Ертеде халқына қайырымды бір хан болыпты. Халқына қайырымды болған соң, ханға төңірегіндегілер де құрметпен қарайды екен.
Ханның бар үміт-тілегіндей жалғыз ұлы болса керек. Сол жалғыз ұлы енді есейіп, ат жалын тартып міне бастаған шағында қайтыс болады. Жалғыз ұлдың мезгілсіз қазасы ханды қатты қайғыға батырып, көз жасы көкірегін жуады. Ақылы құмдай шашылып, қасірет шеккен ханды жұбату үшін аяқ жетер жерден небір ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен келіп, көңіл айтады. Қайғыны ақылға жеңдіруін өтініп, сабырға шақырады. Бірақ хан қайғыдан езіліп, тірідей солып, басын көтермей жатып алады.
Сол кезде, ел ішінде жұрттан асқан бір сыбызғышы болады екен. Ханның басындағы азалы халді естіп, арнайы ордаға келеді. Ел болып иіліп, жұрт болып жиылып, ханның қайғысына ортақтасып жатқанда мен де шет қалмайын деп ойлайды. Сөйтіп, ханға келіп, сәлем беріп, басу сөз айтады. Хан сол қалпы, сәлемге жауап қатпастан, іштей мүжіліп, өзімен-өзі болып, меңірейіп жатып алады. Сыбызғышы сәлемінің
өтпегенін көңіліне алмайды. Төмендеу жайғасып отырады да, құтысынан сыбызғысын шығарып, асықпай сарната жөнеледі. Бұрын-соңды тартылмаған тың сарын естір құлақты елеңдетіп, ғажайып сазымен баурай жөнеледі.
Сыбызғы үні ұзақ сарнап, уілдей өксіп, уһілей күрсініп, шер-шеменнің бәрін дыбысқа айналдырып жібергендей боздап келіп тоқтайды. Сонда хан төсектен басын көтеріп, сыбызғышымен амандасып, жоғары шығып отыруын өтініп еді дейді.
Сыбызғышы төрге шығып жайғасқанда, ханның қас-қабағын бағып жүргендер күйшінің иығына шапан жабады.
Міне, ханның қайғысын серпіп, басын көтерткен осынау күй ел ішінде «Хан жұбату» болып тараған екен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі