Кіші жүздің төресі Қаналы үлкен бір мәжіліс ұйымдастырып, оған дүйім жұртты шақырады. Мәжіліс үстінде көптеген ойындар көрсетіледі, өнер сайысы болады. Ақырында күй тартысы басталады. Тартысқа үш кісі түседі. Олар: Байұлынан — Есбай, Әлімнен — Тоғызбай, Жетірудан — Науша қыз екен. Бірінші кезек Науша қызға тиеді. Наушаның тартқаны «Шилеме, шегелеме» күйі. Аңызда Науша бұл күй жайында былай дептіміс: «Бірде далада «Ақсүйек» ойнап жүргенде, шоңқаймамды тасқа соғып, өкшесін сындырып алдым. Сонда бір құрбы жігіт, ұсталығы бар еді, айдың жарығында шоңқаймамның өкшесін кәдімгі шимен шегелеп берді. Сондағы құрбымның өнеріне разы болып шығарған күй еді».
Қазақ өнері — Шығыс өнерінің бір саласы, мұнда астарлап айту, символ мен ырым көп орын алады. Мысалы, бұл күйде әңгіме мүлдем ұста жігіттің өнері жайлы емес екені аңғарылады. Немесе ашып айтсақ, Науша қыз көңілдестік жайын меңзеп, емеурінмен жеткізген.
Келесі кезек ата жолы үлкен Тоғызбайға тиеді. Тоғызбай «Қызыл қайың — Мамыт» деген күйді тартады. Бұл күйдің әңгімесін Тоғызбай былай деп түйген екен: «Бір жігіт бір қызбен көңілдес болады. Бірақ өзінің олақтығынан, келген сайын иттерді шулатып, елге жария болып қалады. Содан кейін бірде, әсіресе белсене шауып жүрген бір қайың-қаптал итті манағы жігіт айдалада қуып жүріп, әбден сабап, бір аяғын сындырып
қоя береді. Міне, сонда, «итті алдай алмаған жігіт қызбен не сөйлеспек?» деп шығарған күйім еді», — депті.
Науша мен Тоғызбайдың арасында әлденедей, келісім, ұғысымның барын байқау қиын емес. Науша, қыздың көңілін таба білген епті жігіт жайын айтса, Тоғызбай жұғымы жоқ олақ, ебедейсіз жігіт жайын айтып отыр. Сол жиында отырған қыз-бозбалаға өнеге ғой бұл.
Үшінші кезек Есбайға тиеді. Есбай сол жерде отырған халыққа қарап: «Уа, жарандар, мына екі домбырашы бұрыннан дайындап келген күйлерін тартты. Ал мен осы арада, табан астында шығарған күйімді тартамын. Және бұлар оң қағып тартса, мен теріс қағып тартамын», — деп, «Теріс қақпай» күйін тартады.
Атырау өңірінде Есбайдың шертісіне тәнті болмайтын адам болмаған. Жұрт: «Па, Байұлының домбырашысындай күйді ешкім шала алмас. Тазбала жеңді», — десіп шуласып кетеді. Сол кезде Қаналы төре: «Халықтың аузына Байұлының атын Құдайдың өзі салды ма, әлде Есбайдың бағы ма, білмеймін. Қош! Байрақ Есбайдікі», — дейді. Сонда елде болмаған бір оқиға болыпты. Айрандай ұйыған жұртты селк еткізіп, Науша қыз: «Дат», — дейді. Қазақта тіл кеспек, сөзін жұтқызу деген жоқ. Қаналы төре: «Айт!» — дейді. Науша қыз былай дейді:
— Уа, алдияр! Мен бірінші кезек өзіме тигенде сасып қалып, қолыма ілінген күйді тарта салып едім. Ендігі тілек — осы жиынға арнап, әкелген күйімді тартсам деп едім. Маған байрақ керек емес. Жұрт күйімді тыңдаса болды.
Халық та, төре де құп көреді. Науша қыз өзінің «Бұлбұл» атты әйгілі күйін тартады. Жұрт Наушаның саусақ алысына қайран қалып: «Апырмай, Байұлы бізді қолын олай сермеп, былай сермеп алдап кеткен жоқ па осы? Мына Наушаның қолы ілме күйге шебер екен», — дейді. Біреулер тіпті «Байрақты Науша алсын!» — деп қалады. Қаналы төре: «Ау, халайық, төре екі сөйлемейді. Бір тойда екі жоралғы болмайды, өздерің Есбайды жақсы дедіңдер. Мен «хош» дедім. Ал енді мына сөзің қай сөз? Қысқасы, төре бір-ақ байрақ береді. Ауылдың атынан сый-құрмет берсеңдер — оны өздерің білесіңдер», — дейді.
Осы кезде Есбай сөз алады:
— Уа, халайық! Осы жасқа келгенше талай тартысқа түстім. Осы уақытқа дейін өзім білген домбырашы менің алдымды кеспеп еді. Ешкім менен кейін күй тартпап еді. Ал енді Науша қыздың мына тартуын менің заманымның өткені деп білдім, — дейді. Дейді де, мұңайып отырып: «Өттің дүние» күйін қозғайды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі