Өлең, жыр, ақындар

Біржан сал

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 3963
Әнқұмар, кедей ұлы салға ерген,
Өзгеден шешен тілді, пішінді еді.
Ойға кең, тілге шебер, бай мінезге
Бір бетті, бармайтұғын бұлтаң сөзге,
Біржаннан ән үйреніп жүрген кезі,
Сал да оны көрер артық жұрттан өзге.
Осындай серіктері қасына ерген,
Ойната арғымағын шаба, желген,
Ауылын Бірлән қыздың Нұрадағы,
Келеді Біржан іздеп алыс жерден.
Аттардың желісінен жел тұрады,
Жымиып, қайшыланып, қос құлағы.
Бұтадан үркіп кетіп теңбіл көктер,
Еліре әлсін-әлсін осқырады.
Біржанның бермей ерік өр көңілі,
Келеді түнде шауып көп серігі.
Дегенмен ауыл жақын болу керек,
Бүйірден жарқыраған көл көрінді.
Сол кезде толқындатқан айлы түнді,
Естіді жігіттер де әсем үнді.
Көркем үн көкті құшып қайта-қайта
Бір шырқап, бір басылып, өршіп тынды.
Таң жақын, әлдеқашан ауыл жатқан,
Тек ояу жастар тепкен алтыбақан,
Келеді құлағына Бірлән үні
Осынау айлы түнде ән шырқатқан.
Жігіттер сұлу үнге құлақ салды,
Аттарын тежей - тежей тұра қалды.
Алысып ауыздықпен тыпыршиды,
Жел жетпес, кілең жүйрік, жібек жалды.
Дауысы әнші қыздың дерсің сырнай,
Кеткендей бойға жастық өрті сыймай,
Қозғайды жүрек күйін, жан жүйесін,
Тұрғандай жарға берген сертін қимай.
Дегендей әнді гүл ғып себейін бе,
Жырымды нұр орнына төгейін бе,
Жас Бірлән тоқсан түрлі үн толғайды,
Тұрғандай тоқсан бұлбұл көмейінде.
Әсем ән кенет көкке қанат жайып,
Жүректе сыр туғызып таңғажайып,
Тамылжып, талмаусырап өшеді әзер,
Құс сынды бұлт астында болған ғайып.
Сөйтіп ол тағы шырқап көкке өрлеп,
Салады ырғағымен көркем өрнек.
Балқиды қорғасындай жан жүйесі
Тұрғандай көңіліңді көктем тербеп.
Кейде қыз сылдырына қос шолпының,
Қосылып тербетеді үн толқынын.
Ән сонда секілді нақ шағаладай
Үстінде ұшқан талмай көк толқынның.
Әсем үн шаршаса да баяулатып,
Адамдай ұйықтап кеткен ояу жатып,
Біржан сал көзін жұмып қалған тынып,
Көңіліне ән сәулесін аялатып.
Секілді бөгет білмес қыз дарыны,
Шыққанда өрлеп көкке үн арыны,
Даусынан естіледі асау жігер
Өмірді әлдилеген жыр жалыны.
Көңілі тоқсан толқып, жүз бұзыла
Тыңдайды Біржан қызды шын қызыға.
Сонау ән шығарғандай ақынды ертіп
Жалғанның ең жоғарғы шың құзына.
Жүрегі дірілдейді алып ұшып,
Өн бойын әкетті ме жалын қысып.
Қиялы қақты қанат көк аспанға,
Мәз болған қуаныштың балын ішіп.
Дүниеге Біржан әнсіз сыя алар ма!
Біржанға одан артық қиял бар ма!
Жетектеп тұр ғой сонау сұлу үндер
Құс жетпес бұлт тоқтаған қияларға...
Ән сезім сырлысы да, қызылы да,
Өнердің шын сұлуы, қызығы да...
Біржанға ол жүректің жазған хаты,
Қымбат әр әрпі, ноқат, сызығы да!..
Сондықтан Біржан әнді сүйе білген,
Шер басса отына да күйе білген.
Ол ақын, ләззат алған сұлу үннен
Ән менің қуанышым, кием деген!
Құмартқан естіп сырттан атын талай,
Әншіден алмас әсер ақын қалай.
Сал Біржан қозғалмайды көркем өлең
Төккендей жүрегіне алтын арай.
Таң қалды Бірлән қызға Біржан сері,
Таң қалды бірге тұрған серіктері,
Қазақтың мынау қиыр даласында
Әншіні мұндай бұрын көріп пе еді?
Шерубай, жас серігі, ойға басым,
Түсініп өзгеден тез сал жолдасын,
Біржанға кезек келді дегендей - ақ,
Ұсынды үкі таққан домбырасын.
Біржандар салдық құрған сонау күнде,
Серілер мейлі тіпті болсын түнде,
Жиылып қыз-бозбала қарсы алмаса
Ауылға бармайтұғын онсыз мүлде.
Салдардың бұзбай ерке салтанатын,
Жиылып қыз-бозбала қарсы алатын,
Көтеріп ақ киізге ардақтысын,
Ауылға қошеметтеп апаратын.
Тірі жан қабақ шытпас ешбір оған,
Алатын өзінше әсер әркім одан,
Сонау бір салдық құрған қызық күнде
Осындай қазақта да дәстүр болған.
Арқаның білінгенде алтын таңы,
Дөңеске шығып Біржан алдындағы,
Өлеңді қоя берді аңыратып
Желдіртіп домбырасын алды - дағы:
«Жорғамын қалың топта самғайтұғын,
Бәйге ат та серпінімді шалмайтұғын.
Әнімді он екі звот жіберейін,
Есіңнен өле - өлгенше қалмайтұғын».
Дейтұғын Біржан ғой бұл жалын жанды,
Өр дауыс өрши түсіп жалынданды,
Лақтырып ән шумағын құшақ-құшақ
Тасқындай толқып, тасып арындады.
Текті кеп сұлу әнді Біржан енді,
Сондағы салған әні «Бірлән» еді.
Алты қыр ар жағынан атын қосып
Әнші қыз жаралдың ба, нұрдан, — деді.
Бір үн бар әнде терең, буған тілді.
Ағыстай су астымен қуған құмды.
Ақ жүзін Бірлән қыздың көрмей жатып,
Сыр сезім от жүректе туған сынды...
Сол сезім естіледі салсаң құлақ,
Аққандай сылдыр-сылдыр жалғыз бұлақ
Ол кейде тау суындай сарқырай кеп
Сан қырдан тулай толқып жатыр құлап...
Біресе домбырасы сыбыр шертіп,
Кетеді әлденені күбірлетіп,
Сөйтіп кеп қайта әлемді оятады...
Тұлпардай түнде шапқан дүбірлетіп.
Сал Біржан білсін барын қайдан қауіп,
Қабағы түнерерін қайғы жауып,
Әнімен отқа салып қыз жүрегін,
Тұрғанын өзіне де дұшпан тауып.
Айтуға бірақ ашып қорқып сырды,
Ән енді ақырғы рет толқып тынды.
Жаңғырып толастап кеп өшіп жатты,
Таусылған жағаға кеп толқын сынды.
Ауылдың жайлап сонау дөңдеу сыртын
Кілең сал төккен жырды дүркін-дүркін.
Келеді қарсы алуға қыз-бозбала
Құрметтеп ғұрпын істеп туған жұрттың.
Шалады құлақ кейде айқын демде,
Шылдырын күміс шолпы, алтын теңге...
Келеді топты бастап сұлу Бірлән
Аққудай көлбеңдеген айдын көлде.
Кербез жас сәлем берді жақын келіп!
Таңдана тамсанады ақын көріп,
Япырмай, мұндай сұлу қыз туар ма,
Жан ба екен бірдей біткен ақыл, көрік?
Сұлудың екі беті гүл-гүл жанып,
Шыққан бір бәйшешектей гүлін жарып,
Құлпырып, бота көзін жерден алмай
Ұялып төмен қарап тұр қызарып.
Кім білсін қыз мінезі ұяң әлі,
Әлде ол жат адамнан ұялады?
Бірақ та қыз көңілі — қызыл түлкі
Сезбей ме қыран ойын қиядағы?!
Ашқысы келмеді ме ол бір мінезін,
Деді ме әлі болар қарар кезім.
Біржанның келбетінен сұлу Бірлән
Аударып кетті мөлдір қара көзін.
Қолаң шаш белуардан қойған өріп
Жас сұлу киген торқа, қамшат бөрік.
Айтып тұр әлденені жеңгесіне,
Қарамай салға тұрған аңсап, өліп.
Қыр мұрын жас арудан оймақ ауыз
(Ерні — гүл, жаңа ғана ашқан қауыз)
Біржан да шыдар емес құмарланып,
Естуге әй-әй сөзін жалғыз ауыз.
Қайтпаған жаннан месі ес білгеннен,
Ақын тұр құр сыртымен дес бермеген.
Батады әсіресе қыз қылығы
Біржанды «Біржан бар!» деп ескермеген.
Жас Бірлән Асылбектің жалғыз қызы
Сәулесі, көктегі ай, күн, жұлдызы,
Ұстаған уысына әкесі бай
Нұраның бойындағы бар қырғызды.
Бейне бір нұр алғандай атқан таңнан,
Сұлуды, ақ бетінен қаны тамған.
Бір көрген талай жігіт жүрегінде,
Бірләнға деген ләззат шамы жанған.
Сол Бірлән шаттық теккен қабағынан,
Қып - қызыл ақ бетінен тамады қан...
Бар ма екен сүйген адам үлбіреген
Ақ торғын сонау уыз тамағынан?
«Өзім бай, өзім болыс Азнабаймын,
Жел сөзбен бостан босқа азынамаймын.
Жауыма жалаң қылыш ашуым бар,
Досыма қалтам ашық қазынадаймын» —
Дейтұғын Азнабайдың інісі бар,
Біткенмен әжептәуір тіл мен ажар.
Жаманбай өр көкірек, қызғаншақ жан,
Өзгенің болғанына тынысы тар...
Кездесіп кеш үстінде өткен жылы,
Сұлу қыз таң қалдырып көркем нұрлы,
Жаманбай құмар болып сонда оған
Қайтсе де аламын деп төккен жырды.
Жас жігіт, бір көргенде инабатты,
Сөйлесе табар сөзді балдай тәтті,
Ұнайтын әрқашан да қыз біткенге
Жүрегі болса дағы тастан қатты.
Сыртқы түр сырын сонау жауып ішкі
Байқамай бар екенін қауіп күшті,
«Жігітті жұрт мақтаған, — қыз жақтаған»
Бірлән да бірден оған ауып түсті.
Айламен үзіп нәзік гүл сабағын,
Шортандай аша түсіп кең тамағын.
Жаманбай төрт тоғызын төлеп биыл
Нұраның жұтпақ болған ақ шабағын.
***
Көзбенен күлімдеген сыр алысып,
Бірінен бірі жүйрік ой жарысып,
Тұр әлі қыз-бозбала ойнап-күліп,
Зілі жоқ қалжың, әзіл сөз салысып.
Шайқалтып баста шоқ-шоқ үкілерін,
Төгеді қыздар күміс күлкілерін...
Көргенде жігіт - қыран қалай шыдар,
Осындай қырдың қызыл түлкілерін!..
Жарқылдап күміс оқа, алтын түйме
Біріне бірі қарап жарқын күйде
Көтеріп Біржан салды қыз-келіншек
Әкелді арнап тіккен ақбоз үйге.
Көрсетіп салдарға ауыл құрмет қатты,
Жігіттер сауық-сайран құрып жатты.
Әттең - ай, оңашада кездесе алмай
Бозбала сүйгенін тек көзбен атты...
Біржан да басты талай ән көрігін,
Сынға сап сұлу дауыс, жан серігін,
Шоқ тастап жатқан тыныш қиялдарға,
Қозғады талай ұшқыр ой желігін.
Желінді талай құлын, талай бағлан,
Ішілді талай қымыз балдай тамған.
Жиылды талай рет ауыл-аймақ
Біржанның естіп даусын айқай салған.
Сол күндер Бірләнменен болған бірге,
Әдемі сұлу - сипат толған үнге,
Өшпейтін жүрегінде шоқ қалдырды,
Құмар ғып жан-тәнімен оған мүлде,
Жақында ауыл кешпек бұл арадан.
Кешке ермеу салдарда әдет көп тараған.
Бірләнмен оңашада жолықпаса,
Жүрегі шыдар емес от жалаған.
Шерубай жан серігі Біржан салдың
Жолықты Бірләнменен, тапты амалын,
Сұлу қыз келмек болды түн жамылып
Төменгі сағасына «Мың аралдың».
Күн батып ас ішердің арасында,
(Мезгілде қауіпсіз қыз баласына)
Жолықты Бірлән келіп Біржан салға,
Қамысты қара судың жағасында.
Бірләнге тұрды Біржан еркін қарап,
Жүрекке құмарлықтың дерті тарап,
Бойжеткен қымсына кеп көзін салса,
Кетеді бойды ләззат өрті жалап,
Көрген соң қыздың сұлу құралайын,
(Жігіттің ғашық болар Күн мен Айын)
Біржан сал тоқсан түрлі ой болжайды
Мүлт басып қалмайын деп жазатайым.
Ол бір шақ әдетінше жұрт ежелгі,
Жігіттік дәстүр болған кезең еді.
Жетті ме соньщ үшін Біржан мұнда
Әйтпесе... Бұл араға неге келді?..
Өр қиял ойды отқа бағындырған,
Махаббат алып ұшқан сағындырған.
Қаншама тұрса дағы маза бермей,
Сал Біржан салдықта да сабырлы адам.
Қызықса қызға жігіт жалынбас па,
Өйткен жоқ, жүректегі жалын басқа,
Біржан сал «Бірләнжан!» — деп сөз бастады
Сезімтал, үлдір - ұлпа, балғын жасқа:
— Қөңілдің жеткен бар ма құмарына,
Көп пе екен қосылған жан шынарына,
Біреудің ойын тартқан көген кездің
Бөтенге кім сенеді ұнарына.
Мен көрдім аруларды талай асқан,
Ай менен көркемдігі тайталасқан.
Біреуі маған артық көрінбеді,
Бірләндай әнші туған қарындастан.
Ән салған бойда дулап дарын күші,
Өзіңсің ақ айдынның аққу құсы.
Түсіндім махаббатты жада ғана
Сонда екен бұл жалғанның қуанышы.
— Дүние бір қисық жол бұраң қаққан
Аңдыған жауым да көп құрып қақпан.
Көнбеген сонда дағы асау едім
Өзінің дегеніне бұра тартқан.
Өттім мен дейтін кезден «әттең, әлі!»
Бұл сезім — махаббаттың ақырғы әні.
Сал Біржан қыз бетіне қалды қарап,
Шыдамай сөз айтуға бұдан әрі.
Осылай Біржан сырын ашып беріп,
(Тыңдады жас сұлу да қасын керіп.)
Тасқын ой кенет неге бөгеледі,
Жарды ұрған толқын сынды тасып келіп?
Сүйгізіп мамық бұлтқа аппақ төсін,
Шықты бір төгіп кенет ай сәулесін.
Жұлдыздар көкті жапты бейне маржан
Безеген келіншектің сәукелесін.
Түн тыныш, белгісі жоқ алыс таңның.
Салмайды бөдене де таныс әнін,
Тек жүрек тыпыршыды ұмытпаған
Түнде де өмір барын, жарыс барын.
Шаршаған, әлденеден жүзі сынық
Ақ Бірлән тұрды біраз көзін жұмып,
Сөйтті де ашты ақырын бота көзін
Бойласаң дариядай түпсіз тұнық...
Сол кезде таяу қамыс арасынан
Естілді сылдыр, сірә, өтті жылан.
Тығылды қыз жігіттің құшағына,
Ентігіп, жас жүрегі алас ұрған.
Сұм жылан әлденені біледі ме,
Екеуін бір қосуды тіледі ме.
«Қорықпа!» — деп Біржан оны баяу қысты
Ақырын қолын салып жүрегіне...
Қорқытты неге жылан сұлу қызды?
Шат көңіл неге сонша шырын бұзды?
Бұл әлде, жылан емес хабаршы ма,
Жіберген тағдыр өзі суық жүзді?!
Тұр ма қыз сол тағдырға жүгінгелі
Жүйрік ой сан тарапқа жүгіреді.
Шошиды, дірілдейді маза кетіп,
Сезеді бір сұмдықты жас жүрегі.
Ойланып, Біржан салға көзін тастап,
Қыз сырын болды енді өзі де ашпақ.
Ақынның жайлап босап құшағынан
«Ағажан» деді баяу сөзін бастап: —
Қазақтың бізге атадан қалған ғұрпы,
Өмірдің тар құрсауы, қара құлпы.
Өтеді бұл жалғаннан жылай-жылай
Әкел зат жанын жеген қайғы құрты.
Төгілген аз ба өмірде қыздың жасы.
Досы жоқ, көп болса да құрбыласы,
Табады дүниеден еткенінде
Бір құлаш атын жазған құлпытасы...
Інісін Азнабайдың Жаманбайды
«Қатты» деп ауыл жұрты жамандайды,
Атасқан ол қосағым, өмірлігім,
Адалдық арам жолды қаламайды...
Кім тыңдар қыз баланың қайғы, зарын,
Түсінер қандай адам ғарып жанын.
Көнбеске қалай менін. дәтім шыдар
Алған соң әке санап қалың малын.
Алыстан ақын Біржан іздеп келдің,
Ақсұңқар: ақтотысы біз деп келдің,
Білмеймін не деп жауап қайтаруға
Кезіктім толқынына асау селдің.
Зейін сап құлақ ілсем айтқаныңа
Жел қуған көлдей көңілім шайқалуда,
Қорқамын дұрыс жолдан адасуға
Қасым көп, тұрған дайын айқай-шуға...
Сөзімнің жасырайын енді несін,
Тағдырдан күтсін әркім несібесін.
Адалдық жарға деген бізге парыз
Сал Біржан, барым осы... кешірерсің..
— Дегенде, кенет қамыс сылдыр етті.
Бірлән да аттап кейін сырғып кетті
Сөйткенше қастарынан шыға келді,
Бір тапал, шүңірек көз, сұрғылт бетті.
Жаманбай болса дағы өзі мықты,
Бірләнге сенсе - дағы сөзсіз тіпті.
Жүрмекші болған күні бұл ауылдан
Ойына алған еді бір күдікті:
«Қыз — түлкі, аңшылар көп іздейтұғын,
Із көрсе, үміттерін үзбейтұғын.
Ал Бірлән сол түлкінің ең қызылы
Қиын болар мергені де көздейтұғын».
Дёген ой тудырған сон, шын күмәнды,
Тапқан ол әпербақан Байжұманды.
Бірләнге қарақшы ғып кеткен тастап,
Ақыға бермек болып бір құнанды.
Сол еді мынау тұрған жұртқа әйгілі,
Бермеген жаман істе бұл бәйгені.
Біледі Бірләннің не істетенін,
Қай түні, қандай кеште, не қай күні.
Жүрсе де Біржан, Бірлән жасырып сыр,
Сезген ол кездесерін ақыры бір,
Аңдып кеп үстерінен жайдай түсіп,
Міне енді екеуі ақырып тұр:
«Сөйлесу емес, Бірлән, айыбың құр,
Айтармын қылмысыңды байыңа бұл.
Ал, Біржан, егер жаның керек болса,
Қайырмай жұрт байталын жайыңа жүр!»
Сөз өстіп дүлей, топас, нақұрыстан,
Қиналды Біржан ыза, ашу қысқан,
Салдарда қамшы жұмсау әдет емес,
Біледі ақыл — серік, ашу — дұшпан.
Бірлән қыз тұрған ұстап әзер өзін,
Түсінді айтпаса да аға сөзін.
«Қош бол!» деп үйге қарай жүре берді,
Бір тастап Біржан салға қара көзін.
Біржандай жомарт болып жан туған ба,
Жас жанды қалдырмасқа сөз - күмәнға.
Көк жібек күміс зерлі алты құлаш
Белбеуін шешіп берді Байжұманға.
***
Кертөбел бұлаңдайды қамыс құлақ,
Алысып тізгінімен жарыс сұрап,
Келеді топ алдында Біржан үнсіз,
Жүректе қайғы менен намыс жылап.
Осы ма өр көңілдің жасығаны,
Қажырлы албырт жанның ашынғаны,
Қалғанда сұлу Бірлән артта кейін,
Мұншама Біржан неге асығады?
Қайғыдан құтыламын дейді қуған,
Кертөбел аман болса жүйрік туған,
Бұлыңғыр жеткізбейді мақсатына,
Бөгет бар алдан оны күтіп тұрған?
Кертөбел түйдек түсіп төрт аяғы,
Ұмтылса, жел екпіні ұлғаяды.
Сезбейді бірақ оны шерлі Біржан,
Біржанға ұқсамайды бұл баяғы.
Ойында қандай ыза - зары қалды?
Жігердің неге мұнша қары талды?
Дүниеден күткен сынды зор қорқыныш
Жүрегі тұрғандай - ақ жарылғалы.
Сезе ме албырт көңіл бір сұмдықты?
Неге онда алға шауып, неге ынтықты?
Күте ме өмірден ол зор дауылды
Тулатар жатқан тыныш не тұнықты?!
Тартыстың шыққан ұлы дабырында,
Естілер Біржан салдың дабылы да,
Танытар сонда өзін заманына
Сорлы ма, әлде адам алыбы ма.
Өмірден таусылған жоқ несібесі,
Әлі де көтеріңкі сал еңсесі.
Ойқастап топқа түсер шырқап әнін
Алдында бар Қоянды жәрмеңкесі.
Кертөбел ырғалады белес қуып,
Қиялда нелер ғажап елес туып,
Шыдамай ақын Біржан асығады
Айқасқа түсер оған күрес жуық.

ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ
Қазақтың жасыл шалғын даласында,
Баян мен Қарқаралы арасында.
Бес-алты ескі қойма дүкендер бар,
Көп кезден тұрған қырқа саласында.
Шіркеуі кек күмбезді шағын ғана,
Алыстан көрінетін сағымдана...
Салынған бұлар сонау ерте кезде
Ресейге қосылғанда ұлы дала.
Тамаша Сарыарқаның бұл өлкесі,
Көк шалғын, гүл жамылған жер еркесі.
Әр жылда осы арада болатұғын
Атақты Қояндының жәрмеңкесі.
Басқа ел, жұртты көріп Қояндыда, —
Қазақ та ұйқысынан оянды ма,
Күтетін жәрмеңкені тым асыға,
Адамдай әзірленген той алдында.
Жиылып басты адамы ауыл-аймақ,
Баратын жәрмеңкеге малын айдап.
Басында Қояндының жататұғын
Байлары тігіп үйін, сауын байлап.
Салпаңдап шекпенінің етек - жеңі,
Пұлынан асып түсіп іздегені.
Шаруа алмақ болып жүретұғын
Қант пен шай, ыдыс-аяқ, кездемені...
Ташкенттен жібек, күріш, мейіз тартып
Пішпектен қалы кілем, кигіз артып.
Келеді талай сәнді керуендер,
Бірінен қарап тұрсаң бірі артық.
Оқ-дәрі, қару-жарақ, сатқалы тұз,
Сібірдің, не болмаса Қиыр Шығыс,
Жететін купецтері теңдеп жүгін,
Ақ тиін, қызыл түлкі, қара құндыз...
Сан түрлі ұлт, саудагерлер шебін көрсек,
Қытай да, монғол да көп тере берсек.
Бәрінің алатыны қазақ малы,
Жүн-жұрқа, түлкі - қарсақ, тері-терсек...
Жәрмеңке жатыр шалқып, қызық думан,
Мың сан жан бақыт іздеп, қырсық қуған.
Адамның басы айналып, көз талады,
Ат, арба, гу-гу сөзден, ызың-шудан.
Қулар жүр жанжал, жала, ылаң күтіп,
Картаға құлын салып, құнан ұтып,
Цирктің төбесінде жұрт қоршаған,
Қытайдың артисі түр жылан жұтып.
Үстінде өрім-өрім жыртық киім
Қайыршы қолын созған айтып күйін,
Естисің балалардың айқайын да
«Ожау су — деген,— мұздай —жарты тиын!»
Біреулер қол алысып бәйгі тігіп,
Жорғасын салыстырып әйгі жүйрік,
Шоқ тастап «Сенің атың келеді» деп
Әлдекім жатыр істеп сәуегейлік...
Атаққа, сый - құрметке құмар жандар,
Босқа жүр менменсіген кілең паңдар.
Шешініп, жатыр әне күрескелі,
Белгілі жұртқа түйе балуандар...
Біреу тұр кеткен даулап жесір дауын,
Әлдекім ашып түкті омырауын.
Бітімге келіп жатыр серт берісіп,
Кешіріп ескі кекті, езгі жауын.
Тігілген ақбоз үйлер, қоңыр шатыр,
Кездесіп бай мен мырза, момын, пақыр.
Өмірдің сан алуан тартысында
Жәрмеңке қызу түрде өтіп жатыр...
***
Жайқалған көкорайда гүл шашылған,
Оқшаулау көкшіл шеткі қыр қасынан
Ақ отау сегіз қанат көрінеді,
Оюлы қызғылт түсті құр бастырған.
Белдеуде сүмбіл тартқан шалғын құйрық,
Тізеге түскен жібек жал құйылып.
Атақты Азнабайдың тарланы тұр
Алдына ат салмаған үздік жүйрік.
Ақбоз үй сегіз қанат жеке тіккен,
Ұштарын кереге, уық күмістеткен.
Ініге аға тартқан бұл сыйлығы,
Көңілін Жаманбайдың желпілдеткен.
Қарасаң үй ішінде көңіл тойған,
Түс кигіз алтын зерден өрнек ойған.
Екі жақ кіре беріс босағаға
Тоғыздан қара құндыз іліп қойған.
Үстінде шайы көрпе, қалы кілем,
Сұр беті кеткен тартып қаракүрең.
Жаманбай отыр үнсіз тұнжыраған
Адамдай бұл дүниеге қалған керең.
Байжұман басын иген тізе бүгіп,
Сұстанған қожасының жүзін ұғып.
Қояды анда-санда «не, солай!» деп
Өсектің алмайын деп жібін үзіп...
Тұлданып сұмырай жат сыр шертеді,
Өсек пен намыс отын өршітеді.
«Опасыз» деп Бірләнге кінә тағып, —
Белбеуді Біржан берген көрсетеді.
Жаманбай тітіркеніп қозғалады,
Тулайды дүлей сезім, озбыр жаны,
Жаман ой қиянатшыл қайдан білсін,
Бірләнге жапқан мынау зор жаланы.
Іші оның алай-түлей, аппақ түтік,
Отыр ол сөз аяғын әзер күтіп,
Кездессе осы сәтте сұлу Бірлән
Жүндей ғып алар еді қазір түтіп.
Бай ұлы жолын кесіп жан өтпеген,
Қылығын жүз тайсалып жұрт сөкпеген,
Таяу тұр жарылғалы... естіген сөз
Қадалған қанжардайын дәл өкпеден!
Берінің бөлтірігі демес жеңдім,
Сындырмай қабырғасын егескеннің.
«Ал, Біржан, мықты болсаң енді шыда,
Сенімен — деді бітпес егеске ендім!»
Арымды, намысымды мен қорғайын,
Шық кәне күресуге болсаң дайын! —
Деп тісін қайрап, дереу бір жігітке
Шақыртты ағасының поштабайын.
Поштабай Құлмағамбет дүлей сары,
Балуан, топас ойлы, дүлей әрі.
Қабасы тұнжырайды түн секілді
Түрі де, үні - дағы — үрей бәрі.
Кеудесі сала құлаш, алқам-салқам,
Азнабай айтақтайтын cap төбеті,
Қараған иесіне жалтаң-жалтаң.
Жаманбай шақырысымен үйге кірді, —
Өзімен әкелгендей бірге түнді,
Түксиіп темен қарап тұрды қатып,
Қар жауып қабағынан түйіп зілді.
Жаманбай жақындады түрегеліп,
Ашулы жүзі кеткен күреңденіп.
Құлымен «Құлеке!» деп амандасты,
Сұм жігіт сырын шашпай күле беріп...
«Жай ма?» — деп Құлмағамбет иді басын,
(Салып тұр, «не дейді?» деп бар ынтасын).
«Бәрін де істеймін» деп сыртқы түрі,
Ауғанын көрсетіп тұр ықыласын.
Иығынан қағып қойып поштабайдың,
Жаманбай деді: — «босқа ұстамайын.
Құлеке, сізге айтар тілегім бар,
Егер де орындауға болсаң дайын?
— Баласы Қожағұлдың жынды Біржан,
Есерсоқ, жүрген жері ылғи ыржаң,
Айтысқан адамына дес бермейді,
Дейді жұрт жаралыпты жаны жырдан.
Айтыспақ ертең біздің Турабаймен,
Айтайын енді ойымды туралай мен:
Жеңеді сөзсіз Біржан, талас бар ма,
Үш жүзде оған ақын тумаған тең.
Қозғаса бірақ болыс ата тегін,
Жіберме Азекеңдей қыран кегін,
Сындырып домбырасын, қуып шығып,
Жерге бас менменсіген көкірегін!»
Салпауыз, сары дүлей, әлді білек,
Атой сап, жұдырығын әлден білеп.
«Барысар болса,— дейді,— ата-текке
Берейін ол доңызды әбден сілеп!..
Өнерін ондай иттің мен көрермін,
Алармын алқымынан, не өлермін.
Сындырып домбырасын быт-шыт қылып
Есінен шығарармын, бар өлеңін!»
Салғалы тұрғандай - ақ қазір лаңды.
Қолына тоғыз таспа қамшыны алды.
Әкесін өлтіргендей ақын Біржан
Қаңтардағы бурадай қалшылдады.
Төрт қабат жайған шайы көрпе үстінде,
Қызарып, күреңденіп, бөрте, ісіне,
Азнабай отыр Мөкше нән болысы
Шемен ой, бірақ паңдық түр түсінде.
Талай би, талай шонжар шақырылған,
Cap қымыз қоңыр салқын сапырылған,
Салынған қос бағланның уыз еті
Тай сыяр жатыр қайнап бақыр қазан.
Жинаған ақбоз үйге жұрттың бәрін
Би, болыс, байларды да жуан қарын,
Себеп бар: арғын, қыпшақ екі топ боп
Бәйгіге салмақ жүйрік ақындарын.
Үстіне бәт құндызды торқа киіп,
Ұстаған етігіне.оқа қиып?
Боз үйдің оқ жағында ақын Біржан
Шоқтығы өзгелерден отыр биік.
Сол жақта қырау тартқан қас-қабағы
Болымсыз емес жай бір тай, жабағы,
Туысы Азнабайдың Турабай бар,
Айтыстың кәрі тарлан, арғымағы.
Орын жоқ үй ішінде ине түсер,
Жүгірген аяқ тасып дәйекшілер,
Қызарған cap қымызға шып-шып терлеп
Торсиған қозы қарын, мәйек жүздер...
Қарынын сабасындай боз биенің,
Сипап би, сәл көтеріп енді иегін,
Бастаңдар,— деді,— айтысты, ал, ақындар,
Кім жеңсе, пұлы соған нар түйенің.
«Сөйтсін!» — деп ақсақалдар бас изесті,
Мақұлдап басқа жұрт та «бәсе!» десті.
«Сен баста!», «Ал сен баста!» деді ақындар,
Келгенде тіл дауына именбес - ті...
Қалқа ғып маңдайына алақанын,
Қырандай ілмек аққу балапанын,
Турабай шұқшиып бір алды дағы,
Аңқылдап төкті жырын, төкті барын:
— Бір сұңқар хан болады мың қарғаға,
Бір күйме сән болады мың арбаға,
Татиды мардымсынған жүз Біржанға,
Турабай жалғыз өзі ән салғанда.
Үйректің баласындай сары бауыр,
Дейді ел сөзіңнен де әнің тәуір.
Кәнекей өнеріңді көрсет жұртқа
Өлеңнен жүрсең болмай әлі жауыр, —
Деп түйреп бір тастады сөзін түйіп,
Санайтын өзгелерден өзін биік.
Турабай қоразданып тұрды қарап,
Төбесі мақтаныштан көкке тиіп.
— Қожағұл Біржанымын атым шулы,
Арқаға атағым бар алтын тулы.
Ақиық, мұз балақты қыран құспын
Ар көрер бөктергімен алысуды.
Дүлділмін шаң ілеспес шапқанымда,
Дариямын бөгет білмес аққанымда,
Теңі жоқ қызыл тілде Біржан салмын,
Алмайтын сендейлерді қапталына.
Жыр десе арқам қозып тұра алмаймын,
Болғанда сендер атан, бурадаймын.
Турабай, ақын болсаң шыдап бақшы,
Жаныңды қанжар тілмен туралайын, —
Деп Біржан сұлу үнін көкке өрлетіп,
Салға тән ер мінезбен өктем кетіп,
Шоқтығы көтеріліп, қалды тынып,
Дұшпанын сөзбен өртеп, кек тербетіп.
Турабай о да шебер қызыл тілге
Жүйріктей кетті шапқан қызып мүлде.
— Уа, арғын, мастанасың неге? — деді, —
Алмақсың қалай менен озып жүлде?
Арғы атам өрен батыр қара қыпшақ,
Қазаққа күн туғанда қауырт, қыспақ,
Қорғаған бар еліңді дұшпаныңнан
Қолына сүйір найза, қару ұстап.
Тіпті, аян маған, арғын, қазір жайың,
Бар болыс, төре, қараң, асқан байың,
Жиналса төтеп берер дәулетімен
Қыпшақтан шыққан жалғыз Азнабайым —
Дегенде от көзімен Турабай жеп,
Біржан да шыдай алмай туралай кеп,
Жадына Бірлән түсіп, салды айқайды,
Нақ та бір Жаманбайдан алардай кек:
— Төгілген белуардан жал-құйрығы,
Бәйгінің шаң жуытпас ақ құйыны.
Атақты атым шыққан Біржан салмын
Теңі жоқ сұлу Көкше ақ тұйғыны.
Ит ұстап, жорға мініп, салып лашын,
Салдықтың мен сермедім кең құлашын,
Ән шырқап сәндік қуып жүргенімде
Халқымның ойлағам жоқ мұң - мұқтажын.
Мықтыдан әпергем жоқ көптің кегін,
Әлдінің баса алғам жоқ көкірегін.
Айқайым аса алмады арғынымнан
Құр желге айттым өлең... өкінемін!..
Ұлы ақын білмес болар ру, жікті,
Өзгеден ой-тілегі биік тіпті.
Өлеңім арғын емес, халқым болсын,
Жыр етем өмір деген сұлулықты.
Турабай, ақын болсаң қалма тоқтап,
Айтыстың білмегенге жолы соқпақ.
Халқыңның қамын сөйле, бағын тіле,
Қайтесің Азнабайдың жоғын жоқтап!
Дегенде Турабай да мырс-мырс күлді,
«Жеңерсің — деді — сорлы бүйтіп кімді!»
Шашбауын оның ду-ду көтерді кеп
Жәдігөй серіктері мысқыл тілді:
«Өресі Азекемнің асты!» деді,
«Қыпшақтың аруағы басты» деді,
Бәйгіні Турабайға шаптырмай бер,
Біржан сал айтысудан қашты» деді.
Сал састы ойлағаны бұрыс шығып.
Адам жоқ жәрдем берер дұрыс ұғып.
Сонда кеп Біржан әнге салды тағы
Ашу мен намыс бірдей тұншықтырып.
— Ру ма екен бұл қазақтың шын тірегі?
Байлық па адамзаттың бар тілегі?
Ежелден артық надан болысыңнан
Азамат туған ашық көкірегі!
Кімің бар жұртың тегіс бас иетін?
Данаң кім тыңдар халқың өсиетін?
Еліңнің қандай асқан енері бар,
Ән мен күй, өлең сынды жан сүйетін?
Мақтаған болыссымақ Азнабайың
Халқынан артық көрер қазына жайын.
Шыдап бақ, ал Турабай, сол жақсыңның
Енді мен жамандығын қазбалаймын...—
Дегенде Жаманбай да түрегеліп,
Сүр беті теңбіл-теңбіл кіреуленіп.
Қамшысын қолындағы алды білеп,
Тамыры шықшыттағы білеуленіп.
Осы еді күткені де Құлмамбеттің,
Көзінде оты ойнап қанды кектің.
Қасына Біржан салдың жетіп барды
Тайраңдап арасымен қалын көптің.
Тұрғанда Біржан әнін аңыратып,
Келді де домбырасын қалды тартып,
Бір қойып тізесіне сындырды да,
Біржанға қайта берді қалған қатып.
Сөйтті де қабыл - құбыл тез ұмтыла,
Лап қойған көнбей тулай жұрт ырқына.
Біржанды жағадан ап, сүйреп шықты
Бір қойып желкесінен үй сыртына.
Шерубай көріп мұны қызып қаны
Өн бойын ашу кернеп қызуланды.
Қой сойған пышақты ап тұра ұмтылды,
Жарам деп поштабайдай бұзық жанды.
Ашудың болса дағы ісі суыт,
Ажалдың аждаһадай түсі суық.
Тайқақтап Шерубайдан қаша берді
Құлмамбет боп-боз болып жүзі суып.
Біржан тұр қалған қатып қозғалмастан,
Өр көңіл желпінбейді қозғап дастан.
Көз салып қарамайды жан-жағына
Бейне бір құйылғандай қара тастан,
Ашуға берілсе ол кейіп егер,
Ел-жұртқа қалай қарар, кейін не дер?!
Біледі ол: «Ашу — пышақ, ақыл — таяқ,
Сол таяқ жонған сайын кеми берер».
Адамға зияны жоқ ақын жанды
Тудырған әніменен алтын таңды.
Поштабай неге ұрды? Жазығы не?
Өштескен әлде біреу ақыл салды?..
Азнабай отыр әлі үндеместен,
Қарысып тіл мен жағы, үні де өшкен.
«Қой, жетті!» деген де жоқ ең болмаса
Итіне Біржан салға төне түскен.
Үдетіп Азнабайлар жауыздықты,
Ұрғызды Біржан салды, тауын жықты.
Бар екен жүрген сақтап кек - өштері,
Біржан тек жаңа ғана жауын ұқты.
Қорланып кірер тесік жер таппады,
Бойды — ашу, ойды — ыза дерт қаптады.
Жөнелді сегіз болыс төресіне,
Әдейі Жанботаға мұң шаққалы.
***
Шошынған нәзік жаны, қашқан үрей,
Шыдамай озбырлыққа асқан дүлей.
Келеді асып-сасып ақын Біржан
Жүрегін өртеп aшy алай-түлей.
Ұқсаған жазық жерде қыр - жотаға,
Өзгеден шоқтығы зор Жанботаға
Шыдамай зар төккенде, түрегеліп
Біржанды алды қоршап жұрт ортаға.
«Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Қоянды боқтығына көмген жерің?!
Кісісін бір болыстың біреу сабар
Бар ма еді статьяда көргендерің?»
Үйренген жебір болыс елді билеп,
(Қоңқиған үлкен мұрын келген имек)
Көкшенің аты-шулы Жанботасы
Ақынға тіл қатпады тұрған күйреп.
Ашудың мінген асау тұлпарына,
Ұялмай шыққан жасқа жұрт алдында
Өлеңін енді Біржан аңыратты
Арнаған бүкіл қазақ ұрпағына:
«Айтады Біржан әнді ентелетіп,
Біржанды қойды халық еркелетіп,
Уа, жұртым, Азнабайдың тентегіне
Қойдың ба көз алдыңда желкелетіп!»
Отырды болыс үнсіз көпке дейін
Парық қоймай сал сөзіне, бермей зейін.
Біржанның шыдатпады өткір тілі
Қаншама десе дағы үндемейін:
«Әрдайым сөзің, Біржан, шығар оғаш,
Сөз бе екен домбырадай сынған ағаш.
Қу тақтай екі шекті табылмай ма,
Несіне істей қалдың соған талас?
Несіне сонша сарнап, қақсап қалдың?
Қу ағаш үшін бүйтіп ақсап қалдың.
Теңің бе Азнабайдың поштабайы,
Жанжалға әлде бөтен қас таппадың?»
Сөзінен Жанботаның жан түршікті,
Көзінен жас пен ыза ыршып шықты.
Күрмеліп қалғандай - ақ тіл мен жағы
Кеудеде ашу кернеп, үн тұншықты.
Шыдамай бұл қорлыққа жаны күйген,
Сал Біржан атып шықты ақбоз үйден.
Шырқады сонда келіп асау әнді
Ащы үні кетті самғап аспан шүйген.
Тырнағы жауыздардың жаман батты,
Жүректі намыс өртеп жалындатты.
Қорланған, қорлық көрген ақын Біржан
Жалынды жырыменен жауын атты.
Біржанның бойын ашу алған билеп,
Қолында домбырасы қалған күйреп.
Аңыратып кекке даусын өрлетеді,
Лақтырып ән шумағын түйдек-түйдек.
Жарық ой бұрын қайғы торламаған,
Өр көңіл бұрын адам қорламаған,
Ыза-кек шақырғандай жан ашуын,
Жасырмай көзден жасын сорғалаған.
Жер жарған сал әнінен Қояндыда,
Жүректе жатқан кегі оянды ма?
Серпілді жәрмеңкенің барлық жұрты,
Жалынды ақын сөзі қояды ма!
Шу шығып, сан алуан, тоқсан тоғыз,
Толқыды кенет татар, қазақ орыс...
Мініп ап аттарына жұрт түйілді
«Кім тиді? Қай поштабай? Қандай болыс?»
Сар шашты, бойшаң келген, қара шекпен,
Көлік қып ат орнына өгіз жеккен.
Білегін сыбанып aп поштабайды
Ұрғалы қисық қайың жүр жетекпен.
Қазақта жалбыр тымақ, далбағайлы,
Татарда ноғай бөрік, малақайлы.
Ентігіп гу-гу етіп қызынады,
Кейбірі дүрлігеді сап айқайды.
Асаудай кетер үріксе арқан үзіп,
Долданған, ашу кернеп, қаны қызып,
Қарасаң қалың жұртқа қаһарланған
Селмен тең кетер қазір қамал бұзып.
Даурығып, қамшы білеп, жұрт түйіле,
Жауына көз көрмеген кек түйіне.
Бір кезде сайға таяу жеке тіккен
Бұрылды Азнабайдың боз үйіне!..
Дүрліккен көне картоз, жыртық тымақ
Кектескен жау жағасын жыртып тынбақ.
Кездессе болыс түгіл құдайды да,
Шығарып тас-талқанын, быт-шыт қылмақ.
Көргенде түнерген жұрт қара бұлтты,
Біржан да не істегенін жаңа ұқты.
Халқына бір ауыз сөз айтса болды,
Жүрт дайын көрсетуге шын сүмдықты.
Сонда кеп Біржан тағы ән шырқады,
Ызалы үн басып ойпат, сан қырқаны.
Қарыштап баурын жазып кетті жүйткіп,
Төккенде асау жырды ән тұлпары!
Сан жерде демеу болған жан жолдасын,
Қолға ұстап сынған сонда домбырасын,
Жүректі ыза қысқан сағатында
Атақты тудырады ол «Жанботасын».
«Жанбота» ән биігі, құс қанатты,
Жауына тиген суық қыстан қатты,
Таралтып қара бұлтты екпінімен,
От тастап талай ойды ұшқындатты.
«Жанбота» ән көкесі, кең ырғақты,
Арнадай алас ұрған ыршып қатты,
Шалқыған ыза толған үніменен,
Көкіректен арман толған жырын атты.
Ән толқып Ертіс, Нұра, Есіл келді,
Қалың ел Азнабайдай есіргенді,—
Мінгізіп ағаш атқа қарғысымен
Қорланған ақын ұлын есіркеді.
Сылтау ғып қыпшақ пенен арғын дауын,
Біржандай күміс үнді қоңырауын
Сындырмақ болған сонау жауыздардың,
Қалың жұрт жыртпақ болды омырауын.
Көргенде қаһар төккен қара бұлтты,
Самсаған лек-лек болып қалың жұртты,
Мініп ап аттарына тұра қашты,
Болыстар, шошып кеткен зәре-құты.
Сонда кеп халқын сүйген, мүсіркеген,
Қолынан жырдың туын түсірмеген
Біржан сал ән салғанда қайта шалқып,
Бар ма екен ақын ойын түсінбеген.

ТАРГЕДИЯ ШЕШІМІ
Дүние бейне теңіз жатқан шалқып,
Тулаған толқындары билеп, шарпып.
Малтығып сол теңізде ақын Біржан
Келеді, кейде батып, кейде қалқып.
Алысқа жыры қанат қаққанында
Қақтығып қиянаттың қапталына.
Қанатын сан сындырды ақын Біржан
Өмірдің толып жатқан шатқалында.
Таба алмай тура жолды сан дағдарды,
Талайға ойыншық боп сал тағдыры,
Қол берер қорған болып осындайда
Атақты жаны сүйген досы қайда?
Тағдырдың бар жазғаны осы ма еді?
Біржанмен енді мәңгі қосылмай ма!
Түскенде, таймай өмір күресіне,
Тиді ғой азап ауыр үлесіне.
О, Бірлән, сол азапты сұp өмірді,
Тек қана күшті жеңер, білесің бе!
Келсе де іздеп сені жан жолдасың,
Шабуға күші бар ма жау ордасын?
Қолынан сорлы Біржан не келеді
Жүргенде қорғай алмай домбырасын?
Аулына Жаманбайдың барғанменен,
Кун болып мәңгі-бақи қалғанменен,
Ұмытар күшің бар ма сүйгеніңді
Өшпейтін жүрегіңде арманмен тең?
Сондықтан көнбей тағдыр салғанына,
Қайғының шыдай алмай салғанына,
Жарға кеп өлім күтіп тұр ғой Бірлән
Тек өлім қуанышы, арманы да.
Бірақ та... Десең - дағы қайғы батты,
Жаныңды үркітсе де қауіп қатты.
Кей кезде көрінетін құнсыз өмір,
Дәл қияр мезгілінде қандай тәтті!
Қаншама басса - дағы дерт көңілді,
Қия алмай тұрды қыз да сол өмірді.
Соңғы рет қарағанда жан-жағына
Кезінде мөлдіреген жас көрінді.
Сөйтсе де сұм өлімге көнген сезім,
Дегендей болды күткен келді кезің.
Бірләнге күн тұтылып, қараңғылық
Жапқандай көрінеді жердің жүзін.
Ақ жүзі ақ Бірләннің мың құбылып,
Қарайды әлі өмірге тым қызығып.
Пайда не ол жапырақ мәңгі семген
Түспеген бұтағынан тек үзіліп.
Өлсе ол... Өлер біреу кім жазалы?
Өмірдің бұл әдетті бір мазағы.
Адамға мақсатына жете алмаған
Өмірдің өлімдей боп тұр азабы...
Сол кезде кенет өмір өрті сөніп,
Сұм ажал сұрқия күш жетті төніп.
«Қош Біржан!» — деді - дағы қыз құлады
Көк толқын сылдыр қағып кетті көміп.
Батырып суға бірге қайғы тасы,
Осылай бітті Бірлән оқиғасы...
Тек қана көк толқында ұзақ жүзді
Желменен ойнап үкілі тақиясы.
Түскендей ел басына сұмдық көктен
Хабарды сұлу Бірлән суға кеткен.
Шабарман естісімен Жаманбайдан
Аулына Асылбектің суыт жеткен.
Шошытып, шемен етіп қыз ажалы,
Біресе көкіректе қызып қаны.
Ай іздеп тапты әзер жас Бірләннің
Денесін Нұраның көп қырғыздары.
Өлімге шара табар қандай басқа
Боятып омырауын халқы жасқа,
Ақ шымнан бейіт қалап қызды қойды,
Бір құлаш атын жазып құлпытасқа.
Ұмытты жұрт та жылдам есіл жанды.
Тек Біржан естіп кейін бұл сұмдықты
Мөлтілдеп көзден жасы ыршып шықты.
Күйзелген, күңіренген сол сағатта
Өлді жас, енді айтарлық несі қалды?
Кім жоқтап, жер бауырлап, есін танды?
Көз жетіп құтылғандай бір борыштан
Өмірдің еш аямас сырын ұқты.
Білді ол ер көңілдің именерін,
Жүрекке талай қанжар түйрелерін.
Білді ол сонау жарық сенім күткен
Бір күні қаусап өмір күйрелерін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ қайың

  • 0
  • 0

Ектім мен ұлыма арнап тал шыбықты,
Елемей күзгі суық ызғырықты,
Еккенде ұлыма арнап тал шыбықты,
Дедім мен ақ қайыңдай өссін мықты.

Толық

Айша

  • 0
  • 0

Жас арудай аймалаған жүзін нұр,
Құлпырып тұр қырмызы гүл,
Қызыл гүл...
Әнің неткен әуезді еді,

Толық

Әділбек

  • 0
  • 0

Шабыттың соқпай жүйрік ерке желі,
Қағазға түспей сұлу, көркем зері,
Маржандай жатушы еді тереңдегі,
Бұл бір жыр ой түбінде көптен бері.

Толық

Қарап көріңіз