Бұрынғы қазақ пен қалмақ жауынгер кезде, Абылай хан бірнеше батырларды ертіп Сырдария жақтағы халқын аралап кеткенде, Шынбай деген дұшпан астыртын келіп, Абылайдың елін шабуға қолайлы екенін, қалмақтың белгілі көсемі, шешен Қонташы ханға келіп айтқан. Сонан кейін Қонташы хан екі жүз жортушы жіберіп, Абылайдың елін шапқан. Абылай хан еліне қайтып келіп, қол астындағы халқын жинап, кеңес қылады.
Кеңесте Абылай көпке қарап:
— Қалмақтың атышулы көсемі, шешені Қонташы ханмен арбасуға, қайымдасу, қарсыласуға кімде-кім «мен» деп көп ішінде батыршылық етіп, қол көтерсе, сол барсын, — дейді.
Бірақ та бұл сөзге ешкім белсене шыға қоймайды. «Мен барамын» деп ешкім шықпаған соң, хан Абылай ашуланып:
— Қалмақ қазақтың басын кесе ме, неге үндемейсіздер? — дейді.
Сол уақытта Айдабол бидің баласы Тайкелтір мен Малайсары батыр:
— Біз барамыз, — дейді.
Хан Абылай:
— Алдарынан ай, арттарынан күн туып, жолдарың болсын! — дейді.
Ат-тұрман, қару-жарақтарын даярлап, жақсы-жақсы батырларын жүз елу кісі қосып, жөнелткелі жатқанын жетпіс бестегі қаракесек Келдібек би естіп, он алты жастағы асық ойнап жүрген баласы жас Қазыбекті шақыртып алып:
— Балам, кімнің ұлысың? — дейді.
Қазыбек жұлып алғандай:
— Атым — Қазыбек, әкем — Келдібек, руым — қаракесек,— дейді.
Келдібек би баласына сүйсініп:
— Олай болса, балам, атақ алғың келе ме?
Қазыбек:
— Ата, жақсының атын ерттеп, жатқа жақын болайын деп едім, — дейді.
Келдібек би баласына көңілі толып, азық-түлік, ат-тұрманын даярлатып, елу ақбоз атқа мінгізіп, елу жортуылшымен баласына:
— Жолың болсын, балам! Абылайдың алдына атыңның басын бұрмастан бар, — дейді.
Қазыбек атының басын бұрмастан Абылайға барады. Хан Абылай танымай:
— Қай ұлсың? — дейді.
Қазыбек:
— Тай бәйгесін қанағат қылмай, ірі ат бәйгесін іздеп жүрген Келдібек бидың ұлымын, — дейді.
Хан Абылай баланың жауабына сүйсініп:
— Балам, жолың болып, жолдасың Қыдыр болсын! — деп бетін сипайды.
Бастығы Тайкелтір болып үш жүз адам, осының ішінде бұғанасы қатпаған он алты жастағы жас Қазыбек болып үш жүз жортуылшы Қонташы ханның ордасына келіп, сыртынан сөз алады. Қонташы хан екі-үш күннен соң өзінің ордасына алғызып:
— Айтатын датын, шағатын мұңың не? — деп сұрайды.
Сол уақытта Тайкелтір батыр орнынан түрегеп:
— Өгізді өлеңге байладық,
Өзімізді төменге байладық.
Ақ қылсаң да, қара қылсаң да, ерік өзіңде,
Өзіңізге қарадық, ұнамаса тарадық, — дейді.
Бұл сөзге қарсылық болмаған соң Қонташы хан:
— Бүрсүгіні шалшы түске дейін хабар жауап болар, егер хабар жауап болмаса, бастарың аманында елдеріңді тап! — дейді.
Сол уақытта аяқ жақта отырған жас Қазыбек:
— Дат, тақсыр, — дейді.
Қонташы хан:
— Сөйле, — дейді.
Қазыбек:
— Мен — көмір,
Сен — темір,
Еріткелі келгенмін.
Екі елдің арасын
Теліткелі келгенмін.
Сөз бермейтін шешенді
Кеміткелі келгенмін.
Қуатты сары жалынмын
Жабысқалы келгенмін.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Шабысқалы келгенмін.
Танымайтын жаттарға
Танысқалы келгенмін.
Танысуға келмесең,
Сен тұратын жеріңді айт.
Сен — қабылан, мен — арыстан,
Алысуға келгенмін, — дейді.
Сол уақытта Қонташы хан отырған орнынан түрегеліп, қол құсырып:
— Сен кімсің? — дейді.
Қазыбек:
— Танымасаң, қаракесек Келдібек бидің баласымын, — дейді.
— Ендеше, балам, сенің дауысың қаз даусындай екен. Атың — қаз дауысты Қазыбек болсын, — дейді.
Сүйтіп, Қазыбек жауға түскен малдары мен адамдарын алып қайтып, осы сапардан қаз дауысты Қазыбек атанып қайтқан екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі