Өлең, жыр, ақындар

Бүркітті шыңы

  • 06.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1601
Аңыз бойынша

Қарт Жоңғардың бір шыңы бар — Бүркітті,
Сұсымен ол талайларды үркітті.
Бұлт үйіріліп кетпепті ұдай басынан,
Тас түнеріп жасын жерге бүркіпті.
Сонадайдан көз тартады асқары,
Найзадай боп тік шаншылған тастары.
Сол тастардан тарамдалған бұлақ бар,
Тау көзінен бұршақтаған жас бәрі.
Талайлардың табанын тас кесіпті,
Дауыс айтып азынап жел есіпті.
Қыран ғана жайлап ұшар биіктің,
Етегінде ел шұбырып көшіпті.
Жазда ұдай қоныстапты бай ғана,
Күңіреніп тау соны айтады айнала.
Үрейленіп Бүркіттінің үстінен,
Түнделетіп жылжыпты тек ғана.
Түр алдымда сол Бүркітті қасқайып,
Жатыр әне, жалтыр шыңнан тас тайып.
Ол жайында қилы-қилы аңыз бар,
Ал, оқушым, соның бірін бастайық.
Алысып өткен талай азулымен,
Оқыдым шыңға жазған жазуды мен.
Шіркіннің асқақ арман ақыл-ойы,
Көрге бірге көмілген қазулы кең.
Сол арман мені бүгін тербетеді,
Маңдайдан мөлдір, суық тер кетеді.
Жондағы жосып жатқан шимай іздер,
Арқама зіл батпан жүк теңдетеді.
Апыр-ау, бұза алам ба ой қамалын,
Көңілім-дағы басқаға қойды алаңын.
Көз алдымда күңіреніп ғасыр жатыр,
Оқушым, сол жайында ойланамын.
Белгісі жоқ жылдар қанша өтіпті,
Әркім оны өзінше аңыз етіпті.
Бағындырып көп жалшыны өзіне,
Дүниеден шайқап бір бай кетіпті.
Жер қайысқан қара құрым жылқысы,
Бағады екен оны талай жылқышы.
Бүркіт атты біреу бопты ішінде,
Батырлыққа біткен тұлға, түр-түсі.
Болған дейді бәрінен де ол батылды,
Әрі сері, әрі жомарт, ақылды.
Ел басына туа қалса ауыр күн,
Сол деседі қорғап қалар жақынды.
Бір күндері той бопты бай ауылында,
Қамданыпты шамасы бар баруға.
Бозбалалар ат жаратып, дүрлігіп,
Жиналады кемпір-шал да, ару да.
Салқын белден сары желді естіртіп,
Мезгіл екен күн еңкейген кешкілік.
Бүркіт бастап кепті тойға өңшең жас,
Әсем дауыс қырқа астынан естіліп.
Ән жүректі шымырлатып, тереңдеп,
Естіген жұрт қалысыпты елеңдеп.
Бай қызы оны күтеді екен тағатсыз,
Тап бүгін ол уәде берген келем деп.
* * *
Өзге дүние бола қапты тым-тырыс,
Қанша уақыт созылады бұл тұрыс.
Зәуре шулап ырғыпты тік тастардан,
Естілмепті одан өзге бұлқыныс.
Ай маңғазсып бұлттан әзер көрінді,
Әне тағы бұлт толқынға көмілді.
Қайда кеткен жасырынып жұлдыздар,
Жадыратпай қамықтырып көңілді.
Кепті жалғыз Бүркіт батыр аяндап,
Емес сірә қыз жолында аянбақ.
Ұйқылы-ояу қарауытып алыстан,
Ойға шомып тұнжырапты Баян жақ.
Бүркіт тұрды ат үстінде теңселіп,
Алып бойын алуан ойлар еңсеріп,
Жүрегіне жұлдызды әкеп қондырмақ,
Тағдыр оның қолына егер берсе ерік.
* * *
Армансыз Бүркітімен сырласуға,
Қыз кепті түн бүркеніп шынды асуға.
Жүректер теңіз болып кетті тулап,
Екі жас сағынышын бір басуға.
Жайылыпты жігіт пенен қыз құшағы,
(Мелшиген тыныштықты құз құшады).
Алыстан тілек тілеп екеуіне
Жұлдыздар жымың қаққан көз қысады.
Не шама, мықтылармен алысқандай,
Үйінен шықты атылып арыстандай.
Екеуін шыңырауға тастаңдар деп,
Түнді үркітіп салды айқай алыстан бай.
Айқайға аттан қосып дала жатты,
Зар заман айта түсіп балағатты.
Жұлмалап қараша үйдің туырлығын,
Жел жайды "өлді" деген жаманатты...
Тау басын шайқап, ағаш сілкінеді,
Дамылсыз аспан жасын сүртінеді.
Жартасқа байғыз үні жаңғырығып,
Қарақұс жемтік іздеп түртінеді.
Түріліп түн етегі таң келеді,
Бүркітті бойын керіп сәнденеді.
Құшақтап екі жасты мәңгі-бақи,
Алаңсыз кетіпті ұйықтап тау белеңі.
* * *
Бүркітті көзіме оттай басылады,
Ақша бұлт көкжиекке асылады.
"Жасыл көл" жағасынан суырылып,
Зәуре сай ырғып жатыр, тасып әне.
Бұлт жармасты Бүркітті биігіне,
Анау не, ойқастаған киігі ме,
Тау жүрегі мұз болып қатып қалған,
Қан жұтқан қатал заман күйігіне.
Мұзбұлақ қардан шапан бүркеніп ап,
Қарап тұр Бүркіттіге үрке құлап.
Оқшырайған жартасы шыңдардағы,
Елестетер көзіңе күркені нақ.
Төменде қарағайы бұйраланып,
Қайыңдар жапырағын нұрға малып,
Самал жел әлдиіне ырғалады,
Бір сұлу, бұралаңдап тұрғаны анық.
Аңыз боп Бүркіт шыңы қала берген,
Дамылсыз сыр тыңдайды дала желден.
Сол Бүркітті бүгінде ел жайлауы,
Етегінен сан мың қой тарап өрген.
Бүркітті тау томсарып мыңдаған жыл,
Шерлі қыздың ауызынан тыңдаған жыр,
Еркін өскен арулар сүйгеніне,
Қосылып той жасайды мұнда қазір.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қос басында

  • 0
  • 0

Қандай жақсы, дүрліккен дала қосы,
Есіңнен кетпестей боп қалады осы.
Шардараны көңілді
Күйге бөлеп,

Толық

Тентек

  • 0
  • 0

"Тентек су" деп тегін айтпай ел сені,
Өзің жайлы көп шертеді ертегі.
"Мың қарағай" тау арасы қайнарың,
Құлдырап кеп араладың өлкені.

Толық

Өрлік өлеңдері

  • 0
  • 0

Бойда қуат, білекте күш барында,
Шек болмас жүрегімнің құштарында.
Менің де жырдан соққан қамалым бар,
Ала алмас қаруланған дұшпанның да...

Толық

Қарап көріңіз