Мергенбай он алты жасында батыр атаныпты. Ол былай болған екен.
Текес өзенінің ар жағында отырған қалмақтар бер жағындағы қазақтардың малын шауып, қыздарын ұрлап, қайта-қайта мазасын ала беріпті.
Ердене асқан бай екен. Жылқысы Сырт жайлауда жататын көрінеді.
Бес жүз кісі қол жинап, қалмаққа шабуыл жасамақ мақсатпен сол Сыртта ат үйретіп, ұрыс, шабыс, атысқа дайындалады. Солардың ішінде Мергенбай да бар екен. Әкесі оны сырт көзден тасада ұстапты. Тілден, көзден сақтағаны болса керек. Бірақ бала Мергенбай әкесінің рұқсатынсыз бес жүз адаммен бірге қалмаққа аттанады.
Әуелі ежелгі ұрыс әдісі бойынша жекпе-жекке жол беріледі. Алғашқыда бес жүз кісіден қырық адам алға шығады. Соңында сол қырық адамнан екі-ақ адам суырылып жеке қалады. Екі адамның бірі Мергенбей, Екіншісі кіші әкесі Шыңғысбай батыр екен. Шыңғысбай батыр айтады:
— Балам, бірінші кезек кәпір қалмақтыкі. Босқа мерт боларсың. Жолды маған бер, — дейді.
— Жоқ, әке, — дейді Мергенбай, — шынымен ұл деп танысаңыз, жекпе-жекке мені жіберіңіз, — деп көнбей қояды.
Шыңғысбай амалсыз көнеді. Найзаның ұшында отырғандай дегбірі қашып, ұлының амандығын тілеп, әруаққа сыйынып, Құдайға жалбарына береді. Бірінші кезек қалмақтыкі екен. Алғашқыда білтелі қара мылтығымен атпақ болғанда, от алмай қалып, кезек Мергенбайға тиеді. Ақшолақ бірдеңке деген мылтығымен алып қалғанда, қалмақтың тұмағын ұшырып әке тіпті. Бұдан кейін семсерлесу басталады. Мергенбей жастық шапшаңдықпен а дегенде-ақ қарсы келе жатқан қалмақтың жарты басын жарып өтеді. Қалмақ ат жалын құшып құлайды. Мергенбей енді әрең дегенде аттан аунатып жерге сұлатып, семсерін көтеріп басын шабайын деп жатқанда, батыр қалмақ жарты басын көтеріп:
— Әй, батыр, жас екенсің. Сілтеуді білсең де, кесуді үйренбепсің. Шабуылды білсең де, шабуды білмепсің. Семсерің тағы қата тиер. Мә, кесер болсаң, өзімнің семсеріммен кес, — деп Мергенбейдың қолына ұстара жүзді семсерін беріпті.
— Сенің атың кім? — дейді Мергенбай.
— Бадыма, — дейді қалмақ батыры.
— Мен — Мергенбаймын! — деп көзі қанталаған Мергенбай семсерді көтере бергенде, Шыңғысбай:
— Балам, әлі жассың, мойныңа қан жүктеме. Нағыз ер екен. Өлсе, енді өз ажалымен өлсін, — деп тоқтатыпты. Сол жолы қазақтар қалмақты шауып, ендігәрі тиіспейтіндей етіп үлкен олжамен оралыпты.
Сонда Ердене ұлының ерлігін естіп, алдынан шығып:
— Сендей ұлды берген Алладан айналайын. Арманым орындалды. Құдайға мың да бір шүкір, — депті.
Сонда Мергенбай қалмақтың батырлығын айтып:
— Нағыз дос болатын-ақ жігіт екен, әттең... — деп арман қылыпты.
Өмірінің соңына дейін сол арман көкейінен кетпей, ылғи «Арман» күйін тартады екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі