Әйгілі күйші Сағырбайұлы Құрманғазы бір даудың салдарынан істі болып, сол кездегі Бөкей ордасының әкім сұлтаны Шығайұлы Дәулеткерейдің алдына келіпті дейді. Құрманғазының күйшілік даңқына Дәулеткерей сыртынан қанық екен, ықыласпен қарсы алады. Ауыл-елдің амандығы сұралып, сый-құрмет көрсетілген соң, Құрманғазы келген шаруасын айтады. Сонда Дәулеткерей: «Құрман аға, бір ғана базына шартым бар. Теріс дау болса да пайдасын сізге шешейін, тек бір-бірімізге айтар сөзімізді күймен жеткізіп көрсек қайтеді», — деп, ашық шыраймен күтпеген қолқа салады.
Құрманғазы үшін көкірегін кернеп келген мұң-сырын күймен жеткізу жеңіл. Сондықтан да, іркілместен келісім береді.
Дәулеткерей: «олай болса, сіз қонақсыз ғой, күйді мен бастайын», — деп, бір күй тартады. Бірден сергек басталған күй Құрманғазының жүрегін баурап, іш-бауырына еніп, буын-буынына түскендей жанына жағады. Күй біткенде Құрманғазы: «Апырай, мынауың бұрын естімеген тамаша күй екен, бұл не күй?» — деп сұрайды. Дәулеткерей болса сәл жымиып алып, «Біз күй тілімен сөйлесуге тоқтадық емес пе, егер күйім шынымен- ақ сізге ұнаса, онда мұның аты «Бұлбұл» болсын», — дейді.
Сонда Құрманғазы да домбыраға қол созып, аз-кем толғаныстан кейін бір күйді бастай жөнеледі. Әлгінде ғана жүрегін шарпыған ыстық сезімді өкшелей қуып, ізін суытқысы келмегендей домбыраны лекіте қағады. Тың сарын қат-қатымен түсіп, қыранның қауырсынындай жымдасып, мүдірмей төгіледі. Бір мезгілде домбыра сағағын қақтай сауып, таңдайы тақылдап, өліп-өшіп, әлденені қадалып айтқандай болады да, іле кері серпіліп, сабасына түскендей, сыбырлап-сыңқылдап барып тынады.
Дәулеткерей де әсерін жасыра алмайды: «Тамаша екен, бұл не күй?!» — деп сұрайды. Енді Құрманғазы жымия күліп тіл қатады: «Тілдің емес, күйдің айтқышын бұлбұлға теңеген өзің емес пе, менің күйімнің де аты «Бұлбұл», — дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі