Қосар атпен келіп белдеуге түскен жігітті даяшылар ықылас білдіріп ордаға бастайды.
Ордада жатқан бай есіктен имене сәлем берген жас жігіттің бас-аяғына одырая көз салып:
— Иә, кім боласың? Жол болғай, — дейді қырылдаған дауыспен.
— Тақсыр алты алашқа Қарынбай атанған, тайлағы сансыз, тайы таңбасыз, қойы енсіз Бегеннің баласымын, — дейді.
Бегеннің аты шығысымен басын көтеріп құрмет білдірген бай, өзіне зор Бегеннің аты аталғанда, бейтаныс қонағына жалт ете түседі.
Жігіт белдеуге байлаған бір атты «әкемнің сізге сәлемдемесі» деген соң, жігітке бай оңаша үй тіктіріп, бірнеше күн күтеді.
Қонақ жігіт асқан домбырашы екен де, бай қызының домбырашы атағын естіп келген екен. Жігіт бай қызына өнерімен жағып қалады. Бірақ қу қыз жігітті бағып, сынаумен болады.
Бір күні бай қызы жігіттің ұйықтап жатқан үйіне келсе, жігіттің аяғы көрпеден шығып жатыр екен. Аяғының әр жеріндегі шақай бауы қиған мойыл көк бунақтарынан оның Бегеннің баласы емесін аңғарып, ендігі жерде бұрынғыдай райбай қатпайды. Ақыры жігіт қайтуға ыңғайланғанда, бұйымтай сұрай келген байға:
— Әкем мені лайық көрсе құда болсам, отауы мен еншісін, күңін қоса бір-ақ жолда әкеліп салып, қалың малын айдап қайтса деген еді, — дейді.
Мал дегенде аңсары ауып, Бекеннің жер қайысқан малының жарымын айдап алуға індіні кеткен бай:
— Ойбай-ау, ол не дегені, Бегеннің лебізін қалай ғана жерде қалдырайын, баламның бас-аяғын бүтіндеп, тоғанақтарыңмен жолға салайын, бірнеше күн аялда, балам, — дейді.
Сезікті қыз әкесіне өз ойын айтып қыңқылдай береді. Бұған көнбеген бай ақыры арттырып, тарттырып қызын ұзатады. Салт бойынша қыздың шешесі ілесе жүреді. Айшылық жолдан асып кеткен соң, жігіт қалыңдығына:
— Бегеннің есігіндегі бір жетім едім, бас құрауды қанша армандасам да қалыңсыз маған қыз қайда, ақыры осы бір әдіспен бір қарпып қалмақ болып өзіңді алып келемін, — деп шынын айтады.
Бұны естіген қыз көш басшыға:
— Тоғанақты түсіріңдер! — деп бұйырады. Отауды тіктірген соң, қыз домбырасын қолына алып, бір сұмдық күйді шерте бастайды. Күй тілімен қыздың ішкі ой дүниесін жігіт те аңғарады. Сонда қыз өзінің өкінішін домбыра тілімен:
Келіп едім Бегенге,
Бай Беген бар дегенге.
Тайлағы сансыз, қойы енсіз,
Тайы таңбасыз дегенге.
Қош, аман бол, ата-екем,
Қош, аман бол, апа-екем.
Енді маған сай қайда,
Түсіп кетем тереңге.
Енді маған сай қайда,
Енді маған сай қайда,
Бай Бегенге қыз беріп,
Қалың малды көп айда! —
деген сөздер айтылады. Қыздың шешесі істің нағына көзі жетіп, ертесі күйеу баласын шақыртып:
— Бегенге сәлем айт, келер жылы осы уақытта қалың малын айдап алуға кісі жіберемін! — деп жол ортадан қайтып кетеді.
Сондағы қыздың шерткен күйі кейін келе, ел ішіне қызды өкіндірген де, байды армандатқан да Беген деп «Беген» күйі атауымен тараған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі