Өлең, жыр, ақындар

Мұнара тұрар жапанда жалғыз

  • 09.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2321
Сағат ертеңгілік тоғыз. Жұмыс столыма отыра бергенім сол еді, телефон шыр етті. Экспедицияда істейтін геолог досым екен.

— Журналисім, жолға шығуға қалайсың? Бір мұнара мұнай-газ фонтанын беріп тұр, — деді ол мақтанышпен, — және онда жастар ғана жұмыс істейді.

— Жер астының балгері мен даяр.

— Қалауыңды айт, жермен бе, аспанмен бе?

— Көңіл биіктікті қалайды, ағасы.

I.
Туған өлкем қандай ыстық өзіңе,
Бұлт ішінен іңкәрлікпен қараған.
Мұнараңды маңғаз тұрған санаған,
Бұл бақытқа, бұл бақытқа кезіге.
Бермейді ғой, өмірінде әр адам.
Бір перзентің дүниеге келейін деп жатқанда,
Мен қалайша берілмеймін албырт сезім, мақтанға.
Шаттық жанды кернейді ғой, кернейді ғой, кернейді,
Бақыт әні самғап биік, тербейді ғой, тербейді,
Ұшып келем, ұшып келем, алып ұшып мен келем,
Қамал бар ма, алынбаған барлаушылар жеңбеген.
Шарғы жіптей таңдақ, жолдар өр төсіңді шырмаған,
Осы жолмен ұмтылады болашаққа, нұрға адам.
Осы жолмен адасады, бақытын да табады,
Осы жолмен өшіріп ап, үміт отын жағады.
Қысқа жолдар, таспа жолдар тартылыпты көлденең,
Барлаушылар тұрған кезде таусылмайды жол деген.
Жол серігім дегендей-ақ, «жетелейді жол әлі»,
«Қазақстан» сигаретін үсті-үстіне сорады.
Ұлы «Достық» құбырына салып берген кең арна,
Өз ойымен арпалысқан бас геолог Омарға:
«Мен түсінем:
Құбырларды — жөңкілген дария, — деп.
Турбиналар әуенін — ария деп.
Сан қосылыс сүзіліп, түзілетін,
Атырауды — ең алып лаборатория: — деп.
Кешкендей бұл өлкеге қызық қалмай,
Жастық жүрер маржанды сүзіп талмай.
Газшы — ғылым,
Маң дала — тақта беті,
Ал құбырлар — параллель сызықтардай.
Бұл сызықтар және де жанды сызық,
Байқаусызда бір жерін алдық үзіп.
Дей беріңіз заводтар сулық тұрып,
Дей беріңіз құлазып қалды дүзің.
Сол үзікті шығады жалғаушылар,
От дүлейді тізгіндеп арбаушылар.
Бұл ғасырдың басқару пульті қазір,
Бір кездегі құба жон мал дауысы: бар.
Сосын қалай із салмай тынар адам,
Сазды әндер тыңдайтының бұл арадан,
Құбырлар күре тамыр іспеттенген,
Әу бастауын алады мұнарадан»,
Демек, едім тапқандай-ақ құнды пікір бір ұлы.
Әуенімді жұтып кетті самолеттің гүрілі,
Керндерге үңілуден бір сәті жоқ босаған.
Тұз астында мұнай барын дәлелдеген осы адам,
Мұратынан ажырамас бір елі.
Москваның Губкинінің түлегі,
Көңіліміз ұғынысқан болғасын ба құмар жан,
Мені де ол аз мезгілде геолог қып шығарғам.
Тақиядай ойдым-ойдым сорлар жатыр төменде,
Сенем енді сен бір кезгі теңіз түбі дегенге.
Ұшып келем. туған өлкем, ұшып келем төбеңде,
Аптығыспен, құштарлықпен қарай берем төменге.
Көрінді әне толғақ қысып, толқып тұрған мұнараң,
География картасына енеді ертең бұл алаң.
Дүбірлі алаң төбесінен самолет үш айналды,
Төмендеді бірте-бірте. Көңілде күй ойналды.
Жерге түстім. Мұнараға мен сүйсіне қарадым,
Шаншылыпты кіндігіне мынау жалпақ даланың.
Сонау-сонау көкжиекте, көлбеңдейді тау сілем,
Атырауым тыныстайды мотордың зор даусымен.
Мұнараның ұшар басы кестелейді көркем ой,
Қол бұлғайды бізге қарай тым биіктен верховой
Қара қошқыл мұнай исі араласқан ауаға,
Қыздың қара бұрымындай құйылады науаға.
Мына қара, барлаушылар ауып барлық аңсары,
Бетін жуды «қара алтынға» малып алып саусағын.
Мұрты жаңа тебіндеген бөрі және жас өрім,
Туғaн жердің даңқыменен біледі олар өсерін.
Мастер — ұстаз, Атырауға белгілі адам Бақтығұл.
Күткен ерте «Ақ түйенің қарнын жарған» шақты бұл.
Өлкем сырын жатқа оқыған кәрі тарлан Бақтығұл,
Талай фонтан аттырды да өңіріне тақты гүл.
Ол жастардың жақсы істерін дәйім қолдап, қоштайды,
Мәре-сәре жастар тобы әзіл-қалжың тастайды.
Беті-қолы мұнай-мұнай өрлей түсті енді ду:
— Достар енді құрылады мұнда жаңа НГДУ *,
— Қайтер еді НГДУ-ді — «Жас дәурен» деп атасақ...
— Әлі ерте Бұрғылауға болған дұрыс өте сақ.
Бара жатыр көкірегіме бұлбұл кіріп, күй еніп,
Араласты әңгімеге сол сәтте бас геолог:
— Полеозой дәуіріне жататын бұл тасқынға,
Кездестік біз карбон қабаты астында.
Болжағанбыз алдын-ала құдіреті көп бұл кездің,
Бұрғы салдық төбесінен осы дөңес күмбездің.
(Жайып салды алдыма әкең жер астының картасын),
Міне, мынау, алаңның дәл ортасы.
Әлі талай сыналады, зерттеледі бұл ара,
Бұл арада асқақтайды тағы екі мұнара.
Құпияны кімнің ашып, кімнің келмес білгісі,
Сөзімізді бөліп кетті келген жетіп бұрғышы,
Деді алқынып:
— Өсіп кетті құбыр сырты қысымы.
Пайда болды газдың асау ысылы.
— Тетікті ағыт,
Қысымыңды нольге дейін төмендет!
Ал мен болсам толқып тұрдым әр лебізге елеңдеп.
Көктем кезі,
Өсімдіктер жұпар атқан, гүл атқан,
Үйір жылқы жусап тұрған тап жанында бұлақ бар.
Күн-күн сайын жылқышы қарт түстік ішіп кете ме,
Тай-құлындар мұнараға боп кетіпті етене.
Суатында шапқылайды, шұрқырайды, ойнайды,
Бейне оларда туған жердің шаттық сәтін тойлайды.
Осы сәтте өзгеше бір күй тыңдады дала шын,
Кісінеу мен мотор үні тауып жатты жарасым.
Hұp сәулелі аймалайды күлім қағып көкте күн,
Шетте тұрған палаткалы мекен-жайға беттедім.
Жалаңаштап денелерін күнге күйген жартылай,
Қыздырылып жатыр жастар (барлаушылар салты ғой).
Елді екеуі майдандасқан тақтасында шахмат.
Үшіншісі тұр олардың ту сыртынан бақылап.
Төртіншісі кухняға кірді барып бәлдене,
Шеткеректе бір жас жігіт,
Дәптеріне жазып жатыр әлдене,
Үрлеп барлап жас жүректің отын мың.
Сол жігітпен сыр шертісіп отырдым:
— Баласымын мұнайшының бұла болып өспеген.
Өзгелерден кем де емеспін, артық та емес ештеңем.
Соны соқпақ салсам. деймін, ілеслеймін көшке мен,
Жер қабаты тұңғиықта, жеті мыңдық, он мыңдық,
Құпия бар шешім күткен әлі еш жан шешпеген.
Нық тірейді туған жерге мұнаралар табанын,
Сенім жүгін артты иыққа менің жарқын заманым.
Жанарымда үміт оты одан өзге жоқ әнім,
Жер қабаты тұңғиықта, тұңғиықта адамдар,
Құпия бар ашылмаған анық кілтін табамын. —
Сөзі сойқан бұғышының, ал, есімі Қадірбай,
Бұлшық еті білем-білем әр саусағы адырдай.
Қара шашы бұйра-бұйра бейне Каспий толқыны,
Батыр тұлға толтырардай анау-мынау олқылы.
Үлкен қара көздерінде от шашырап, лаулайды,
Мен кепілмін сауыт кисе Махамбеттен аумайды.
Ұлы еңбекпен есейгенін ұқтым тұлға бітімнен,
Ералиев қаласынан алты ай курс бітірген.
Жер қабаты дүмпуінен арна іздеген ұлы ағыс,
Қадірбайдың вахтасында болып атқан бұла күш.
Ер Қадірбай түр-тұлғасы бабасына ұқсаған,
Бұла күшті бірте-бірте бұғалықтап тұсаған.
Авария болатыны айдан анық әйтпесе,
Қысым күші жылқы емес қой қайтатұғын «шәйт» десе.
Басатұғын қысымыңды, тұншықтырар өртіңді,
Дайын тұрған сол сәтінде түрлі-түрлі ертінді,
(Ей, адамзат бағалай біл ақылменен көркіңді,
Ақыл-кеңес, ақыл-жеміс апанға атар бөркіңді).
Мұқан, Сағын, Алдан деген серіктері шын шебер,
Әрқайсысы бір-бір алау қам көңілге нұр себер.
(Атырауым құлпырады деп ойламай «күн сөнер»,
Романтик ұландары дала кезіп жүрсе егер).
Демалыс кез. Түнгі екіде қайта тұрам вахтаға,
Ермегім ед өлең жазу не бір қиын шақтарда,
Деп Қадірбай күнделігін ұсынды.
Ұсынды да «құпия ед» деп қысылды.
Сезім сыры мөлдіреген жоқ ағат,
Сөйлеп кетті туған жерге күнәсіз, пәк махаббат.
Ұқсағысы келген болар ақындарға атақты,
Өлеңдерін ортақ атпен «Атырау» деп атапты:

ҚАДІРБАЙДЫҢ ДӘПТЕРІНДЕГІ БІРІНШІ ӨЛЕҢ

Атырауым!
Мықтылығыңа ел сенген,
Көкжиегің кең сенің биік еңсеңмен.
Қымбаттай түсті қадірің,
Барлық істің бағасы,
Қазіргі шақта тек сапамен өлшенген.
Тереңдігіңмен санасады екен шың анау,
Маңайын зерлеп нұрландырады шын алау.
Чкаловты сен Арктикаға жеткіздің,
Әлгі бір сөзден,
Сапа дегеннен шығады-ау!
Ұлан қыс бойы таңы да бір сәт атпайтын,
Жер төсіне барып ерлерім
Туды тікті айқын.
Қайсар ұлдарға теңдессіз ерлік жасатқан,
Мұнайың өлкем сексен градусқа қатпайтын.
Жалғады сапар, жалғады сол бір жол артын.
Демесін ешкім «мынауың астам болар тым».
Өсіріп айтсам, көсіліп айтсам Атырау,
Мұнайың сенің теңдесі келмес «қара алтын».
Мен ойладым:
Қалай-қалай ой тербейді бұрғышы,
Қонғалы тұр маңдайына, қонғалы тур жыр құсы.
Сан құпия жатады екен иірімінде адамның,
Ебін тауып шым-шымдаған сыр тарта алар одан кім,
— Поэзия, геология егіз бе екен, — деп те мен,
Қалдым ойлап.
Мына жырдың сиясы әлі кеппеген,
Қадірбайдың «Уралмашы»қаза біліп қабатты,
Ал жүрегі жаза білген отты өлең.

ҚАДІРБАЙДЫҢ ДӘПТЕРІНДЕГІ ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

«Атырауым,
Бұлтын серпер аспанның,
Шат ордасы тілі басқа достардың.
Өзің жайлы қалдық бір сәт айтысып:
— Өлкеміздің мұнай кенін ашқан кім?
Шертеміз деп саф алтындай-ай лағыл сыр,
Өзің жайлы түрлі пікір ағылсын.
Деді бірі, қиыр шеттен мән беріп,
Атырауды алғаш тапқан ағылған.
Әлгі жасты тастайтындай он бөліп,
Ылғалдандық, жүрдік біраз сенделіп.
Туған жердің қасиетін кетірмей,
Бұл пікірге келіспедік.
Бұл пікірге көнбедік.
— Бір адам бар елге әйгілі есімі,
Менің емес, ғұламалар шешімі.
Көмір тапқан Апағындай Байжанның,
Май атасы — Қызылбастың Бешімі.
Міне, дұрыс.
Бір өзгеше күйге еніп,
Жүре бердік, мәз-мейрам боп биледік.
Оқымаған инженері қазақтың,
Бешім жайлы сұхбат құрып
Абзал ұлды сүй дедік...»
Мына жырда:
Жас жүректің лүпілі бар, барлаушының жаны бар.
Күліп атар арманның ақ таңы бар,
Кеудең нұрға бөленер де, кеудең сырға қанығар.
(Батыр жандар жүрек сырын міне, осылай таныған),
Романтика іздесеңіз, ол барлаушы қосында.
Табиғаттың тылсымымен қанығасыз осында.
Сосын ба?...
Қиял менен ғарыштарға шырқап ұшып кетесіз,
Шын бақытты сезінесіз өзіңізді өте біз.
Бір сәулені кеудеңізде аялаумен өтесіз...

III.
Қызыл шардай лаулап тұрып, көкжиекке күн батты,
Бұйрат құмға бұл «Уралмаш» сазды әуенін тыңдатты.
Мезгіл жетті. Екі вахта кезектесіп ауысты.
Қадірбайдың моторлары үдетеді дауысты,
Қалғып бір сәт кетсем керек, мотор үні — күміс үн.
Құрманғазы әуеніндей сергітіп тұр туы ішін,
Бір мезгілде Омар келіп кереуетке шешінді.
Газдың асау қысымына шара алыпты шешімді,
Жанарында нұр ұшқын бар жүзі аздап шаршаған.
(Осы азаптың төлеуіне қуанады барша адам).
Дедім: — Бүгін бақыт түні бар әлемге жар салар,
Ертең сізді ауыл болып гүл шоғымен қарсы алар.
Мерейің тек үстем болсын жер астының балгері,
Сол үшін де, сол үшін де ән салайық кел бері.
Геологым мәз болды көп жанарында шын бақыт,
Шырқап берді бір әсем ән ес жиғызбай тыңдатып.

СОНДА ОМАР ШЫРҚАҒАН ӘН

«Барлаушы деген қиялшыл жанбыз,
Мұнара тұрар жапанда жалғыз.
Думанға бөлеп маңайды маңғаз,
Көлінен көңіл ұшырып сан қаз.
Ерліктің күйін асқақтай шертіп,
Асқақтай шертіп тылсымға елтіп.
Тылсымға елтіп ән-самал желпіп,
Барлаушы деген қайсарлау жанбыз.
Үмітін үзбей ертеңгі күннен,
Самала жасап қараңғы түннен.
Кірпік ілмейтін,
ЬІстықтан қашып,
Аязға жасып.
Бір бүгілмейтін,
Айтарым сыр ғып.
Айтарым жыр ғып,
Алмазды бұрғым,
Жаным тыншымайды
тоқтаса ел бір күн.
Тиылар күлкім,
Тоналар мүлкім.
Ащы тер бұлауында,
Егіліп жылауым да,
Мүмкін-ау, мүмкін.
Солай дос біздер, ерсілеу жанбыз,
Солай дос біздер өр тілеу жанбыз.
Үміттің алтын сәулесі маздап,
Мұнара тұрар жапанда жалғыз,
Геологім көкірегі күмбірлеген күй екен,
Ағытылар сәтті күтіп, шақты күтіп жүр екен.

ОМАРДЫҢ ЕКІНШІ ӘНІ

«Құм басып талай қайтатын ізді,
Бабамның кешкен күндері көп.
Ал бүгінде айтады бізді,
Жиырмасыншы ғасырдың көшпенділері, — дей,
Рас бабам, тынымсыз көшкен.
Ат жалы, атан қомында өскен.
Омырауын кеулеп алдынан дала,
Аңызағы ескен.
Самалы ескен...
Арманы жанған, үміті өшкен,
Бабамның қиын күндері мың сан.
Басынан кешкен,
Сонда да бірақ арымаған,
Далада не бар? Бәрі ұнаған,
Табиғат төккен кәрін оған,
Алып шыққан жанын аман.
Малын аман.
Қасына достық пейілін берген,
Жау екен деп танымаған,
Сөйтіп бабам көше берген.
Айрылып талай еселерден.
Сол есені қайтарамыз,
Деген сөзді нық сеніммен,
Айт десеңіз айта аламыз».
Бүгін міне бір түнетті журналистік жол қилы.
Жұмысшылар әулетімен,
Көңіл тасып, толқиды.
Бәрін-бәрін саралаумен мына әсем көріністің.
Мен былай деп ой түйдім:
Кенеп бешпеттілер,
Темір телпектілер,
Маңдай терін желпіген жол кептірер,
Қашауы терең бойлаған сайын,
Жасауын ерен ойлаған сайын.
Жүздерін шаттық кернеп күлер,
Арманы боп бала кезден,
Қазына ашу,
Дала кезген,
Осыларды мен нағыз ер деп білем.
Толқынды жаны тыншымайды,
Мұнара онсыз сыңсымайды.
Арманы лаулап кетпегесін,
От денесін,
Бір күдік пен бір үміт шымшылайды.
Қиял-елес оларды қанша алдады,
Бірақ — қайсар шыдамын тауыса алмады,
— Фонтан, — деген ұлы шу дабырына,
Тойлау үшін,
Жер — Ана тамырына,
Керек әсте инені дәл салмағы.
Барлаушылар өткізіп базынасын,
Кілтін табар кең дала қазынасы.
...Кенеп бешпеттілер,
Темір телпектілер уколынан,
Жасарасың, туған жер жазыласың...

Осы ой-сезім жетегімен көз шырымын алғаным жоқ. Ұйқының ауылы алысқа кеткен. Жанымдағы кереуетте жатқан бас геолог та осындай сезім арпалысын бастан кешіріп жатса керек, маған қарай аунап түсті де:

— Бүгінгі түн ұйықтауға болмайды. Алаңсыз ұйқы құшағына берілетіндер қуаныш пен бақыттың бәсінің не екенін ұғынбайтындар. Жүр, кербез даланың керімсал ауасын жұтасың, — деді. Мен үнсіз келістім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ең сұлу ай

  • 0
  • 0

Ару Май!
Табиғатта ең сұлу ай, әдемі ай,
(Достық күнін таңдай білген адам-ай).
Қыраттарға, хош иісті бақтарға,

Толық

Кім дейміз?

  • 0
  • 0

Самалының лебінен аққан нұр,
Көшелерін жасыл-желек жапқан кіл.
Он қалаға татитұғын бір қала,
Сарыарқадан соққан кім?

Толық

Ақыннан ақыл сұра ма

  • 0
  • 0

Ақыннан ақыл сұра ма,
Білседағы
Айтпайды ақыл сірәда.
Одан да сұра:

Толық

Қарап көріңіз