түн ас ұрттап, ішпеді су,
Жан қиналды басынан бұрқырап бу.
"Қаңғырып өлсін елсізде!" — дегені ғой,
Ескі дұшпан, ежелгі жаны қас қу.
Таңдайына жабысып тілі қатып,
Бір ұрттам су болса деп көзін сатып.
Аяқ басып жүруге дәрмені жоқ,
Айдалада әлсіреп қалды жатып.
Шыбын келіп үймелеп қонып жатыр,
Тышқан түтіп киімін жұлып жатыр.
Қара шіркей, сары маса ұзын аяқ,
Бір кісіге білгенін қылып жатыр.
Инелік пен көбелек о да бірге,
Жеңіп алған бұрыннан бит пен бүрге.
Ит пен құсқа жем қылып қалдыра ма?!
Енді құдай мүсіркер келді жерге!
Жақсы-жаман дүниеде сөз болыпты,
Басты әр жаққа бастайтын көз болыпты,
Бір бәдәуи астында түйесі бар,
Құдай айдап үстіне кез болыпты.
Бізге құдай осындай таңды атыр,
Таң атса болар едік біз де батыр.
Тірі-өлісін, дал болды, айыра алмай,
Нұры балқып жүзінен біреу жатыр.
Айдалада айқайлап сүрен салды,
Құр шулатып құлақтың тынышын (тыйышын) алды.
Өкпесіне қараса қолын салып,
Шығар шықпас кеудеде жаны бар-ды.
Біле қойды жатқанын аштан талып,
Демі құрып сілесі қатып қалып.
Іш-бауыры елжіреп тұра қалды,
Мөлт-мөлт төгіп көз жасын іркіп алып.
Бәдәуидің домалап көзден жасы,
Не көрмейді ат пенен адам басы?!
Қайда барса өзінен қалдырмайтын,
Шырын-шәрбәт бар екен сусын асы.
Кеуіп жатқан аузына құйды сүтті,
Бір қызырға жолықты жолы құтты.
Кеңірдек пен өңеші жібіген соң,
Ар жағынан дем алып, сылқ-сылқ жұтты.
Сенбегендер Құдайға қалады екен,
Шын сенгендер көп олжа алады екен.
Айдалада қалса да ассыз-сусыз,
Азық әкеп аузына салады екен.
Ар жағына дәнекер қорек барды,
Денедегі тасытты қызыл қанды.
"Ac — адамның арқауы" — деген сөз бар,
Біраздан соң есі әбден кіріп қалды.
Көзін ашса, бір пенде қасында отыр,
Екендігі қандай жан асында отыр.
— Не керек? — деп, жанында ебелектеп,
Пәруана боп иіріліп, басында отыр.
Есін жиып өз-өзіне әбден келді,
Шеберлігін құдіреттің танып білді.
Қылған ісін құдайдың тамаша етіп,
Ие болмай өзіне өзі, сылқ-сылқ күлді.
Мұны көріп бәдәуи есін танды,
Тізесінің үстіне басын салды.
— Құп, диуана екенсің ғажап,—дейді.
— Арсыз күлкің қай жерден келіп қалды?!
— Мен диуана емеспін, есім бүтін,
Сыртым бүтін болғанмен, ішім - түтін.
Ойда жоқ жерден құдай береді екен,
Бұрмай жүрсе құдайдан пенде бетін!
Бұл бәдәуи оқыған ғалым ер-ді,
Аят оқып тәпсірден мағына берді.
"Қылған еңбек кетпейді бекер босқа,
Тәңірім босқа қалдырмас талапты ерді!"
Бұл бәдәуи кісі екен жақты, жанды,
Түйесіне мінгізіп алдына алды.
Жайылып - жастық, иіліп төсек болып,
Меккетұлла шаһарына алып барды.
Барса сұлтан, Байтұлла орнында жоқ,
Деп ойлады: "Екеуіміз жол жаңылдық!"
Іздеп келген нәрсесі жоқ болған соң,
Күйіп кете жаздады от, жалын, шоқ.
— Ешкім нанбас жоқ деген сөзімізге,
Килікті ме бір нәрсе өзімізге?!
Жансыз нәрсе орнынан қайда кетер,
Жабысты ма бір нәрсе көзімізге?!
Ан-таң болып бұлардың есі кетті,
Сүйген құлға Хақ жолын несіп етті.
Не қыларын біле алмай тұрған шақта,
Құлағына ғайыптан бір үн жетті:
— Аң-таң болып, Ибраһим, ғапіл қалма.
Бір басылған аяқты кейін салма!
Құмар болған жалғыз-ақ сен бе екенсің,
Жүре берсең, көрерсің: жоқ па, бар ма?
Бір достымыз бар еді бізге құмар,
Несін саған қылайын ұзын-сонар?!
Іңкәрлігі өзгеден артылған соң,
Шығып соның алдынан кеткен шығар!
Мінәжат қылды сұлтан мұны естіп,
Өзі өзінің есінен шығып кетіп.
— Мен құрмалдық тоқтысы болар едім,
Жолықтырсаң, мені оған душар етіп!
Қандай күнде жараттың оның өзін?!
Көзге сүрме қылайын басқан ізін!
Құтты өзіңді көргендей қуанайын,
Өзің сүйген достыңның көрсет жүзін!
Кім есептеп жүреді өткен күнін,
Шауып тастар қисық деп кім өз мінін?!
Көргенімше көңілім дауаласын,
Маған таныт күні бұрын аты-жөнін.
— Құдіретіме ертерек жеткен даты,
Басып шығар бір-екі қалды саты.
Баһара деген шаһардан шыққан жалғыз,
Жынысы — әйел, ісі — еркек, Рабиға аты.
Мұны естіп түседі сұлтан жолға.
Тәуекелдің таяғын ұстап қолға.
Рабиғаға кез болды жол үстінде
Ит алданар әркімнен қалған тұлға.
Дария болар су ағып тасқан сайын,
Кетерілер ат белден асқан сайын.
О да екі бас келеді намаз оқып,
Әрбір жерге аяғын басқан сайын.
Бір құнақта екі жүз жерді басып,
Басқанынан екі жүз намазы асып,
Жерде жатқан күндей боп жарқ-жұрқ етіп
Домаланып келе жатыр нұры тасып.
Құдайына келеді көңілі кетіп,
Шыбын жанын жолына құрбан етіп,
Қажылардың ихрамды байлайтұғын,
Тақалғанда орнына жаңа жетіп.
Жаннан кешіп барады ердің ері,
Арманына пенденің жеткен жері.
Енді ихрамды байлайын деп тұрғанда,
Келіп қапты бойына етек кірі.
Ихрам киіп, қажылар рида салды,
Керек қылмас сол күні ешкім малды.
Намаз бенен рузасы дұрыс болмай,
Байлай алмай ихрамды жалғыз қалды.
Тақалғанда арманға жаңа жетіп,
Тәңірім мұндай бір ауру душар етіп.
Айдалада бұл күймей, кім күйеді,
Есіл еңбек бір жанбай босқа кетіп?!
- От үрледім жеті жыл: "Жаншы, жан!"
Жарлық қылдың жаңбырға: "Жауа сал!" -
— Мені биыл қалдырмай бұл парыздан,
Болмаса, — қылды нала — жанымды ал! -
Алла тағала наласын қабыл етті,
Тап-таза боп бойынан дерті кетті.
Құйынуға су іздеп аласұрып,
Су таба алмай елсізде, шаршап бітті.
Су іздеген киіктей жортып желді,
Бір құйынар су болып арманы енді.
Көріп қойған кісідей көп бұлтармай,
Бір құдықтың басына тура келді.
Қауғасы жоқ алады қалай суды,
Шешіп алып көйлегін мес қып буды.
Кесіп алып шашбауын арқан қылып,
Таза сумен етінің кірін жуды.
Керек қылмай кеткен соң жұрт пен елді,
Тәңірім қылды болыстық, мұнан білді.
Шөлдегеннен аузына тілі сыймай,
Екі көзі төрт болып бір ит келді.
Көйлегімен су алып итке құйды,
Емін-еркін ит ішіп әбден тойды.
Екі көзі шырадай жанғаннан соң,
Итке тәңірім салады бір жақсы ойды.
Құдайына ит ұлып қақсады зар: —
Бұл пенденің жүрегінде не мақсат бар?!
Мені қандай қуантса, сондай қылып,
Мұратына жеткізіп, жүрегін жар!
Иттің қылған дұғасы қабыл болды,
Жазы жапан айдала нұрға толды.
Жаңа киіп көйлегін тұрған шақта,
Басына кеп Байтұлла орнап турды.
Ілтипат қып Рабиға көз салмады,
Келді ме, келмеді ме ойға алмады.
Шамшырақтай келеді қатын жайнап,
Қолшатырдай басынан қозғалмады.
Басқан ізі жазылған хаты болып,
Тау мен тасқа түп-түзу саты болып.
Қабығы жоқ қолында ағаш таяқ,
Алласының аузында аты болып.
Көрінгеннен қарасын, шайтан қашқан,
Жері алтын ізі боп, аяқ басқан.
Хазіреті Мұсадай қайрат қылып,
Нұр тауына өрмелеп жоғары асқан.
Сондай болып Рабиға келе жатыр.
Қағбатұлла басында болып шатыр.
Дастан болып артында сөзі қалған,
Жынысы әйелден шыққан — ол — бір батыр.
Қол қусырып алыстан, тағзым етіп,
Еріткен майдай толықсып, балқып кетіп.
Қажылардың бәрін де соңынан ертіп,
Қарсы алдынан Ибраһим келді жетіп.
Домалантып көзінен төкті жасты,
Әйел демей, алдына қойды басты:
— Ұлы сәске тал түсте тұрған күндей
Көзге түстің, қалайша бағың асты?!
Қағбатұлла алдыңнан қарсы шыққан,
Мың сан еркек өзіңнен қойдай ыққан.
Ілтипат қып сен оған көз салмайсың,
Тәкаппарлық болмай ма ұлығлықтан?!
Рабиға айтты:
— Көңілден кетсін дағың,
Шірімесін сөз айтқан тіл мен жағың!
Айтып тұрсың әншейін маған жорта,
Артық екен менен де сенің бағың!
Машақатсыз келіп тұр Қағба маған,
Қылған істен пайда жоқ қызбай табан.
Ерте піскен жемісте дән болмайды,
Жетік молда бермеген тағлым саған.
Әр нәрсені қадірлер, шықса пұлы,
Болмасын деп кім айтар жүрген жолы.
Мехнатсыз, машақатсыз қолға түскен,
Нәрсенің, сірә, болмас қадір құны!
Тарау-тарау сөзім бар әр бір көптен,
Көріп тұрған пайдам жоқ қауым көптен!
Және Сұлтан сұрайды Рабиғадан:
— Қағба шықты алдыңнан не себептен?!
— Сөзге сөз келіп қалса — сөз атасы,
"Сөз-сөзден туар" — деген жоқ қатесі.
Байтұлланы басымнан айналдырған.
Бұралқы түзде жүрген ит батасы.
Бір-екі ауыз сөзбенен бұ да бітті.
Көп қажылар тауап қып кайтып кетті.
Рабиға да қайтыпты өз жұртына,
Қалды Ибраһим Меккеде ,көр: не етті?!
Бір орыннан қозғалмас Темірқазық,
Басы жұмыр пендеде көп тұр жазық.
Мың алтын берді бір бай Ибраһимге:
— "Киім-кешек, өзіңе қыл, — деп, — азық!"
Тамақ — олжа: бір күнгі қарны ашқа,
Қой жүн шекпен атластай жалаңашқа.
— Өмірімше шашымды алып тұр! — деп,
Мың алтынын беріпті шаштаразға.
Қайыр сұрап бір кедей сонда келді,
Мың алтынын шаштараз түгел берді.
— Бірін берсең жүрмей ме, құдай үшін,
Неге бердің біржола бәрін?! —деді.
— Саған берген бай оны қайдан берді?!
Маған қылған жақсылық-пайдаң! — деді.
— Құдай үшін беруге мың көп пе екен,
Сендей жүз мың иеледі жайдан! — деді.
Мұны естіп Ибраһим қайран қалды:
— Шоқ тәубе ме, — деп, өзіне бір ұпай салды.
Айтқанына өкінді пұшайман боп:
"Жүр екем, — деп— ұмытпай әлі малды!"
— Қате қылдым, жаңылдым, мен адастым,
Жақсы көрсем, жалғаннан неге қаштым?!
Көңілге алып, дүниені көзге іліп,
Неге аяқты хақ жолдан қисық бастым?!
Алласы ашқан айыпты кім жаба алар,
Қолың қанша былғанса, су тазалар.
Қас пен көздің, кірпіктің арасында
Талайсызға тікен боп тіл қадалар.
Күн өткізді Меккеде жазы-қысы,
Құлшылықтан басқамен болмай ісі.
Тауға барып бәйшешек, жантақ теріп,
Бір отыншы белгілі болды кісі.
Бір арқа отын арқалап алып келіп,
Одан алған тиынын үшке бөліп.
Жетім-жесір, міскінге үлестіріп,
Қайда дәруіш бар болса, тамақ беріп.
Жарасады жүк артса құйрық нар,
Айыр өркеш түйе мен болмас бұл пар,
Ұзын түнді өткізді ояулықпен,
Құдайына мінажат қылумен зар.
Жалғаннан біреу қашып кетіп жатыр,
Жабдығын ақыреттің өтіп жатыр.
Кейбіреулер дүниені талмай қуып,
Бәріне де бір құдай жетіп жатыр.
Дүние — қоян, арсалаң адам — тазы,
Бар да, жоқта тұра алмай, өтіп жазы.
Қарақшыға жете алмай жолда қалып,
Мұнымен таусылып бітіп шары.
Ақылсыздар бейнет қып дүние жиып,
Дұшпанларын семіртіп жатыр күтіп.
Кейбіреулер бар-жоғын ойламастан,
Жүндей сабап дүниені, жатыр түтіп.
Айналасы кереге, төбесі — уық,
Сол сағатта тәубең де тұр ғой жуық.
Екі күні бірдей боп тұрмайды еш,
Бір күн ыстық болғанда, бір күн — суық.
Ер басына не келіп, не кетпейді,
Күн — бүгінгі, ертеңге көз жетпейді.
Бұ жалғанды деймісің мәңгі бақи,
Күн мен жұма, ай менен жыл өтпейді.
Зар боп қалар кей бір күн бай бір пұлға,
Үнемі қонып тұрмайды дүние қолға.
Бақ пенен тақ, патшалық қалар тиіп,
Ескерусіз есікте жүрген құлға.
Баяны жоқ жалғанның ісі ғайып,
Бай-кедей болуы оңай, кетсең тайып!..
Көбең малдай елеңдеп, осқырады
Жалғыз атты кедейден — жүрген байып!
Бір күн семіз боларсың, бір күн-арық,
Отыз күндік бір айдың жарымы — жарық!
Өткен өмір, кеткен күн — белгісі жоқ,
Маған десең қырық жыл қыл патшалық
Жан көрдің бе өлместен жүрген тірі,
Ер басына қазулы тұр ғой көрі.
Кім келмейді жалғанға, кім кетпейді,
Адам ата, Нұх нәби, — сонан бері?!
Мәңгі бақи дүниеде қалған жан жоқ,
Құр алақан кетесің, алғаны жоқ.
Жетсең де арман бұ дүние, жетпесең де,
Құдайды іздеп өлгеннің арманы жоқ!
Сұлтанның артыңда қалған қатын — баласы туралы.
Бұл сұлтан құдайды ойға алып" еді,
Оң жолға тәңірім өзі салып еді.
Зұлхия халал жары жүкті болып,
Қыршын жас дер күнінде қалып еді.
Тірідей қалды да тұл, күйіп бақты (бақыты),
Болды да біреуге олжа алтын тақты (тағы-тақыты).
Кеткен соң патша үйден көп ұзамай,
Жүзі айдай, көзі күндей бір ұл тапты.
Айырылып баққұсынан қалды қатын,
Сарғайтты сана менен нұр сипатын.
"Тұлпардың тасқа басқан тұяқ!"—деп,
Баланың Сұлтанмахмұт қойыпты атын.
Бар екен әуелден-ақ тумақ-өлмек,
Басқа құдай не салса, пенде көнбек.
Әркімді әр нәрсемен жұбатады,
Қатынға туған бала болыпты ермек.
Баһары қаз алатын лашындай,
Бойы бар тік сандалдың ағашындай.
Мінезі, түсі, түгі дәл атасына
Ұқсапты сауысқанның баласындай.
Көк шыбық солқылдаған өрім талдай,
Мінезі тәп-тәтті боп ғылуа балдай.
Алмадай екі беті албырап тұр,
Туады мұнан артық бала қандай!
Жаралған түп-түгел боп, жоқ боп міні,
Аққудай саңқылдайды шыққан үні,
Отырды үй үстінде бір күн бала,
Қазақша — шек, ертең айт деген күні.
Анасы серік болып қасында отыр,
Жетімдік, жесірлікпен басында отыр.
Болған соң айт ақшамы, шырақ жағып,
Әркім барып бір көрдің басында отыр.
Көрмеген мұндайлықты бұрын бала,
Балаға көргеннен соң түсті сана:
— Жай жатқан көп өліктің тынышын алып,
Мынау жұрт не қылып жүр, ей, жан ана?
Аузына қарай қалды анасының,
Жықпайды сөзін ана баласының.
— Шырақ жағып жүргендер ғой, бата қылып,
Басына өлген ата-бабасының.
— Отырмыз біз бозарып мұнда не ғып?!
Көзінен жас ағыпты мөлт-мөлт тамып.
— Менің өлген әкемнің көрі қайда?
Келейін мен де барып шырақ жағып.
Анасы бір аһ ұрды, есін танып,
Аузынан шыққан жалын дау-дау жанып.
— Атаңның бүл шаһарда моласы жоқ,
Қайтпасаң құр бозарып босқа барып.
Біз жарлы болып қалдық, жасқа байып,
Баққұсым, жазатайым бастан тайып.
Шырағым, сенің әкең өлген жоқ-ты,
Бір түнде болып кеткен тірі ғайып.
Баланың жасқа толды екі көзі,
Аузында атасы боп сөйлер сөзі.
— Не дейсің, қайда кетті дейсің, ана,
Кісі еді қай форымды әкем өзі?!
Көзіңше кетіп пе еді, рас, тірі,
Жан еді не сипатлы кескін, түрі?!
Мен тумай ғайып болып кеткен болса,
Бір хабар білмедің бе сонан бері?
Анасы айтты:
— Құлағың сал, балам! - дейді.
— Айтайын саған сырды тамам, — дейді.
— Атаңның жайы-күйін мен сөйлейін,
Дүниеге келмес ондай адам! — дейді.
— Сенің атаң бұл жұрттың еді ханы.
Болмаған дүние-малдың ешбір саны.
Мен — жесір, сен жетім қалғаннан соң,
Ішіп-жеп құл-құтандар кеткен, әні!
Есептен кеткен асып дүние-мүлкі,
Ит жүгіртіп, құс салып, аулап түлкі.
Бітсе де қанша дәулет желікпеген,
Жоқ еді, тіпті, өзінде ойын-күлкі.
Ұйқысын бөліп бір күн түнде тұрды,
Ешкімге шығармады ішкі сырды.
Мен жаттым: "Тысқа шығып келеді" — деп,
Келмеді, сол кеткеннен ғайып болды.
Көргенім менің баққан болды сол-ақ,
Көз жасым аға берді болып бұлақ.
"Меккеде аман-есен жүр, — деп, — тірі" —
Айтады еміс-еміс ұзын құлақ.
Жалаң аяқ, жалаң бас, төсін ашып,
Арқалап жаяу таудан отын тасып.
Алған пұлын әркімге үлестіріп,
Кәріп қастер міскінге болып несіп (нәсіп).
Таныпты анық түсін әркім көріл:
"Жүр — дейді, — отын жинап, шөпшек теріп.
Түскен пұлын қолына тұрғызбастан,
Жетім менен жесірге бөліп беріп."
Анадан тумас енді оңдай кісі,
Аумаған дәл өзіндей өңі, түсі.
Құдайдың күндіз-түні құлшылығы —
Атаңның қылып жүрген бұ күнгі ісі.
Шешесі қозғағаннан сөздің басын,
Жіберді төгіп бала көздің жасын.
Орнына отыра алмай алас ұрды,
Ұмытып ұйықтар ұйқы, ішер асын.
— Ей, ана, жібер мені жабдық беріп,
Атамның қуанайын жүзін көріп.
Бір барып тірлікте өзім жолығайын,
Қалмасын көңілде арман, кетсем өліп.
Анасы айтты:
— Жанымнан шырын балам,
Тірі, жалғыз артында қайтіп қалам?!
Атаң үшін кейігенім аз ба маған,
Енді сенің отыңа қалай жанам?!
Бар, жарығым, сен едің менің көрген,
Аз күн ермек болсын деп Ием берген!
Енді сенен айырылсам не боламын,
Қарашығым көзімнің күнде керген?!
Ей, балам, кім бұзады азалыны,
Шаршаймын несін айтып қазалыны.
Аһ ұрып, енді күйіп, оттай жанып,
Оқиды сонда анасы ғазалыны:
Бұ не қасірет, бұ не күлнат,
Бұ жалғанда жоқ боп ұлхат (шәрбат)!
От боп өртеп кеше-күндіз,
Өзегіме бәрі пархат!
Қиялымда жоқ іс еді (есімде),
Сүйген жардан жұда болмақ!
Бұл жалғанның отына өртеп,
Денеден жан пида болмақ!
Кім еркімен болған өзі,
Әр не қылса, құдай қылмақ"
Алланың қылған ісіне
Білген пенде разы болмақ!
"Қиямет күн қатты!" — дейді,
Көзі жеткен қырағылар.
Қиямет анық сол екен:
Сүйгенінен жұда болмақ!
"Тозақ оты қиын!" — дейді, —
Жұрттың бәрі солай сөйлеп.
Мұнан артық от болар ма,
Зағыпырандай жүзі солмақ?!
Ия, Алла, бұл не қасірет бұл жалғанда,
Бойымда толып жатқан көп арман да!
Айрылған дер кезінде сүйген жардан,
Бар ма екен естіген[де] мендей пенде?!
Кім тіленіп осындай болады өзі?!
Салған істі — пенденің көрер көзі!
Ешкімнен мұны көріп, жыламаймын,
Алланың, бұл қайғыны, салған өзі!
Баласы айтты:
— Мейірбан мағшық анам,
Көрінбейді көзіме ешбір адам.
Мені жерге қаратпай, ризалық бер,
Жан барында әкемді ізлеп табам.
Өзімдей балалардың әкесі бар,
Мен көшеде тұрамын телміріп зар.
Енді жүрер жолыма бөгет болып,
Өткелсіз су болмаңыз, кешусіз жар.
Жата алмаспын бұл үйде мен жайланып,
Аяқ пенен қалмаса қол байланып!
Барайын да, қайтайын, көп кешікпей,
Пәруана боп басынан бір айналып.
Анасы бұза алмады бала сөзін,
Көрген соң жаспен толған екі көзін.
— Бар, — дейді — енді сенің жолың болсын!
Аманат бір құдайға қылып өзін!
— Үстіңде жақсы болып тұрса заман,
Атаңа есен жетіп, барсаң аман.
Бір-екі күннен артық тұрмағайсың,
Қайтқайсың бері айналып бізге таман.
Жалғаннан не көрмеген сорлы басым,
Тамақтан ері өтпейді ішкен асым.
Қарағым, көз қуаныш, жарық сәулем,
Тыйылмас сен көрмей көзден жасым!
Жүректе басылған мөр-атаң-дағы,
Анаңның болды жуық өлер шағы.
Екі ауру бірдей келсе өлгені де,
Сен енді келмей қалсаң және тағы!
Сөз айтты қалдырмастан баласына,
Баласы разы болып анасына.
Екеуі елсіз жерде қоштасқанда,
Бұлардың жер, көк балқыр наласына.
Бір жолға тәуекел қып, басты байлап,
Қаңғыртып ықтиярсыз
Тәңірім айдап.
Екі-үш күн кір жуғызып, ас пісіртіп,
Жүретін жол жабдығын әбден сайлап.
Жүрерде анасынан сұрайды сөз:
— Атама болып несіп, ұшырассам кез.
Айдалада құр кімге жабысамын.
Жазып бер түсі-түгін қағазға сіз.
Анасы айтты:
— Меккеге барсаң, балам,
Базарына отынның бассаң қадам.
Беп-белгілі ішінде түрі бөлек,
Бір араға бас қосса мың сан адам.
Ұзын бойлы, шырайлы, қызыл иүзлі (жүзді),
Көрінгенге күлумен қадап көзді.
Қара сақал, қыр мұрын, ат жақтылау,
Тілі тәтті, сөйлесе шырын сөзді.
"һу!"—деп келер, жалаң бас, жалаң аяқ,
Балтасы бар белінде, қолда таяқ.
Анадайдан танырсың көрген жерден,
Жан-жағыңа алаңдап қарамай-ақ,
Намаз оқыр екі бас әр басқанда,
Ешкімменен ісі жоқ, көзі аспанда.
"Осы екен!" — деп ойларсың, сұрамастан,
Жетім-жесір, міскінге пұл шашқанда.
Алдына жетіп егер тұрсаң барып,
Көргенде қуанарсың жүрек жарып.
Айтқайсың бастан аяқ көргеніңді,
Сұраса: "Аман ба,—деп,—анаң ғаріп?!"
Айтқайсың: "Осылай, — деп, —анам халі!"
Ұзын өмір жас керек сөйлеуге, әні!
"Аяқ басып жүруге дәрмені жоқ, — деп, —
Кеудеде құр шықпаған ыстық жаны!"
Дегейсің: "Көңілі қайдан болсын бүтін,
Аузынан "ah" дегенде, шыққан түтін.
Кетеді қаптап иісі тамам жұртты,
Кісінің анау-мынау шарпып бетін.
Қаптайды бір қараңғы тұман болып,
Қоңырсып шаһар іші кетер толып. —
"Аһ!" — ұрған Зұлқияның лебізі!"—деп,
Деп айтысар: "Тұр ғой,- деп, - сонан болып!"
Борандай басылады барып-барып,
Лапылдап бірде сөніп, бірде жанып.
Бауырының күйген иісі мүңкіп шығып,
Иісіндей қуырдақтың мұрын жарып!"
Айтқайсың осы сезді әуел ақыр:
"Қу дала, болып қалдық, мидай тақыр!
Аманат көп-көп сәлем-арызын айтып,
Артымда қалды-ау зарлап анам пақыр!"
Не айтса бәрін бала ұғып алды,
Анасы қош айтысып жолға салды.
Айырылып амалы жоқ жалғызынан,
Телміріп екі көзі тұрып қалды.
Дүние-ай, күнің екен бұл бір харап,
Боласың сен жағымды кімге жарап?!
Бала белден асқанша көз айырмай,
Артынан боздап жылап тұрды арап.
Қой, жыла, қой жылама, кетті өз тұсы,
Көрген, баққан қызығың болды-ақ осы!
Көзіңді шел ей қаптап қалғаныңда,
Қолыңнан бір кеткен соң дәулет құсы.
Айрылды жаннан артық сүйгенінен,
Жалаңаш қалды — үстіне кигенінен.
Денеде құр шықпаған жан бар-дағы,
Жыр жырлап, ғазал сөйлеп күйгенінен.
Сонда ғазал, жыр айтқан,
Есіткен жанды мұңайтқан: —
Тірі айырылмақ мұң екен,
Қуарып мұнша сарғайтқан!
Аллаға айтқан наласы,
Ұлғайып жүрек жарасы.
Шөлдеп бір қалды шаңырқап
Ортайып толған шарасы.
Ақты бір еріп су болып,
Бауырдың кесек парасы!
Батып бір кетті-ау жоғалып,
Көзімнің ақ пен қарасы!
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні толғанған...
Алланың қылған ісіне,
Пенденің бар ма шарасы?!
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Ғұмырында көрген сәулесі —
Кеткен соң жалғыз баласы!
Уаһи менің жойып өмірімді
Денемді өртеп жанған от!
Айырып алтын тағымнан
Бақытымды бастан алған от!
Дәулетімнен айырып,
Кедейлікке мұндай салған от!
Алтын едім, мыс болдым,
Гауһар едім, жез болдым.
Жылы жаз едім күншуақ
Зымыстан суық қыс болдым!
Бағамды (баһамды) мұндай алған от!
Жапанда бұлбұл құс едім,
Түспейтін қолға кісі едім.
Түсірмей жұрттың көзіне
Жапалақ пен байғыздай
Кебепке бүктеп салған от!
Ұжмақтың едім дауысы,
Тозақтың салып күніне,
Қарғаның салып үніне,
Қорлыққа мұнша салған от!
Жұпардың едім киігі,
Таудың зор үлкен биігі,
Қына мен тасты жастанып,
Күл болып, сөніп қалған от!
Бақшада қызыл гүл едім,
Базарда қымбат пұл едім,
Хан басымды құл етіп,
Тірідей жесір тұл етіп,
Сүйгенімнен айырып,
Тірлікте кетіп іштегі
Көріме бірге барған от!
Жас бала кетті жолмен жаяу жүріп,
Екі етегін беліне алды түріп.
Есен-сау ауырмастан, сырқамастан,
Меккеге көп күн өтпей барды кіріп.
Белгілі ішіп-жейтін ас және жоқ,
Қорғалар жаңбыр жауса баспана жоқ,
"Шаңырқап, шөлдеп қапсың!" — деп айтатын,
Мүсіркер маңайында ата-ана жоқ,
Жаяулық, жалғыздық пен кешті бастан,
Қатып қап қара ағаштай бала жастан.
Жол азабы жоқтықпен қабаттасып,
Жаңа туған айдай боп бүгілді аштан.
Бәйгі атындай аштықтан әбден жарап,
Ақыл мен ой жан-жаққа кеткен тарап.
Базарына отынның барып бала,
Кешке шейін ертеңнен тұрды қарап.
Базарлы жер әрқашан ұлы жиын,
Тамақ алып ішуге, кәні, тиын?!
Сонша жаннан бір адам танымаған,
Бұл жалғанда іс екен ол бір қиын.
Құса болып ішінен бала тынды,
Жоқшылық сау кісіні қылар жынды.
Телміріп көрінгенге көз салса да,
Кез болмады анасы айтқан сынды.
Бір мезгілде қарайды көзін салып,
Екі жоқтық бір келіп қабатталып,
Бір аһ ұрып жіберді жылап бала,
Мөлт-мөлт төгіп көз жасын іркіп алып.
Баланың ғазалы:
Уа, менің басымды,
Базарға салған-жетімдік!
Ойнап бір күлер шағымды,
Қолымнан алған - жетімдік!
Табанымды жерге тигізіп,
Ыстық бір күнге күйгізіп,
Жамаулы киім кигізіп,
Әр түрге салған жетімдік!
Ішерге жоқ қып асымды,
Ағызып көзден жасымды,
Домалантып басымды,
Шығарған үйден—жетімдік!
Елден елді кездірген,
Туған жерден бездірген,
Жұртқа көзім сүздірген,
Жөргекте соққан — жетімдік!
Көрінген менен қашады,
Артымнан топырақ шашады,
Көмірдей жерге басады,
Қалдырған жерде — жетімдік!
Жерім де қалып жарысқан,
Келіп едім алыстан,
"Осында бар, — деп, — арыстан", —
Көрсетпей қойдың—жетімдік!
Әкем — бір жаным, қайдасың?!
От болып балаң қайнасын!
Тауыстың ғой хайласын
Жалғыздың бүйтіп, жетімдік!
Айырылып қала бердің мал туардан,
Жаспенен екі бетті көз суарған.
Жапырақ күз болғанда қуарады,
Айдын көл де шілдеде бір қуарған.
Жолында көрдім бейнет жазы-қысы,
Ешкімнің меніменен жоқ жұмысы.
Аштық-тоқтық, алыс пенен жуықтықты,
Біледі көрмей дамыл жүрген кісі.
Әкем деп құрып ынтам, келіп едім?
Ойланып, түн ұйқымды бөліп едім!
Көре алмай атам жүзін қалғаным ба?!
Әдейі көрем ғой деп келіп едім!
Жылады өксіп бала бұл сөзді айтып,
Жыларлық іс болған соң тұрсын қайтіп?!
Кім жылар, бұл жыламай, дүниеден зар,
Қойған соң жастай құдай шын мұңайтып.
Талықсып біраз тұрды есін танып,
Кісіге өткен-кеткен көзін салып.
Мең-зең боп, орнында тұрып қалды,
Көруден—көз, сөйлеуден тілі қалып.
Көркейіп нұрға толды базар іші,
Көзіне жылы ұшырай беріп түсі.
Жалаң аяқ, жалаң бас, ұзын бойлы,
Келеді: "уһ!" — деп қызыл жүзлі кісі.
Үстіне кигені және қара киім,
Өзіне нардың жүгі емес бұйым.
Алып келген отынын базарға үйді: —
Апарып жағатұғын жоқ, — деп, — үйім!
"Лә ила илла алла!" — айтқан сөзі,
Қызыл иүзге (жүзге) жарасып нәркес көзі.
Әр басқанда, екі бас намаз оқып,
Өзге жұрттан форымы (бірден) бөлек өзі.
Анасының айтуымен танып тұрды,
Лапылдап тал отындай жанып тұрды.
Елжіреп іші бауыры алып ұшып,
Жуықтап маңайына барып тұрды.
Базарда тұрып Сұлтан айғай салды,
Үйіліп төбе болып отын қалды.
— Адал еңбек сіңіріп алып келдім,
Алыңдар ақ ниетпен адал малды!
Бір адам үш құрышқа (ғаршыға) отын алды,
Үймелеп кедей біткен жетіп барды.
Жетім-жесір, міскінге үлестіріп,
Алған жанның бәрі де мәз боп қалды.
Бұзылған келді сұлтан ханасына,
Мәз болып Аллаға айтқан наласына!
Есіктен сәлем беріп бала кірді,
Сайланып барды атасының панасына.
— Уағаләйкум уәссалам, балам! — дейді,
— Көп бөтен келмеуші еді адам! — дейді.
— Кіріп келдің бас салып танығандай,
Оңға қарай басылсын қадам! — дейді.
Өксіп бала солқылдап жылай берді,
Көздің жасын көл қылып бұлай берді.
— Мен сықылды түрің бар, жылы ұшырайсың,
Қайдан жүрсің, жаным?! — деп, сұрай берді.
— Алыстан аңқам құрып келдім өзім,
Телміріп күніменен екі көзім.
Болмаса әдепсіздік бір аз ғана,
Бар еді айтар сізге арыз сөзім.
— Шырағым, жүрексінбей сөйле сөзің,
Жөніңді айт, бой тоқтатып, кімсің өзің?
Аяқ-қолды бір уыс қылып кеттің,
Ішімді елжіретіп екі көзің.
Жылады өксуменен бала зарлап,
Екі көзден бірдей жас ақты парлап.
— Шайқалмай жұмыртқамда қалған жанмын,
Дүниенің келіп тұрмын жүзін шарлап.
— Су ішіп, жедің отын қандай жердің?!
Ойыңда өзің мені кім деп келдің?!
Аузыңнан сүтің шыққан жас баласың,
Шырағым, перзенті едің қандай елдің?!
— Жете алмай жолда қалды талай атты,
Ат түгіл, жету қайда құс қанатты.
Әкемді, өзім-дағы танымаймын,
Шаһардың баласы едім Балых атты.
— Менің де туған жерім еді Балых,
Құр сөйлеп өткен күнді не қылалық?!
Қай дінде және кімнің баласы едің?
Жөніңді айт, сұрасумен танысалық,
Баланың бұл сөзді естіп, кетіпті есі,
Бұзылып бір түрлі боп ажар-түсі.
Өз әкесі кімсің деп сұрап тұрған,
Құдайдың тамаша бір қызық ісі.
Біраздан соң бала есін жиып алды:
— Туған шешем артымда жалғыз қалды.
Өзім іште жатқанда, қашып әкем,
Керек қылмай кетіпті мал мен жанды.
Патшалық пен қалдырып алтын тақты,
Көңілге алып, көзге ілмей, дәулет-бақты.
Зұлқия атлы қатынын тұл қалдырып,
Жаяу жалғыз кетіпті іздеп Хақты!
Мен шарана қалыппын іште жатып,
Өмір бойы түн болып, таң жаңа атып.
Кедейлікке байлығын айырбастап,
Атлас тонын шекпенге кеткен сатып.
"Меккеде аман-есен жүр, — деп — өзі!" —
Әңгіме бұл заманда жұрттың сөзі.
Алыстан әкем бар деп, аңсап келген,
Мен едім тұғырында қалған ізі.
— Алыс жолдан келіпсің жақсы, балам,
Жетті деуге жарарлық болып адам.
Ибалы жас, иманды кәрілерден,
Біз көрген жан аман ба тегіс тамам?
Сұрамай мені қайдан білдің танып,
Көп жерден келіп тұрсың ашып-арып?!
Тірідей тұл қалумен күйік тартып,
Немене бар ма сорлы, анаң ғаріп?
— Өлген, өліп, өлмеген қалып жатыр,
Хабарыңыз тірі деген барып жатыр.
Қайғымен кеш те, күндіз қапаланып,
Бейшара болды-ау сорлы анам пақыр!
Ертеңді — кеш ақылдан адасады,
Қай түрлі қып айтсам да, жарасады.
Аузынан "ah" дегенде, шыққан түтін,
Ғаршы менен күрсіге таласады.
Түтінмен кетер толып шаһар іші,
Танымал болған бұған үлкен-кіші.
Деседі бір-біріне сөйлеген жұрт:
"Бауырының Зулқияның күйген иісі!".
Сұлтанның есі ауыпты мұны естіп,
Жаны ашып естуменен аяп кетіп.
Есін жиып демін алып тұрғанында,
Бір дауыс құлағына келді жетіп:
— Ибраһим, алдандың ба балаңменен,
Болды ма сенің көңілің алаң менен?!
Бір қынға екі қылыш сыйғызып бақ,
Өзіңнің бар күшіңше шамаңменен!
Көруменен баланды шығыпты есің,
Болмай кетті дәл бүгін бізбен ісің.
Не балаңмен, болмаса, не бізбен бол,
Бір тойда екі жар жоқ, білемісің?!
Мінеки, естің анық шығар жері,
Қалды да амалсыздан зорға тірі.
Қайтармақ сөзге жауап оңай іс пе,
Қиналып қысылғаннан ақты тері.
— Сені іздеп, безіп едім алтын тақтан,
Лағып қашып едім мал мен бақтан!
Еңбегімді - еш, тұзымды сор қылмастай,
Адастырмай оғымды тигіз ақтан!
— Шарабын мұхаббаттың іштім! — дейді,
— Өзіңді іздеп бұ жолға түстім! — дейді.
— Боламын не болсам да өзіңменен,
Разымын, мен баламнан кештім! — дейді.
Хақ жарлығы осылай болып қалды,
Кім толықсып, дүниеде тұрып қалды?!
Хазіреті әзірейіл Хақтан келіп,
Баланың тырп еткізбей жанын алды.
Дәрігер керек жазатын ауруды емдеп,
Кімге айтуға шара бар: "Қисық, жөн!" — деп
Хақ жарлығы осылай және түсті:
"Көп сақтамай баланды, жуып кем!"—деп.
Құдайдың разы болды бергеніне,
Өлімін жалғызының көргеніне.
Елжіреп іш-бауыры жылай берді,
Бейнет қып сонша жерден келгеніне!
— Әдейі келіп едің ізлеп мені,
Бас салды жігітлікте өлім сені.
Қиылған қыршыныңнан, құлыным-ай,
Уыз жас бәйшешектей деген күні.
Лепіріп: "Атам бар!" — деп, келдің тасып,
Тау асып, дария кешіп, тасты басып.
Бинетіп жігіттікте кеттің, балам,
Қылығың біреуінен біреуі асып!
Құмарың тарқамады-ау мені көріп,
Еңбегің еш болды ғой келген жүріп!
Көк шыбық өрім талдай дер кезінде,
Ағаш боп жетілместен кеттің өліп!
Тапсырдым бір құдайға сені, балам,
Жоқты бар қылған өзі Хақ тағалам!
"Өлді!" — деп, қабыл етсе, соны ойлайын,
Болмаса бір өлмек туған адам!
Анаңның жол үстінде екі көзі,
Сен болып күндіз-түні, сөйлер сөзі.
Сарғайып санаменен бітеді ғой:
"Балам қашан келеді?!" — деумен өзі.
Хабарың сенің өлген барса жетіп,
Таусылар дәл сол күні демі бітіп.
Қайғымен қапаланып бітеді ғой,
Әл-дәрмені таусылып түгел бітіп.
Қан қақсап бұл сөзді айтып жылады зар,
Жылатқан сүйген құлын Қадір жаббар!
Атанған: "Сұлтанмахмұт зиараты",
Бұл күнде жұртқа таныс күмбезі бар.
Қолынан қойған жуып сұлтан өзі,
Жуған — қолы, су құйған — екі көзі.
"Иннаһи, илайһи ра жиғун!" — деп, қойып көрге,
Езіліп, жылап сонда айтқан сөзі:
— Іздесем де, таба алман,
Қайдасың ботам, балам-ай!
Көргелі келдің жүзімді,
Сағынып, аңсап, балам-ай!
Күйгенімнен бұлбұлдай,
Сайрасын атаң, балам-ай!
Қияметтің күнінде
Жүзіңді көрсем, балам-ай!
Аузымнан шыққан жалын от,
Қаптар бір жұртты, балам-ай!
Алланың ісі — ақ өлім,
Өлді деп оған күймеймін!
Мерзімді жетпей уақытыңда,
Қазаң бір жеткен, балам-ай!
Жүрегім талды үзіліп,
Көзімнің жасы тізіліп,
Еріп бір ақты езіліп,
Күйгенімнен, балам-ай!
Демеңдер мені жанбады,
Ақыл-естен таңбады.
Сөйлеуге шамам қалмады,
Дәрменім кетіп, балам-ай!
Ойымнан кетпес өлгенше,
Басым бір жерге кіргенше,
Тіріліп кайта көргенше,
Басылмас көңілім, балам-ай!
Түспейтін қолға асыл тас,
Кетіп бір қалдың, қыршын жас,
Өмір бойы таусылмас,
Қасіреттің күні, балам-ай!
Ғарасат болмай көру жоқ
"Күйгенмен қанша өлу жоқ.
Жақсыға, — деген, —жүру жоқ",
Шын екен мақал балам-ай!
Көзімнен жас сорғалар,
Жер таппас жаным қорғалар,
"Ah!",—деген даусым жер жарар,
Естілмес саған, балам-ай!
Жаңбырдай жауған көз жасы,
Жүректің дертін қозғашы!
Қызарып шыққан қызғалдақ
Көзімнің қаны, балам-ай!
Жылаумен күнім кешеді
Мінезің көкей кеседі!
Мұндай зор қайгы қасіретті
Ұмытқан жақсы деседі.
Ұмытайын десем де,
Күн сайын зорлап өседі.
Ұмытпастай іс қылып,
Өртеп бір кеттің, балам-ай!
Мен шыдамсыз ер ме едім?!
Нәпсіге тізгін бермедім.
Қиындық қанша кез келсе,
Инедей көңіл бөлмедім.
Әкетті бойдан күшімді,
Жаңылтып ақыл-есімді,
Күйіктен ауыр нәрсе жоқ,
Жан болып өзім көрмедім!
Шын ғаріплік осы екен
Білдім ғой енді, балам-ай!
Жүрегімнің қоры едің,
Көзімнің раушан нұры едің,
Жанымның кескін түрі едің,
Қалмады еркім, балам-ай!
Жалғанда менің жиғаным,
Өлгенде жолдас-иманым
Көз жасым, қайтсем, тыйғаным,
Өмірімде көрген мейманым,
Қонағасы ішпестен,
Аттанып бір кеттің, балам-ай!
Көгеріп талдай өскенің,
Алмадай болып піскенің,
Өксітіп көкей кескенің, —
Қолымнан татпай сыбаға,
Бинесіп кеткен, балам-ай!
Ғажайып мұндай қарайып,
Көрініп таудай зорайып,
Созылып тұрдың мұңайып!
Қалқайып келіп, қарайып,
Жана түсіп шоқ болып,
Көріне түсіп жоқ болып,
Жастай бір кеткен, балам-ай!
Қанды жас жуып жүзімді,
Телміртіп екі көзімді!
Дариядай ағып қайнасам,
Тауыса алман айтып сөзімді!
Өлгенмен мұнан құтылмас,
Есіме түсіп, жан балам!
Көрде бір жатып, "аһ!" десем,
Кебінімді өртеп күл қылып,
Күйдірер көрде өзімді!
Көз алдымда елестеп,
Тұрып бір қалдың, балам-ай!
Көзімнен кетіп жанарым,
Қалмады сабыр қарарым.
Қоярға жанды жер таппай,
Білмедім қайда барарым!
Өзімді мұнша қуантты.
Үйден бір алған хабарым,
Қармасам қолды жоқ екен —
Уайымнан басқа табарым!
Мидай бір тақыр шөл болып,
Құрып бір қалдың, балам-ай!
Атаға бала ермек-ті,
Қызығын аз күн көрмек-ті!
Пенденің бар ма шарасы
Жазбаса тірі жүрмек-ті!
Жаратқан тумақ, өлмекті,
Пендесі оған көнбек-ті!
Шеберлікпен үйреткен
Пенделігін білмек-ті!
Иенің Жаббар өзіне
Айналып арты келмек-ті!
Жаратқан өзі және де
Аз күн бір көңіл бөлмек-ті!
Қыларға қайрат-күшім жоқ,
Сабырдан басқа ісім жақ,
Жылаудан титтей пайда жоқ,
[Өлімге] хайла жоқ,
Аман бол, енді, балам-ай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Партия хақында

  • 0
  • 0

Сөзіне (жүзіне) ақ қағаздың тартып қалам,
Сөйлеген хихаясын барша ғалам.
Болса да аспан - қағаз, дария - сия,
Болмайды сөз аяғы түгел тамам!

Толық

Адам екі түрлі

  • 0
  • 0

Бісмілла - сөздің басы, Хақтың аты,
Молданың ақ қағазда қалар хаты.
Нақылият- қара сөзден - өлең қылып,
Шығарған Мәшһүр-Жүсіп хикаяты.

Толық

Тәтиді жоқтау

  • 1
  • 0

Қара бір таудың жылғасы,
Халқының бағлан құлжасы,
Сүйіндіктің ағасы,
Алтыннан салған сырғасы,

Толық

Қарап көріңіз