Өлгенің жоқ, сен тірі

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 19.08.2018
  • 0
  • 1
  • 12163
Дағыстанның бұлбұлы,
Жайнаған жырдың жұлдызы,
Стальский ақынның —
Есіттім міне елімін.
Олай болса төгіл жыр,
Домбырадан ағыл жыр,
Досым үшін қозғамай —
Тыныш қоймақ сені кім:
Заманда, заман шын заман,
Қартайып көрдім қызықты;
Көңілді тартты нұр заман,
Құмартып жүрек үздікті.
Шарбы ораған сынықтай,
Жүйкемді қатқан жібітті.
Шарықтаған шалқардай,
Үдете түсті үмітті.
Тасқынға тетік Сталин
Әлемге аты сүйікті.
Бұрынғы дала, дала ма?
Жайнады міне, нұр төкті.
«Бетпақ дала, Мырза шөл»,—
Деген жерге гүл бітті.
Алатауда ұжмағым,
Ұжмақтай бүгін түр бітті.
Дағыстан құмы кешегі —
Бүгін онда гүл бақша,
Сүйкімді, көркі келбетті.
Олай болса, ақыным,
Сені мен менде өлім жоқ!
Өмірдің шамы күн нұры,
Күн нұрына сөну жоқ.
Өмірлік сенің жырың бар,
Жырың сіңген елің бар.
Замандасым, жан досым,
Дағыстанның бұлбұлы;
Жырдан дария ағызған,
Жырың жырдың шекері,
Ел көңіліне жазылған,
Сені ойладым жыр кетті,
Домбыра көңіл тербетті.
Көзден де ақты бір тамшы
Ыстық судай тамызған.
Өлгенің жоқ, сен тірі,
Сені сүйген ел тірі!
Жырдан қырда бақша еккен,
Жыршыға бесік тербеткен,
Алатауда мен тірі;
Шатырым жібек шағылдан,
Бауырым бізде өлім жоқ,
Бізден өлім арылған.
Ағызып айттым жырыңды,
Ел тыңдады мұңымды,
Домбырам шаттық күй тартты,
Жыр бұлағы құйылды.


Пікірлер (1)

Аяна

Неше шумақ

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Өлгенің жоқ, сен тірі өлеңінің авторы кім?

Жамбыл Жабаев — осы өлеңнің авторы.

Өлгенің жоқ, сен тірі өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Өлгенің жоқ, сен тірі өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жамбыл Жабаев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Өлгенің жоқ, сен тірі өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері