Қызыл галстук
(поэма)
Ұлым Азаматқа
1
Көк теңіздің жағасына
Алтын доптай қалқып жеткен,
Жетті күннің шарасы да
Көкжиекке балқып көктен
Қара күрең ніл салғандай
Жасыл бақтың жапырағы.
Бұлдыр тартып, бусанғандай,
Алатаудың жатыр қары.
Суарады гүл алапты,
Бұлақ атып биігінен.
«Кеш жарық!» деп тұр Алматы,
Босап жұмыс киімінен.
Тартады ашық терезелер
Бақ самалын, кеш самалын.
Сол самалмен бірге кірер
Қоралардан көш самаурын.
Үнсіз шығып, күліп кіріп,
Тұрар терге еркін барып,
Үйлі жанды біріктіріп,
Булықтары бүлкіл қағып.
Соның бірін босата сап,
Шықты Мұқан ауласына.
Апорттары қоса самсап,
Иіледі бау басына.
– Папа! – дейді бала дауыс,
Алма бақтың арасынан, –
Таптым, міне, жаңа қоныс,
Жақсы орын жоқ дәл осыдан.
«Үһ» деп Мұқан, кешкі ауаны
Көкірегін кере жұтып,
Бір уәдесін еске алады,
Сол дауысқа келе жатып.
Ол әлгіде жұртпен қабат
Жұмысынан оралғанда,
Тұрды Ермегі таппай тағат,
Күтіп оны қора алдында.
Күтті, ұмытты ойынын да –
Көп қызықтан қалыс тұрды.
Нарттай жанып мойынында
Шымқай қызыл галстугы.
Бүгін оны мектебінде
Пионерге алған екен.
«Қашан? Қашан?» деп те күнде,
Ол асыққан, арман еткен.
– Құтты болсын галстугың! –
Дей берді әке ұланына.
Көргендей жас – алыс күнін,
Екі езуі құлағында.
– Байғазыға, ал, осыған
Не лайық болар тегі? –
Дегенде ол, баласы одан
Тілеп еді жаңа ертегі.
Өтейін деп байғазысын,
Келеді енді жайлап соған.
Жастық әкеп жайғасып шын,
Көрпені ұлы жайып салған.
Отыр өзі бір шетінде,
Мойынында галстугы.
Бар, шынында, келбетінде
Мұқаңның жас – алыс күні.
Май мұрыны, жалпақ беті,
Көп күлмейтін қара көзі,
Еріні де салпы, етті –
Бәрі әкеңнің бала кезі.
Болса мұрты, әжімдері,
Тұлға бітсе алпамсадай, –
Мұқан дер ең қазір де оны,
Айнымай-ақ қалған солай.
Бұдан да мәз ер көңілі,
Қуаныштың есті лебі.
– Айтайын ба көргенімді,
Әлде, балам, естігенді?
– «Естігеннің жалғаны бар...»
– Иә, солай дегенім хақ.
Еске түйіп қалғаным бар,
Құп, сөйлейін көргенімді-ақ...
Ғафу, кетсем сөзді бөліп,
Өмір көрді ол, өлім көрді.
Көрген жоқ тек өзі өліп,
Өзгесінің көбін көрді.
Жарқын күзде, Жеңіс жылы
Ол үйіне оралған-ды.
Қалды артта соғыс жолы,
Оның дауыл, борандары.
Бақ та мына, Ермегі де,
Ол кеткенде нәресте еді.
Сонау ажал ермегінде,
Түске де енді, елестеді.
Десе де ойы «сорлап қалды»,
Бақ гүлдеген, ұлы есейген.
Бәрекелді ел, солдат жары,
Ұл өсірген, гүл өсірген!
Келе Мұқан, жең сыбанып,
Кірді құрылыс құшағына.
Жемісі мол, жеңісі алып,
Іс алдында, күш алдында.
Жүр байырғы міндетінде,
Сағынттың деп, еңбек-ана,
Қадіріңді, құдіретіңді
Білдім ғой деп енді ғана.
Жүр қаласып жылда қолы
Жаңа үйлерін Алматының.
Өткен жолы жырға толы,
Әлдилесе солдат ұлын.
...Көлбеп Мұқан жайғасып ап,
Жастық тіреп шынтағына,
Қойды мұртын жайлап сылап,
Ақ шалмаған бір талын да.
– Ал, ендеше, – деді ойланып,
Зейін салып тыңда, балам.
Бұл оқиға болған анық,
Саған бұрын толғамағам.
Мен бүгінгі күнді күтіп,
Мұны әдейі сақтап келгем.
Галстугын тудай тұтып,
Ол атағын ақтап өлген...
– Кім? Кім, папа?
– Тоқта, балам.
Асығыстық «өлген» деуім.
Әкең сөзге жоқтау адам,
Жалғауға олақ бөлген жерін...
2
Қырық бірінші жылдың күзі,
Жармасады жау анталап.
Масайрап-ақ жүрген кезі,
Басқан ізін жайпап-талап.
Қиян-кескі бір арпалыс.
Смоленскі төңірегі.
Әр төбешік, әр қалтарыс –
Өлім, әлде өмір еді.
Осындай бір төбешікті,
Топ жауынгер жатты қорғап.
Өңмеңдеп жау, өре шықты,
Жанталаса жан-жақты орап.
Күн өткенше, түн жеткенше,
Дұшпан жолын бөгеді ерлер,
«Тізе бүгіп күнелткенше, –
Деп, – бас имей өледі ерлер!»
Өлді окопта, ор басында,
Оқ та бітті. Не күш қалған?
Қоршаудан түн ортасында
Тірі шықты тек үш адам.
Жарақатты үшеуі де,
Әсіресе, командирі.
Ас жоқ, су жоқ ішеріне,
Сипалайды қара үңгірді.
Қара үңгір – түн, қорғаныш ол,
Тас қамалдай тасалаған.
Оң жақ – орман, жолға алыс ол,
Қорқады жау жасағы одан.
Тіс қайрап тек сүрінгені,
Тұра аттап тағы да алға,
Сүйеп үшеу бірін-бірі,
Жетті орманға таң алдында.
Олар әрі қозғалғанда,
Жараларын шала таңып,
«Ағайлар!» деп бозалаңда,
Тоқтатты бір бала танып.
– Бірден көрдім сендерді мен.
Сатқын емен, қорықпаңдар!
Құтылады сергелдеңнен,
Қайта, маған жолыққандар.
– Сонша мықты кім едің сен?
– Кім болсам да, сергелдеңде
Жол көрсетіп бере білсем,
Жетпеген бе ол сендерге.
Бұл орманның күндік жерде
Мен білмейтін қуысы жоқ.
Орман кесті кіндігімді,
Тек сол қалды туысым боп...
Дауысы сәл дір етті де,
«Кеттік!» деді бала кенет.
Жарық сәуле, бұл беттерде,
Түсті орманға жаңа көлбеп.
Балаға еріп, сылти басып
Әлгі үшеуі келе жатыр.
«Әлі айтқан жоқ сырын ашып,
Бұл жүгірмек неге батыл?»
Қарағанда тұлғасына,
Он үш – он төрт шамасында.
Сұр пилотка жүр басында,
Дүниенің шаңы осында.
Қолпылдаған күрткі, етік,
Әкесінің киіміндей.
Бірақ, бала бұлт-бұлт етіп,
Келеді оны, бұйым демей.
Алдында оның жапа-жалғыз,
Жатыр құлап, үй мертігіп.
– Жеттік! – деді бала, – ал біз...
Тоқтады үшеу сүйретіліп.
Тұрғанда аң-таң жаралылар,
Картоп келді, су да келді.
– Қане, ағайлар, жайланыңдар,
Аялдау жөн, сірә енді.
Шелін басып, жүрек жалғап,
Қонақтары әлденгесін,
Айтты бала жырдай толғап,
Бір сыдыру әңгімесін.
Айтты бала көп шын сөзді,
Ақ сары өңі сұрғылттанып,
Тұрды ойнақы көкшіл көзі
Бір жалындап, бір бұлттанып.
Орманшының баласы екен
Жүрген осы ұясында.
Жау бомбалап, анасы өлген
Мынау ойран үй астында.
– Әкем Қызыл Армияда,
Оқып жүргем селода мен.
Герман – фриц алды оны да,
Өттіңдер ғой сол арамен.
