Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ойындары, фольклоры. Қазақ халқы бұдан кенде емес. Халық аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ, қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай. Оны айтып, ескеріп отыратын көнекөз қарияларымыздың да бүгінгі келбеті мүлдем бөлек. Ақ жаулығын таққан әже мен ақ сақалы мен тақиясы бар атаны бүгінде кезіктіру өте қиын. «Заманына қарай адамы» дегеннің әсері болар. Заман талабына қарай өзгере беретін болсақ, ұлттық құндылық түгілі, шыққан текті ұмыту қиын емес бұлай. Өйткені бүгінгі «заманауи» жас отбасылар ата-ана қадірі, туыстық байланыс, салт-дәстүрді біле бермейді. Барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бұның барлығын өте жақсы білетін де жандар жетерлік. Өйткені, олар «отбасы институтынан» тәлім алған. Сол алған білімді ары қарай өз ұрпағына үйретіп, үнемі қайталап отырады.
Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды»,- деген сөзі бар. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде оның ататегін қоса үйреткен жөн. Жан-жақты болсын деп бірнеше шет тілін үйрету, бос уақыты болмасын деп түрлі үірмелерге жазып қою бүгінгі күннің «тенденциясы» деп те айтуға болатын шығар. Өзге тілді үйренемін деп, ана тілін білмей шүлдірлеп жүрген талай қара домалақтарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сонда өз тілін білмеген бала өзге тілді қалай сыйлайды?! Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың өз алар орны бар екенін жас ата-аналар ұмытпаса екен.
«Ұлттық құндылықтар» дегенде бірден халқымыздың дәстүрлері есімі оралды. Қазақтың салты көп деп мақтанамыз, бірақ, солардың әрқайсысының мән-мағынасын жете түсіне бермейміз. Шыны керек, салт-дәстүрлердің көбісі адам өміріндегі қуанышты жағдайларға байланысты ғой. Ұл балаларға бөлек, қыз балаларға арналған бөлек дәстүрлер де бар. Адам өмірге келгеннен бастап «шілдехана», «бесікке салу», «қырқынан шығару», «тысау кесу», «сүндет той», «тілашар», «тоқым қағар», «бет ашар», «қыз ұзату» деп кете береді. Мен солардың бірнешеуіне тоқталып кетуді жөн көрдім.
«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, бір Қазақстанның өзінді әр салт әр түрлі орындалады. Мысалы, қазір қызды тойханадан сыңсу немесе қоштасу әнін айтып шығарып салу «сәнге» айналған. Қызды сағат тілі он екі болмай мейрамханадан алып кету керек деген заңды орнатып алған. Одан шоу жасап, бір-бірімен жарысып жатқандарда жоқ емес. Осылайша, бұл дәстүрдің мазмұны сәл өзгеріп кеткен десек болады. Негізінен, «қыз ұзатудың» түп-тамырына үңілсек, оның өткізудің жөн-жоралғысы мүлдем басқаша. Біздің өңірде, нақтырақ айтар болсам, Қазақстанның орталығында қызды таң бозарып атып келе жатқанда өзінің туып-өскен шаңырағынан ұзатады. Тойхана тек қуаныш пен күлкінің мекені ғана емес, сондай-ақ, төбелес, айқай-шу орын алатын жер. Ішімдік ішілген жерде адамнан арда да, ұятта да, құрмет пен қасиет жоғалатын ескерсек, «мұндай жерден қыз ұзату қажет пе?» деген сұрақ туындайды. Бойжеткенді қасиет дарыған, өзінің бақытты балалық шағы өткен киелі шаңырағынан неге ұзатпасқа?!
Кетіп бара жатқан қыздың алдына «жолы ашық болсын» деп, ақжол төсейді. Қазіргі кезде сол ақ матаның үстіне гүл жапырақтарын шашу деген бар. Мүмкін әдемі көрінетін шығар. Бірақ, қазақтың «көкті жұлуға болмайды» деген тыйымын бірі білсе, енді бірі біле бермесі анық. Жұлғаны аздай, аяқ астына шашу тіпті ерсі. «Көктей солып қалған» деген сөз тіркесі бар. Қыздың сондай болғанын қаламаса, сәндік үшін ойлап табылған бұл үрдісті қою керек.
Соңғы кезде ұзатуда қызды шығарып саларда анасы қызына сәукелесін кигізіп жатқанын көреміз. Тәуелсіздік алған жылдары халықтың жағдайы мәз емес кезде бұл дәстүр туралы біле бермейтінбіз. Ұлтымыздың санасы жаңғырған сайын бұрынғы игі салттар да қайта жаңғырып, қолданысқа келіп жатыр. Анасы қызына киелі сәукелені кигізген сәттен бастап, оның енді өз еліне қонақ екенін білдірген.
Сондай қайтадан өзінің жаңаша сипатын тапқан дәстүрдің бірі – Шарғы салу. Талай қазақтың тойы орыстың қалындық гүлін лақтыруымен өткенін білеміз. Қазір бұл дәстүрді өзіміздің ежелден келе жатқан «шарғы салу» дәстүрі алмастырып келеді. Бұл, әрине, көңіл қуантады. Аталған дәстүр бойынша, ұзатылып бара жатқан қыз артынан ерген сіңілісіне немесе жақын құрбысына өзі таққан орамалын сыйлайды. Бұл «ендігі жол сенікі» дегенді білдіреді. Ал қазір қыздар сіңілдері мен жақын құрбыларына ырымдап қолдарына үкі тағып жатады. Барлығы қырылып, шаш жұлысып бір гүлге таласқанша, осылай үкі тағынғандары қандай керемет.
Келесі сөз еткім келетін дәстүрлердің бірі – беташар. Бұл келін өз үйінің табалдырығын алғаш аттағанда орындалатын салт. Бірақ, еліміздің көп аймағында беташарды үйлену той болатын кезде тойханада істейді. Аты айтып тұрғандай беташар жаңа түскен келіннің жүзін көру үшін жасалатын ырым. Оның бетін ашу үшін де ауылдың ең таңдаулы деген әнші немесе жырауды шақыртқан. Ол келінге жаңа туыстарын өлең шумақтарымен келістіріп, таныстырған. Жаңа түскен келіннің сәлемін алған әрбір адам өзінің сүйіншісін берген. Кейін бетін ашып, енесі басына ақ орамал салып, үлкендер батасын берген. Келіннің екі жағынан сүйейтін әйелдер жесір, жеңілтек болмауы да ескерілген. Ал қазір үйлену той келін түскеннен кейін бір апта немесе бір айдан кейін болу мүмкін. Оған дейін келінді бәрі көріп, танып алады. Сонда бұл дәстүрдің түк реті болмай қалады.
Ұмыт болып бара жатқан салттардың бірі – жарыс қазан. Перзентхана болмаған кезде, әйелдердің үйде босанғаны тарихтан белгілі. Келін толғатқан кезде ауыл әуелдері жиналып қазанға ас салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғақ жеңіл болсын» деп қазан мен әйел толғағын жарыстырған. «Жарыс қазан» деген сөз осыдан шықса керек. Қазіргі жас келіншектерден сұрағанда бұндай салттың барын білметін болып шықты. Бұл дәстүрдің тарих қойнауына кетіп бара жатқаны өкінішті әрине. Әйтпесе, оның жас аналарға берер тәрбиесі де, пайдасы да мол.
Қалжа тойы туралы білесіз бе? Қалжа деген босанған әйелге арнап сойылған қой. Дүниеге сәби әкелу оңай шаруа еместігін ата-бабаларымыз ежелден-ақ түсінген. Әйелдің күш-қуаты азайып, ағзасы әлсіреп қалады. Сондықтан жас ана ерекше күтімді қажет етеді. Қырық күн бойы әйелге қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Жақсы қалжаланған әйел тез арада қуаттанып, үй тіршілігіне араласып кеткен. Қалжаны келіннің күйеуі не болмаса төркіні әкелген. Қалжа жеген әйелдің сүті құнарлы әрі жеткілікті, сәбидің ұйқысы тыныш болады. «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі» деген сөз содан қалған деседі. Бірінші күні келін қойдың мойын омыртқасына тісін тигізбей, қолмен мүжиді. Еттен тазартылған жұлынды таяқшаға бекітіп, керегенің басына ілген. Бұл баланың мойыны тезірек қатайсын деген ырымның негізі. Ал қазір қалай? Қазір жаңа босанған келінге қырық күн ет жегізіп, сорпа ішкізетін отбасылар кемде-кем. Заманауи «қалжа» бір күндік тоймен шектеліп қалады десем артық болмайтын шығар. Келін мен сәбидің сыбағасы саналатын қалжаны бүкіл туған-туыс жиналып асып жейді. Сонда әйелдің шілде терін шығарып, ағзасын қалпына келтіруіне мүмкіндік болмайды. Ал ол кейін өзінің кері әсерін беріп, әйел аурушаң болуы мүмкін.
Қазақ дәстүрінің ішінде қаймағы бұзылмаған салттың бірі – табақ тарту рәсімі. Отбасында құда күту, той-томалақ немесе қара жамылғаса да қазақ халқы ет асатыны белгілі. Алдында айтып кеткенімдей елімізде қанша облыс бар, сонда табақ тарту әдісін көруге болады. Әр жіліктің, әр сүйектің өз реті, әр табақтың өз атауы болған.
Осы табақтарға ат қоюдың өзінде де үлкен мән, зор мағына бар. Адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынасқа сай ас тартылған. Мысалы, «бас табақ», яғни, құдаларға арналған табаққа бас, жамбас, бел омыртқа, екі үлкен қабырға, сүбе, құйрық салады. Қойдың басын ұсынғанда маңдайын тіліп қояды. Оның өз себебі бар. Басты жалғыз адам жемеген, олай жейтін болса, жеке қаламыз деп есептеген. Соғым сойғанда, барлық ел-жұртты шақыртып, ақ батамен сойған. Басқа қосу белгісі іспеттес тілік салып қазанға салған. Бұл белгі басымыз қосылып жүрсін, бірлікте де тірлікте де бірге болайық дегенді білдіреді. Екінші «сый табаққа» бас, жамбас, кәрі жілік, бел омыртқа, сүбе, құйрық, одан кейін «орта табаққа» ортан жілік, бел омыртқа, екі қабырға, сүбе, құйрық май салынып тартылады. «Құдағи табаққа» жауырын, жақ еті, омыртқа, ортан жілік, сүбе, құйрық, «күйеу табаққа» төс, ортан жілік, омыртқа, сүбе, «қыз табаққа» асық жілік, мойын омыртқа, құйымшақ, екі қабырға, сүбе, құйрық май, «бала табаққа» асық жілік, жауырын, ортан жілік, қабырға салынады. Одан бөлек етті табаққа салудың да өз реті бар. Дәлірек айтатын болсақ, басты қонаққа қаратып ұсынады, жілікті табақтың шетіне не ортасына қою, жамбастың шұңқырын жоғары қаратып қою сынды қағида бар. Бұл тәртіп ұлттың мінезін, дәстүрін жоймай, жоғалтпау үшін жасақталған.
Ал қазір осының жөн-жоралғысын білмейтін жас ұрпақ өсіп келеді. Олар бұны ескіліктің белгісі деп есептейді. Қазір барлығы әйтеуір ет тартады да, қайсысы "бас табақ", қайсысы "орта табақ" әйтеуір бас пен жамбас салынса болды, үлкендердің алдына баратын табақтардың барлығы - "бас табақ", жастардың ортасына тартылған орта табақ есебінде тартыла береді. Сондай-ақ, етті турап алып келу дәстүрін көріп жүрміз. Бұл мүмкін уақыт үнемдеп, үстін бүлдірмеудің амалы шығар. Дегенмен, етті бүтіндей әкеліп, оның мерейін шығарып қонақтарға ұсыну бұрынғының салты. Бұл қонақтың қаншалықты қадірлі екенін көрсетеді.
Табақ тарту деген жәй ғана рәсім емес. Ол бірлік пен тірліктің, жақсылық пен молшылықтың нышаны. Осының барлығы отбасындағы ошақ қасында ұрпақтан ұрпаққа беріліп, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан ұлағатты ұғымдар, тәрбиенің негізгі бастау көзі. Әрқашан асты «дәнекер» дейтін халқымыз, жаңадан көшіп келген көршісіне де «ерулік табағын» апарады.
Дархан даланың кеңдігіндей халқымыз салт-дәстүрге бай. Ұлт пен ұлттың бір-бірінен айырмашылығын осы байлыққа қарап ажыратуға болады. «Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар», -деген сөз бар халқымызда. Заман дамыған сайын, ұлттық дәстүр де жаңаша сипат табады. Көнерген деп әр салтты шетке ысыра беретін болсақ, ұлттық құндылықтың қадірі кетеді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назабаевтың «Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық», -деген сөзі бар. Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр – ұлттық болмысымыздың көрінісі. Сондықтан, келер ұрпақ атадан қалған малды емес, сөзді, дәстүрді қадірлеп, оны ары қарай жаңаша үлгіде түлетсе екен деген тілек бар. «Салтын сақтаған ел жойылмайды» дейді дана халқымыз. Атадан көргенді қайталау ұят емес, оны біліп тұрып істемеу ұят болар.
Арайлым
жақсы