Жаз жыры – Жамбыл Жабаев

Бұл бетте «Жаз жыры» атты Жамбыл Жабаев жазған табиғат туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 19.08.2018
  • 0
  • 2
  • 16722
Атымды ертте, балалар,
Күлімдеп міне жаз келді.
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді.
Жастардың жүзі жайраңдап,
Кең өмірде сайрандап,
Махаббат, мейірім, ән мен күй,
Ойын, күлкі, наз келді.
Тамаша өмір, шаттық жыр
Қала, дала ой мен қыр,
Жабайы жаз ба биыл жаз,
Төгілген көктен алтын нұр.
Назданар адам аз ба енді,
Көйлек көкте, тамақ тоқ,
Eш бенде де уайым жоқ,
Жасармас қай жан жазда енді.
Отаным байтақ мәңгі бақ,
Гүл, бәйшешек толған жер.
Он бір жұрт—он бір туысқан
Қанаттас қатар қонған жер.
Он бір жұртым—он бір бақ,
Ішінде еркін сайрандап
Мәуесін тәтті сорған ел.
Шағаласы шаңқылдап,
Қаз, үйрегі қаңқылдап,
Көкорай шалғын, орман, көл;
Шалқып жатқан ен дәулет,
Салтанат, шаттық, сән, сәулет,
Аймағым асқар қорған бел.
Жауың мен дауыл, бораннан
Жасқанбай шалқып тасамыз,
Жауды жайқар жарақ сай,
Табанмен таптап басамыз.
Қыздырып еңбек дүкенін,
Желпілдетіп жер бетін,
Жемістен шашу шашамыз.
Жер қазынасын талқандап
Көзіне жете ашамыз.
Болаттан сұңқар ұшырып
Мұхиттан әрі асамыз.
Мініп алмас тұлпарды
Баспаған жерді басамыз.
Қуаттан дария ағызып,
Ерліктен ерлік туғызып,
Өрге өрлеп, тасамыз!
Жайнай бер жазым жылдан жыл,
Жаңарып дүние түрленсін.
Алтын бақша ұлғайып
Бұдан да қызық түрге енсін.
Ен бахытқа еркіндеп
Жайлаған елің гүлденсін.
Сталин атты алтын күн
Себелеп рахмет сәулесін
Бұдан да жарық нұр берсін.
Бұлбұлың дулап сайрасын,
Еңбегің қызып қайнасын,
Нұрыңды әлем, ел көрсін,
Бұғаудан қолын шешуге,
Сенімен таңға ілесуге
Өнеге болсын, дем берсін!


Пікірлер (2)

Аңсар

Күшті

Айсезим

Кушти ерекше

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жаз жыры өлеңінің авторы кім?

Жамбыл Жабаев — осы өлеңнің авторы.

Жаз жыры өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жаз жыры өлеңі не туралы?

Бұл шығарма табиғат туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Жаз жыры өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері