Атадан балаға жеткен қария сөздің айтуында «Башпай» Қорқыттың ең соңғы тартқан күйі еді дейді. Қырық жыл өлімнен қашқан Қорқыт ақырында Сырдың суынан сауға тауып, дарияның бетіне Желмаясының жабуын төсеп, соның үстінде күндіз-түні қобызын сарнатып, ажалды аластап отырады ғой. Сол күндерде Қорқыттың Ақтамақ атты қарындасы дарияны кешіп, тамақ алып келіп тұрады екен.
Бірде Қорқыт қарындасының алып келген дәмін татып отырғанда алай-дүлей дауыл соғып, толқын тұрып, бұлардың берекесін алады. Сол бір аласапыран шақта Қорқыттың башпайы қарындасына тиіп кетеді. Байқаусызда болған осы жағдай өле-өлгенше Қорқыттың есінен кетпей, өзін күнәлі сезініп, пұшайман болады екен.
Күндердің күнінде, дарияның бетінде жүз жыл бойы ажалды жолатпай өмір сүрген Қорқытқа қапысын тауып ажал шіркін жетіпті дейді. Сол күні әдеттегідей Ақтамақ ағасына дарияны кешіп тамақ алып келеді. Тамақтан соң Қорқыт маужырап, қалғып кетеді. Дамылсыз сарнаған қобыз үні бір сәт толас тауып, қарындасы ағасының оянуын күтіп отырады.
Осы кезде қобыз үнінің тынған сәтін пайдаланып, дәм салған қоржынмен бірге ілесіп келген сақиналы зәрлі жылан өрмелеп келіп Қорқытты шағып алады. Қорқытты жүз жыл бойы аңдыған ажал осылайша жылан болып келіп, қапысын тауып еді дейді.
Айтқанша болмайды, Қорқыттың бойына ажал уы жайылып, өлімге бой ұсына бастайды Сонда, көз алдында дәрменсіз шырылдаған қарындасымен арыздасып, қоштасып, көптен көкейінде жүрген соңғы тілегін айтады. «Ажал шіркін қапыда тұзаққа түсірді. Бір өкінішім — осы. Екінші өкінішім — баяғыда Сырдың бетін дауыл шалғанда өзіңе башпайым тиіп кетіп еді. Кешілмейтін күнәм сол. Қасиетті Сыр-ананың жағасында маған арналған мола қазулы тұрған болар. Мені жерлегенде екі башпайымды ашық қалдырыңдар. Өміріме серік болған қасиетті қара қобызымды өзіммен бірге көміңдер. Мен өлсем де, менің атымды атап, ұрпағымның есіне салып жатар. Хош жарығым! Жылама, жылама, жылағанмен бола ма?!» — дейді Қорқыт. Қарындасы: «Аға, ағатай, асқар тауым, алтыным!» — деп еңіреп қоя береді.
Сол жерде Қорқыт соңғы күшін жиып, қобызын қолына алып, қарындасын жұбатқандай болып, бірер қайырым күй шалған екен.
Қорқыттың осынау соңғы күйі «Башпай» деген атпен ұрпақтарының есінде қалыпты. Ал қара қобызы болса Қорқыт өлгеннен кейін моласының ішінен «Қорқыт, Қорқыт!» деп күңіренген дыбыс шығарып жататын болыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі