Есте жоқ ескі заманда ен даланы еркін жайлап, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешкен ел күтпеген бір нәубетке тап болады. Ел шетінен білінген қалың жылан ордасы көзіне көрінген мал-жанға шабуыл жасап, қырып-жоя бастапты. Небір ақ орда үйлерді сақиналап орап алатын жыландар күтірлете сыққанда күл-талқан етеді екен. Алып жыландардың қыспағына түскен атан түйелердің өзі танауынан қаны дірдектеп, аяқ серпуге шамасы келмепті.
Мұндай сұмдықтан дүрліккен қалың ел шошынып, бас сауғалай қашады. Тау-тасты, үңгір-оқапты паналайды. Бірақ жылан нөпірінен сонда да құтыла алмайды. Әсіресе осынау ордалы жыландардың көсемі — қос мүйізді айдаһар тірі жанға сауға таптырмайды. Оның қос мүйізі дем тартып, уытын шашқанда адамдардың еті ағып түсіп, саудыраған қу сүйектері қалады екен.
Әбден айласы таусылған адамдар құрып бітетін болған соң, Тәңіріге жалбарынып көмек сұрайды. Адамдардың зары Тәңірінің құлағына жетсе керек, кешікпей көктен белгі білінеді. Алдымен, аспаннан жолақ жасап жарық сәуле көрінеді. Сонсоң, сол жарық сәулені жол етіп, қос өркеш түйеге теріс қарап мінген Нұртөлі атты бала түседі. Баланың қолында аққу мойын қара қобыз болса керек, небір сиқырлы саз шығарып, күй төге келеді. Жер бетінен күйдің сарыны естілуі мұң екен, қаптаған ордалы жылан шиыршық атуын қойып, сілтідей тынады. Бұрынғы қан құмар обыр мінезін ұмытып, күйдің дауысын ұйып тыңдағандай болады. Осы кезде көктен түскен Нұртөлі қобызын сарнатқан қалпы Қаратеңізді бетке алып жүре береді. Оның соңынан күйді үздіге тыңдаған жыландар да қалмай жылжып, теңіз тұңғиығына бірге кіреді.
Сөйтіп, ен даланы еркін жайлаған халық иықтарынан ауыр жүк түскендей көңілдерін демдеп, қайтадан мұңсыз-қамсыз күйлерімен қауышады.
Адамдарға араша түскен Нұртөлі күні бүгінге дейін Қаратеңіздің астында тоқтатпастан күй төгіп отырса керек. Ал мүйізді аждаһа бастаған жыландар ордасы қобыздың сазды сарынын жалықпай тыңдауда көрінеді.
Нұртөлі қобыз күйін тоқтатпауға тиісті. Егер қобыз көмейінен күй сарыны үзілсе, жыландар ордасы қайтадан жер бетіне шығып, тіршілік атаулыға қырғын таптырмақ.
Нұртөлінің жыландарды күймен шақырып, соңынан ерткен сиқырлы сазын естіген бір құйма құлақ қобызшы кейін «Шақыру» күйі деп жұртқа жайса керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі