Өлең, жыр, ақындар

Сырым сазы

Сырым батыр, сөзге шешен, би ақын, күйші, елдің елдігін, халықтың бостандығын армандаған бүкіл саналы өмірін соның жолында күреспен өткізеді. Сырым туралы ел жадында әдемі аңыздар, қызықты сөздер көп болған. Солардың бірі былай айтылады: Сырымның арғы атасының аты Шопан екен. Жорықта жауға жалғыз шауып, ылғи жеңіске жететін оны басқалары күндейтін көрінеді.

Күндерде бір күндері қалың әскер шөлге тап болып, оларды бұдан құтқарудың амалын ойлаған Шопан жапан түзде, жапан даладан шыңырау құдық қазады да бір тайды бітеу сойып, оның терісінен үлкен мес жасайды. Сосын қасындағыларға қарап: «Ал, жігіттер, енді біреулерің құдықтың ішіне түсіп, меске су толтырып тұрыңдар. Біз мына жақтан мал мен жанды суара берейік» дейді. Сол екен, мұның көзін құртудың сағатын күтіп аңдумен жүрген біреулер: «Міне, сәті енді түсті» деп қуанып кетеді. Сөйтіп, әлгілердің бәрі бірдей: «Ойбай-ау, Шопан жан-ау, оған жүрегі барып өзіңнен басқа кім түседі» деп шулап қоя береді. Оны қалғандары да қостайды.

Сөйтіп, Шопан құдықтың түбіне түседі. Мал мен жанды әбден суарып қандырады. Енді оның арқан тартып, құдықтан шығар кезінде сырттағы тұрғандар бірін-бірі азғырып Шопанды құдық түбіне қалдырып кетуге келіседі. Мұны сезген Шопан құ дық түбінен дауыстап: «Ал, жігіттер, мені тастап кетіп бара жатсыңдар, ендеше ағайындарға сәлем айтыңдар, мен шығарда әйелім ауыр қалып еді, ұл туса атын Дат қойсын» дейді. «Шопан жау қолынан қаза тапты» деп елге жалған хабар әкелген әлгі қаскөйлер Шопанның құдық түбінде тұрып айтқан сөзін көзін жұмғалы жатқанда бізге айтқан аманат арызы еді» деп жеткізеді.

Сонымен, дүниеге ұл келеді, оның атын ағайын Дат қояды, Даттан Сырым туады. Сырым сазы күйі көне сазға құралған, өзіндік табиғаты бөлек әдемі күй, күйде Сырымның жорықтары суреттеледі.


Пікірлер (2)

Nerry

Қызықты

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз