Өлең, жыр, ақындар

Жалғыз аяқ

Бағаналы Сандыбайдың Ерденінің баласы қайтыс болғанда Ықылас өзінің «Ерден» деп аталып кеткен жұбату күйін тартқан. Сол жолы Ықыластың арқалы өнеріне тәнті болған Ерден Тамалардың барымталанған жылқысының қайтарылуына себепші болған ғой. Оған қоса Ықыластың алғаш рет алыс-жақындағы бас көтерер білікті адамдарға танымал болатыны да осы кез. Тама руының игі жақсыларына олжа салып, өз ағайындарының арасында да зор беделге жеткен.

Осы сапар Ықыластың қанатты өнеріне тәнті болған Ерден сый-құрмет көрсетіп, астына ат мінгізеді, иығына шапан жабады.

Содан ұлытаудағы Ерден ауылынан көңілдері көтеріңкі аттанған Тама елінің адамдары Сарысу бойындағы қонысына ертерек жетуге асығып, суыттау жүрсе керек. Сол суыт жүріске шыдамай, Ықыластың Ерден ауылынан сыйға мінген аты ақсап, қолдауы сөгіліп қалады. Бұл топтың ішіндегі ең жасы Ықылас болған соң үлкендер жағы әзілдеп: «Әй, Ықылас, осы сенің қобызыңның дауасы күшті болып тұр. Жалғызынан айырылып, жер бауырлап жатқан Ерденнің қайғысын сейілтіп, басын жерден көтерттің. ол аз дегендей, Ерденнің көнтақым ұрылары әлдеқашан сіңіріп кеткен малымызды қайтарттың. Енді мына Ерденнен мінген пырағыңның жанын қинамай, сол қобызыңның өнерін тағы көрсетіп, бір шипа келтірмейсің бе», — дейді. Ұзын жолда ерігіп келе жатқандарға ермек керек, басқалары да әлгі сөзді қолдап, кеу-кеулеп кетеді.

Сонда Ықылас жасы үлкен ағаларының сөзін әзіл де болса жерге тастамай, ат үстінде келе жатып қобыз тартады. Сарыны да, ырғағы да бөлек соны саз әлгінде ғана әзілдеп келе жатқан үзеңгілестерін елең еткізеді. Күй еркелей толқып, сырғи созылып барып аяқталғанда тыңдаушылары: «Өй, мынауың тың сарын болды ғой!» — деп таңданыс білдіреді.

Сонда Ықылас бағанағы әзіл сөзге әзілмен жауап қайырып: «Енді қайтейін, иен далада ерімді арқалап жаяу қалар жайым жоқ. Мына ақсақ атыма шипа болсын деп тартқан күйім ғой!» деген екен.

Кейін бұл күйі ел ішіне «Жалғыз аяқ» деген атпен тарап еді дейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз