Өлең, жыр, ақындар

Бекболат би

Бекболат — қаракесек ішіндегі қазақ еліне даңқты қаз дауысты Қазыбектің баласы. Ол хан Абылайдың ақылшысы, сүйікті де сенімді биі болды. Басқа билер оны күндеп, ханнан айыруға әрекеттенді.

Бірде қаракесектер хан маңындағы төлеңгіттермен араздасып, олардың бірсыпыра жылқысын барымталап алады. Соның ішінде хан әулетінің бір үйір жылқысы кетеді. Бекболатты сүріндіргісі келіп жүрген билер ханға барып: «Мұны істетіп отырған Бекболат, ханда қадір болмаса, қара қазақта ұят болмайды, бұл бейбастыққа тыйым салыңыз», — деп ұсыныс жасайды.

Осы азғынды тілге еріп, Абылай қол жинап, қаракесектерге барады да, айыпты деген адамдарды тұтқындап, көп мал айдап қайтады. Жолшыбай бір жайлы жерге түсіп демалады.

— Арттарыңа қараңдаршы, ешкім көрінбей ме? — дейді хан жанындағыларға.

— Бұрқыраған шаң көрінеді, біреу мейлінше қатты жүріп келеді, — десті олар арт жаққа көз тігіп.

— Ә, суыт жүріп келе жатса, ол Бекболат болар. Бетін қақпаңдар, не айтса да сөздерін түгел ұғыңдар, — деп тапсырады хан билеріне.

Бекболат екен. Келген бетінде хан шатырының алдында ат үстінде, теріс қарап тұра қалады да:

Орал таудың ор түлкісі
Айнала қуса ит жетпес.
Орал таудың ақиығы,
Ақиық келсе, тек кетпес,
Сонда дағы мерт етпес, —

деп атынан түсті де, байлаулы жатқан жігіттерді шешіп алып, қайтып кетті. Хан үндемеді, басқалар кес-кестей алмады.

Бекболат адамдарын босатып алып, малдарын айдап кеткеннен кейін Абылай билерінен:

— Әлгінің сөзінен не ұғындыңдар? — деп сұрады. Ешқайсысы да ұға алмапты.

— Оның сөздері сендерге түсініксіз болса да, маған түсінікті, — деді хан, — «Орал таудың ор түлкісі ит жетпес» деп сендерді айтты. «Орал таудың ақиығы» деп мені айтты. «Келдің, ойыңа алғаныңды істедің, мені мерт қылма», — деді. Қазір айып-анжысын толықтырып алып келеді. Сендерге керегі олжа ғой, бөлісіп алыңдар.

Ханның болжамы дұрыс болды. Бекболат тоғыз-тоғыз айыбын Абылайдың алдына жайды да, зор құрметпен тәжім етіп, қолын алды. Содан әрі бұрынғысындай тату-тәтті өмір сүре берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз