Айтушылардың аңызына қарағанда, Бейсенбі Көк иірім кеңесіне екі рет барған. Бірінші рет барғанда найман-керей ортасындағы жер талас бітімін найман билерімен келісіп, бітіріп қайтқан екен. Келесі жылы жер талас қайта өршіп, үлкен төбелес шығып, екі жақтан адамдар сойылға жығылып, бас жарылып, көз шығып, қол-аяқ мертігіп, бұл істер бітімсіз дауға айнала бастаған.
Әсіресе керей жақтан бір жігіттің басы айырылып, өліп қала жаздаған. Наймандар жағы керейдің жаралы адамын қолына салсақ, ауыр жарақатын көрген ызақор туыстарының бірі көзін жойып, кісі құнына қалармыз. Онан да қолымызда бағып, өлсе де, тірілсе де, көзбен көрелік дескен. Ал керей жағы адамымызды өлтіріп, тығып тастадыңдар деп жарғы жазып, мал қуып алған.
Бұл ушыққан істі бітіруге найман жағы съез ашуды талап еткен және керей биі Бейсенбіні шақыртқан. Бежең екінші рет барғанда, ол жердегі керей ауылдары қыс қатты болып, малы жұтаған. Аштық-жалаңаштық жайлаған. «Жұт жеті ағайынды» дегендейін сарысүзек ауру жүріп, адамдардан өлім-жітім көбейген. Бежең ауылдарды аралап көріп, барын жоғына теліп, ақыл-кеңес айтып жанашырлық жасаған.
Әсіресе өткен жылы жер бөлісін мұқият істемей, екі жаққа да көңілшектік істегеніне қатты өкінді. Бұл жолы қатаң келіп, жерді әділ бөлді. Екі жақты жақсы келісімге келтірді. Керейдің сойылға жығылған жаралы адамын туған-туыстарын ертіп апарып, көзімен көрсетті. Қарсы жақпен ақылға келіп, дәрігер шақыртып, сойылға жығушылардың бағып-қағуына өткізді.
Екі жақтың ерегесін тоқтатып, еліне қайтты. Алайда Бежең өзінің дәрменсіз күйде екенін сезіп, көп ой толқынына түскен. Өзара береке бірлікте болып, ірге бөлмей, алтыбақан алауыз болмай, оқу-білімге ұмтылып, өнер үйренсек, мұндай ауыр жағдай тумас еді деп армандаған. Осы арман сапарында «Көк иірім кеңес» туған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі