Өлең, жыр, ақындар

***

Өмір - керуен, көшке ілесіп келеміз,
Көшті мəңгі аяқталмас көреміз.
Зая кеткен уақыттарды елемей,
Жалқауланып жатып алдық неге біз?

Жалқауланып жатып алдық неге осы?
Жаз кіріспей қыс қамына келесі.
Аузың ашсаң алма түсер заман ба?
Не алмақпыз болмаса егер бересі?

Тірі жанға лайық осы шара ма,
Тіршіліксіз өмір мəнін таба ма?
Ауырдың астын, жеңілдің үстін іздеген,
Бейнетсіз зейнет түбінде сірə бола ма?

Бұл өмір - керуен, біз сапар шеккен пендеміз,
Бес күндік жалған, сондықтан масая бермеңіз.
Орынсыз жүру, қисынсыз күлу атаулы,
Жалқаудың шапан, шекпенін енді сермеңіз!

Лаулаған жалын, еңбекшіл жігер лебімен,
Сергітіп ойды, серпілтші көңіл кеңінен.
Талабы көп деп налушы болма, онсызда
Əу баста-ақ бəрі келмеген еді тегіннен.

Ғаламшар сынды айналған күнді кезекпен,
Толқындай өмір ағыны жылдам, тез өткен.
Кешіге көрме көшіңнен, керуен соңында
Өртеме десең өкініш дерті өзектен!

Жаңылсақ жолдан салмайық бірден беріле,
Жеңісте жоқпыз, алмаймыз бірақ жеңіле.
Жасайық ғажап, таңдансын күллі дүние,
Көмкеріп гүлмен керуеннің жүрер жеріне!



Пікірлер (1)

Eriko93

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз