Өлең, жыр, ақындар

Балалықтың – бал дәурені

Жетінші қара сөзінде Абай : «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі- ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, екіншісі –білсем, көрсем, үйренсем деген жан құмары» -дей келіп, баланың көргеніне талпынатынын, көзі көрген мен құлағы естігеннің бәрін білгісі келетінін жақсы сипаттайды. Шынында да, бала кезде бәріміз де дүниенің бар сырын танып –білгіміз келіп, алға ұмтылып, тезірек өскіміз келіп, үлкендерге еліктеп жүретініміз анық. Мүмкін, сонысымен де балалық шақты бал дәуренге теңеген болар?! Әйтеуір, үлкендер бала кездерін еске алса, еріксіз жымиып не қатты қиялға батып, қайта айналып келмес бал дәуренді аңсап жатады. Себебі балалық шақ – адам өмірінің ең аяулы, ең тәтті, ең қызық сәті. Иә, бал шақтың қадірін ерке кезде аңғармай өткізіп аламыз. Мен де қазір сол бір ата-анамның басымнан сипап, қыңқылдап сұрағанымның бәрін де алып беріп, асты-үстіме түскен кездеріндегі шат көңілім мен сәбилік еркелігімді еске алып отырмын. Сол кезде Мұқағали ақынның «Сәби болғым келеді» деген әні еріксіз еске түседі. Шынында да, «тұлымында күн сәулесі ойнақтаған, аузынан ана сүті арылмаған сәби» болу қандай бақыт десеңші, шіркін! Ата- ана үшін сол сәбидің амандығынан артық бақыт болмайды, бар әлем оған бас иіп тұрғандай. Бала кезде дос болу да оңай, дос табу да оңай. Себебі бала көңілі аппақ қардай тап-таза болады. Сол кіршіксіз сезімнен таза достық, жақсы ниет, адал көмек туындап жатады. Біреудің жылағанын көріп, өзі де жылай салатын да сол бала көңілі емес пе?! Сол сияқты қолындағысын ойланбай бере салатын ақ көңіл жомарт пен дарқан жүректің иесі де – көбіне тәп-тәтті балдырғандар. Олардың тілін айтсаңызшы! Ойындағысын іркуді не алдауды білмейтін балдай тілден шыққан сөз көпке дейін жанымызды жадыратып, жақсы көңіл күй сыйлап жатады.

Ендеше, сәбиінің қайтып келмес бал шақтарын қолдан келгенше бақытты өткізуге әр адам  талаптануы қажет. Әрине, бұған мемлекет те барынша қамқорлық жасап отыр. Елімізде «Балалар құқығын қорғау конвенциясы» сияқты  маңызды құжаттар жұмыс жасайды. Сонымен қатар балалардың оқуына, демалуына, өсіп-өркендеуі мен жан-жақты дамуына бар жағдай жасалған деуге әбден болады. Сонда балалық шақтың да, бақытты заманымыздың да қадір –қасиетін терең түсініп, оны барынша қорғайтын боламыз. бал дәуреннің, бал шақтарының естеліктерін қайта қарап, тәңірімізге тәубе етейік!

Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Абай ауылы
Абай негізгі шағын жинақталған мектебі
9 сынып оқушысы Шалғынбаев Жеңіс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз