Түрмеде
Құлнияз, Ырыс, Тілеу, Нұралы, Өте,
Бектерсің бір - біріңе туған тете.
"Жасарсын жанымдағы" дегендей-ақ,
Тұрсындар тәрбиелеп құрмет ете.
Қайнатқан суларыңнан қарасыңдар,
Бірлесіп бір - біріңмен жарасыңдар.
"Қалай, - деп, әр уақытта, - аға уақытың
Өтініш ойнап, күліп нәр ашыңдар.
Әбжаппар, Нұрмағамбет - екі інім,
Үйреткен ерлер едің елге білім.
Сендерді осындай деп есіткенде,
Жадырап, жайылып еді жаны - ділім.
Едәуір екі кітап ермек еді,
Отырып, ойым оқып көрмек еді.
Ішіңде елге айтарлық еш үгіт жоқ,
Өткеннен қалған текке өрнек еді.
Алғаным төрт жүгері толық айып,
Айыбымды өзім де айттым жұртқа жайып.
Тең көрмей төртеуін де айыптының,
Маржаның шұқырына қалдың тайып.
Тұрамын тұн болған соң қарауылда,
Күзетіп жатқан жандарды қарауымда.
Тыш десем әрі қарай, бері тышар,
Шатақ боп өскен шалдар әр ауылда.
Аштардың, Әбен ұғлы, тыңда арызын,
Тыңдайтын азамат ең сөз тәрізін.
Жатқалы тұтқын үйде жеті ай болды,
Тауысып тамақтарын, пұл мен қаржың.
Айдархан, Қалақай мен Нақып, Тарбақ,
Тұрсындар таптан озып, өте парлап.
Біз - дағы көк тұқылдың біреуі едік,
Сыналған ерте бастан елді шарлап.
Ер болсаң, елатыңның көтер назын,
Таппайсың тусаң бүтін, онан жазым.
Ортаға өңшең мерген алғанменен,
Айдынның Алла сақтар қу мен қазын.
Айырылып отыр ағаң орамалдан,
Орамал ойыма артық қора малдан.
Желпініп жаз уақытында отырмаса,
Шошынбайды шыбын, маса қона қалған.
Жоғалды, азаматтар, біздің қолғап,
Суықтан жүруші еді қолды қорғап.
Қолымды тоңғаннан соң, жеңге тығып,
Отырмын бұзып түсті, бұлттай торлап.
Бір түйір бер, Телекеш, тауып шекер,
Шекерсіз шайды, асылы, ішу бекер.
Қатынас қалайда да қылу керек,
Кең ойлы кездескен соң біздей екі ер.
Қадірден хат жолдадым Жүсіпбайға,
Ер едің ойы терең, тілі майда.
Сонда да себебі не, сөйлеші өзің,
Қинадың: "Қиял жаз!" - деп қысаң жайда?
Қайрылла, Үмбет пенен Жұмаш, Тұрсын,
Ойға өрен, ойлауымда, көзге нұрсың.
Біз көрген үй-іш түгел, отбасы аман,
Жақсы ма жағдайларың, неғып жүрсің?
Жақыпжан, жудырып бер көйлек, ыстан,
Әйелді тіліңді алар тауып тұстан.
Жылы су жуынарға болған емес,
Бет, қолды бері қарай осы қыстан.
Бектерім, божырамай белдерің бу,
Қар шөгер қайрат — асқар, тәуекел — ту.
Сабыр етіп, саясында отырсаңдар,
Құритын өз-өзінен уайым — су.
Пірмахан, болдың маған жар мен достай,
Көңілімді тұрған сайын, тұрдың қоштай.
Көркейіп көрсем сені, қалады көңілім,
Халқы үшін қазынадан шыққан қостай.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі