Өлең, жыр, ақындар

Намыс

Күн жексенбі болатын. Диванда кітап оқып отырғам. Сыртқы есік ашылып, жабылғандай болды. Есік-жаққа қарасам, ойыннан оралған ұлым екен. Бір нәрсеге оқыс ренжігенде осылай есікті білдірмей ашып, өзінің бөлмесіне өтуге тырысатын. Балалардың арасында келіспеушілік болмай тұрмайды ғой. Соның бірі шығар деп онша мән бермей, кітабымды оқи бердім. Біраздан кейін балам қасыма келіп:

— Көке, Қанаттың үйіне енді бармаймын, онымен ойнамаймын, — деді төмен қарап.

— Екеуіңе не жетпей қалды? Араларыңнан қыл өтпейтін достар емес пе едіңдер? — деп балама таңдана қарадым.

— Жоқ, онымен жанжалдасқаным жоқ. Бірақ ол менің намысыма тиіп, ұялтты.

— Ұялтқаны қалай, сонда не деді?

— Үйіне барсам болды, түрлі көкөністер мен жемістерді үстелдің үстіне самсатып қойып, «Ананы же, мынаны же, сіздің үй бау-бақша өсірмейді ғой, ұялма, ал» деп мазалайды.

«Рахмет, тойып тұрмын, жемеймін» десем де болмайды, ал, ал деп қыстайды. Қанатты әкесі мен шешесі екеулеп қостап, «Біздікіне жиі келіп, тәттілерді жеп тұр» деп жемістерді менің алдыма жақындата түседі. Мен не айтарымды білмей, қысыламын. Намыстан жерге кіріп кете жаздап отырдым. Айтшы, көке, сонда мені бір мүсәпір, кем адамға санағаны ма? Бәрінен де «Сендерде жоқ қой» дегені маған қатты батты, — деді көзі жасаурап.

Мына сөзді естігенде мен де қатты қысылдым.

— Балам-ау, бау-бақшамен айналысу көп уақытты, адамның қолын керек етеді. Оның үстіне оны күтіп, өсіре білу керек. Біле-білсең ол бір жатқан ғылым. Әйтпесе біз де онымен айналысар едік қой, — деп өз жайымды түсіндіріп келе жатыр едім, балам болар емес.

— Оған көмектесетін біз бар емеспіз бе, бәріміз жабылып қолға алсақ, қиындығы болмас, тез үйреніп те кетерміз, — деп маған сенім беріп жатыр.

Ол биология пәнінен де оқып жүргенін, мүғалім Гүлсім апайының бағбандық кәсібінен көп жайды білетіндігін, ол кісіден әрқашанда ақыл-кеңес алып тұруға болатындығын айтып, алдыма жайып салды.

Ұлымның жеміс-жидек өсіруге осындай ынталылығын сезген соң менің де бұл іске көңілім ауа берді. Көкөніс пен жеміс-жидекті қалай күтіп өсіретінін, жерді қалай қопсытып өңдейтінін біліп тұрған осындай ынталы көмекшім болса, қалай да нәтижесі болар деп түйдім.

Сонымен не керек, «Көктем шығысымен біз де бау-бақшаны қолға аламыз, алысқа барып жатқанымыз жоқ, үйдің жанында оларды салатын жер де жетіп жатыр» деп, баламмен екеуміз ақыл қосып, уәде байластық.

Шынында да солай жасадық. Көктем шығысымен бұл істі отбасымызбен болып қолға алып, сол жылы үйдің жанына қияр, сәбіз, пияз және басқа да дәруменді өсімдіктерді өсіріп, тәп-тәуір өнім жинап алдық. Екі түп алма ағашы мен бірнеше түп қарақат пен бүлдірген және шиенің бұталарын отырғыздық. Олар да бүршік атып жайқалып, жапырақ жайды.

Міне, осылай ұлым Қанаттың намысын оятып, оның пайдалы іспен айналасуына себепкер болған оның досы Қанатқа деген біздің отбасымыздың айтар алғысы көп-ақ.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз