Өлең, жыр, ақындар

Ағаттық

Көктемде оқушылардың барлығы мектеп жанына шыбық отырғызған еді. Әлібектердің мұғалімі Рабиға апай артылып қалған көшеттерден балаларға бір-бірден берген.

«Үйлеріңнің жанына егіп, күтіп-баптаңдар. Жыл сайын бір ағаштан тіксеңдер, кейін ну орман болады» деген соң, Әлібек те егіп қойған. Күн сайын су құяды. Қозы-лақтарды маңайлатпайды. Қазір шыбығының бойы аласа болғанымен, жапырақ жайып, жайқалып тұр.
Сабақтан қайтқан беті. Әлібектің жанынан бір машина зу етіп өте шықты. Қадыр ағаның машинасы ғой.

«Осы бар болғыр-ақ құйындатады да жүреді. Көшенің шаңын басына көтермесе, бір жері ауыра ма екен? Есік алдына шығудан қалдық қой, түге!» деп отырады Әлібектің апасы. Тағы да сол. Тақыр жолдың топырағын аспанға көтеріп барады.

Әлібек бұрышты айналған. Қадыр ағаның машинасы жолдан шығып, оңға бұрылып кетті. Әлібек өзі еккен ағаштың қисаң еткенін байқап қалды. Екі өкпесін қолына алып, жүгіріп жетті. Тал шыбық бір жағына жантая құлапты. Машинаның дөңгелегі бел ортасынан жаншып кетіпті. Жылдам үйге кіріп, дәке алып шықты. Шыбықты қайтадан тұрғызып, сынған жерін таңып қойды.

Екі-үш күннен кейін ағаш қурап, сола бастады. Күніне неше рет су құйғаны да сеп болмады. Жапырақтары саудырап түсіп қалды. Әлібек енді Қадыр ағадан өш алудың амалын қарастырды.

Кеш түсіп, ауылдағылар малдарын жайлап болды. Әлібек апасының көзін ала беріп, үйден шығып кетті. Бұқпантайлап Қадыр ағаның машинасына жақындады. Үйден алып шыққан үлкен шегені қалтасынан шығарды. Оның ұшын машинаның дөңгелегіне қадап, басын жерге тіреп қойды. Сосын үйіне қайтып келді.

Таңертең оянғанда апасы ашуланып жүр екен:

— Бес шақырым жерге тағы да жаяу баратын болдық, — дейді.

— Қайда, апа?

— Қайда болушы еді, жұмысқа да.

— Машинамен апарушы еді ғой?

— Дөңгелегі тесіліп қалыпты.

Әлібек үндемеді. Өзінің қандай ағаттық істегенін енді түсінді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз