Өлең, жыр, ақындар

Келісімге келтірілген қаһарлы сөз (VІІ нұсқа)

Абылай ханның заманында қалмақтың Қоңтажы деген ханы қалың қолмен келіп, қазақтың бейбіт жатқан елін бір шетінен шауып кетеді. Қоралы қой, үйірлі жылқы әкетеді. Құл етемін деп ұл әкетеді. Күң етемін деп қыз әкетеді. Елдің ақсақалдары, игілікті азаматтары: «бұл қорлық-зорлыққа қалай шыдаймыз» деп Абылай ханға келеді. Абылай хан кең пішіп, терең ойлайтын адам екен.

— Олай болса, елші жіберіп алдынан өтейік. Ісіміздің әділ екеніне бүкіл халқымыздың көзі жетіп отыр ғой, — депті.

Сол Қонтажы ханның еліне қазақ ішінен көп кісі жиналып, жүргелі жатады. Елшілерді шығарып салу үшін көп халық жиналды. Елшілердің басшысы болып Тайкелтір би де жүргелі жатады.

Ол кезде Қазыбек тайға мініп жүрген бала екен. «Ағаларға еріп, атшы болып мен де барайын» деп бала Қазыбек хан Абылайға арыз етеді.
Абылай сонда тұрып:

— Меселің қайтпасын, балам, бара ғой, — дейді. Сонда көп аттардың дүбірінен делебесі қозған Қазыбектің өзі мінген Телқоңыр тайды ортекедей ойнатып, шап-шап аспанға шапшытқаны Абылайдың назарын балаға тағы бір аударғандай болады. Тайға мінген баламен сөйлесуді қызық көрді ме, әлде баланың шалымын тағы бір байқайын деп ұйғарды ма, Абылай оны өз қатарына шақырып алып:

— Балам, атшы болғың келе ме, басшы болғың келе ме? —  деп сұрайды. Сонда тайшы бала көп кідірместен:

— Жол көрген ағаларым тұрғанда, қайдан басшы болайын. Атшы болсам да жарайды, — депті.

Абылай қарқ-қарқ күліп:

— Дұрыс-ақ, балам, дұрыс-ақ. Алғашқы жолың атшылықпен басталсын, — деген екен. Көз көрім жерге дейін елшілерді шығарып бір дөңнің басына келгенде Абылай аттанып бара жатқандардың бәрін тоқтатып тұрып, былай депті:

— Жау алдында жасық елдің адамына ұқсамаңдар. Көсем болып ел бастау, шешен болып сөз бастау, бәрінен де тағдырын шешетін сөз бастау оңай емес, — дейді. Абылай хан елшілерді шығарып салып тұрып:

— «Жауластырмақ — жаушыдан, елдестірмек — елшіден» деген ел тағдырын қылыштың жүзімен де, шешеннің тілімен де шешетін кез болады. Қайткенде де Қонтажыға құлақ кесті құл емес екендеріңді естен шығармаңдар! «Тауындағы түлкіні бабындағы тазы алар, тозғындаған аққуды топтанған қарға алар» деген, үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар. Орынды жерде кішілеріңді де тыңдаңдар. Басшыларың Тайкелтір би болсын. Атшыларың мына тайлы бала болсын. Атшыдан бастап басшыға дейін ел намысы үшін бара жатқандарыңды еш уақытта естен шығармаңдар. Қоңтажы икемге келетін болса, асықпаңдар. Егер икемге келмесе, қар суы кетпей келетін болыңдар. Ал, жолдарың болсын, барыңдар!

Елшілер «Қоңтажының елі, қайдасың?» деп жүріп кетіпті. Жолаушылар күні-түні жол жүріп, боранды күндерді бастан өткізіп, аязды күндерді аттарына қар тепкізіп, асулы белдерден, айдынды көлдерден өтіп, бір күндері қалмақ елінің шетіне жетіпті. Сұрай-сұрай ханның ордасына келіпті. Қоңтажы ақпанның сақылдаған сары аязында келіп жеткен елшілерді қонақ үйге түсірмей, қоңсыларының үйіне бөліп-бөліп түсіре салады. Ал тайлы бала тайынан түспей, аттарды күзетіп тұрып қалыпты. Оны ханның ханымы көріп тұрыпты. Қоңтажы өзінің уәзірлерін жиып алып ақылдасады.

— Анау тайға мінген баланы жібергені — мазақ еткені ғой. Осылармен сөйлесіп әуре болғанша түп-түгел қырып тастап, тыныш болсам қайтеді, — депті. Мұны уәзірлері де мақұл көріпті. Сонда ханның ханымы айтқан екен:

— Тай дегенің — тұлпар болмасын,
Бала дегенің — сұңқар болмасын!
Қазақ дегеніңіз қабырғалы ел,
Жүз жігітті өлтіріп, жай таба алмассың,
Жүз атты жылқыға қосып, бай бола алмассың!

Алдыңызға бір елден елші келіп отырғанда, хандық қалпыңызды сақтаңыз. Елшіні өлтіру бір елді қорлау болады, — дейді. Хан аз ойланып отырып:

— Олай болса, осы жүздің ішінде өзіме — өзі, сөзіме — сөзі сай адам болса, сөйлесермін. Болмаса, аман-сау еліне қайтарармын. Ертең елшілерді ордама келтіріңдер! Бет-аузын көрейін, көріп тұрып сыбағасын берейін, — депті.

Ертеңінде елшілер ханның ордасына келеді. Олар отырар-отырмастан-ақ буғарланған хан көлбеп жатқан аяғын жи мастан:

— Неге келдіңдер? — деп сұрапты.

Тайкелтір би шамалап сөйлейтін, жіптің артын бағатын адам екен. Ә дегенше ақтарылмай, ханның көкейін байқайын деген оймен:

— Әзізді өлеңге, ерлікті төменге балап алдыңызға келіп отырмыз, — деп сөзді ханға тастапты. Тайкелтір бидің кішірейе сөйлегені ханның мерейін өсіре, сабасына түсуіне жол ашады. Өзіне өзгені оп-оңай аузынан қағып, иііуіне көндіріп жаман үйренген тәкаппар хан:

— Кешке дейін бір жауап бермесем, ат-көліктерің аманында елдеріңе қайта беріңдер! — деп қолын есікке қарай сілтейді де, сөзді келтесінен бір-ақ қайырады. Кесімді сөзді не жалғай алмай, Тайкелтір би аз-кем кідіріп қалғандай болады. Сол кезде босағада отырған бала орнынан ұшып тұрып:

— Ел ебелек емес, ер көбелек емес, дат, тақсыр, — депті.

Сол кезде хан көзінің асымен сүзе қарап:

— Сен кім едің? — дегенде, бала кідірместен:

— Халқым — қазақ, руым — қаракесек, әкем — Келдібек. Атым — Қазыбек, — деп суырылып жауап береді. — Елде жүргенде балалардың басшысы едім, қазір ағалардың атшысымын. Тай бәйгесіне бірінші рет қосылып тұрмын.

«Айта түс» дегендей хан балаға өзінің алдын нұсқапты. Бала адымдай басып, ханның алдына барыпты да, оның көзінен айырмастан қарап тұрып, мынаны айтқан екен:

— Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,
Елімізден құт қашпасын деп
Найзамызға үкі таққан елміз.
Басымыздан намыс асырмаған елміз,
Атаның өсиетін балаға
Баланың айтатыны анаға.
Ерлердің анты осындай,
Арымнан жаным садаға!
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзымызды ақтай білген елміз.
Еңкейді деп, тақсыр хан, шалқая берме,
Асқақтаған хандардың
Ордасын таптай білген елміз.
Анадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Енеден қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қыз сенің тұтқыныңда отырса,
Оларды азат етпей еліміз тынбайды.
Сен қатты болсаң, темір шығарсың,
Мен көмір еріткелі келгенмін.
Сен қанатты ұшқан құс болсаң,
Мен қуып жетер сұңқармын.
Сен қабылан болсаң,
Мен — жолбарыспын,
Алысқалы келгенмін.
Жау тілегенге жасын түседі,
Табысқалы келгенмін, — депті.

Хан бажырайған қалпында тұрып қалып, сәлден соң есін жиғанда таңғалдыра:

— Батыр-ай, даусың қаздың даусындай қаңқылдап тұр екен. Сенің атың қаз дауысты Қазыбек болсын. Мына қасыма келіп отыршы, — деп хан балаға бір жағынан орын беріпті.

Сонда Қазыбек:

— Біздің елде үлкенді кіші сыйлайды. Ағаларым төрде отырса, елімнің төрде, ағаларымның төрде отырғаны. Менің төмен отырғанымның оқасы жоқ, — деп жалт бұрылып, орнынан қайта барып отырыпты. Аждаһамен алысқандай болып отырған елшілердің сонда ғана көңілі тыншып, дұшпан алдында мерейі үстем бола беріпті. Әлгінде ғана айбат шегіп отырған айбарлы хан қалбаң қағып, орнынан ұшып тұрыпты да:

— Елшілерді қонақ үйге апарыңдаршы, жол жүріп келді ғой, тынықсын, — депті.

Сөйтіп, ісі әділ елдің елшілері санатындағы бала Қазыбектің қиып түсер алмас қылыштай қаһарлы сөзі өрекпіген ханды қалбаң қақтырыпты. Қонтажы лажсыздан тұтқындарды босатып, тартып әкелген мал-мүлікті айыпшапанымен қайтарып береді. Жегенін қайта құсу ханға оңай болмапты. Шауып алып келген мал-мүліктерді түгелдей жинап болғанша көктем де келіп жеткен екен. Елшілер де аттарына қонуға айналады. Елшілерді құрметпен аттандырып салуға көп халық жиналады. Екі елдің адамы енді айырылайын деп тұрғанда бір жас жігіт келіп ханға арыз етеді:

— Мен жылқышы едім. Жылқы бағып жүргенде Қонтажының қолы бас салды, — дейді жылқышы, — тұтқын етіп осында әкелді. Келген соң бір уәзір үстімдегі тонымды тартып алды. Еркіммен бармап едім, ұрып тісімді сындырды. Астымда жалғыз атым бар еді. Мына қайтып бара жатқан жылқы ішінде көрінбейді. Күрек тісімнен айырылып, көркім бұзылды. Атымнан айырылып, ұйқым бұзылды. Халық, осыған не айтасыңдар?

Әлгі жігіт ханмен бетпе-бет тұр екен. «Хан енді қайтер екен, не айтар екен?» дегендей халық оларды қаумалай қоршап, ентелей түседі. Ойда жоқта айтылған арыз хан мен елшілерді тағы бір тығырыққа тірегендей еді. Алтын семсерін беліне байлап, жанат ішігі үстінде, қара қасқа арғымаққа мінгелі тұрған хан:

— Ат дегенің — сырты түк, іші боқ бір тай шығар. Тон дегенің — тоқтышақтың терісі шығар. Оны несіне сөз етіп тұрсың? Бітіскеннен кейін қол сынса, жең ішінде, тіс сынса, ауыз ішінде кете бермес пе еді? Қайта сөз қозғаудың не орны бар? — деп теріс айналыпты. Ханның сөзі жөн сияқты.

Елшілер тағы да ойланысып, аңырап қалысты. Сонда тайға мініп тұрған Қазыбек тебініп ілгері шығып:

— Қалайша тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде кете бермек?

Астындағы мінген ат — қанат емей немене,
Тоқтышақтың терісі — жанат емей немене,
Ауыздағы отыз тіс тіс — болат емей немене.
Қанатынан қайрылу, болатынан мойрылу,
Жанатынан айрылу оңай емес қой.

Табысқаның рас болса, еліміздің адамын қанатынан қайырмай табыс, болатымен мойырмай табыс, жаяу-жалаңаш жүре беретін ол сенің құлақ кесті құлың емес. Еліміздің ерікті ұлы көрікті болуға тиіс, — деген екен.

Хан көп алдында Қазыбектен оңбастай болып осылайша тағы бір сүрінді. «Жанатыңа жанатым» деп ол үстіндегі жанатын шешеді. «Қанатыңа қанатым» деп тұлпарын жігіт алдына көлденең тартады. «Болатыңа болатым» деп беліндегі семсерін шешіп береді. Жәбір көрген жігіт ханның
бергендерін қабыл алып, қара қасқа тұлпарға қарғып мінеді. Міне, осылайша қаз дауысты Қазыбектің халық намысымен қаһарлы сөзі қылышынан қан тамған қаһарлы ханды да дегеніне көндіріпті.


Пікірлер (2)

Сагат Жолымулы Жэпенов. sagat.zhapenov@mail.ru

Калай дегенде де, автор - акыл иесi. Бiрак, бул кiсiнiн макаласында боспе созден баска пайымы жок. (Эдет-гурып жагынан ойлап карасаныз, алдымызда: бала мен хан! кiшi мен улкен!) Казыбектiн ултшылдык пэлсапалык, айтыс пен жекпе-жектiк дэстурде болса да урда-жыкка жакын бет-пердесiз, менмендiкке пара-пар оркокiрек (тагы да толып жаткан бейбастакыктары бар) создерiне токтаган, тусiнген пайымды да орынды шешiм кабылдаган каhарлы да "канiшер" хан Контажы сонда кiм!? Мумкiн филосософ-данышпан, мумкiн Абылай мен бiр денгейлi акыл мен ес иесi, мумкiн Yлы жуз - жаныс Толе би Элiбек yлы, Орта жyз - каракесек каз дауысты Казыбек би Келдiбек yлы, Кiшi жyз - торткара Эйтеке би Бэйбек улы жэне солар катарлы карауыл Канай би Куттымбет улы жэне де Монке мен Майкы билер сиякты далалык кеменгер, угым-тусiнiгi гасырлар бойы калыптаскан, урпактан урпакка жалгаскан парасатты адам шыгар. Егер анызда 1% шындык болса онда - нагыз кеменгер Контажы хан. Жау болды деп бетпактык жасасак - дурыс болмаc. Кiм кiмге жау болмады!? Дэл осы макала - жаулыкка жакын керi тартар мускiн, жаттыгу-тэжiрибе. Неге дейсiз гой? Ойткенi бiздiн орта гасырлык мэдени-турмыстык, кауымдык-пэлсапалык жэне эдет-гурып пен дэстурлiк менталитетi эбден бакайшагына дейiн сiнген жэне одан алшактамк тугiл, соган жармасып-тырыскан егде буын журагатымыз осындай авторлардын пайымдарын кулiмсiреп кабылдайды. Осы кунге дейiн. Ал ендi жастарымыз ушiн, олардын оскелен болуы ушiн бул киянат. Киянат макалада емес. Киянат бул макаланын пайымдык келтелiгi, орашолактыгы мен жетiлмеген тужырымдык оресiздiгi. Кандай бiр аныз-энгiме болмасын ол жас буын ушiн тэлiм-тэрбие, онеге жэне елiктеушiлiк тэжiрибе, мысал. Мен аргынмын. Бул, ру дегендегi, айтпагым: бул анызды мен бiлемiн жэне бiркыдыру баскаша бiлемiн. Мен бiлетiн аныз - инабатты, ешкiмдi кемсiтусiз, ешкiмдi кораштап (жау болсак та) жермен жексен етусiз. Керiсiнше кiмнiн, кiм аркылы жэне калай созге дес берiп, кезек алып, оз ойын, дегенiн улкен кiсiге - жау ханга акыл-айламен жеткiзе алганы...
Кандай бiр колга алган iсiнде жалпылама жайылып кетер каупi бар далакпайлык, дангыртпалык, женiлтектiк, эсiре бояушылык, менмендiк, асып-таскан озiмшiлдiк пен пайымсыз тиянаксыздык болса, ол iстен не тэлiм, не тэжiрибе, не онеге, тiптi, не пайда !? Эсiресе жастарымыз ушiн, келешегiмiз ушiн, халкымыздын болашагы мен оркендеуi ушiн. Тогышарлык кыска ойлаушылык кiмдi кай заманда жэне кашан орелi омiрге жеткзген едi? Ешкашан да, еш елде жэне де ешбiр заманда!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз