Жеңеше-ай
(Поэма)
Күрпілдейді ерте-кеш қара саба,
Сабасыз қазақ үйі жараса ма.
Саба пісіп жеңешем ойға кетіп,
Қозғайды, көне сырды оңашада.
Күрпілдейді ерте-кеш қара саба,
Толтырған саумалымен жаңа сауа.
Кештерде елең етпей тамашаға,
Тербетпейді көне сырды оңашада.
Көздерден жасырады көне сырын,
Жасырады алауын денесінің.
Күтеді қалғығанын енесінің,
Ойменен жалғасады келесі күн.
Алаулап күйіп-жанып кеш батады,
Жеңешем бәрімізден кеш жатады.
Көгендегі қозыдай анау ұлдар,
Ер жетіп, әлі ертең-ақ ес қатады.
Жеңешем мұны да ойлап мұңдана ма,
Мұң кешкен жаны ширап, шыңдала ма.
Күн озып, күні бойғы тірлікпенен,
Көз шырымын алады түнде ғана.
Жүретін күні кеше күліп таңдай,
Күлетін жүрегінде күдік қалмай.
Қасында қара саба мұңданасың,
Асауым, жуасыған құрық салмай...
Ол енді қызық күнін ұмытқандай,
Айқасқан ақ маңдайда сызықтарды-ай.
Жүруші ең жабырқамай, жан жеңешем,
Жарыңды аңсадың ба, жүріп шалғай?!.
Неге-неге толқыды асау жаны,
Қалайша, қара көзің жасаурады?
Неге-неге дірілдеп кетті иығың,
Өр едің ғой, мойымас қашан-дағы.
Неге ол ауыр ойдан бас алмады,
Неге оның жанарынан жас аунады.
Құлпырып, қызғалдақтай алауланып,
Неге ол бұрынғыдай жасанбады.
Жасыды-ау, жасыра алмай сағынышын,
Жар демі, шарпыды ма жалын ішін.
"Бәрі де майдандағы жарым үшін,
Қан кешіл жүрген ерлер, бөрің үшін..."
Оралмады майданнан жылқышы ағам,
Оралмады ұяға Жыл құсы аман.
Күндер өтті, ай өтті,
Жылдар озды, қамсыз көңіл көрші бар,
Күлкісі аман...
Сыңғырлай кеп күледі —
Сынағандай, жеңешем
Жаны танбас, жылап алмай.
Жаншыла күрсінеді кейде сонша,
Үстіне қара жартас құлағандай.
Отырар кейде түкті елең қылмай,
Сәулесін шаңырақтан төгер мұңлы ай.
Кейде ол өрмек құрып, кесте тігер,
Бола бермес әркімде өнер мұндай.
Жеңгемді жетелейтін алға арманы,
Босамайтын істен бір бал бармағы.
Күн ұзақ бие сауып, түнде іс тігіп,
Үзілмей айтушы еді-ау, таңдарға әнін.
Болмайтын бөгде мінез басқадай тым,
Үлкендер бұны ауыздан тастамайтын.
Тағдыр қатал, жасқайтын, жасытатын,
Тентек деген шалдар да жасқамайтын.
Сәнді еді, сүйкімді еді мінезімен,
Үлгі-өнеге көруші ем бір өзінен.
Домбыраға қосылып, ән салғанда,
Ащы шер төгілетін жүрегінен.
Талай таңдар ән тыңдап қалғығанмын,
Көрді ме содан жақсы әнді жаным...
Жал-құйрығын ерте-кеш әнмен тарап,
Жылқыға қосты ағамның арғымағын.
Осылай ер-тұрманын жинастырды,
Неге оны тағдыр мұңмен сырластырды.
Кейін білдім, тұлдатып қаракерін,
Аттандырып салыпты қимас күнді...
Жұрт жиналды, ағаның асын беріп,
Қиналдым, қол боп аққан жасын көріп.
Қайран жеңгем, қартайды бір-ақ күнде,
Ғайып болды кешегі асыл көрік.
Көркіне көз біткенді малындырып,
Көрінді салқын болып, жанып жүріп...
Құдіретті ғой махаббат жеңешемді,
Кешегідей жүр әлі сағындырып...
Кешегідей жүр әлі сағындырып,
Көзді орайды кейде бір сағым күліп.
Көргенім жоқ дәл мұндай берік жанды,
Өтетін бір өзіне табындырып,
Сағынышын ақылға бағындырып.
* * *
Кешегі жас келіншек, сылқым ерен,
Жайлауға көшті бірге жылқыменен.
Арындап тау өзені асыр салды,
Жеңешем қабағына сыр түнеген.
Жаңбыр да жауып өтті сіркіреген,
Қауышты, қайта қонып жұртыменен.
Қайда еді тентек түндер жүршілеген,
Ол қоштасқан, қоштасқан күлкіменен.
Жұрт жатыр шырт ұйқыда тыныс алып,
Естілді маң төбеттің үні талып.
Қарт енесі күрсінді қайта-қайта,
Бір келіншек, бір қарттың сыры қанық.
Жүретін көз алдында күліп-ойнап,
Жатыр ма өткен күнін, ұлын ойлап.
Ай сәулесі төгілген, оң жақтағы —
Тұр екен шымылдық та түрі жайнап.
Қайран үміт, қайрылмас шекер үміт,
Қарт ана төсегінен көтеріліп.
Қайта бір қарап еді шымылдыққа,
Алаулап бара жатты от өріліп.
Көзін ол сүрте берді бұлдыраған,
Құлаққа күлкі естілді сыңғыраған...
Құлап түсті, дәрмен жоқ төсегіне,
Тыныштық қайта орнады тұнжыраған.
Қайтсін-ай!
Қайта тұрды қалбырақтап,
Қариясын, қайсарын алды жоқтап...
Қызуы өрлеп, кезерді жұқа ерні,
Есінен танып кетті сандырақтап.
Ақ жүзін ащы жаспен жауып алып,
Жеңешем де оралған суын алып.
Жан ұшыра қасына жеткені сол,
Өзгеріп кеткен бұлай түрі нағып.
Уақыт па, біреуге сын тағатындай,
Соқты жүрек, өмірдің сағатындай.
Шошынды ол, шынымен осынау үйде
Қаңырап, қара басы қалатындай.
Дауыстап, оятты ол балаларын,
Дабырлап, ойын бөлді даладағы үн.
"Бір менен бәрін де алып болмап па еді,
Тағы да қалып па еді қалағаның..." —
Деп, жеңешем, жылады дауыс салып,
Көрші де жеткен екен қауыптеніп,
Әп-сәтте үйдің ішін үрей билеп,
Ана жатыр төсекте арып-талып.
Жеңешем от тұтатып, жақты шырақ,
Жанына неше алуан батты сұрақ.
Сырқаттың есіне түсіп жалғыз ұлы —
Қайсарын — қайта-қайта жатты сұрап.
Ауру үнсіз, аспанға телміреді,
Сақылдап, сайды кезіп жел күледі.
Жұлдызы жымыңдайды, аспан ашық,
Неткен жалған!
Опасыз, көлгір еді.
Бар өмір көз алдына тына қалды,
Күлгенді, сезбейді енді жылағанды.
Бұл тағдыр сүймейді құлағанды,
Бермейді тұтасымен сұрағанды...
Кемсеңдеді ол сөзін ұқтыра алмай,
Қайсарын келеді деп, күтті қандай!
Кемерін толқын қанша кемірсе де,
Жан еді-ау, жылжымайтын
Мықты жардай.
Ажалдың шыныменен жеңгені ме,
Шарасы жоқ, енді оның көнбеуіне.
Соңынан ерген мынау қарғалары —
Оралып жүруші еді белбеуіне...
Жүруші еді оралып етегіне,
Мынау жалған шынымен өтеді ме.
Қимасын да ол қиып бара жатыр,
Басқа дүние, басқа өмір жетегіне.
Тірлік те қызық еді бейнетімен,
Отауын деп жүретін өрге тігем.
Көсілген осынау кең жер бетінен,
Көшті енді бесігінен ең алғаш тербетілген.
Үзілер сабағынан гүл де семіп,
Қасында отыратын күнде серік —
Кетті енді аяулы ана мәңгі ұйықтап,
Келінін тапсырды екен, кімге сеніп...
Қарады көзін ашып аттандыра,
Қоштасты иек қағып басқаларға.
Сәулесі жанарының сөне берді,
Қанша ойлар, қанша арман тартқан алға...
Төңкерілді ауыр жүк артқан арба...
* * *
Ай жылжып, ай артынан жылдар өтті.
Бір күнгідей болмай-ақ жылдам жетті.
Әкесінен айрылған қос бүлдіршін —
Шынардайын солқылдап бұл да ер жетті...
Батты аязы тағдырдың, суық қары,
Бірақ та жанына кір жуытпады.
Өсті олар, бәріне көнбіс болып,
Бәрі де есте, ешкімді ұмытпады!..
"Келеді, құлындарым, ертең ағаң,
Жалғызымның жолына жан садағаң!.
Дей түсіп, әжелері осы екеуін —
Жұбаныш қып, қайғысын орталаған.
Соғып өтті, соғыстың дауылы да,
Қайта орнады тыныштық ауылына.
Кештерде әжесінен ертек естіп,
Екеуі тығылатын бауырына...
Мән бермей тіршіліктің ауырына!..
Көлшігін қанағат қып, көл санаған,
Бар ғой, шіркін, өмірде көркем адам.
Бүгін дәні піспесе қауызының,
Елде болса, дейтұғын ертең орам...
Кештер аз ба, ойларға оранатын,
Жасқатып қасіретке жанар отын.
Білдіртпей іш құсаның біреуін де
Өмірге азық еткен қанағатын,
Әжесі сондай жаннан саналатын!
Есейді, ер жетті енді балалары,
Бітірді оқу орнын қаладағы.
Жалғай түсіп үмітін алғы күнге,
Озғанын да ол енді санамады.
Кейде мен алыстағы ауыл барсам,
Жеңешем қарсы алады,
Жаны жайсаң.
Әлі де отырмайды байыз тауып,
Сапырған ғой көңілін дауылдар сан..
Жарасқан тал бойына қара бұрым,
Жасырмайды тартқанын дала жүгін...
Ақ күмістей шашының әр талында —
Жатқандай, менің-дағы балалығым.
Кейде сүйеп басымды кеудесіне,
Өткен күнді, түсірем елді есіме.
Көзі әбден жетсе дағы келмесіне,
Сенеді ол, махаббаттың өлмесіне!
Домбыра алып, күй шертсе тербетіле,
Қос бұрым омыраудан кең көсіле —
Құлайтын, құшағына жараса қап,
Жан жоқтай оған ешбір теңдесуге.
Көркем бе екен бар жұрттың жеңгесі де?..
Құйылған саф алтыннан мүсіндейін,
Кіршіксіз жанына ақау түсірмейін.
Тағдыр-ай, кейде тарлық жасайды екен,
Себепкер неліктен түсінбеймін.
Көтерер тауқыметті жайшылықта,
Түңілмей, төзер адам жоқшылыққа.
Пенде бар жер бетінде, ол қалайша?
Жүрегі жылымайтын жақсылыққа?!.
Көзіме әлі де жас көрінеді...
Кербез ғой, ақ маралдай керіледі.
Біздің үй аспанында туған айдай,
Шіркін-ай, қандай көркем, керім еді!
Әзілдеп "қайсынсымақ" ерігеді,
Қызығып та, артынан еріп еді...
Жеңешем ұшпады өз ұясынан,
Төзімді, таңғажайып берік еді.
Біреулер сөз бастаса оңашалап,
Жанынан қалмайтынмын жанасалап...
Қызғаныш билеп бірде жаным ашып,
Жүруші ем, жұрт сөзінен арашалап...
Кимедің ел кисе де сән киімді,
Сый-құрмет, үлесіңе ән бұйырды.
Бала едік, көп нәрсеге мән бермейтін,
Ұғындым кештеу ғана жан күйіңді...
Борасын соққан шақтар, үдеп дала,
Өзіңді жүру қайда түзеп қана...
Үйге де, түзге бірдей қарайтынсың,
Жүдеп бала, қарны ашып қалмасын деп.
Қырларға, шың-құздарға жібек жаба,
Жатқанда көктем сайын түлеп дала.
Жеңеше-ай, көп қадалып қараушы едің,
Күңірене күрсініп жүрек жара...
Мен кейде ғажаптанып қалатын ем,
Шоқтанып қос жанарың жанатың ең...
Алды ма тынышыңды сырлы сезім,
Құстардың бірге жеткен қанатымен?..
Көп еді арманың да жете алмаған,
Көп еді өткелің де өте алмаған...
Жетіпті шамаң сенің өшіруге,
Түндер-ай, өзегінде от аунаған!..
Өлең боп төгілген де осы-ay, маған...
Таң атырдық, еске алып талай жылды,
Жанары жеңешемнің қалай мұңды...
Жөні бар мұңлы болып қалатұғын,
Дей алман, алдынан тек арай күлді.
Жеңеше-ай, жесірлікке жеңдірмеген,
Ерлігің көп екен ғой, мен білмеген...
Тағдырдың тәлкегіне тап болдың ба,
Кезінде шешек атып, жан бүрлеген...
Тосылып, кірбің тартып қалдың неден?
Түсті ме еске, түндерің әлдилеген?!.
Жүрегімнен жыр болып төгіледі,
Бірге жауған кездерің жаңбырменен...
Маңына жамандықты төндірмеген,
Өр болып, өжет болып келдің неден?
Өзіңе бе едің махаббат — періштесі,
Дауылда арман отын сөндірмеген.
Көп екен менің-дағы көрмегенім,
Махаббат шарбаты ғой, шөлдегенің.
Көз көріп, көңіл сенбей отырмын ба,
Ағамның ешқашан да өлмегенін.
Ауылыма асығып мен келемін,
Қамту қиын өмірдің кең көлемін.
Биіктен де биіктеп кеткенбісің,
Көкжалменен алысқан жеңге едің!..
Күрпілдейді ерте-кеш қара саба,
Сабасыз қазақ үйі жараса ма.
Жеңешем саба пісіп ойға кетіп,
Қозғайды, көне сырды оңашада...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі