Бұл бетте «Ыстық» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Мұнартады сағымды нөпір алап.
Ақ бесікке асылып отыр ана...
Ала бұзау құйрығын шаншып алып,
Айдалаға безеді оқыралап.
Мен өскенмін ат теуіп,
Түйе қарпып.
Бәрінен де даланы сүйем артық:
Жылқылары тұратын
Біреуінің
Мойынына біреуі иек артып.
Жүрсем де өзім паркте,
Жасыл бақта,
Жыр жазамын шөпшінің қосын мақтап.
Шаңқай түсте жатады бота-тайлақ
Ыстық құмға өтектей төсін қақтап.
Осы дала — қазақтың қимайтыны.
Әулиесі,
Бас иіп сыйлайтыны.
Босағада жатады бөрібасар
Кеуіп кеткен аузына сыймай тілі.
Сағым-теңіз,
Көлге емес,
Соған түстік.
Шомылар ма сағымға балам да өстіп!
Бәрі де ыстық:
Күн де ыстық,
Дала да ыстық.
Ал қазақтың құшағы одан да ыстық!
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі