Өлең, жыр, ақындар

Қош, Сәулем!

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2313
Адамның не бар екен жүрегіндей,
Сұңқардай шарықтайды ол күлерінде,
Торғайдай торға түскен тыпырлайды,
Қайғының құрсауына кірерінде.
Я қайғы, я қуаныш аңсағаны,
Қуанса, қайғырса да ән салады.
Ұрады тауға да өзін, тасқа да өзін,
Елемей қирағанын, қаусағанын.
Ол кейде әлсірейді, қансырайды,
Көзінен қанды жасы тамшылайды.
Кейде оны тағдыр сұмдық қамшылайды,
Бұралқы ит ондай кезде қаңсылайды.
Сағынса сарғаяды, сарқылады,
«Ай» ұрып ауру шіркін алқынады,
Көрініп жарық дүние қараңғыдай,
Қайғының қасіретінен жаншылады.
Кем емес Жамбылдың да сағынышы,
Барады алай-түлей жанып іші.
Әрбір ой, әрбір сурет дертін қозғап,
Кетеді кейде лағып жалғыз боздап.
Ақмарал көз алдынан бір кетпейді,
Суретін сұлу қыздың кірлетпейді,
Тұрады жалт етіп бір қарайды да,
Жамбылға қанжар көзін қадайды да.
Күз өтті, қыс та кетті қарыменен,
Келіпті көктем сұлу сәніменен,
Жарқылдап жазды іздеген қайтты аққулар,
Жамбыл да жалтаңдап жүр қағып елең.
Көшіпті жайлайтын ел cap жазықты,
Қанатын қырғыз жазда мол жазыпты.
Қарлы шың, қалың шырша бөктерінде,
Өрген мал көшкен бұлттай қозғалыпты.
Күйеуі қандай екен Ақмаралдың,
Дейді ғой мұрагері Омарханның,
Алдымен сол күйеуді көрейінші
Қалғанын содан кейін ойланармын.
Жас дейді Үмбетәлі хан баласы,
Ду-думан ордасының айналасы.
Көргендер ертектей қып айтады екен,
Жігіттің кигені мен ішкен асын.
Жас дейді, албырт дейді - арындаған,
Ешкімнен қайтып беті шағылмаған,
Ханмын деп өзін жұртқа жариялапты,
Бір қырғыз қалмасын деп бағынбаған.
Бар дейді ат сейісі, құс бегісі,
Ырза боп қайтқан талай көрген кісі.
Әншісі, ақыны бар, күйшісі бар,
Ордасын тіккен жері таудың іші.
Аз емес, ақылшысы, білгірлері,
Майрампаз, масқарапаз күлгірлері,
Бар дейді, балгерлері, бақсылары,
Бар дейді болжағышы күнді ілгері.
Өзі аңшы жұрттан асқан мерген дейді,
Алысса аюды па жеңген дейді.
Арты ызғар ашуланса, алды боран,
Сазасын талайлардың берген дейді.
Есітті Жамбыл бәрін осындайдың,
Әйтсе де ақын жаны шошынбайды,
Алдында алтын таудай Ақмарал тұр,
Бір көрмей құмары оның басылмайды.
Кем бе екен ханнан менің мерейім деп,
Беттесіп бекзадамен көрейін деп,
Бір күні Жамбыл жалғыз атқа қонды,
Жолында Ақмаралдың өлейін деп.
Еруге ешкім оған жарамады,
Өлуді ешкім оңай қаламады.
Аттанып Жамбыл жалғыз кетті тартып,
Қаймығып қалай ақын қала алады!
– Деген сөз белден асып Жамбыл келді,
Маздатып әңгімені жандырды енді:
– Келіпті хан аулына жаннан кешіп...
Кіріпті ордаға да желдей есіп.
– Кіріпті именбестен ордаға еркін...
– Көруге келдім депті ханның көркін.
– От ауыз, орақ тілді ақын дейді...
– Көңілі Ақмаралмен жақын дейді.
– Шіркінді келген шығар ажал айдап...
– Шыққан ғой өлімге өзі басын байлап.
– Қаһары хан ұлының қатты болар,
Қылышын отыр деген өткір қайрап.
Бата алған Сүйінбайдан ақын болса,
Ордаға, басып кірер батыл болса,
Сөз тауып ондай ермен сөйлеспей ме
Ұлында Омарханның ақыл болса...
Айтылар әр түрлі кеп тыңдай берсек,
Бас қатар басқалардың сөзіне ерсек,
Көрерміз ақынды да, хан ұлын да,
Жамбылша жалтақтамай ордаға енсек...
Ақ үйдің төрінде отыр хан баласы,
Екені көрініп тұр орда басы.
Қан тамған екі беті жап-жас жігіт,
Жамбылмен көзінің бар тайталасы.
Онысын сездірмейді жарқынсынып,
Оңынан Жамбылға орын қалды ұсынып,
Сұңғыла сыншыл кездер отыр бағып,
Ақыннан қалмағай деп хан қысылып.
Ақыннан хан баласы қысыла ма,
Қысылса елеп орын ұсына ма.
Күткен бір танысындай амандасты,
Жамбылдан жол болсын? деп жөн сұрасты.
– Қазақпын, арнап келдім қырғызыма,
Қырғыздың көңілім ауды дүр қызына,
Атақты Ақмаралдың қонағымын,
Құмартқан аспандағы жұлдызыңа!
Әдейі шақырған соң іздеп келдім,
Ақмарал теңдесі жоқ қыз деп келдім.
Күйеуі қандай екен көрейін деп,
Баласы Омарханның сіз деп келдім.
Қалды жұрт ордадағы қозғалақтап,
Жамбыл да көп айтпады созбалақтап.
Қонақтан көз ала алмай отырды олар,
Ішінен біреу даттап, біреу жақтап.
– Ұсайды сөзің, қазақ, қырағыға,
Қайтардың қысқа жауап сұрағыма,
Еліне Омарханның өкіректеп,
Қайта алмай қалып жүрме тұрағыңа.
Отырмын орда тігіп, мөлдек жайлап,
Шабысқа атым әзір қойған байлап.
Жігіттен сынай келген жалтармаймын,
Қойғанмын садақ байлап, семсер қайрап.
Қорықпаймын алыстан да, шалыстан да,
Қашпаймын найзаласар сайыстан да.
Қалтырап екі қолым көрген емес,
Сом темір төтеп бермей майысқанда.
Деді мырза Жамбыл қайнап тұрып,
Көзінде оты жайнап тұрып.
– Сен сынасаң, мен неге сынамаймын,
Басыңды қу қазаққа байлап тұрып.
Мен сені шақырмаймын жекпе-жекке,
Не керек қан төгіп тектен-текке.
Жалғыз жүрген Жамбылды жайратты деп,
Айтып жүрер қырғызға қазақ өкпе.
Осылай деп ханзада күлімдеді,
Күлкісінен жылылық білінбеді.
Түссін енді сыныма, тілің, деді,
Өте алмасаң сынымнан сүрін, - деді.
Мына отырған бес кісі - бес кеңесшім,
Ақылдарын сарп еткен елім үшін,
Бес данышпан сүйенер бес тірегім,
Осылардың ақылында менің күшім.
Мынау ғалым сөйлейтін барлық тілде,
Омарханның көрген ол құрметін де.
Ал мынасы тарихшы айта бергіш,
Мың жылдарың сөз емес оған мүлде.
Үшіншісі байлықты есептегіш,
Жер бетінде не барын білген тегіс.
Төртіншісі су жорға пәлсападан
Аплатоннан ақылы соқпас кеміс.
Бесіншісі белгілі орда досы,
Омарханның оң қолы болған осы.
Әділ билік ел-жұртқа айтарымда,
Отырады қасымда ақыл қосып.
Алдыңда отыр, көрдің бе бесеуі де,
Арнап жыр айт, сен қазір бесеуіне.
Өлеңменен мақтауын жеткізбесең
Үмбетәлі тіліңді кеседі де.
Алдыңда отыр, көрдің ғой бесеуі де,
Өлеңменен мақтау тап бесеуіне,
Таба алмасаң мақтауын бесеуінің
Үмбетәлі көзіңді теседі де, -
– Кесем десең кесе бер, тілімді, хан,
Тәңірім саған салмасын күнімді, хан.
Үркіткенге қорқатын кім деп едің,
Тілім барда айтамын шынымды, хан.
– Кесем десең кесе бер, тілімді, хан,
Тілім барда айтамын мініңді, хан.
Тыңдап болып, тауыңды құлата бер,
Есіт әуел айтатын сынымды, хан.
Кесем десең кесе бер, тілімді, хан,
Қорқытсаң да айтамын мініңді, хан,
Жамбылдың да жоқтайтын ел-жұрты бар,
Қағып алар оп-оңай жыныңды, хан!
Ал, тыңдай бер сөзімді, лепірген хан.
Елден аулақ тауға кеп бекінген хан.
Мен айтайын сезімді, сен тыңдай бер
Бес кісімді мақта деп жекірген хан.
Бір қымбаттың мынау ғой ғалым деген,
Омархандай атаңның нанын жеген.
Жұрт білетін қазақта бір нәрсе бар,
Ғалым емес бұл кісінің залым деген.
Тағы бір сөз бізде ұры деген,
Құлқынының бұл кісі құлы деген,
Айтқанының адамға бәрі өтірік
Қытығы жоқ бетінің сірі деген.
Әкеңді де алдаған ғалыммын деп,
Бұл дүниенің бәріне мәліммін деп.
Сені де алдап бұл суайт отыр екен,
Озып келген әріден кәрімін деп.
Көп тіл білем дегенге алданыпсың,
Арам сөзін суайттың малданыпсың,
Өмірде бір шын айтып көрген емес.
Аулақ жатыр аулынан ар - намыстың.
Қуанарлық түгі жоқ қайғырарлық та,
Құмар бопты жасында айғырлыққа.
Қартайды деп аясаң өзіңде ерік,
Жарата бер жарбаңшыл маймылдыққа.
Тарихшылық мынау ма? Қайдан келген?
Біз білмейтін қайдағы жайдан келген?
Бақа басты, жылан көз біреу екен,
Қай жерімен саған бұл тіреу екен.
Біздің елде осыны көп айтады,
Жынды бопты жасында деп айтады,
Омарханның қалдырған мылжыңы деп
Жақсы болса қырғыздар неге айтады?
Өтірікті соққанда саспайды екен,
Бөркін жұлып басынан тастайды екен,
Мың жыл бұрын өткенді айтамын деп,
Жұрттың миын қатыра бастайды екен.
Бұрынғылар болған деп асқан алып,
Сөйлепті ғой ордаңда жинап халық,
Бір жілігін түйенін көрсетіпті,
Атамыздың сүйегі деп мақтанып.
Бір сөйлесе тоқтамай бөседі екен,
Желіккен соң желдей боп еседі екен,
Болдырғанша былшылдап баяғыны
Әбден даусы шиқылдап өшеді екен.
Ең білгірің мынау ма шаруа санын?
Білгірлігі бір түрлі далбасаның.
Елің біліп айтады - естіп келдім,
Жамандасам жағама жармасарын.
Арық қараң жасында бұзық бопты,
Жақсылардың жасағын бұзып бопты.
Омарханның жауы деп жұрттың бәрін,
Бір көгенге шетінен тізіп бопты.
Бұл қараңның ниеті бұжыр екен,
Іш толған ыза мен қыжыл екен.
Сұмдықтармен, сұмдармен ұжым екен,
Кесіп алса басыңды мүжір екен.
Алыс қонып аулынан адалдықтың,
Дәмін татқан жасынан харамдықтың,
Енді бүгін есепшіл бола қапты,
Көзін бояп тал түсте тамам жұрттың.
Кесіп алса қан шықпас кешірімсіз,
Көремісің сұп-сұр боп отыр үнсіз.
Айтпады деп жазғырма көре тұрып.
Жарға итеріп кетеді мұндай құнсыз.
Аплатоның мынау ма безектеген,
Қымыз бенен бозаны кезектеген.
Күшігіңдей тазы иттің сумаңдайды,
Көргенім жоқ бір қырғыз сөз етпеген.
Сұмдық дейді бұл сарың тілі тәтті,
Сырты жұмсақ болғанмен діні қатты.
Мұстан деген баукеспе ұрыменен,
Ташкенге айдап жылқыңды талай сатты.
Серік дейді бұл сарың Мұстанменен,
Жұмысы жоқ ұятпен, ұстамменен,
Мұстандардың түн сайын қонағы екен,
Күндіз сенің ақылшың болады екен.
Мұстанменен екеуі сайтан екен,
Бірінен біреу асқан сайқал екен?
Түнімен боза ішіп бұзықтармен,
Саған кеп күндіз ақыл айтады екен?
Сенен менің сөзім жоқ жасырарлық,
Аплатонда айла көп асырарлық,
Тартып жүрме сазанды ақылшыңнан,
Ұрылармен ордаңды басып алып.
Бесіншісі дедің ғой орда досы,
Отыратын өзіңе ақыл қосып,
Иде жатқан терідей былжыр екен,
Түкті аңғармас түрінен тұрмын шошып.
Қартайған соң байғұс шал қажыған ба,
Ұсайды екен сөзі де алжығанға.
Байлап берсең бұлқынар қайраты жоқ.
Кете берер сиқы бар қанжығамда.
Жаны жоқ қой өзінің кеудесінде.
Мұндай досты құдайым бермесін де.
Омарханның тұсынан бермен қарай,
Бір еркекпен жарап па белдесуге?
Жылқы болса семіртіп сой дер едім.
Сорпасына құрт қатқан той дер едім.
Бір кәрінің алдына қалтақтаған.
Сый таяқпен шекесін қой дер едім.
Неңе сүйеу болады бұл түрімен.
Қашанғы орай бересің елтірімен?
Күл шығарып, су тасып, отын жағып.
Отырсын да үйінде кемпірімен.
Айтып болдым, жас мырза, расымды,
Мен айтып ем бұлардың сыры ашылды.
Жалған десең жақта да, ағартып ал,
Сосын маған қыла бер қыласыңды.
Бесеуінің құны жоқ бес бұзаулық.
Ойлағаны бәрінің саған жаулық,
Бәлелерден басыңды аулақ сақта,
Керек болса өзіңе есен-саулық.
Босқа мәз боп мақтама бұларыңды,
Бұлар сенің күтеді құларыңды.
Қазып қойып қабырыңды той жасайды,
Сезе қалса мезгілсіз сынарыңды.
Мақтамадым, мақта деп зорласаң да,
Қара көңіл ағармас қорғасаң да,
Тағы қандай сының бар мен өтетін,
Жығам ғой деп Жамбылды дәмететін.
Шақырсаң да шығамын жекпе-жекке,
Өзің мақтап өзіңді желпілдете.
Сұраншының ұрпағы сайыста өлсе,
Қалай айтпақ қырғызға қазақ өкпе!
Елден шығар алдымда түс көргенмін,
Бір ғажайып түсімде іс көргенмін,
Сұраншы атам түсімде сүйіп мені,
Баян етті сарқылмас күш бергенін.
Маған айтты:
– Ей балам, саспа, - деді.
Бағың асса мақтанып таспа, - деді.
Ер жігіттің қылығын баста, - деді.
Сынасатын күн туса қашпа, - деді.
Саған қалды күзетшім - жолбарысым,
Жолбарысым болады қорғанышым.
Қорғаушыңа қалдырдым азулымды,
Кездесетін қатерлі жолдар үшін.
Атам берген жолбарыс,
Жолға шықты менімен,
Жол бастаған жолбарыс,
Жонға шықты менімен.
Орнын алды азулым
Омарханның төрінен,
Тұлғасына қарашы
Аждаһадай керілген.
Азуына қарашы,
Тасты бордай кемірген,
Білегіне қарашы,
Тең келеді темірмен,
Тырнағына қарашы,
Бес қанжардан өрілген.
Атам берген жолбарыс,
Жолдас болды жасымнан,
Қан төріне шыққанша,
Орын алды қасымнан,
Жолбарысым барында,
Сөз асырман басымнан,
Жау қақпайды бетімнен,
Найза өтпейді етімнен,
Жыға алмайды алысқан,
Оза алмайды жарысқан.
Деп Жамбыл оқ жыландай атып тұрды,
Қырандай Қырымға ұшар бір жұлқынды,
«Жас мырза, көріскенше аман бол» - деп
Ордадан ойнай шығып атқа қонды.
Ордадан ұйлыққандар тарамапты,
Бұрылып бір-біріне қарамапты.
Жамбыл мен жолбарысы кеткенше ұзап,
Артынан көз тастауға жарамапты.
Ақынды жасқанбайтын, жалынбайтын,
Егессе тәңіріге де табынбайтын.
Қып-қызыл өрт жолбарыс кетті бастап,
Жарқ етіп жан-жаққа бір өтті ойқастап.
Кетіпті содан кейін Ақмаралға,
Жеткенше ол Ақмаралға тоқталар ма,
Алты аға бір кісідей қарсы алыпты,
Келді деп Жамбыл ақын жар салыпты.
Келді деп Жамбыл ақын жар салыпты,
Жамбылды Ақмарал қыз қарсы алыпты,
Ақынды ханзададай күтіп халық,
Сый-құрмет жасалыпты қаншалықты...
Атанған алты ағайын - алты бөрі,
Сыйлайды алтауын да туған елі.
Қадаулы босағада найзалары,
Босамас ерттеулі аттан белдеулері.
Өздері отырады бөлек жайлап,
Көксемсер, садақтарын қойған сайлап,
Алтауы бір кісідей қонады атқа,
Ащы ұран «аттан!» - даған жетсе айқайлап.
Үйренген шеттерінен қанжар қайрап,
Жау десе жанған оттар шығар жайнап,
Ән-күймен түндерді оңай өткізеді,
Отырса тең құрбымен күліп-ойнап.
Ақмарал - алты ағаның сүйкімдісі,
Алтаудың Ақмаралсыз жоқ ұйқысы.
Қайғырып алтауы да қалтырайды
Сәл ғана қабақ шытса алтын құсы.
Осы алтау алды Жамбыл досты
Өнершіл өңшең жастың басын қосты.
Дуылдап айтылып әні, жыр жырланып,
Сөнбеді он күн ұдайы түнде жарық.
Сөнбеді он күн ұдайы түнде жарық,
Көрмеді ән менен күй бір тоқталып.
Жамбыл мен Ақмарал қыз кезек жырлап,
Қызық пен қуанышқа батты халық.
Ақыры ән тоқталып, жыр тоқталып,
Гулескен үйді үйіне кетті халық.
Қоштасып, құшақтасып алты ағамен,
Жамбыл да қайтар жолға шықты аттанып.
Аттанды он қызымен Ақмарал да,
Жас арман шарықтамай тоқталар ма,
Жамбылдай жас мейманмен қоштасқанда,
Көңілінде дақ қалар ма, от қалар ма?
Кім білсін уақыт озса не боларын,
Болжауға болашақты жетпейді әлім.
Дәл қазір лапылдаған сұмдық жалын,
Келеді екеуінің өртеп жанын.
Екеуі ат құлағын теңестіріп,
Келеді екпінімен жел естіріп,
Барады екеуін де жұтып қабат,
Құлзымдай қарауытқан көмескілік.
Бір кезде - Жамбыл аға,- деді Ақмарал,
Айтайын - ақ сырыма құлағың сал.
Ішінде алты ағаның өстім сыңар,
Жылауға, күлуге де болдым құмар.
Көңілім басылмады аласұртқан,
Атылған от іздедім қара бұлттан,
Бораннан бұрқыраған, ән сұрадым,
Айрылдым қаршадайдан балалықтан.
Қуандым жел жыласа, мұз құласа,
Жапырақты жынды құйын жұлқыласа,
Қуандым өртті көрсем жалақтаған,
Бетіне тірі жанды қаратпаған.
Кеудеме дауыл кірді, жауын кірді,
Баурымды жылан жалап қабындырды,
Жыр мені жастайымнан жын боп буды,
Сарынын бақсылардың сағындырды.
Қызықтым кемпірқосақ өрмегіне,
Тасқынның тасқа салған өрнегіне.
Нажағай жалтылдаған сайтанды ұрса
Менің де айналатын ермегіме.
Сайтанның күлуші едім сасқанына
Аспанда алас ұрып қашқанына.
Нажағай сұм сайтанды ұстай алмай
Соғатын құздың бұж-бұж тастарына.
Сондайда кеудемде күй күрілдейтін,
Жалыны жүрегімнің дірілдейтін.
Көңілімнен жыр топаны ақтарылып
Кірпігім түндерде ұзақ ілінбейтін.
Бойымды билеп сонда бір сұрапыл,
Қалшылдай, балғын кеудем қысылатын.
Қолыма тәңірім қомыз ұсынатын,
Аузымнан сұңқар сөздер ұшыратын.
Тәкаппар, бой сұнбадым әдетке мен,
Сыймадым жұрт сиятын әдепке мен.
Ешкімнің кешірімін тілемедім,
Ешкімнен қайырым, мейірім дәметпедім.
Күттім мен ғашық болып бір жігітті,
Сол жігіт күнде маған көзін тікті.
Көрдім мен оны кілең көк тұманнан,
Көрдім мен көзін оның от боп жанған.
Қалмады ол ояуда да, түсімде де,
Ол менен көзін бір де түсірмеді.
Мен оған жақындасам, ол алыстап,
Көрмедім бір рет те қолын ұстап.
Зар айттым оған қанша, жыр арнадым,
Оны мен сәл көрмесем тұра алмадым.
Онсыз мен титтей де өмір сүре алмадым.
Жер басып тірі адамша жүре алмадым.
Бір күні көзімнен ол болды ғайып.
Шашымды қара түнде қалдым жайып.
Көк тұман ғашығымды қойды жұтып,
Бірақ мен көргенім жоқ оны ұмытып.
Егестім тағдырға мен, жыламадым,
Бағымды бал аштырып сынамадым,
Бекіндім іздеуге оны бел байладым.
Болар деп соңы қалай ойланбадым.
Ерттім де қыздарымды атқа міндім,
Білмедім не берерін келер күннің
Қалмадым соңынан тек жақсы үміттің
Сол жігіт, Жамбыл аға, сен боп шықтың!
Ақмарал тұншыққандай қалды үндемей,
Бейне бір бітелгендей алтын көмей.
Дөңгелеп Жамбылдың басы айналды
Жығылмай ат үстінде әрең қалды.
Жығылмай ат үстінде әрең қалды,
Лаулаған жүрегінде от тұтанды.
Бетінің қаны қашып, сұрғылт тартып,
Өз зарын о да қызға айтты шалқып:
– Ақмарал, жалғандық жоқ бір сөзіңде,
Көзіңде, көңіліңде, мінезіңде.
Сезгіштік, аңғарғыштық, көрегендік,
Тамылжып түгелінен тұр өзіңде.
Ақмарал, сен ауырсаң мен де ауырдым,
Қойнында кеп күрсіндім ауыр мұңның.
Тек қана бір сен үшін туыппын мен,
Тек қана, жаным, сені іздеп жүрмін.
Ғашығым, қайдасың? деп сұрадым,
Қайғыдан басым қатты, қансырадым.
Ғайыптан даусыңды да сан естідім.
Табам деп талабымды қамшыладым.
Дүниенің көрдім ауыр, жеңілін де,
Сен ғана жетпей жүрдің өмірімде.
Ұмыттым не жақсыны, не жаманды,
Сен ғана шықпай тұрдың көңілімде.
Таппадым ойдан уақыт бос болатын,
Аузыма көпке дейін түспеді атың.
Сұм тағдыр туыпты ғой екі айырып,
Қағатын бір сұңқардың қос қанатын.
Жүруші ем жалғызсынып өзімді өзім,
Тесіліп кететіндей тозған төзім.
Сұм тағдыр қойыпты ғой екі айырып,
Көретін бір сұңқардың екі көзін.
Қайт дейсің? бұйыршы өзің, болшы әміршім!
Жұмсай бер сынар жерге адам күшін.
Әзірмін сен бұйырсаң қан төгуге,
Әзірмін жан беруге сенің үшін.
Ақмарал, батыр да сен, ақын да сен,
Жіберме мені алысқа мақұл десең?
Қалайын маңайыңда үнсіз мәңгі,
Тасташы мені тас қып қатыр да сен.
Жүрейін маңайыңда тірі болып,
Тілі жоқ жамандардың бірі болып.
Ордасын Омарханның күзетейін,
Күйеуің ханзаданың құлы болып.
Әйтпесе алаңдамай менімен кет,
Даламның тұрағы жоқ желімен кет.
Дариямның тылсым бұған сеңімен кет,
Тауымның дүлей - долы селімен кет!
– Жоқ, Жамбыл, мен қаламын, сен кетесің,
Қоштасып көз жасыңды көлдетесің,
Бір көріп, бір-ақ сүйіп айырылысқан,
Жандардың жырын ұзақ тербетесің.
Жас жандым, жастай сөндім, жастай сындым,
Басынан түстім құлап биік шыңның,
Аңсаған арманымдай сені көрдім.
Алдында басымды енді иіп тұрмын.
Алып кет жалынымды, жүрегімді,
Алып кет жырым менен жігерімді.
Сүйіп кет, үмітімді суытпай кет,
Дүниеден үздірмей кет күдерімді.
Барымды ал, тек тастап кет сүлдерімді.
Күншілдер көрсін тірі жүргенімді.
Ернімнің қатты сүйіп қанын әкет,
Жүрмесін итше жалап кім көрінген.
Сөз тыңды сынған желдей, тынған көлдей,
Тағдырға тұра алмайды адам көнбей.
Қоштасты құшақтасқан екі боздақ,
Қосылып бір ошақтан жана бермей.
Қосылып бір ошақта жана бермей.
Күл боп ұшырар қара бермей,
Қоштасты құшақтасқан егіз аққу,
Қайрылған қанаттарын қаға бермей.
Жалғыз кеп, Жамбыл тағы жалғыз қайтты,
Жарқ етіп өшкен үміт тым мұңайтты.
Балқытып Алатауды зарлы әнімен
Тас жолға төгіп жасын өлең айтты:
– Қош, сәулем, күн дидарлы Ақмаралым,
Шыққанша ұмытпаспын шыбын жаным.
Қалдың сен, жүрегіңді кеттім алып,
Тұрарсың қиялыма құйып жарық.
Айтарда бұл өмірдің қиын әнін,
Мен енді саған ғана сыйынамын.
Жүрсем де қандай күйде, қандай жолда,
Тұрасың ақ сәулем боп көз алдымда.
Дем Жамбыл айта берді - ақтарылды,
Санамай атқан таңды, батқан күнді.
Сүйдім деп жүз жыл айтты Ақмаралды,
Ақ сәуле Алатауда өшпей қалды.
***
...Оралдың, тәте, Жамбылым боп кәдімгі,
Гулете келдің тағы да дауыл әніңді.
Кәнеки, ата, сақалыңнан бір сүйдірші,
Өзің де сүйші - аңсаған балақаныңды.
Айрылып қалып жүр едім, ата, табылдың,
Жаямын, саған қуанып алақанымды.
Кәнеки, Жәке, кеудеме басшы кеудеңді,
Жылытшы мына жаураған балапаныңды.
– Өзімдей ақын бола біл, балам, шалымды
Деп ұшырғансың ұядан балапаныңды.
Кәнеки, Жәке, даусыма қосшы даусыңды,
Жіберші демеп шаршаған балақаныңды!
О, шаршадым мен де, қартайып қалдым, Жәкешім.
Өсірдім мен де немерелердің әкесін.
Өтті ғой не бір сұрапыл жылдар лықсыған,
Жарық күндер де, жабық күндер де бықсыған...
Мейлі де кәзір «ата» дер болды балалар,
Жаңарды қауым, селдіреп қалды ағалар,
Шаш деген мынау - өзіңнің аппақ шашыңдай
Көз деген мынау - күнгірт әйнекке барабар.
Иә, қояйын, Жәке, қара басымның шағымын.
Ешкім де тежеп қалмайды уақыт ағымын.
Халықты айтсайшы көгеріп кілең тұратын,
Ғасырмен бірге басатын алып адымын.
Күшті ғой халық, құдіреті қандай тұрақты,
Қартаймас халық, океанның өзі сияқты.
Жәбір тартқанды жарық биікке көтеріп,
Лақтыра салады ұмытқандарды ұятты!
Айтпаған халқым Жәкем деп сені бекерге,
Жүз жылдық енбек дүниеден тегін өтер ме?
Мінеки, Жәкем, тағы да шықтың ортаға
Барлық жырыңмен Лениннің туын көтерген.
Қарашы, Жәке, қарашы мына далада!
Не деген ғажап, қадалсаң мейірің қана ма?
Жүз орман туды шайқала сыңсып ән салған,
Жүз қала туды жарығын жаққан жаңадан.
Жүз өзен туды біріне-бірі жарасып
Баяғы Аму, Сырдарияменен таласып,
Қолымен халқың Ертісті бұрды Аралға
Барады әне, Сарыарқадан да әрі асып!
Жүз теңіз туды аңызақ - аптап өтінде,
Жүз кеме жүзді әрбір теңіздің бетінде.
Жүз кеме кетті жұлдызға қазақ жерінен
Өзіңнің отты жүз жырың ғана секілді.
Жеріңе, Жәке, қызыға қарап күн келді,
Өседі гүлдер бір күндік емес, мың күндік.
Қазағың қазір қыран боп ұшты қияға,
Политбюроға да мүше боп бүгін үлгірдің!
Оралдың, тәте, Жамбылым болып кәдімгі,
Бастадың қайта баяғы боран сарынды;
Жіберші демеп, әніме қосшы әніңді,
Айқайлап елге айтайын мен де барымды!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мейрімім

  • 0
  • 0

Мейрімімнің шегі жоқ
Сенгенім мен сүйгенге.
От боп жанғым келеді
Жылуы жоқ үйлерде.

Толық

Ұлы ұстазға

  • 0
  • 1

Өзіңе зор ескерткіш соқтың шындап,
Мың жылдар мызғымастай мраморлап.
Жайдары шуағында көппен бірге
Жалынды жырларыңды тұрмын тыңдап.

Толық

Ленин бізге осылай деген

  • 0
  • 0

– Мен орнымды іздемедім биіктен,
Оны айтудың қажеті жоқ ешкімге,
Өзіңді өзің берік сақта,
Өзіңді өзің қымбаттатпа,

Толық

Қарап көріңіз