Өлең, жыр, ақындар

Телқоңыр (І нұсқа)

Қазақпен моңғол жауласып тұрған ерте кезде екі жетім бала болыпты. Екі жетімнің үлкені ештемемен шатағы жоқ жуас екен де, кішісі пысық, ән құмар, әрнеге әуес, домбырашы екен. Талапты жастың той-томалаққа барып өз өнерін көрсетуіне қолы қысқалық ете беріпті. Ауылдас бардам адамдардан бірер тайдың терін сұраса да, алмайды екен. Бір күні ол ағасына:

— Біз бүйтіп жүре бермейік, үйде көміліп отырғанша, Алтайдың арғы бетіне барып, бұтартар тауып келейік! депті. Ағасы да бұған мақұл болып, екеуі Алтайдың арғы бетіне жол алыпты. Екі жаяу жол бойы ел қыдыра ұзақ жүріп он бес күн дегенде, Саржайлауда жатқан қалқа еліне барыпты. Олар бір төбенің басына шыға келсе, құнан шаптырым жерде жазыққа қатар тігулі екі үй тұрады. Үйдің бірі алты қанат ақ боз үй де, енді бірі отау үй екен. Екі үйдің ортасына тартылған кермеде екі жылқы байлаулы тұрады. Екеуі әлгі жылқыны алуға торуылдап, көз байланар шақта ағасын әлгі төбеде қалдырып, інісі үй маңына барса, кермеде басына шылдырмақты ноқта салынған, аяғы ақ кісенмен кісенделген бір-бірінен айыра танығысыз, қамыс құлақ, алма мойын екі қоңыр ат байлаулы тұрады. Кісендеулі атты алып кету мүмкін болмағандықтан, інісі ақыры ағасын ертіп отау үйге жайын ел аралап жүрген адам бейнесінде баруға жақындайды. Олар үй сыртына келіп жабықтан баспалап қараса, үй ішінде екі бойжеткен қыз «Телқоңырдың жүрісі олай емес» деп, таласып отырғанын көреді. Үйде бас көтерер үлкен адамның жоқ екенін білген екеуі, не болса да осы қыздармен тілдесейік, тел қоңырды қолға түсірудің орайы туылар ма екен деген үмітпен: «Ассалаумағалайкум!» деп үйге кіріп келеді. Сонда от басында отырған қыз аңырып отырып қалады да, біреуі қолындағы домбырасын жүкке сүйей салып, қазан жақтағы сырлы сүйек төсекке шығып отырады. Екеуі ибадатпен төрден орын алады, үсті-басы жұтаң, жүздері жүдеу екі бозбалаға сәнді киінген кербез қыздар көз қырын сала қоймайды. Сөз тартып жауап ала алмаған екі бозбаланың бірі жүкте сүйеулі тұрған үкілі домбыраны қолына алып құйқылжыта жөнеледі. Қыз күй сарынына іштей қатты ынтығып, ұйып тыңдап қалады. Әсем күй көңіл көбелегін қалықтатқан қос бойжеткен, ақыры қос бозбаланы іштей ұнатып қонақ етеді. Олардан: «Ертесі аттануды, осы түнді күймен аттыруды» өтінеді. Бұған жігіттер мақұлдық береді, таң шеті сөгіле бастағанда екі қыздың көзі ұйқыға кетеді. Осы сәтті тосқан екі бала кереге басында ілулі тұрған кісеннің кілтін алады да, кермедегі Телқоңырды босатып алып, ноқтасымен жайдақ мініп Алтайдың бергі бетіне бір- ақ тартады. Қыздар тәтті ұйқы құшағында қала береді.

Отау үйдің қасындағы үлкен үйде ат иесі ақ сақалды шал бар еді. Байлығы мен салтанаты асып тұрса да, ұл баласы болмаған шалдың бар бақыты екі қызы мен тайынан баптап өсірген тел қоңыр аты екен. Шалдың ендігі арманы осы тете өскен қызын тел қоңырға мінгізіп, тете өскен екі жігітке қосу болатын. Сондықтан шал қыздарына құда түсе келгендерге: «осы шартым орындалса, қыздарымды қалыңсыз беремін», — деп сөз береді. Бірақ мұндай жер шыға қоймайды. Ағайынды жігіттер келген кезде шал қыздарына бөлек үй тіктіріп, өз алдарына сауық құрдырып қойған екен. Қыздар кейде тел қоңырмен саятқа шығып тұрса керек. Осы күні шал ерте намазға шыққанда, кермеде жаратулы тұратын тел қоңырды көре алмайды, үйге бейсауыт екі баланың келгенінен хабар тапқан шал:

— Е, Телқоңыр барар жеріне барып болған екен, бұйрығы болса кетпес, бұйырмаса келмес, алдырар күні жаздырар деген осы, енді Телқоңырды ұры әкеткенін елге дабыра етпей, хабарын үйден тосыңдар. «Сабыр түбі сары алтын», екі қызым қолымда тұрса, Телқоңыр қайта айналып қазығын табар, — деп бойын кеңге салып жата береді.

Жел тақым балалар желдей ескен жүйріктерімен ара қонып ауылына келіп те үлгеріпті. Сол кезде атақты бір байдың асы берілетін болып, төңіректің төрт бұрышына сауын айттырып «он атқа бәйге беремін, бас бәйгенің ауыздығына ат байлап, шабандозына асылдан шапан жабамын» деп хабар таратады. Екі жігіт тел қоңырларын осы бәйгеге қосуға баптайды. Күншілік жерге айдалған бәйгенің келетін уағы болып, елтөбеге топталып жолға телмірумен болады. Бір кезде қатар шыққан екі қара көрінеді. Әркім әртүрлі жорып, ел іші гулесіп жатады. Осыдан кейін байлар мен билер тел қоңырға ер-азаматтың құнын беріп сатып алмақ болады. Бірақ екі жетім тел қоңыр:

— Телқоңыр басымызға келген қонақ, нағашымыздың бәсіресі, сата алмаймыз, — дейді. Сөйтіп, қоңырдың бәйгесімен қорасына қой, өрісіне жылқы сала бастайды. Өстіп жүргенде ұлы той болып айтулы ат бәйгесі болады екен, бас бәйгесіне бес жүз қой атапты деген хабар таралады. Даяшы жігіттер оларды алдарынан шығып шеткері бір үйге түсіреді. Олар бәйгенің ертең айдалатынын айтады. Бірақ тел қоңыр мама ағашқа да тыныш тұрмайды. Екі жігіт аттарының бұл қылығына қайран қалады, ауаша байламақ болып шешіп алғанда, Телқоңыр оларды сүзе сүйреп, ауыл ортасындағы үлкен ақ боз үйдің белдеуіне бір-ақ барып тоқтайды. Төр алдын құралай отырғандарға құймалы сырлы тегенедегі сары қымызды шыбар қайыңнан жасалған қос басты ағаш шығырықты ожаумен көтере-көтере сапырып құйып отырған қара торы жігіт қана бір-бір шыныдан қымыз ұсынады. Отырғандардың ішінен аласа бойлы біреу жантайған қалпы басын көтерместен, есіктен кіріп-шығып жүрген той басқарушыға:

— Мына екеуі қай атаның билері екен менімен дастарқандас болатын, білгім келіп отыр? — дейді кекесінді пішінмен мысқылай сөйлеп. Сонда үйдің қақ төрінде отырған орта бойлы би басын көтеріп:

— Киімі жаман болғанымен кеспірі түзу жігіттер екен, қайдан білесің, өнері ішіндегі біреу ме? Дәм айдап дастарханымызға келген шығар, Оларға да кезек беріңдер! Көрсетсін өнері болса, — дейді кезекпен ән шырқап, домбыра шертіп сыбызғы тартып отырған өнерпаздарға қарап. Қолдан-қолға өтіп отырған домбыра ең соңында екі жігітке де тиіпті. «Қолыма домбыра бір тисе» деп бағанадан шыдамы таусылып отырған жігіт домбыраны құлақ күйіне келтіріп алып, бірде құйғытып, бірде шымырлата баяулатып, бірде шалқыта әуелетіп күйге басқанда,
отырғандар дән риза болып, оларға қымыз ұсынып «бәрекелді» айтыпты. Күмбірлете әуелеткенде бағанадан ел аңысын аңдап төсекте жатқан ақ мақтадай кәрия:

— Ой, қайран тел қоңырым-ай, қайта айналып қазығыңды тапқан екенсің ғой, Құдай айдап белдеуіме қайта байланған екен ғой! — деп басын жастықтан жұлып алыпты. Сонда отырғандар:

Тегінде, Телқоңырды екі бала алып кетіпті деген сөз бар еді ғой, мына екеуі солар болар болып жүрмесін. Айтыңдаршы растарыңды, өздерің қай ауылдан не ғып жүрген азаматсыңдар? — деп енді екеуінің жөнін сұрауға көшіпті. Өздерінің Телқоңырды қалай алып кеткені жайындағы бар болмысты баяндап, кәриядан кешірім сұрайды. Сонда кәрия:

— «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген екен атаң қазақ, кештім күнәларыңды. Осы ауылға неге келгендеріңді де біліп отырмын, тілеген тілеуім орындалды. Үлкен қызымды үлкеніңе, кішіңе кіші қызымды атастырып, ақ батамды бердім сендерге, той үстіне той болсын! — деп, алақанын жайып батасын берген екен. Міне, осы күй қазірге дейін осылай «Телқоңыр» атанып келеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз