Өлең, жыр, ақындар

Бөдене таланттар мен Қажымұқандар

  • 14.04.2019
  • 0
  • 0
  • 4801
Өмірге даналыққа тамыр жіберген дара дарынды адам келгенін қалай білуге болады? Түк те қиындығы жоқ. Кілең орташа қабілет иелері мен жүн бастар сол адамға қарсы ұйымдасқан түрде күрес аша бастайды.
Джонатан СВИФТ

Шағын өлеңге екі ұзақ түсініктеме:
I
Сол кезгі нән тракторды екі артқы дөңгелегінен көтеріп, жүргізбей қоятын, 15—20 еркек жабылып майыстыра алмайтын ұзынша жуан темірді мойнына галстук етіп орай салатын, күш өрісін әлі күнге дейін бірде-бір қазақ қайталай алмаған, құлагер рухты даламыздың ұлы палуаны Қажымұқан біздің үйге келгенде, әкем өзінің бес жасар перзентіне, яғни маған сауын етіп отырған жалғыз ешкіні атып ұрып, ауыл қарияларын түгел жинап, қонақасы берді.

Тым ерке әрі тентектеу болғандықтан ба, төрде жамбастап жатқан, 215 килолық «тay адам» — Қажымұқанның үстіне шығып сырғанақ ойнағаным есімде. Сонда бетінен оты шыға ұялып, «Түс, ойбай, мұның не?» — деп ренжіген анама Қажекең «Баланың батыл қиялына тосқауыл болмалық» деп, менің қимыл-харекетімді денесіне шыбын қонған құрлы көрмей, кеңк-кеңк күліп, ауыл қарияларымен әңгімесін жалғай бергені санамда тасқа басылғандай жазылып қалыпты.

Кешкілік Қажымұқанды шығарып салған соң, әкем анама ризалықпен бұрылып: «Басқа әйел болса, жалғыз ұлға талшық етіп отырған ешкіні сойғаның қалай?» — деп қарсыла-сар еді. Кез келген пенде айта алатын сол сөздің сенің аузыңнан шықпағанына бақыттымын. Елдегі ізгі даралықты мойындамаған адамның бәрі де өз ұлтының өсуіне кедергі келтіреді», — деді.

ІІ
Бөдене — орташа салмағы 80—100 грамм тартатын, еті тәтті, үні де құлаққа жағымды құс. Адам баласы бұл жәндіктің жұмыртқасын да әуес ас санайды. Әйтсе де бөдененің етін, жұмыртқасын жеп жари қоймайсың, үнін тыңдап та құмарыңнан шыға алмайсың. Сондықтан да бөдененің аты — бөдене, оны шағын мүмкіндік көзі, шағын қабілет иесі деп бағалауға болар.
Қажымұқан-талант деп кімді айтамыз? Әрине, олар өте сирек, анда-санда жолығатын құбылыс, кей салаларда мүлде жоқ... Бір ғана мысал келтірейін: Талдықорған қаласына жақын маңда Нұрмолда Алдабергенов деген шаруашылық басшысы еңбек eттi. Ол өткен ғасырдың 50-60-жылдары ең артта қалған колхозды республикадағы ең үлгілі шаруашы-лық деңгейіне көтерді. Сол кезгі бірде-бір шаруашылықтың өңі түгіл түсіне кірмеген екі қабатты үйлер, сәулетті мәдениет ошағын, екі қатарлы жол салдырды. Шет елдерге шық- қан сапарларында Қазақстанда мүлдем өспейтін жеміс ағаштары мен өзгеше шешек ататын гүлдердің 39 көшетін ерінбей- жалықпай туған аулына әкеліп отырғызды. Елдік рухқа, ұлттық мүддеге жақын жүргендіктен Сәбит Мұқановпен, Бауыржан Момышұлымен, басқа да әдебиет, өнер қайраткерлерімен сырлас, дос болды. Ең кереметі осы бір ізденгіш адам қашанда өзгенің еңбегін бағалауға бейім тұрды. Басқалар болса «бір ауылға бір Еңбек ері жетпей ме, өзім бармын ғой» дер еді. Ол өзі басқарған шаруашылықтан 20-ға тарта Социалистік Еңбек ерін баулып, даңқ биігіне көтерді. Кейбір қызғаншақтар кең тынысты Қажымұқан дарынның әрелі істерін теріс бұрмалап, ұлтымызда қалыптасқан «дәстүр» бойынша КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Н.Хрущевке хат жолдап, дay тудырып еді, ол тағы да ең артта қалған шаруашылыққа барып, оны да аз уақытта алдыңғы қатарға сүйреп шығарды.

Міне, шаруашылықтағы Қажымұқан — талант. Бірақ қазіргі билік қоғамда өте сирек ұшырасатын Қажымұқан дарындардың ел арасында ерекше бедел жинап кетуінен қауіптеніп, оларды бөдене таланттардан төмен ұстаудың, қажет кезінде алаяқтарға жығып берудің сан түрлі жолдарын меңгеруде өзгеше қабілеттілік танытты.
Н. Есқалиевке

Ертелі-кеш ұлылыққа ауғанымен аңсары,
Біздің қоғам ергежейлі дарындардан шаршады...
Япырай, бұл не, ұлтымыз алыптықтан суынғаны ма?
Жүз қырық жылдай өтсе де
Қажымұқанның туғанына,
Күллі қазақ әйелдері жыл сайын жабыла толғатқаныменен,
Намысын өр кеуде еркек қуаттарға қорғатқаныменен,
Әкеле алмаған соң өмірге жойқын күш — жаңа Қажымұқанды,
Әр әйелдің өз күйеуіне өкпе қыжылы, назы тұтанды.
Әркім жеп-жеңіл, жеке салмағында чемпион атанса, бітті ме?
Иландырмас мені қырық килолық «бөдене» палуандар тіпті де...
Қажымұқан рухын иеленген далаға етуде бүгін иелік
Қанша мың бөдене бастықтар бөдене ойларға сүйеніп.
Материалды байлық тарландарын ғана құдірет, арыс көретін,
Перзентін бабасының тілінде оқытуды намыс көретін,
Тек өз қалтасына ғана лақылдап құйылар кірісті білген,
Шаршады халқымыз қуыршақ әкімдер мен министрлерден.
Қуыршақ заңгер, полиция, кәсіпкерлер қаптап келеді,
Ұлтына мұрнын шүйіріп, әдебиетін, тілін таптап келеді.
Тұйықтан шығар жол іздер жігері, санасы жалындап ерек,
Әр салада бізге дарабоз Қажымұқан дарындар керек.
Ергежейлі бөдене таланттар, жоқ сендерде болашақ таңы,
Қайдасың Қажымұқан шаруашылықтағы, ғылым мен саясатшы?
Тұлпар туған биені біздің ұлтымыз ешқашан соймаған,
Осы дара дәстүрде мазмұн бар тереңге басқаша бойлаған,
Қажымұқандық жоқ, қарадан ақ бөлініп сараланбайынша,
Қоғамда тұлпар ой туғызар еркектер бағаланбайынша.
Шындықтың әрбір ісіне жалғандық сақылдап күліп тұрғанда,
Бөдене ойлар тақымдап, билігі бар жерде жүріп тұрғанда,
Шықпас деп қазір кім айтар қайсар қанаттылар халықтан зерек?!
Рухтың табанындағы шөңгені алатын,
Жабайы капитализмді де жөнге салатын,
Қоянның көжегіне ұқсас ергежейлі қалыптан бөлек,
Қоғамға бүгін Қажымұқан қуатты дарындар, алыптар керек!..
Қажымұқандарсыз түзету мүмкін бе қазіргі сұрқай жағдайды?
Қажымұқандарын қолдамағаи халық биікке шырқай алмайды!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ғашықтар мұңы

  • 0
  • 4

Ар алдында, адал, ақпыз десек те
Сан сұрақтар алар кейде жағадан.
Мүмкін, бізді таңар шулап өсекке,
Мүмкін, бізді түсінбейді көп адам.

Толық

Биге неге шақырмадың?

  • 0
  • 0

Бірінші рет сені тойда көріп ем,
Күлімсіреп маған сәлем беріп ең.
Неге екенін мен өзім де білмеймін,
Орын алдың жүрегімнің төрінен, сәулетай.

Толық

Бақыт геометриясы

  • 1
  • 11

"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене,
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"
Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жомарттығы өзгелердің ырысынан жасалған.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер