Ой-хой, дала – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Ой-хой, дала» атты Марфуға Айтқожина жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2733
Ой-хой, дала, кетіпсің ғой
күлтеленіп, құлпырып,
Жаутаңдаған, жаудыраған
мөлдір көздей кіл тұнық.
Ерке бұлақ ентелейді
жас баладай ұмтылып,
Қырда қызыл қызғалдақтар
ырғатылып тұр тұнып.
Ой-хой, дала, ақша бұлтың
ақ торғындай үлбірек,
Қыран ұшты қанатымен көк
толқынын тілгілеп.
Сезім тұнық бір лепіріп,
дір етеді бір жүдеп.
Дамылы жоқ дүрсіл қағып
кеудені ұрып тұр жүрек.
Ой-хой, дала, толықсисың,
назданасың қысылмай,
Үрке көшкен бір шөкім бұлт
ақ жаулықтың ұшындай,
Көктем келіп әсем сазын
еске қайта түсірді – ай,
Тынар емес көңіл шіркін
ерке құсын ұшырмай.
Ой-хой, дала, кетіпсің ғой
күлтеленіп, құлпырып,
Жадыраған, жаутаңдаған
мөлдір көздей кіл тұнық.
Ерке бұлақ ентелейді жас
баладай ұмтылып,
Қырда қызыл қызғалдақтар
ырғатылып тұр тұнып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері