Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанға дейін қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған дәстүрлеріміз белгілі бір себептерге байланысты көмескілене бастады. Солардың бірі қазақ халқының тіршілік етуінің негізі болған, бүкіл салт-дәстүріміздің бастамасына айналған, қазақ Сахарасының жазылмаған заңы - бөлінбеген енші дәстүрі.
Бөлінбеген енші, яғни қонақтың еншісі қазақтың дәстүрлі өмір салтына орай қалыптасқан, ру-тайпалық жүйеде елдің біртұтастығын сақтап қалу үшін туындаған айнымас қағида, бұлжытпас тәртіп. Мұндай тәртіп болмаса, табиғаты қуаң сайын далада желдей жүйткіп, судай сырғыған көшпелілердің ел болып тұтасуын, ұлт болып ұйысуын былай қойғанда, қарапайым тіршілік етуінің өзі қиын болар еді. Бөлінбеген енші дәстүрі бойынша кез келген қазақ жолаушылап келе жатып кез келген қазақтың үйіне қонуға, қонағасын ішіп-жеуге, мініс көлігін жемін беріп суғарып, тынығып аттануға хақылы болған. «Қазақтың қоғамдық құрылымы» шығармасының авторы Алфред Хюдсон мұны былай сипаттайды: «Қазақтардың дәстүрінде кез келген жолаушы қалаған үйінде белгісіз мерзімге қонақ болып қала алады. Үйдің иесі қонақтың жаны мен малының амандығына жауап береді». Осы айтылғандардан, қазақтардың көңілінің кеңдігі соңшалық жолаушылап келген қонаққа сый-сыбағасы дайын тұратындығын көруімізге болады.
Қонақты Құдайындай құрметтеп, оны төрге шығарып, бар тәтті-дәмдіні қонақтың аузына тосып, астындағы жалғыз атын сойып берген қазақ халқын қалай қонақжай дей алмайсың! Кез келген қазақтың менің сенде "Алаштан қалған бөлінбеген еншім бар" деп сол үйде тұрақтай алуы Тәуке ханның "Жеті жарғысында" заң ретінде жазылған. Егер қонақ түскен үй дәстүрге сай күтпесе немесе күте алмаса, заң бойынша биге шағымданып, ат-тон айыбын талап етуге құқылы болған, көп жағдайда қонақтың пайдасына шешілген. Егер отбасы қонақты дұрыс күте алмаса, ол жақындарының алдында ұятқа қалатыны бір бөлек, рудың беделіне үлкен таңба болған. Қазіргі сәтте туған ағымыздың үйіне бару үшін хабарласып, алдын ала ескертпеуге де болмайды, бөтен адамға да қонақжайлығымыз жоғары емес екендігі өтірік емес. Бұл бөлінбеген енші дәстүрінің көмескіленгендігінің бір көрінісі.
Алаштың бөлінбеген еншісі жалпы қазақтың ортақ ата-тегі - түп атасы Алаша хан өзінің қартайған шағында үш баласын шақырып, қолындағы мал-мүлкін үш ұлына бөліп беріп, "бөлінбеген еншілерін" болсын депті. Бір-біріннің үйіне барғанда, қиындық көрсендер, осы үлестен бір-біріңе қонақасы беріңдер деп тапсырса керек. Осы себептен қазақ баласы "Алаштан қалған бөлінбеген еншім бар" деп біледі. Айлап-жылдап сапар шегіп кеткен жолаушы осы дәстүріміздің арқасында аты азбай, тоны тозбай аман-есен оралған. Бұл дәстүрдің тәлім-тәрбие жағынан игілігі жоғары, кез-келген қазақ отбасының жолаушылап келген қонаққа сый-сыбағасы дайын болғандықтан, мұндай еншінің түрі бөлінбеген енші деп аталуы да сол себепті.
Қорытындай келе, бөлінбеген енші дәстүрінің қазақ халқының қарапайым өмір сүруінің өзінде аса маңызды орын алғанын көруімізге болады. Әрбір қазақ баласы "Алаштан қалған бөлінбеген еншісі" барын білуі керек, себебі бұл ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған асыл мұрамыз. Қазыналы дәстүрімізді сақтап, жас ұрпаққа насихаттап қана қоймай, дәстүрімізді өз ретімен жүзеге асыруға әрбір қазақ міндетті деп ойлаймын.
Нұржігітова Әсел
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі