Өлең, жыр, ақындар

Дала дастарқаны

  • 01.09.2018
  • 0
  • 1
  • 6418
(поэма)

Октябрь – той таңы да, сый таңы да,
Сол үшін құйшы, дала, құй тағы да!
Көрінші, қыз көркіңмен, ер тұлғаңмен,
Күлімдеп ән канаты, күй тағында.
Қүй, сапыр сары саба қымызыңды!
Тыңдайды той үстінде кім ызыңды?
Шат көңіл дәуірлесін, дауылдатшы,
Домбыра, сырнай, керней, сыбызғыңды!
Құй, мейлі шампанды да «шайтаны» бар
(«Шайтаннан» шошынғанға шай табылар).
Желғабыз, бала мінез, бұрқ-сарқ –
Содан бір сімірмеген қай тәңір бар?
Теңіздей толқы, шалқы, тойшы дала,
Теңеліп тұрған шақта бой шынарға.
Құлдықпыз қызметіңе, тақсыр баба,
Даяшың ойшылдар да, қойшылар да.
1
Па-па-па! Қандай жарқын тостар таңы?
Ғаламат той тартуы, достар қамы!
Көл-көсір, ағыл-тегіл, шетсіз-шексіз,
Жаюлы даламыздың дастарқаны!
Сол біздің еркіндіктей кендігінде
Қазақтың жатыр дырау елдігі де.
Дәуірлеп, даңқымыздай уақытты орап,
Жетіп тұр ертеңгіге, ендігіге.
Ол мәңгі ортаймайды, жиылмайды,
Ол мәңгі көнермейді, қиылмайды.
Жылдарша жаңғырымпаз, бұлақша өнік,
Тасқындап еселеуден тиылмайды.
Жайылған жері гүлдей, көгі күндей,
Сәбидің көлеңкесіз көңіліндей.
Тәттісі – түңғыш көрген махаббаттай,
Қадірі – анамыздың өміріндей.
Ал, бүгін жырмен тербеп достар жанын,
Әніне асқақтата басты Арқаның.
Жайықтан «Кісен ашқан» күй шалқиды,
Бетінде не жоқ біздің дастарқанның!
Бар мұнда қас батырдың жеңістері,
Бағбанның миуа бақ жемістері.
Бар мұнда қыз қолының өрнектері,
Шіркін-ай, неткен көркем, келісті еді!
Бар мұнда ақыл-ойдың қазбасы да,
Баянды көктемдер мен жаз да осында.
Жоғы не? Жоғы оның өтті-кетті –
Тарихтың сарғайған қолжазбасында.
Бар шығар, бәлки, мұны білмейтін де,
Қайтеді көз жіберсек бір бетіне?
Бүгетін сырымыз жоқ достан біздің
Білісу дастарқанның міндеті де.
2
«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім даламенен»,
Деп жігіт құла түзде зарығады,
Булығып, кейде үзіліп қалады өлең.
«Ха-ха-ха, алаңа да, далаға да!.. –
Дейді жел, – қайта айтшы қара да алға:
Шыңғыртып бөрі талап ақ бөкенді,
Аққуды жем қып жатыр қара қарға..'
Жаралы жандарға кім әл береді?
Қорлық-ай, құзғындардың дәндегені...
Сарнаған жел ызыңы баяуласа,
Тағы бір күңіренген ән келеді.
Шерлі о да: «...Күні құрсын ұрғашының
Билігі болмаған соң бір басының.
Берген соң тері-терсек ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының...»
«Ха-ха-ха! Биліксіз тек ұрғашы ма? –
Дейді жел, – түсініп көр бұл ғасырға!
Қаңбақтай мен аударған домалаған
Халқыңның қандай ерік тұр басында?»
Мәз дауыс шығады тек ақ ордадан,
Аққуды арамдаған, бақ орнаған.
Секілді кескен қарта сиқы байдың,
«Жылқысын көптігінен баға алмаған».
Семірсе сорлылардың көз жасына,
Тоқ есек аш тұғырдан озбасын ба?
– Итке бер той сарқытын, – дейді әлгі,
Телміріп тұрса да жұрт өз қасында.
«О, тағдыр, тағы кеттің алдап бір-ақ,
Жүргенде арманымды ардақтап-ақ...
«Бергенше көкірекке таудай талап,
Берсейші маңдайыма бармақтай бақ».
Тілгілеп туырлығын, дастарқанын,
Шығарса ақ орданың тас-талқанын!
Елге де, жерге де той бір күн туса
Мәңгілік мерекенің бастар таңын!
Қайтер ек алсақ сөйтіп, ала шолақ,
Аққу мен азаттықты арашалап?» –
Деп жігіт қиялдайды, қарайды алға:
Қараңғы. Жатыр сыңсып дала шулап.
Ышқынған үні ме ол жан шығарда?
Жоқ, тағы таптала ма, жаншыла ма?
Жыландай ирелендеп, тұзақталған
Бір зауал бар ма ысқырған қамшыларға?
Жалаңаш жазығы мен қырқалары,
Құл дала ашынады, бұрқанады.
Түрмеде шылдырлайды кісен, құрсау,
Түнеріп төңіректің тұр қабағы...
Жоғы осы бүгін біздің дастарқанның;
Шығардық құрсаулардың тас-талқанын.
Елге де, жерге де той туды ұлы күн,
Мәңгілік мерекенің бастар таңын.
3
Октябрь – той таңы да, сый таңы да,
Сол үшін құйшы, дала, құй тағы да!
Көрінші қыз көркіңмен, ер тұлғаңмен,
Күлімдеп ән қанаты, күй тағында!
Кім бүгін мұндай тосттан бас тартады?
Толтырсын бокалдарын достар тағы!
Қазақтың бақытындай шексіз-шетсіз
Жаюлы даламыздың дастарқаны.
Шолмасаң қиялыңмен, он ойланып,
Нәрсе емес қолға ұстап ол ойнарлық.
Советтік жер серігі болмаса тек,
Қыран да шыға алмайды оны айналып.
Мың өркеш іркес-тіркес ала табын,
Шаншылған шың-құздары Алатаудың
Басына шығып әлде қараймыз ба?
Мұндайда о да, бірақ, аласа-ау тым.
Көрінер, бәлки, одан Гурьевім
(Көрмедім демен ондай жер биігін.)
Мұнайлы мұнаралар сонау мұнар,
Каспийдің алып жатыр бір бүйірін.
Көрерміз тұрбаларын заводтардың,
Түн болса, қала оттарын, дала оттарын.
Көрерміз темір жолдар семафорын,
Жалындап балқып жатқан болат барын.
Көрерміз антеннаны жайлаулардан
(Дыбысы дүниенің байлаулы оған).
Көрерміз Қарағанды көмірін де,
Қопарып ел жайлаған, тауға айналған.
Таусылса көз жетері тау басының,
Жазықтың иіскейміз жауқазынын.
Шомамыз жаңа өзендер толқынына,
Күмп беріп қиясынан жартасының.
Жанына жолай алмас қарға-құзғын
Жырлаймыз аққу көлін, дала қызын,
Танимыз мөлдіреген көздерінен
Келбетін, жан-жүрегін даламыздың.
«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен.
Ауылыңа барушы едім даламенен...» –
Дегенді еске аламыз жаңа ауылда,
Теңелген терезесі қаламенен.
Тыңдаймыз көтерілген тың жырларын,
Жайқалған ақ бидайдың сыбдырларын.
Келеді көз алдыңа ту жер – ну жер,
Есесін бір қайырған мың жылдардың.
Сарыарқа – соның бірі, жүз жасарған
Суретін түзге салған, күзге салған.
Сапырған алтын толқын дастарқаннан
Сұлуды таба алар ма іздесе адам!
Кезіксең ғажап дастан томдарына,
Білмейсің қайсыбірін таңдарыңа.
Сондай-ақ айналайын Қазақстан,
Жаяды қай жерде де таңды алдыңа.
Таң десе, осы сөздің бір белгісін
Шұғыла, бау-бақша, гүл, бұлбұл дейсің.
Соларша жайнап, сайрап Алматы тұр,
Көтеріп гербіміздің нұр бейнесін.
Тасыса шаттық бақыт ойда, қырдан,
Тамаша тарту бар ма тойға бұдан?
Туған сый бұл өзінен Октябрьдің,
Ленин мен партияның ойларынан.
4
Октябрь – той таңы да, сый таңы да.
Сол үшін құйшы, дала, құй тағы да!
Көрінші қыз көркіңмен, ер тұлғаңмен,
Күлімдеп ән қанаты, күй тағында!
Күлсең күл, күлкісімен мәз өлкенің,
Жарқыра жүзіменен жаз еркенің.
Жайылсын жер жүзіне жомарттығың,
Жанындай халқымыздың қазекеңнің.
Сен емес кең жазира дала ғана,
Анасың колхозға да, қалаға да.
Далабай – дәл есімі бүгінгіңнің.
Қазақтың тағдырына балағанда.
Сен емес дастарқанға қоймас бәрін,
Көрді ғой ойластарың, тойластарың,
Алғы сөз ұлы орыс орманына,
Сол айтсын тұрып төрде той бастарын.
Болсын сол бас мейманың бас тамада,
Жетеді жақсы тостар басқаға да.
Сөйлейді Кавказ, Балтық, Днепро,
Сөйлейді Орта Азия асқақ о да.
– Сен үшін! – дейді әне орман аға.
– Сен үшін! – дейді достар, – ар ма, дала!
– Ел үшін, ертегідей ертеңі үшін!
– Жер үшін, жеткен асыл арманына!
Дейсің сен: – Көтерейік, достар, тағы,
Мен де бір шын жүректен тос тартамын.
Сен үшін, сендер үшін, бауырларым,
Жасасқан Қазақстан дастарқанын!
Болдық біз жоқта бірге, тоқта бірге,
Болдық біз бақта бірге, отта бірге.
Табады бізді Отанның құшағынан
Оралып келген сайын Октябрь де!
***
Үніндей Ұлы Одақ жүрегінің
Шалқиды ғажап гимн, жыры елімнің.
– Оң сапар, заула, уақыт, алға! – дейді
Күмбірлеп куранттары Кремльдің.
Ал уақыт Октябрьдің қадамымен
Барады, бірге совет адамымен
Көрінді даланың да келер таңы,
Тілдескен Коммунизм заманымен.



Пікірлер (1)

Мұратжан Самал Октябрьқызы

Өте керемет ,жақсы маған ұнады

Пікір қалдырыңыз

Жол туралы аңыз

  • 1
  • 4

Жеткізген бұл бір аңызды
Көктемнің жүйрік желі ме?
Тасқын ой қайдан ағызды,
Таратты кімдер еліме?

Толық

Қара балаға

  • 0
  • 0

Қара бала, қақың бар,
Қандай кінә тақсаң да,
Самғай алмай ақындар,
Жүрміз кейде ақсаңдап.

Толық

Жыр туралы жыр

  • 0
  • 0

Жайласып жатыр ақырын,
Зал толы – жырдың достары.
Тыңдамақ абзал ақынын
Ардақты отандастары.

Толық

Қарап көріңіз