Ықыластың жастау кезінде әкесі Дүкен өзімен бірге Қоянды жәрмеңкесіне ертіп барыпты дейді. Онысы, ел көріп, жер танысын деген әкелік қамқорлығы болса керек.
Арқадағы Мұңлы, Қулы тауларын жайлап отырған тамалардан шыққан жолаушы Қоянды жәрмеңкесіне бару үшін жолай сайдалы, тоқа, тарақты, карсон, керней руларының жерін басып өтеді. Бұл жерлерді Желтау, Ақтау, ортау, Қызылтау, Бұғылы, Тағылы деп аталатын Арқаның сиыртаңдай, қатпарлы таулары алып жатыр. Алыстан жатаған болып көрінгенімен, бұл таулардың қолтық-қойнауы аңғарлы, тал, терек, қайың,
мойыл сияқты ағаштары ұйыса біткен, қалтарысы мол. Мұның өзі сол заманның жол торыған ұры-қарысына, барымта-сарымтасына таптырмайтын мекен болғандай.
Содан, Дүкен мен Ықылас әкелі-балалы болып, Қоянды жәрмеңкесінен ырғалып-жырғалып қайтады ғой. Жолай Бұғылы, Тағылы тауларының терең шатқалды сайларын қуалап, «мұнан өтсек, өзіміздің Қызылтау, Ақтаудың да сілемі көрінер» деп келе жатады. Бір мезгілде жалғыз ғана асуы бар кезеңнен өте бергенде сойылдары шошаңдаған бес-алты аттылы «Таста! Таста!» деп, тап береді. Ес жиып болмайды, Дүкен мен
Ықыласты сойылмен жасқап, ат сауырындағы қоржындарын іліп әкетеді. Базаршылап баюды күйттеп жүрген Дүкен жоқ, бала-шаға қолға қарар деп алған болмашы қант-шайдың ұрыларға олжа болғанына өкінбейді де.
Сөйтіп, карсон, кернейдің ұрыларына қоржындарын ғана алдырғанына риза болып, Дүкен мен Ықылас елге келеді. Елге келген соң, ағайын-туған, көрші-қолаңмен жүздесіп болған соң, Ықылас көптен ұстамай сағынып келген қара қобызын қолға алады. Шайырын жағып, құлақ күйін келтіріп болған соң, сарыны мүлде бөлек бір күйге салады. Күй деуге де келмейтін, қасқырдың ұлығаны, қаншықтың қыңсылағаны сияқты тосын дыбыстар шығады. Енді бірде, даланың бір үйір аш бөрісі қосылып ұлығандай ұзақ сарын азынап тұрып алады.
Қобыздың көкжал бөрі болып ұлыған тосын үнінен ауыл үйдің иттері шошынып, шабалана үріп, азан-қазан болады. Сонда Дүкен: «Шырағым-ау, мұның не?» — дегенде, Ықылас: «Көке, танымай отырсыз ба, кешегі Бұғылы, Тағылының ішінде кездескен қасқырлар емес пе!» — деген екен.
Ықыластың тырнақалды күйлерінің бірі болған осы сарын кейін ел ішінде «Қасқыр» деген атпен тараған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі