Асқан бұлбұл
(Пушкинге)
Орыстың өлеңінің ақын көркі,
Алмастай мың құбылған меруертті.
Дүниеге асыл сөзден төктің маржан,
Жарқырап тар заманда-ақ шықтың еркін,
Патшаның қорқау бастық жендеттерін,
Сен көрдің, таныдың сен таулы жерін,
Қарысқан қан майданда қылыш тимей,
Қолынан қанды жендет жанды бердің.
Не керек өмір саған, өзің тірі,
Алтындай жарқырайды жайнап гүлі,
Жүз жыл болды, қара жер сені алғалы.
Сен дүние ақынысың осы күні.
Қуанып көзі жайнап, мейірі қанып,
Башқұрт, түркпен, белорус, қазақ танып,
Оқиды жазғаныңды, шаттанады,
Сөзіңнің бір де бірі өлмеуі анық.
Сен Пушкин, қалың жұрттың туысқаны,
Сен біздің бұл ғасырдың өлең, әні.
Өлеңің жаңа атқан таң, жайнаған гүл,
Жұпары, інжу-маржан, өмір сәні.
Бұл күнде біздің өмір жайнаған гүл,
Құлпырып барған сайын төгеді түр.
Ән шырқап, бізбен бірге қуан, шаттан,
Мәңгі өлмес, асыл сөзді асқан бұлбұл.
Парасат
«Асқан бұлбұл» — Жамбыл Жабаевтың поэтикалық көркемдік шеберлігі жоғары туындысы. Бұл шығармада ақын Пушкин шығармашылығын жоғары бағалай отырып, оның поэзиясын әлемдік әдебиет аясында асыл сөз бен маржан сияқты бағалы дүние ретінде сипаттайды. Өлеңде Пушкиннің ерекшелігі, оның сөзінің мәңгілігі мен әлемдік мәдениетке қосқан үлесі баяндалады, әрі ол бүгінгі күнге дейін ұлы ақын ретінде ел есінде сақталатыны айтылады. Жамбыл Жабаевтың тілінде поэзия мен шынайы өнер асқан бұлбұлдай шеберлікпен сайрап, халықтар жүрегіне қуаныш пен бейбітшілік сезімін әкеледі. Осындай шығармалар қазақ поэзиясының байлығын көрсетіп қана қоймай, оқырманға әдебиетке, сөз өнеріне деген терең құрмет пен шабыт береді.