Мектепті де өртеді олар,
Қандай ғажап мектеп еді!
Ештеңе етпес, орны толар...
Ал, жүрейік ептеп енді.
Бала асығыс түрегеліп,
Аулақ шығып тұрды барып.
Жүрсе ананы тірі көміп,
Сөйлер қалай тіл оралып.
Иә, мектеп ештеңе етпес,
Толар орны, салар оны.
Жау құртылар, өш те кетпес,
Тола ма тек ана орны?
Қалай сорлы күнелтеді?
Алдында қыс, азап айы...
Мұны ойламай кім кетеді,
Үшеуді сол мазалайды.
Олар үнсіз бара жатыр,
Сүйретіліп сылти басып.
Адымдайды бала батыл,
Жапырақты жұлып ашып,
– Кетер едім сендерменен,
Әттең – дейді, – ерте боп тұр.
Бір ісім бар үлгермеген,
Қол да әзірге келте боп түр...
Не бітірем барғанда да,
Алмайды ғой мені әскерге.
Қарап өлмес қалғандар да,
Күнелтемін мен әсте де.
Көмбеде ұн, картобым бар,
Жетіп жатыр ол бір айға.
Біткенше бұл, қайта, ағайлар,
Біздің әскер оралмай ма?
– Оралады! Оралады! –
Дейді үшеуі жарыса оған.
Бұл сенім, серт, ойы олардың,
Тәрізді емес алыс арман.
...Уақытты көп созбай бала,
Қыспай онша тынысын да,
Іңір түсе, көз байлана,
Жеткізді орман шығысына.
– Қош! – деді ол сол арада, –
Айрыламыз ал енді біз...
Бәлки, әкем жолығар ма,
Ваня ұлыңнан сәлем деңіз...
Бір-бір сүйіп үлгергенше,
Бетін басып зытып тұрды.
Естілді өксік, үн өзгеше,
Жел сол үнді жұтып тынды.
Өксігендей үн шығарған
Өзі болар желдің, мүмкін.
Күрсінді әлде сыршыл орман...
Дүрсіл шықты дүркін-дүркін.
– Ваня Ваня! – дей ме әлде? –
Тыңдайды үшеу еңбектеген.
Біреуінің үйде, елде
Бөбегі бар Ермек деген...
3
–...Бөбегі бар Ермек деген.
– Біреуі, әке, өзің бе едің?
– Сабырсызсың, Ермек, неден,
Тағы әкеңнің сөзін бөлдің.
Ермек атты бала аз ба,
Сөз – мен емес, Ваня, жайлы.
Туған-ау ел-анамыз да
Жүрегі зор, жаны бай-ды.
Ел-анадан туады, иә,
Дана болсын, батыр болсын, –
Дейді қарап ұланына,
Баптап Мұқан папиросын.
– Шылымды қой, папа, деймін.
Енді сөзді өзің бөлдің.
Кездесті ме Ваня кейін!
Әлде әкесі...
– Төзінбеуін!
Жоқ, әкесі жолықпаған,
Ваня айтпаған аты-жөнін.
Не әлгілер оны ұқпаған,
Болмаған ғой хаты да оның
Ваня өзі кездесіпті,
Кездесіпті... жас қабір боп.
Жас өмірін тез кесіпті
Жаудың қолы, тас бауыр оқ.
4
Жас өмірді тез кесіпті,
Жаудың қолы, тас бауыр оқ,
Жауға да сот кездесіпті,
Кездесті әділ, басқа бір оқ.
...Өтті уақыт. Тағы майдан.
Смоленскі төңірегі.
Фашистерге туды қараң,
Жеңді өлімді өмір енді.
Тікті азаттық нұрлы туын
Сол майданда, сол арада.
Қуанышты тұрды бір үн
Ваня оқыған селода да.
Жауынгерлер оралды оған,
Сан құшаққа бөленді олар.
Біреуінің үйде қалған
Ермек деген бөбегі бар.
Келе сұрап, іздегені
Болды Ваня, жас бауыры.
Көруге үміт үзбеп еді,
Көрді төмпеш жас қабірді.
Жас қабірдің басында боп
Тыңдады оның хикаясын.
Көз жасын да жасырған жоқ,
«Қалай ғана қия аласың?»
Бұл селода қалған адам
Қайдасың деп қалың орман,
Партизан боп қару алған,
Қас дұшпанға салған ойран.
«Қарап өлмес қалғандар да».
Деген Ваня, кезіккенде.
Сірә, сонда қара орманда
Құр жүрмеген сезіктен де.
Жаулар тұрған үйді өртеген
Ол әуелі өз бетімен.
«Бір ісім бар үлгірмеген...»
Есте, сонда сөз етілген.
Партизандар арасында
Барлаушының бірі болған.
Көрген соғыс жарасын да,
Жараланған, тірі қалған.
Орман жолын, тал сырларын
Білген бала ересектей,
Талай-талай тапсырманы
Тындырыпты екі етпей.
Жорықтарда тастамаған
Сол жылғы оқу кітабын да.
«Сабақ қайта басталғанда
Керек қой деп бұл тағы да».
Келген екен қайсар бала
Соңғы жолы селосына.
Хабар жинап қайтарында
Қолға түскен ол осында...
5
Иә, Ваня, жау қолында,
Тұр алдында жендетінің.
Дейді өзіне: «Жалбарынба!»
Дейді: «Тыңда міндет үнін!»
– Қайдан жүрсің, кім едің сен,
Партизандар жұмсады ма?
Әлде соның біреуі ме ең?
Сөйле, аузыңа құм салдың ба?
– Мен не білем, жұмсасын кім,
Тамақ іздеп жүрмін қаңғып.
– Жалтарады бұл сасығың!
Ізіңді өзім білгем андып.
Мә, ендеше, тамақ саған! –
Деді де жау тепкіледі.
Жығылды ұлан, талып содан,
Жалынбады тек білгені.
Шыңғыртпады сол ой ғана,
Сол ой келді жиғанда есін.
– Ояндың ба, қалай бала?
Ас әкел, құрт сыйла, жесін...
Ваня үнсіз отты көзбен
Тұр атардай сұм жендетті.
Дейді іштей: «өтті-ау кезең
Кешіктірдім мәліметті».
Аямай жау бүлік, күшті,
Алдады да, арбады да.
Ызаланды, күйіп-пісті,
Түсіре алмай қармағына.
– Өлтір, – деді, – дүре сал да
Бір қарақшы алып соқты.
Шешіндірді, көрді сонда
Іштен таққан галстукты.
Шымқай қызыл сол галстук,
Тер сорғам ба, сарғыш тартқан
Ол Ваняға сонда да ыстық,
Сарғыш, бәлки, сағыныштан.
Естелігі о да оған
Еркін күннің, ерке күннің.
Деген жоқ ол «бола қалам
Ерлеріндей ертегінің».
– Қызыл шұлғау! Тастамаған!
Тастатар күш табамын мен!
Жас пионер, жас партизан!
Тапта дереу табаныңмен!
«Құп» деп Ваня, қайраттанып,
Ең ақырғы жиды күшін.
Галстукты қайтып алып,
Үш қайтара сүйді ұшын.
– Даяр деген сертіміз бар
Біз еңбекке, ел қорғауға.
Біздер емес сертін бұзар,
Бас имейміз өлмей жауға.
Білмейсіңдер, жаулар, сендер,
Сойқан салған сонау ерлер –
Партизандар, жауынгерлер –
Кешегі жас пионерлер –
Дей бергенде – менің кегім...
Бүрді шеңгел кеңірдегін.
Тартты ішіне өмір демін,
Көрінді ұшы темір ненің...
Бара жатты буын құрып,
Қанды шеңгел тоқтар ма еді...
Тынбады тек буындырып,
Өлтіруді оққа берді.
Галстук ше? Ол мойнында
Бірге кетті тынысындай.
Таймай тұрған орынында
Қызыл тудың бір ұшындай.
– Қолға түсіп қалды-ау қапыл!
Дейді Ермек, күрсінеді –
Кандай батыл, қандай батыр!
Мектепте айтшы, білсін ерді.
– Ел-анадан туады, иә,
Дана болсын, батыр болсын, –
Дейді қарап ұланына,
Сорып Мұқан папиросын.
Айтты мұны балаға арнап,
Баласы оймен алыс кеткен.
Көз алдында Ваня қарап
Тұр ма қызыл галстуктан?
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі