Атақты Мөңке бидің қартайған кезі екен. Жанында екі атқосшысы бар, жасы он алтыдан жаңа асқан тұрымдай мүсінді, қырғи тілді қара бала үйге рұқсатпен кіріпті.
— Ассалаумағалайкум!
— Уағалайкусассалам. Балам, қай ұлсың?
— Арғын Келдібектің баласымын. Атым — Қазыбек.
Тапқыр да, аңғарғыш Мөңке жасөспірім Қазыбекке аса бір ілтипатпен қарап, ақбураның шұғасындай салалы сақал-мұртын тұтамдап ұстапты да, сөзді өзі бастапты.
— Ымм... қаракесек екенсің ғой. Әкең Келдібек пен шешең Тоқмейіл түгіл, ұлы атаң Шаншар абызды білуші едім. Шешең сылтима болса да, күн батысымен екі иығында шырақ маздап тұратындықтан «Ақсақ бике» атанып еді. Шырағым, атадан үш түрлі бала туады. Бір бала әкесінен
асып туатын, бір бала әке өкшесін басып туатын, енді бір бала бар, ол әкеден кері қашып туатын. Сен соның қайсысы боласың?
— Ата, — дейді Қазыбек мүдірмей, — менің атадан асып туған бала болар, болмасымды алдағы өмірім, өнерім біледі ғой. Ал кері қашып тудым деу өзіңе де, өзгеге де өкініш, реніш болар еді. Әзірше өз ойым өкшесін басып тудым ба деймін.
Мөңке би сөзін қайта сабақтап, тағы бір сұрақ береді:
— Уа, балам! Өтірік пен шынның арасын өлшедің бе?
Қаршадайынан ойын қумай, ой қуып өскен құймақұлақ Қазыбек бұған қайдан сүрінсін:
— Өлшедім, ата. Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, — деп оң қолының төрт саусағымен көз бен құлақтың аралығын баса қойыпты.
Мөңке би іштей тәнті болып, тағы бір қырына алады:
— Уай, Қазыбек, нағашың Сүлеймен ұябөріктеу болса да, баспа еді. Жиен екенсің. Ақыл кімнен шығады, асыл неден шығады, қанат неден шығады, жанат неден шығады, санат неден шығады, ағат неден шығады, оны білдің бе? — дейді қырандай шүйіліп.
Қазыбек іле сөйлеп:
— Менімше, ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады. Тату болса ағайын бірі — құйрық, бірі — жал-қанат содан шығады. Қой терісін қорлама, жанат содан шығады. Халқы үшін қарттар қам жесе, санат содан шығады. Өнерсіз болса бозбала, ағат содан шығады, — дейді.
Осы тұста Мөңке бидің ақбоз үйіне ауыл ақсақалдарына келіп, бәйбіше қымыз құяды. Әңгіме қызбай тұрып Қазыбек енді Мөңкенің өзің дөңгелетеді. Қымыз үстінде әуелі:
— Нағашы, екеуіңіз қалай? — депті.
Мөңке қария бөгелмей:
— Екеуім үшеу болды, жиен, — дейді.
— Алысыңызбен қалайсыз? Жақыныңызбен қалайсыз?
— Жақыныммен жауша жағаласып, жамандарша найзаласамын. Алысым араздасты.
— Тәттіңізбен қалайсыз?
— Жиен-ай, тәттінің дәмі азая бастады ғой, — дейді Мөңке.
— Несиеңіз тие ме, нағашы? — депті Қазыбек.
Сонда Мөңке би:
— Жасымда берген несием, қартайғандағы несібем екен, үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным — соның арқасы, — дейді қуанышты үнмен.
Қазыбек Мөңке бидікінен түстік жеп, бата алып аттанады. Былай шыққан соң екі жолдасы: «Би екеуіңнің жаңағы жұмбақтап сөйлескеніңе біз түсінбедік. Шешуін айтшы, ұғып алайық», — деп қиыла өтініпті.
Сонда оның мәні былай дейді Қазыбек: «Екеуің қалай дегенім — «екі аяғың қалай, өздігіңізден жүре аласыз ба?» дегенім еді. Мөкең: «екі аяққа бір таяқ қосылып үшеу болды» деді. «Алысыңызбен қалайсыз» дегенім — «алыстағыны көре аласыз ба» дегенім еді. Қария: «алыс-
ты көрмейтін болдым» деді. «Жақыныңызбен қалайсыз» дегенім — «тамақ ішіп-жеуіңіз қалай» дегенім еді. Қария: «әр жерде қадау-қадау ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күнелтем» деді. «Менің тәттіңізбен қалайсыз» дегенім — «ұйқыңыз қалай дегенім» еді. Қария: «ұйқым
азайды» деп жауап берді. «Несиең тие ме» дегенім — «балаларың күте ме, жасында сіз оларды бағып-қағып өсіріпсіз, енді олар сол еңбегіңізді өтеді ме?» дегенім еді. Қария: «дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын» деді қуанып.
Қазыбектің екі жолдасы бұл сөздерге қайран қалып:
— Сен өзің бәрімізден кішісің, Пайғамбар жасына келмей, ата сақал аузыңа бітпей жатып, тақтағы хан, таптағы биді аузына қаратқан Мөңке биден қалай шешендік асырдың? — десе керек.
Қазыбек миығынан күліп:
— Естіге ел тоқтайды емес пе. Мен өзім жас болсам да, атам Шаншар абыз көп жасады ғой, — деген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі