Өлең, жыр, ақындар

ТАҢАТҚАН БАЛУАН

Тараған шартарапқа даңқы ұдай,
Танымал тұлғалары туған Торғай.
Аманкелді, Кейкілер жасақ жинап,
Басынған дұшпандарын қуған Торғай.

Ақыны сөз маржанын терген Торғай,
Балуаны қарсыласын жеңген Торғай.
Жүйрігі бәйге алдында келген Торғай,
Тарихқа аты өшпестей енген Торғай.

Айналған аты аңызға адамдары,
Көбінің көрінбейді қаралары.
Арада жоғымызды еске алу,
Аруағын құрметтеу боп саналады.

Ел намысын қорғаған ердің нағыз,
Біздерге ерліктерін айту парыз.
Осыған үлкен дәлел келтірейін,
Оқырман оныменен болсын таныс.

Руы Ожан Дүйсекейұлы Таңатқанды,
Жөн болмас тірі жанның ұмытқаны.
Бойына туа біткен күш-қуатын,
Баршаға жастайынан танытқанды.

Белгілі ғой Тәуіш ата-мекені,
Тар кезеңнен сүрінбестен өтеді.
Ең соңында Аманкелдіге көш түзеп,
Халқыменен бауыр басып кетеді.

Ол жайында ақиқатты нақтылы,
Ашып айтқан көп деректер арқылы,
Қарабалин Жәлелдің әңгімесін,
Жырға қостым, теріс демесжұрт мұны.

1926 жыл. Наурыз айы ішінде,
Қыс қаһары тұрған кезі күшінде,
Ұзақ жолға алғаш сапар шеккенім,
Дейтін Тәкең әлі күнге есімде.

Ауылға әдейі қонаққа келген адам,
Бірде өтініш жасады келіп маған.
Жер бұзылмай тұрғанда Қостанайға,
Жеткізсең еңбегіңді жемейді ағаң.

Үлкеннің сөзін жерге тастамадым,
Өйтпеске қалмады басқа амалым.
Үш шанаға үш тайлақ жегіп алып,
Жолға шықтық елемей қыс қаһарын.

Шанада қаржы етіп азық болар,
Жаркөлден аулап алған балықта бар.
Ауыр жүкпен келе жатқан біздерге,
Таң қалды жол бойында жолыққандар.

Жол нашар, сай мен сала аралары,
Қарға батқан кей кезде шаналарды,
Өзім сүйреп шығардым жол үстіне,
Жетпегенде тайлақтар шамалары.

Қостанайға жеттік-ау қона жатып,
Уақыт тауып үлгірдім балық сатып.
Жанымдағы серігім ырза болып,
Рахмет айтты тұрып қолымды алып.

Осылай мәре-сәре боп жатқанда,
Біз жалдаған пәтер иесі бір уақытта
Көрші үйде Ақанбай балуан барын айтты,
Ұқсады одан оны сақтанғанға.

Тәкеңе жаны ашыған татар жігіт,
Ұзамай Ақанбайға ізет етіп
Торғайдан бір атақты балуан келді,
Сізбенен кездесуді отыр күтіп.

Дегенде мырс етіп ол күледі де,
Егерде қылы болса жүрегінде,
Алдымен екі ініммен белдессінші,
Осыдан күш-қайратын білемінде.

Төкпейді бұл екеуі босқа арам тер,
Содан соң белгілеген бәйгемді бер.
Шықсын да кең алаңға білек түріп,
Кім мықты, кім әлсізін білсін бар ел.

Ақанбай үйге қарай маң-маң басып,
Шақырды інілерін есік ашып.
Ағасы дауысын олар естісімен,
Далаға шықты екеуі қатарласып.

Күресті көрмекке қала адамдары,
Екеуін қоршап алып қаумалады.
Кішісі белдесуге шықты бұрын,
Түлен түртіп, жүрегін дауалады.

Таңатқан құшағын кең ашты да,
Оны ілезде салды әкеліп астына.
Екінші інісін екі-үш минөт өтпей-ақ,
Жер қаптырды кеудесінен басты да.

Бәйге күткен Ақанбайдың үні өшті,
Әрі қарай тұнжыраған күй кешті.
Сәлем бере барғандарға амалсыз,
Бас көтеріп ақырындап сөйлесті.

1926 жыл. Тура тамыз айында,
Ұзын аққан Жалдаманың бойында,
Мырза ишан мешіті салынып,
Ас беріліп, болды ұлттық ойында.

Жұрт назары ауады көбінесе,
Таңатқан мен Мейрамхан күресіне.
Бір төбе әңгіме боп айтылып жүр,
Әлі де ұмыт қалмай ел ішінде.

Таңатақанды аруағы көп қолдайды,
Аруақты аттаған жан оңбайды.
Сондықтан оныменен күресуге,
Жүсіп аға дәтім менің бармайды.

Бұл сөзіне ол онша мән бермейді,
Күрескенің Таңатқанмен жөн дейді.
Осы жолы тілімді егер алмасаң,
Ағаң сені қайта оралып көрмейді.

Қажының тілегіне әрең көнді,
Алаңға шықты бір кез буып белді.
Екі рет Таңатқанды лақтырғанда,
Жығылмай тік тұрғанын көзі көрді.

Алдында көпшіліктің соншалықты,
Таңатқан Мейрамханды допша атты.
Бірақ оның жаурыны жерге тимей,
Еңкейіп бір тізесін бүгіп қапты.

Халық куә, мен жеңілдім, сен жеңдің.
Жарқыраған жұлдызы бол сен елдің,
Артымда қалып отыр жалғыз ұлым,
Соған қамқор боларсың бар тілегім.

Мейрамхан сырын осылай ақтарды,
Көп ұзамай бақилыққа аттанды.
Өз қатесін дұрыс түсінген адамаға,
Алланың да болар жақсылықтары.

Таңатқанда шындықты айтып ойындағы,
Мейрамханның мықтылығын мойындады.
Құшаққа ап, қысқанда ол қолы батып,
Бір жеті кіші дәрет жүруі қиындады.

Ақыры сөзін оның жер етпеді,
Есімін ауызға алып құрметтеді.
Бір ұлының есімін Мейрамхан деп,
Ат қойып, ұмытылмастай ырым етті.

1927 жыл. Біздің ауыл Қошалақты жайлайтын,
Бала кезім асық атып ойнайтын.
Құлжанның Шайхыстаны ұлды болып,
Белгіледі күнді оны тойлайтын.

Дәл сол күні Тәкеңді алғаш көргенім,
Әлі есімде көз алдымда жүр менің.
Куәгерім Қосқолұлы Молдахалық,
Жұп жазбаған еді қимас серігім.

Құлжанның Шайхыстаны тойы жақын,
Дайын да шығармаққа елге даңқын.
Тыныққан айға жуық Ақанбайда,
Сол күннің алаңдаумен күтті артын.

Аманкелдіге мешіт салған хабары,
Ел ішіне ұзамай кең тарады.
Осыны ерекше атап өтпек болды,
Жиналып Файзолла ишан балалары.

Айтулы күнге осы аталған,
Таңатқан әдейілеп шақырылған.
Дегенмен қатар өтер екі тойдың,
Қайсына баратыны етті алаң.

Бірде ол Аманкелдіге баратын болады,
Онда Ақанбайдан қорыққандай болады.
Ең соңында көп ойланып-толғанып,
Оған бір дәлел тапқандай болады.

Атқосшыға, - деді «құлақ салыңыз,
Бүгін ерте жатып демаламыз.
Таңертең кербесті қайда қарап тұрса,
Сол бағытқа басымызды бұрамыз».

Таңатқан Торғайға енді алып бетті,
Баяғы ат қараған жерге жетті.
Қошалақ. «Қызылша құм» төбесіне,
Әр тұстан келіп жатқан көрдікөпті.

Ақанбай қайда екенін сезді біліп,
Туралап ақбоз үйге барды кіріп.
Ауданның мұнда отырған басшылары,
Балуанды қарсы алды бәрі тұрып.

Шөлдегенге ұқсайды түр-іреңі,
Деп дауыстап көп ішінде біреуі.
Әкеліңдер бұл жігітке бірдеңе,
Алыс жолдан байқалады келгені.

Ойлады ма, шаршағанын басады,
Қымыз бенен арақты бір қосады.
Бір шараяқ ыдыс толы сусынды,
Көп кідірмей алдына оның тосады.

Бұдан әрі Тәкең екінші үйдегі,
Үлкендерге сәлем бере кіреді.
Ақсақалдар әдейі оған жасаған,
Біреулердің қулығын да біледі.

Саспаңыздар салқын суға шайып бойды,
Артынан ішсем болды ыстық шайды.
Сіздер мені күтпей-ақ Тойтөбеге,
Асықпай барыңдар,-деп атқа қонды.

Той өтетін «Қызылша құм» басында,
Жан жолдасым Молдахалық қасымда.
Таңатқанды екінші рет көргенмін,
Кербестімен келген кезін осында.

Жал-құйрығын түйген аттар жарысы,
Балуандардың күш сынасқан тартысы
Жұрт назарын өздеріне аударды,
Той қызығы деген міне дәл осы.

Үстіне түйе жүннен шекпен киіп,
Таңатқан шықты алаңға басын иіп.
Осы сәт оны күткен Ақанбайың,
Атылды оған қарсы күшін жиып.

Бірақ оның сес көрсеткен әуелгі,
Тәсілінен ештеңе де өнбеді.
Ыңғайы келген кезде Таңатқан бір,
Бейне оны қаңбақ құрлы көрмеді.

Тік көтеріп, үйіріп алып соқты,
Ақанбай есеңгіреп сұлап түсті.
-Басымнан аттама тек бір тілегім,
Сені тегі қолдады аруақ мықты.

Дегенді бір-екі рет қайталады,
Бұдан әрі артық сөз айта алмады.
Таңатқан мен Ақанбай күресі осы,
Ел аузында жүргені байқалады.

Әлем чемпионы ресейлік Макаровты,
Ақанбайдың шыққаны таңырқатты.
Даңқы үлкен шыққанымен ол осылай,
Астына Таңатқанның түсіп қапты.

Тағы дерек қосайын сөз арасына,
1932-33 жылдар шамасында.
Жазықсыз жаламенен Таңатқанда,
Түрмеге түсті Ақтөбе қаласында.

Тар жерде таныстары кездеседі,
Олармен емін-еркін тілдеседі.
Бурабаев, Сүлейменов, Сүгіровтер,
Торғайда билік құрған кісілерді.

Үш орыс күнде бізді зәбірлейді,
Көнбесеңдер таяқ та әзір, - дейді.
Алдағы тамақты да тартып алып,
Қырғыз деп және бізді әзілдейді.

Таңатқан таныстардың сөзін ұқты,
Алаңдаумен оларды ұзақ күтті.
Бір кезде еркін басып әлгі үшеу,
Жылмиып камераға кіріп кепті.

Тәкең де дәл осыны күткен еді,
Келтірді аяқтарын көктен енді.
Бәрін де бір бұрышқа тығып қойып,
Тұрғызбай ұрып-соғып тепкіледі.

Соққыдан біреуінің қолы шықты,
Біреуі мұрнының қанын сүртті.
Біреуі екі аяғын баса алмастан,
Есікке сүйретіліп әрең жетті.

Осы болған оқиғаны бұрында,
1956 жылы Алматыға барғанда,
Бурабаев Дүйсенғалидың ұмытпай,
Естігенмін сақтағанын жадында.

Мұны шындық қақымыз жоқ демеске,
Ақанбайды Таңатқанмен күреске
«Тройцкі мен Оралдан келді» сөзін,
Жәлел аға шығарады теріске.

Оқырман дұрыс түсініп білсін анық,
Шындығында Ақанбай қостанайлық.
Аупарткомның хатшысы Бекболатов,
Жерлесі екендігі айдан анық.

Бір ай бұрын күрестен сәті түсіп,
Жатыпты Қарасайда қымыз ішіп.
Торғайлық Ахметқали Мейірманов,
Онымен кездесіпті бірде есітіп.

Ұзамай Тәкең Сібірге айдалады,
Осы сәтті ол орынды пайдаланды.
Вагонның терезесін жұлып алып,
Бел байлап қашуға енді ыңғайланды.

Пойыз бір баяулап жүрген кезде,
Секірді бар күшімен сыртқа лезде.
Есін жиып алды да сәл демалып,
Орманға кірді еңбектеп түспей көзге.

Арып-ашып жаяулап кешке таман,
Орынбор қаласына жетеді аман.
Есіндегі мекен-жайы бойынша,
Інісі Байшоқатты тапты одан.

Көрінбей іздеушілер қаралары,
Ақыры елге қайта оралады.
Колхоздың шаруасына араласып,
Белсене еңбек етті бұдан әрі.

Қуғын-сүргін және соғыс жылында,
Спорт жайы кірмеді ешкім жырына.
Көп үзіліс өткеннен соң арада,
Қайта үкімет алған болды қолына.


1943 жыл. Ұлы Отан соғысы жүріп жатты.
Бұл оқиға халыққа қатты батты.
Аманкелді ауаткомын басқарып,
Өткізгенмін сонда он жыл уақытты.

Сол күндерді еске алмай тынбас жаным,
Тәкеңмен бетпе-бет көп сырласқанмын.
Екеуіміз аға-інілі болғандай ек,
Белгісі де бұл дағы сыйласқанның.

Қарасы көз тоярдай адам еді,
Өз ісіне қашанда адал еді.
Колхозда ұзақ жылдар завферма боп,
Халықтың алғысын көп алып еді.

1950 жыл.Түсірейін білгенімді тағы еске,
Орта Азия бойынша өткен күресте,
Жиырма сегіз палуанның бәрін жығып,
Таңатқан жеңіске үлкен жетті емес пе!

Түгелбай Айсин қалмай ағасынан,
Сүрінбей өтті ол да ауыр сыннан.
«Орта Азия чемпионы» атанып,
Екеуі де шығарды айды аспаннан.

Таңатқанды халқы көкке көтерді,
Белдескенде бірде тізе бүкпеді.
Қазақ осы,- деп мақтауға тұрарлық
Өн бойында хасиеті көп дейді.

Ожандардың ерекше бар ғажабы,
Күрес десе елең етер құлағы.
Айбегінің тыңдағандар жырларын,
Ішер асын іле жерге қояды.

Қонысқара, Сәлім, Асқар мен Шотбек,
Нағашыбай, Қуаныш, Сабыр,Қабдыбек.
Аталары жолын қуған балуандар,
Деп әңгімелеп отыратын адам көп.

Бұрынғылар айтар болсақ сөзімен,
«Жігітке жеті өнер де аз»,- деген.
Таңатқанның қабілетін әртүрлі,

Көргендерде кездеседі көзімен.
Соғысқа аттанарда Баймақан інісіне,
Берген ақ тілегі таралған ел ішіне.
Содан екі-үш шумақ келтірейін,
Сақталған әлі күнге көп есінде:
- Сүйгіз қалқам ауыздан,
Сақтасын құдай жауыздан.
Бәйшешектей құлпырып,
Шығып ең жаңа қауыздан.

Сүйгіз қалқам мойныңнан,
Соғыстан орал елге аман.
Фашистердің көзін жой,
Үдере қуып соңынан.

Иіскет қалқам басыңнан,
Кек ал жаудан басынған.
Ерлігің елге жайылса,
Қуана сені қарсы алам.

Таңатқан кәнігі үлкен аңшы болған,
Сойылмен талай қасқыр соғып алған.
Әйтеуір қанжығасы бос қайтпаған,
Мақсатын орындаған ойына алған.

Өнері көп, әдетке айналдырған,
Оны айтпай артта қалай қалдыра алам.
Жаркөлдің айдынында балықша ойнап,
Көрсетіп кереметін таңқалдырған.

Ауыл малы құдыққа құлап жатқанда,
Белшесінен батпаққа әбден батқанда.
Шығаруға шамасы келмегендер,
Іле хабар беріпті Таңатқанға.

Осындайда көп болыпты қайырымы,
Алып күштің иесі аты жайылды.
Бұл да бір өнерінің бірі десек,
Жоқ сияқты көрінеді айыбы.

Таңатқан балуан көз жұмды,
Толғанда алпыс жетіге.
Арулап халқы жерледі,
Апарып туған еліне.

Балалары атынан,
Қойылды Көктас белгіде.
Туғанына жүз жылы,
Аталып өтті беріде.

Таңатқанның біз білетін Айтбайы,
Әке есімін паш етуді құптайды.
Тірісінде оның айтқан өзіне,
Өсиетін есте берік сақтайды.

Халықтың бар алда қояр сауалы,
Бұған кімнің болар екен жауабы.
Тәуіш ауылы «Таңатқан балуан» аталса,
Демес едік ешкім қарсы болады.

Арқалықтың Спорт кешені,
Берілсе оған осы балуан есімі.
Ауыл менен қаланың тұрғындары,
«Қуанышқа бөленер ек»,- деседі.

Бүгінде Дүйсекейдің Таңатқаны,
Аталады Торғайдың Қажымұқаны.
Бір туар дәл осылай тұлғаларды,
Халықтың жөн емес пе ұмытпағаны.

Ескерту:
Қарабалин Жәлел – Торғай топырағының төл перзенті. Тоқсан жастан асқанда қайтыс болды. Қарт журналист. Ұзақ жылдар үлкен лауазымды қызметтер атқарған. Поэмаға оның Жангелдин аудандық «Торғай тынысы» газетінің 1999 жылғы №14-15 санында жарияланған «Таңатқан балуан» жайлы «Ақиқат пен шындық» атты мақаласы арқау етілді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

БАЙПАҚ СОТ

  • 0
  • 3

Қазір ақын арамызда көбейді,
Оларга ешкім тізгін тарт демейді.
Солардың арасында менде келем,
Бірі біліп, бірі әлі білмейді.

Толық

Торғайым - құтты мекенім

  • 0
  • 0

Арқау болар сөзіме,
Бөлер шаттық сезімге.
Елестейді қырандай,
Торғай менің көзіме.

Толық

Заман-ай!

  • 0
  • 1

Қилы-қилы заман-ай,
Өзгерді қазір талабы-ай.
Еркіне көшті халықтың,
Күн көрістің амалы-ай.

Толық

Қарап көріңіз