Өлең, жыр, ақындар

Мен - бастауыш сынып мұғалімімін

Ақырын жүріп анық бас, 
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас, 
Үйретуден балаға, - деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз – ұлы тұлға, ұлы есім дегім келеді.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.  Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы.Ұстаз болу - бұл сөз мен үшін қадірлі, мен үшін құдыретті сөз. Өйткені, мен - бастауыш сынып мұғалімімін.

Қазіргі заман талабына сай мұғалімдер бір орында тұрмай үнемі ізденісте болып, өзі жаңа әдіс - тәсілдерді тауып, іс жүзіне асырып отыру керек. Сонда ғана оның еңбегі жемісті, нәтижелі болады.

Бүлдіршіндердің сабаққа деген қызығушылығын, танымдық белсенділігін, тіл үйренуге деген ынтасын арттыру үшін жаңа технологияларды қолдана отырып, инновациялық әдістермен жұмыс жүргізгенді жақсы көремін. Қазір жаңа технологиялардың түрі көп. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын қызықтыра оқыту көп нәрсені талап етеді. Әрбір бала-бір-бір әлем. Сондықтан, сабақ үрдісінде түрлі әдіс – тәсілдерді және сонымен қатар түрлі формаларды қолдануға тырысамын. Әсіресе ойын технологиясын көп қолданамын, бұл технологияны қолданғанда бүлдіршіндердің көздері жанып тапсырманы орындауға асығып отырады.Осы технологияларды сабақтарымда үнемі қолданып отырамын соның арқасында көздеген нәтижеме қол жеткізіп отырмын.

Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ер  жеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды.

Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі.  Мұғалімнің негізгі басты мақсаты - рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер хабарлаушы, бақылаушы, тексеруші,жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып,оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау-бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, мұғалім мамандығындағы менің парызым - алдыма білім алуға келген әр баланың қолынан жетектеп өмір жолының дұрыс бағытына салу, елімізді әлемге танытатын, ата дәстүрді құрметтеген, ең бастысы Отанын сүйетін, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөздеріне орай бәсекеге қабілетті, функционалдық сауаттылығы дамыған азаматты тәрбиелеу, осы жолда еңбектену, іздену, мақсатқа жету... Ал, көздеген мақсатқа жету менің қолымнан келеріне сенемін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз