Эссе және өлең-жыр байқауы

Қара жорға

Байдың жылқысын бағып, шаруасын күйттеген жалшы жігіт байдың жалғыз қызына ғашық болыпты. Қыз көңілі жігітте болғанымен, жалшыға тиюіне қыздың ағайын-туыстары ырзашылық бермейді.

Күндердің күнінде қыздан жігітке хабар келеді. «Әкем мені сүймеген адамыма атастырып, жақында тойымды жасап ұзатқалы жатыр. Егер уәдеңнен таймаған болсаң, ебін тауып, мені алып қаш», — депті. Не қыларын білмей, ақылы алпыс бөлінген жігіт ауылдың беделді ақсақалымен ақылдасып, жөн-жоба сұрапты. Жігіттің сөзін түгел тыңдап болып, ақсақал жауап қатады:

— Шырағым, талабың оңғарылсын! Бірақ біз ол байдың қызын байлықпен ала алмаймыз — дәулетіміз жетпейді. Батырлықпен де ала алмаймыз — күшіміз жетпейді. Тек, асқан ақыл-айла жұмсап қана ала аламыз депті. Сонда жігіт:

— Ақсақал, ол қандай айла? — деседі.

— Байдың Қаражорға деген атақты жорғасы бар. Егер сол жорғаны қапысын тауып қолға түсіре алсақ, жорғаның өзі де келеді, өзіне қоса қызды да әкеледі. Қыз өз еркімен келген болады. Біз сонда ғана бар жаласынан аулақ боламыз, — дейді.

— Мақұл, ақсақал. Айтқаныңызға көндім. Бірақ сол Қаражорғаны қолға түсірудің жолын айтыңыз. «Ер серігі — тәуекел», көрейін белді байлап, — дейді жігіт.

— Олай болса, қалыңдығыңа хабар айт. Ұзамай баратындығың жөнінен бір ауыз ишарат білдір. Бірақ ол сен барған күннен бастап төсек тартып жатып қалсын. Науқас адамның кейпінде болсын. Жағдайын сұраған жеңгесіне жауап бермей, тек шешесіне тілдесіп, бір ауыз тілек айтсын: «Мен жат жұртқа кетерімді біліп, құса болып жатырмын. Әкеме айт, кетерімнен бұрын туған-туыс аралап, қатар-құрбыммен көңіл көтеріп қалғым келеді. Маған, мінуге Қаражорғасын берсін», — десін. Және бұл әңгімені шешесі ауылдың қадірлі деген адамына айтқызсын. Әйтпесе, бай көнбес. Қаражорға әйел түгілі, ер адамның да тақымына берілмейтін қасиетті жануар еді, — деп қауіп айтады. — Ал Қаражорға тақымға тигесін қыз аттың басын бірден ауылға бұрмасын. Әуелі аттың табанын қыздырып, әбден бусандырсын. Өзің ілгері жүре бер де, ақырын күт. Қалғаны тағдыр-талайыңнан белгілі болар, — деген екен.

Жігіт ақсақалдың айтқан ақыл-кеңестерін түгел орындайды. Қыздың шешесі де әкесін көндіріп, ақыры Қаражорға қыз тақымына тиеді. Әрі-беріден соң табаны қызып, бауырын жазған Қаражорға маңдайын Тасқұдыққа беріп, бағыт алып жөнеп отырады.

Жолшыбай жігіт қалыңдығын тосып алып, елге сүйіншіге шабарман жібереді. Жігіттің тілеуін тілеп, жолын тосып тұрған ел-жұрт алыстан ала шаңның ішінен қарауытып ерекше көзге түскен Қаражорға ақыры бай қызының еншісі, дүниесінің басы болып, келген жеріне сіңіскен екен деседі.


Пікірлер (1)

Алимак. Улы КОСТАНАй

Осындай жазбалар коп болса жастарынта коиып окыр еди олардын миына ем болгары анык

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...