Өлең, жыр, ақындар

Бұлды құс

Қанша тырбанса да, еңбегі еш, тұзы сор болған, тіршілігі барған сайын кері кеткен бір кедей жігіт, ауыл-үйін тәрік етіп, өзінің бақытын іздеп жолға шығады. Келе жатып қақпанға түскен бір суырға кездеседі. Затында жүрегі жұмсақ, мейірбан пақыр, қақпанның езуін ашады да, суырды босатып қоя береді. Сол кезде тылсымның күшімен суырға тіл бітіп адамша сөйлеп береді. Ол: «Ей адамзат, сен маған үлкен жақсылық қылдың. Бағыма орай сен кездеспегенде, бүгін менің терім тұздалып айырға керілер еді. Біле-білсең, мен суырлардың патшасы Айдананың үлкен ұлымын. Екеуміз кәзір жердің астына түсеміз. Менің әкемнің алдына барамыз. Сол кезде менің әкем жақсылығыңның өтеуіне осылардың ішінен «қалағаныңды ал, қалағаныңша ал» деп бүкіл қазына-мүлікті ашып тастайды, жер қайысқан малын аралатады. Бірақ сен оның ешқайсысын алма. Бұлды құсты сұра. Ол құсты қайдан білесің десе, білсем болды емес пе, тақсыр, қалағаным осы деп сұрап тұрып ал», — дейді.

Жігіт суырдың айтқанын істеп, Бұлды құсты сұрап алып қайтады. Бұл құстың кереметі — ол кәдімгі арпа бидай, тары жеп алтын саңғиды екен. Сөйтіп, белшеден батқан қарыздан құтылып, өзін ғана емес, рулы елін де дәулетті, бақытты қылған екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз