Алатаудың арғы жағынан жау қолы қаптап келе жатады. Жалайыр қариялары жан-жақтағы елге ат шаптырады. Бұл хабарды есітіп Қаратаудан Бәйдібек батыр қол жинап аттанады. Екі жақ Алтын емел жотасында тоқайласады. Әуелі жекпе-жекке шығады. Түйедей қара атқа мінген бір шойын қара ортаға шығады. Бұл қалмақтың Дөде батыры екен. Оған жалайырдың Алшынбай батыры қарсы жүреді. Екеуі найзаласады. Алшынбайдың қылышы қақ бөлініп, Дөдемен арпалысып жүріп мерт боп кетеді. Бәйдібек батыр:
— Енді кім шығады? — деп айқай салады. Найманның Шектібай батыры көк атын ойқастатып Дөдеге жетіп барады. Тағы айқас, тағы найзалас. Шектібай да дүлей Дөдеге төтеп бере алмай ауыр жараланып қалады.
— Тағы кім бар? — дегенде, жауға қарама-қарсы қаптап тұрған сарбаздар арасынан ешкім «мен шығамын» дей қоймайды. Әлден уақта намысқа тырысып, тай мінген талдырмаш сары жігіт:
— Мен шығар едім, бірақ мінетін жарамды атым жоқ, — дейді. Бәйдібек батыр:
— Мін менің атыма, — деп астындағы Ақбоз айғырын түсіп береді де, ол Дөдеге:
— Ал, батыр, біздің баламен шайқасуға қалайсың? — деп оны кекетеді. Дөде:
Мен баламен күреске шығатын бала емеспін! өзің кел! — деп гүр ете қалады. Бәйдібек:
— Келсең кел, өзім де сол сөзіңді күтіп тұр едім, — деп өзінің Ақбоз айғырына мініп, оған қарсы шығады. Сарбаздары: «Иә, Құдай, аруақ қолдай гөр!» деп тілеп, шуласады. Екеуі әуелі қылыштасады. Дөденің қара күші басым болғанымен, айла-тәсілі шамалы екен. Ол Бәйдібектің
шапқан әбжіл қимылына төтеп бере алмай әбден қан сорпаға түседі. Дөде бар күшін жинап алып, енді найзасын кезенеді. Бәйдібек те найзасын ыңғайлайды. Оның жастайынан жылқы бағып жүргенде, қарт жылқышылардан үйренген дағдылы бір әдісі — құрыққа ұқсатып найзасының ұшына шылбырдан қыл тұзақ байлап алатын-ды. Ол енді Дөдеге сол тәсілін қолданбақ. Мұны Дөде де, жау жағы да елей
қоймайды, онша мән бермейді. Екеуі ары-бері атойлап шауып, найзаласып жүреді. Бір уақта Дөде оған оқтала бергенде Бәйдібек оның бұғыдай мойнына қыл тұзақты шалып алып, ат-матымен сүйрей жөнеледі. Дөде қолындағы найзасын тастай салып, екі қолымен буынып бара жатқан мойнын босатып алмақ боп жанталасады. Бәйдібек батырдың темірдей тегеурінді қолы қоя ма, әне-міне дегенше Дөденің аттан ау-
дарылып түскен аюдай денесін жерге сүйретіп екі айналдырып тастайды да, жайына жүре береді. Сөйтіп, Дөде азаппен қылқынып жан тәсілім қылады: Бәйдібек қолы жауды түре қуып, тас-талқан етіп жеңіп шығады.
Байдалы
Кайран батыр бабалар