Өлең, жыр, ақындар

Мешіт зары

  • 10.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3150
Бір мың тоғыз жүз және он үште жыл,
Жылдың атын биылғы сиыр деп біл.
Он төрті апрельдің сөйлеген сөз
Мешіт пен медреседен бір шыққан тіл.
Қорлықта тұрғандығын көзім көріп,
Аяумен өз әлімше ішім еріп.
Салғаным ноғай, қазақ құлағына,
Қолына балалардың жазып беріп.
Мешіт пен медресе тұр болып кәріп,
Барады сөйлемесем ішті жарып.
Құдай үйін тұтқан соң мұнша қорлап,
Кәне, айтшы, біз оңамыз қайда барып?!
Сонда мешіттің хал тілімен сөйлегені:
- Медресе, мешіт болған менің атым,
Бас қосар ішімде жоқ жамағатым.
Хал тілім зарланып, қан қақсайды,
Естіп өт: құлағың бар азаматым!
Деуші еді мені бұрын:
"Құдай үйі",
Бас қосып шұлғушы еді мырза-[биі].
Нанына қайыршының қапшық болып,
Мінекей, бүл шағында тұрған күйі.
Салмасаң әуел баста, кім бар зорлар,
Қол жайып қожа-молда жайды торлар.
Бірі - имам, бірі азаншы болу үшін,
Тиынға жанын сатқан дүниеқорлар.
Біздерде көрмейсіңдер кім тұрғанын,
Адамның анық әуре антұрғанын.
Мешітке қайыршылар нанын жинап,
Медресе қой қора боп, мал тұрғанын!
"Мешіт" - деп, "медресе"- деп, неге салдың?
Қамайтын орны ма едік хайуан малдың?!
Боқтығын жинайтұғын үйі ме едік,
Құрт жиған диуана мен соқыр шалдың?!
Ешкім жоқ шын көңілмен Алла[ға] ғашық,
Жалғанға жан қоюға бәрі машық,
Жансыз біз неден мұндай жазалымыз,
Қор қылды таптап бізді өңкей пасық!
Емеспіз тіріге - үй, өліге - там,
Түн болса, саулап бізде жанбайды шам.
"Бар ма деп, бізді қарап тексеруші?"
Түр ғой деп,- көріп көзі іске (ескі) жобам!
Жазалы қылған мұндай Құдайым-ай?!
Қорлыққа көре тұра, шыдайын ба-ай?!
Кәуіріңе нашлизы дом қылмай бізді,
Босатып запас ерікті қойсайшы жай!
Бір жан жоқ жамағат боп жиылатын, "
Құдай бар, құлдық бас!"- деп, сыйынатын.
Қорладың дін исламның ғаламатын
Желкеңнен келді кезің қиылатын!
Әртүрлі қылды тұрақ бізді албасты,
Сескеніп адам түгіл, шайтан қашты.
Жиылған Баянтауда ноғай, қазақ,
Қылдыңдар бізді мұнша аяқ асты!
Жоқ емес, бәріңнің де бар ғой малың,
Бас қосып бір кісіше жас пен шалың.
Осынша ноғай, қазақ көп народсың,
Ішінде Құдайды ойлар жоқ па жаның?!
Иесіз, елсіз тұрған біз бір жетім,
Қалдырған жетімдікте Құдіретім!
Қорланып бүл тұрыстан, назалымын,
Ұялып жұртқа қарар жоқ қой бетім!
Арызымыз ақ патша[ға] жете алмайды,
Жетсе, бізді бүйтіп қор ете алмайды.
Мына күйде тұрғанда қожа-молда,
Бізді басқан албасты кете алмайды!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ізбас қажы

  • 0
  • 0

Мен өзім үйден шығып Далба бардым,
Ізбасқа жолықпақты ойыма алдым.
Қажы алхырмен жүзін көріп,
Суынан зәмзәм Шәріп ішіп қандым.

Толық

Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар

  • 1
  • 0

Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар,
Сарт, ноғай жан сақтайды саудасы бар.
Жезқұйрық жапалақпен жемтіктес боп,
Сұрайтын бір-бірінен сауғасы бар.

Толық

Қалмақтың Сарыарқаны жоқтап жылаған зары

  • 1
  • 0

Қайран да, қайран, қайран тау,
Тиюші еді пайдаң тау.
Пайдасының белгісі -
Үйімде тұрған үлгісі.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар